ЖАҢА БАЛАБАҚША АШЫЛДЫ

ЖАҢА БАЛАБАҚША АШЫЛДЫ

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Ескелді ауданы Бақтыбай ауылдық округінде мемлекеттік тапсырыс негізінде «Диас» балабақшасы ашылды. Бұл ауылдағы екінші балабақша. Бүгінгі таңда ауданда 12 балабақша, 20 мектеп жанындағы шағын орталық бар. Онда 1464 бүлдіршін тәрбие алуда. Аудан бойынша балдырғандарды балабақшамен қамту көрсеткіші 96,1 пайызды құрап отыр.

Жеке кәсіпкер Арайлым Раисова балабақша ашу үшін екі жер телімін және ескі ғимаратты сатып алып, оны жөндеуден өткізіп, балдырғандар игілігіне ұсынып отыр. Құрылыс жұмысына және балабақшаға қажетті құрал-жабдықтар алуға барлығы 163 млн. теңге қаражат жұмсалған. «Даму» қорынан 50 млн. теңге несие алынған. 
Сырты да, іші де әсемдігімен көз тартатын «Диас» балабақшасы 90 бүлдіршінге лайықталып салынған. Мұнда бүгінде төрт топ жұмыс істеуде. Ағылшын тілі, ән, би үйірмелері бар. 
Міне, осындай ата-ананы да, баланы да, жалпы ауыл жұртшылығын қуантқан шарада аудан әкімінің орынбасары Қайырғали Әлібаев сөз сөйлеп, көпшілікті Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Жаңа ашылып жатқан балабақшада бүлдіршіндердің тағылымды тәрбие алуына тілектестігін білдіріп, аудан әкімдігі атынан ноутбук сыйға тартты. Бақтыбай ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Байғазы Орманов ақ тілегін жаудырып, бата берді. Бұдан соң балабақша ғимаратының лентасы қиылып, жиналған жұртшылық жаңа ғимараттың ішін аралап көрді. Балалардың оқу, ойын, жатын бөлмелері, музыкалық залы әсем безендірілген. Бәрі де талапқа сай. Әсіресе, қазақтың салт-дәстүрінен көрініс беретін киіз үймен безендірілген, көрпе жайылып, дастарқан қойылған бұрыштама көрген жанды тәнті етті. 
Балабақшаның тағы бір ерекшелігі, баланы 1 жастан қабылдайды және таңғы 7-ден кешкі 7-ге дейін жұмыс істейді. Бұл әлбетте қалаға қатынап жұмыс істейтін ата-аналар үшін өте ыңғайлы. Бұл ретте балабақша құрылтайшысы Арайлым Рамазанқызы: 
– Өзімнің үш балам бар. Кезінде балабақшаның жетіспеушілігінен оларды Балпық би кентіне тасыдым. Осындай қиындықты басқа ата-аналар көрмесе екен деп ыңғайлы жағдай жасап отырмыз. Жалпы балабақшаны ашудағы мақсатым – жұмыссыздықты жою, бүлдіршіндердің балабақшамен қамтылып, заман талабына сай лайықты білім, тәрбие алуына жол ашу, – деді.  
Айтса айтқандай, бүгінгі таңда балабақшада 26 адам жұмыспен қамтылып отыр. Мемлекет тарапынан қызметкерлердің жалақысы және балабақшаның коммуналдық шығындарын төлеуге қолдау көрсетіледі. 
Осындай жан-жақты қамқорлықты сезініп жатқан бүлдіршіндеріміздің де көңілі шат. Олар аға буынға деген алғысын ән айтып, би билеп, тақпақ оқып жеткізіп, тәтті қылықтары, бал тілдерімен тәнті етті.
 
Алма ЕСЕНБАЕВА

 

Оқи отырыңыз