БАЛҚАШ - БАҚ МЕКЕН

БАЛҚАШ - БАҚ МЕКЕН

Тұмса табиғатының айнадай тұнық, кіршіксіз мөлдір келбеті көкірегімізге ертегідей ұялағаны қашан?! Оның құдіретін құт санап, құрметпен бас имеуге жүрек дауалар ма?! Жанынан екі елі аттасақ, кеудеміздегі сағыныш жалыны жанартаудай атқылап, лапылдап жанып сала береді. Інгеннің  шудасындай  ұйысқан шалғыны мен ұшқан құсы, жүгірген аңы еркіндіктің өлшеміндей есепсіз. Қазақтың біртуар азаматы Дінмұхамед Қонаевтың аталарын өмірге әкелгенімен де құнды бұл мекен. Біз әлі де Балқаш ауданының қасиетті топырағының әлденеше рет апайтөс алыптардың анасына айналарына кәміл сенеміз. Оған аудан әкімі Ғалым Тоқпейісовпен сұхбаттасқанда көзіміз анық жетті.

– Ғалым Қасымұлы, жақында жарық көрген Елбасымыздың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы қазақтың рухы өр, тәні бекем  халық екенін тағы бір мәрте айғақтады. Бұл кез келген жанға айдай анық, күндей жарық құндылық. Жазбаның әр жолынан азаттықтың иісі аңқып тұрғаны соншалық, қоғам бірден жылы қабылдады. Бүгінде жұрт жапатармағай пікір қосып, ой елегінен өткізіп жатыр. Сіз не айтар едіңіз?
– Төл тарихын бағалай білетін халықтың болашағы қашанда жарқын. Оны насихаттау, маңыздылығын халыққа жеткізе білу болашаққа деген көзқарасты таныта білудің басты жолы. Президентіміз: «Бұл – тарихқа деген дұрыс ұстаным. Сол арқылы түп тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туады. Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз де жеткілікті», – деді өз мақаласында.
Бұған дейін де өткенімізді түгендеп, тарихымызды таразылап, ақтаңдақ беттерін ашуға ұмтылып, ізденгенбіз. Оған «Мәдени мұра» бағдарламасы мұрындық болған еді. Бүгінгі мақала игі ісімізді одан әрі жалғауға, оны жандандыруға құлшындырып отыр. Бүгінгі таңда Қазақстан тарихы ақтаңдақтарын ашатын кез жетті. Архив деректерін толығымен қарастырып, ХХ ғасырдың ортасындағы оқиғаларды толығымен ашуға жол сілтеп отыр.
Елбасы жаңа мақаласында Ұлы Даланың  тамыры терең тарихына бойлап, туған халқының бар болмысын тереңнен суыртпақтап, ұлт үшін маңызды ұлы құндылықтарға тоқталды.  Мақала негізгі екі бөлімнен тұрады. Алғашқысы: «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» деп аталады. Мақаланың аты айтып тұрғандай, негізгі бөлім: Ұлы Даланың жеті қырын, жеті бірегей тарихи жетістігін айқындап берді. 
Алғашқысы – адамның жылқы үйретіп, оған мінуі. Екіншісі – Ұлы Даланың ежелгі металлургиясы, яғни жоғары технологиялық білімді қолдануы. Үшіншісі – аң стилі. Табиғат пен қоршаған ортаның даналық үйлесімділігінің философиясы тасқа қашалған ежелгі петроглифтерде көрініс табады. Төртіншісі – Алтын адамның мүсіні, сақ мәдениетінің бай мұрасын, дала тұрғындарының дүниетанымын бейнелейді. Бесіншісі – заманауи Қазақстанның жері түркі әлемінің бесігі екендігі ғылыми дәлелденгені туралы. Алтыншысы – Еуразия халқының өмір сүруі мен дамуына орасан зор әлеуметтік-мәдени әсерін тигізген Ұлы жібек жолы. Жетіншісі – бұл да ғылыми дәлелденген, Қазақстанның таулы аймақтары алма мен қызғалдақтың отаны. Осылай Президент жеріміз бен халқымыздың тарихын зерттеуге және ұғынуға баса назар аударуға шақырады. 
Ұлы Даламыздың даңқын асырған  жеті қыр осы. Осы жеті қырды жіліктеп,  қазақтың рухын жанып, өзегін болаттай мығым ету мақсатында жазылған бағдарламалық мақаладағы міндеттерді орындау Мәңгілік Ел шаңырақ-платформасының кезекті бір керегесін кеңейтумен айқындалмақ.
– Қабырғамызды жапқан, іргемізді бүтіндеген тәуелсіздік маңдайымызға біткелі мерекелі күндеріміз бен берекелі жиындарымыз сейілген емес. Шүкір! Биыл еңселі Елордамыздың жиырма жылдығымен қатар келген ауданымыздың 90 жылдық мерейтойы өз дәрежесінде өтті. Десе де, жастардың дені тарихтан бейхабар. Осы орайда аудан тарихынан сыр тарқатсаңыз.
– Қазақтың атакәсібі, ұрпағының нәсібі малды Малайсарыдан басталып, солтүстігі Балқаш көлінің жағалауына жақын орналасқан талай тұлғаға тұғыр болған Қаройға, батысы ғылым көгінде даңқы қалған сан ғалымдар өмірге келген  Құйғанға, солтүстік шығысында Сарыесік-Атырау құмына шектескен батырлардың елі, ақындардың жері  Балқаш ауданы тарихы терең өңір. Ауданымыздың ортасын қақ жарып, экономикасының шалқып, еңбектерінің тасқындауына негіз болған, күндіз күміс, түнде алтын жүзген, табиғаты әсем, ерке Іле өзені ағып жатыр.
Тарих тереңіне зер салсақ, бірер ғасыр бұрын Іле өзенінің солтүстігіне қарай үлкен Бақанас өзені аққан. Басында  кішкене арналарға бөлініп кететін-ді. Жоңғар шапқыншылығы кезінде қалың жаудың негізгі арнасын басқа арнаға бұруы салдарынан құрғап қалған. Бүгінде Қазақстан картасында арнасы кепкен өзендер ретінде Шет Бақанас, Қара Бақанас болып белгіленіп, тарихтың бір сырын айғақтап тұрғандай. 
Бақанастың ежелгі атырабы оңтүстік- шығыстан солтүстік-батысқа қарай 250 шақырым, аудан көлемі 3,8 млн. гектар жерді алып жатыр. Қасиетті Балқаш жері, шаруашылығы жайлы  белгілі географтар: Леонид Семёнович Берг, Пальгов, археолог Карл Байпақов, тарих, археология және этнография институтының Кемел Ақышевтар басқарған «Жетісу археологиялық экспедициясы» зерттеп, Ағашаяқ, көне Ақтам, Қарамерген қалалары туралы зерттеулер жүргізіп, аудан тарихының қойнауына барлау жасады. Бүгінгі таңда тарихи «Жібек жолы» бойында орналасқан «Қарамерген» қаласы ЮНЕСКО-ның қамқорлығына алынғаны және мектеп оқулығына енгені аудан халқының көңіліне мақтаныш сезімін ұялатады. Аталған көне қалалар жаудан қорғаныс, өндіріске бастау, шаруашылыққа негіз болғанын паш етеді. Бүгінде аудан экономикасының шалқып, елдің әлеуметтік жағдайының жақсаруының негізі еңбекке  құмар, білімге құштар ата-бабаларымыздың ізгі ісінің жалғасы деуімізге толықтай негіз бар.
Біздің қасиетті мекенге «Алаш орда» партиясына әскер жию үшін қазақтың роман жанрына тұңғыш рет түрен салған жазушы, қоғам қайраткері, азаттықты аңсаған асыл ерлердің бірі Міржақып Дулатовтың да табаны тиген. Малға ғана емес, жанға да жомарт жұрттың пейіліне елінің ертеңін ойлаған ұлтының арда азаматы да ризашылығын білдірген.
Шаруасы шалқыған, бірлігі жарасқан  елдің төскейіндегі төрт түлігі де Іле бойына әрдайым сән берген. Ел арасында «Жалайырда қой көп, себебі ел басқарған Жанғазысында жақсы ой көп...» деген аңыз әңгіме сол кезден ел арасында қалған. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында, кешегі өткен тарихымызды құрметтеп, келер ұрпақ жадында қалдыру мақсатында ауданның 90 жылдық мерейтойына орай, «Балқашым – байтақ мекенім» атты кітап жарық көрді. Бұл кітапта терең тарихымызды сараптауға салған, кейінгілерге үлгі, ұрпаққа тағылым болған ауданымыздың жарқын келбетін жан-жақты көрсетуді мақсат тұттық. Екіншіден, киелі өңірімізден түлеп ұшқан арда азаматтарымызды кейінгі толқын жас буын біле жүрсе деген  ниет те болды.
– Сөзіңіз орынды. Дегенмен де облыс орталығынан тым алыста орналасқан ауданның болашағына күдікпен қарайтындардың қарасы қалың іспетті. Бұл ел арасында жүрген әңгіме. Жерінің шалғайлығын сылтауратып қоныс тебуге құлықсыз жастардың саны артып келе жатқандай. Осы орайда елді мекеннің ертеңіне қандай баға бересіз?
– Балқаш ауданының болашағы зор. Бұл ешқандай пафоссыз айтылған пікір. Ауданның территориясында, анығын айтсақ, Балқаш көлінің жағасында біраз жылға жететін көмір қоры бар. Оған қоса Жиделі ауылдық округінің аумағында уран элементінің шоғырланғаны дәлелденді. Мұны мемлекет әуелден зерттеп, жоспарлап қойған. Алдағы уақытта атом электр стансысының салынуы ықтимал. Осыдан 3-4 жыл бұрын үлкен жоба әзірленген. Онда Қарой ауылының сыртымен өтетін, Балқаш көлінің қылта тұсынан бірден Астанаға бағыт алатын теміржол салу керектігі көрсетілген. Ол күннің де ауылы алыс емес.
– Осыдан бірер жыл бұрын төменгі ауылдың тұрғындары уранның денсаулыққа зияндығын меңзеп, қоныс аударуға оқталған-ды. Бірақ тұрмысына байланысты бірі көшіп, бірі орнында қалды.  Дегенмен әлі де сол уран мәселесі аудан халқын әбігерге салуда. Осы экономикамызды көтереміз деп жүріп, ұлттың қасіретіне ұрынып қалмаймыз ба?
– Халыққа қандай жол көрсетсең солай жүреді. Елбасының саясаты елдің мүддесін көздейтіні анық. Бүгінде уран өндіру инвестиция салу тұрғысынан да тиімді сала ретінде ерекшеленіп келеді. Мәселен, мамандар пікіріне сүйенсек, ядролық энергетика реакторының орташа пайдалану мерзiмi 30-40 жыл болып табылады. Ал мұндай жағдайда қазiргi қолда бар реакторлар паркiне деген қажеттілік таяу арадағы бiрнеше ондаған жылдар бойына әлемдiк уран нарығына сұраныстың белгiлi бiр деңгейде орындалуына кепiлдiк бередi екен. Осыған байланысты басқа  салалармен салыстырғанда уран өндiрушi салада инвестициялардың қажеттiгi анағұрлым аз болып саналады. Осындай артықшылықтар арқасында урандық нарыққа әлемдік басымдықтың арта түсетінін байқау да қиын емес. Қазақстан өзінің ұлттық индустрияландыру саясатында уран нарығына, соның ішінде атомдық энергетиканы дамытуға басымдық беруі керек. Сонда елдің экономикасы одан әрі дами бермек. Ал, уранды өндіру кезінде елдің қауіпсіздігі ескерілетіні айдан анық. Оған бола халық қам жемесе де болады.
– Шыны керек, Балқаш ауданын айтқанда алдымен ақмаржан күріші еске түседі. бағалы дақылды өндіріске айналдырған шаруа қожалықтары бүгінде жетерлік. Олар ауданымыздың абыройын асқақтатып қана қоймай, қарапайым халықты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Бірақ бізді мазалайтын бір сұрақ бар. Бұл құмды топырақтың күріштің отанына айналуының себебі неде?
– Балқаш ауданының жері қордалы не қаратопырақты емес. Өзіңіз айтқандай, құмды, сортаң әрі тұзды келеді.  Мұнда майлы дақылды еккенмен ғұмыры ұзаққа бармасы анық. Өйткені, жердің соры сумен шайылу қажет. Әйтпесе тұзы көбейгеннің үстіне көбейе бермек. Құр әшейін сумен шайқағаннан түк өнбейді. Сол үшін күріш көптеп егіледі. Өздеріңізге де белгілі, күріш сабағы үнемі кілкіген судың ішінде жатады. Жердің тұзын су шайып, ағызып әкетуі керек. Ол үшін арнайы қашыртқылар қазылады. Ақмаржаннан басқа дақылға ауыз салмайтынымыз содан.
– Осы орайда тағы бір сауалдың менмұндалап тұрғаны. Аудан жерін иемденген шаруа қожалықтары қаншалықты үмітті ақтауда. Жалпы биылғы өнім ойдағыдай шықты ма?
– Бірлі жарым шаруа қожалықтарының жұмысы ілгерілемей келеді. Несін жасырайын. Бұл Ақдала ауылдық округіне қарасты шаруалар. Олар жерді дұрыс пайдалана алар емес. Болашағы жоқ десек те болады. Бірақ жалпы өнім ойдағыдай шығуда. «Бірлік» шаруа қожалығы  2000 гектар жерге егін егіп, гектарынан 43-45 центнерден өнім алып отыр. Ал «Динара» ЖШС-ның 5600 гектарға жуық суғармалы жері бар.  Олар биыл 1061 гектар жерден 3917 тонна өнім алды. Одан кейін «Тамшыбұлақ» ЖШС 2000 гектар жерден 9038 тонна күріш жинады. Кішкене төмендеу нәтиже көрсетіп отырған «Өтес» ЖШС. Олар гектарына 30 центнерден өнім жинап келеді. 
– Иә, Іле бойлаған елді мекен ырысын судан іздейтіні анық. Сүзекті тартып, балық аулау бұл аймақтың атакәсібі. Қазақ «балық та байлық көзі» демей ме? Кейінгі уақытта ау салуға ерініп, тоқпен ұруды тәуір көретіндер қаптап барады. Одан келер зиян көл көсір екендігі айтпаса да белгілі. Осы мәселенің алдын алу шаралары жүріп жатыр ма?
– Балықты тоқпен ұрып аулау, өзіңнің тамырыңа балта шапқанынмен бірдей. Неге десеңіз, балық тұрғындардың күнкөрісіне жарап отырған құнды өнім. Бүгінде оны қорғайтын Іле инспекциясы жұмыс істейді. Өкінішке қарай, олардың құрығы ұзын емес. Адам саны аз. Сондықтан толықтай қорғауға шамалары жете бермейді. Қарақшылардың қай тұстан шап беретіні белгісіз. Іле инспекциясының бір УАЗ және бір НИВА көлігі бар. Оған бірлі-екілі қайығын қосыңыз. Мұздай қаруланған қарақшылар бұларды қапыда қалдырары сөзсіз. Осы орайда айта кеткенім жөн шығар. Қарой ауылдық округінің аумағында Ауылшаруашылығы министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватын құрды. Аталмыш мекеменің 60-қа жуық штаты бар. Олар Іле инспекциясына қосамжар көмек болады деген ойдамын. Қорықтың аумағы  үкімет қаулысымен бекітілгендіктен мылтық тұрмақ,  отшашу атуға болмайды. 
– Бұл кәсіпорын нендей мақсатта құрылып отыр? Әлде орманға төнген қауіптен сақтану үшін бе?
– Кезінде Балқаш көлінің жағалауында Балқаш барысы тіршілік еткен. Соны қайта жаңғырту мақсатында қолға алынып отырған дүние. Әрі туризм саласын дамытуды көздеп отырмыз. Мұның бәрі ЮНЕСКО-ның қолдауымен жүзеге асып жатқан шаруа. Барыс емін-еркін өмір сүріп, біздің табиғатқа түбегейлі бейімделуі үшін тамағы тоқ болуы қажет. Сондай-ақ ішер асын өзі ұстауға жағдай жасауға тиіспіз. Ол үшін аумақтағы аң-құсты ары-бері өткен мергендерден сақтаудан басқа амал жоқ. Сонда дала тағысы адамзатқа кесірін тигізбесі анық. Алдағы уақытта бұғы, құлан, бөкен, қарақұйрық әкелуді жоспарлап отырмыз.
– Сөзіңізде туризм саласын дамытуға ден қойғандарыңызды айттыңыз. Олай болса алыстан ат терлетіп келетін туристердің саны артпақ. Аңды тамашалаушыларды неғұрлым көбейту үшін тасжолдың түзулігі мен тазалығы маңызды. Ал, Құйған мен Қарой ауылдарына қатынайтын жолдың халі мүшкіл, жеңіл көліктің соры десе де болады. Бұған берер жауабыңыз?
– 2016 жылы Құйған, Балатопар, Жиделі ауылының азаматтарының атынан жүрер жолдың жарамсыздығын айтып, облыс әкімі Амандық Баталов пен Парламент мәжілісінің депутаты Омархан Өксікбаев ағамызға хат жолдаған болатынбыз. Хатта 50-60 адамның қолы қойылған. Онда Іле өзенінің суының Балқаш көліне жетпей Жиделі мен Қарой ауылының арасындағы сай-салаға үйіліп жатқандығы баяндалған. Ал сол судың көлге құйылуы Ақсерке, Кетпенқалды, Жиделі, Шұбарқұнан өзендерінің төменгі теңізге құяр тұсын 10-15 шақырымға дейін тазалау қажет. Сонда шағын өзендерді Балқаш көлі өзіне тартады да, көлшікке айналған жерлердің бәрі жайылымға бұйырады. Соның негізінде былтыр облыс әкімі Амандық Баталов Іленің Балқаш көліне құятын өзендерін тазалауға қомақты қаражат бөлді. Биыл оның жобасы толықтай бітті. Енді облыстық табиғи ресурстарды бақылау басқармасының қарауында. Кез келген үлкен жоба 11 айдың көлемінде жасалады. Оған бір жылда толық қаржы бөле алмайды. Мүмкін тағы 200 не 300 миллион теңге бөліп қалар, енді ол уақыт есебіндегі дүние. 
Жол мәселесінде Балқаш ауданы халқының өтінішіне қарай облыс әкімі облыстық жер басқармасына тапсырма берді. Оған қаржы бөлініп, бүгінгі таңда жобасы сызылып жатыр. Жолды жөндеу өте күрделі іс. Әлі біткен жоқ. Бітірсе келесі жылдың бюджетіне қосады.
Жиделі мен Балатопар ауылының арасы өте нашар. Осы жолды жөндеу бірінші кезекте тұр. Оған жоспарлы түрде жұмыстар жасалуда. 
– Көп ұзамай Балқаш ауданына газдың жететіндігін бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазуда. Бұл шалғай аудан үшін қуанышты жаңалықтың ең тәттісі болды. Көмір тасудан жалыққан тұрғындардың, көңілі бүгінде жадыраңқы. Десе де көптің көкейінде сайраған көгілдір отын қарапайым халықтың бәріне қолжетімді бола ма?
 – Сұрағыңыз орынды. Дегенменде газды тұрғындардың үйінің ішіне кіргізуге жағдай жасалмаған. Ауданға 70,3 шақырым газ құбырын тартуға және бір АГРС (автоматтандырылған газ тарату станциясы) салуға республикалық бюджеттен 3,2 млрд. теңге қаражат жоспарланып, оның бүгінгі күнге 1,2 млрд. теңгесінің жұмысы жасалынып, бөлінген 615 млн. теңге қаражаты толығымен игерілді. Құбыр жылдың соңына дейін Бақанас ауылына жетпек. Бақанас ауылында 6000-ға жуық адам бар. Енді ауылдың ішіне газ жүргізу инвестордың қаржысына жасалатын дүние. Бұл барлық республика көлемінде жүріп жатқан бағдарлама. Мемлекет тарапынан ауылға әкелінетін газ жобасы сызылып берілді. Ары қарай іске асыру инвестордың міндеті. Инвестор халыққа жасаған қызметінің есебінен, пайда табады. Ал газды үйіне тарту тұрғындардың қалауымен жүзеге асатын іс. Қазір инвестор тарту жұмысы жүргізіліп жатыр.
– Алдағы уақытта көгілдір отын іске қосылса, ауданның әлеуеті артпақ. Сонда өзге аймақтағы жастардың да қызығушылығы оянары сөзсіз. Оған қоса,  жоғарыда айтқан әңгімеңіздің ығына жығылсақ, ауданның келешегіне шүбәсіз сенуге болады. Сонда кадр тарту  мәселесі де суға тиген  қыларқандай ширығып шыға келмек деген ойдамын.
– Оның жөн. Алайда бұл түйткілдің түйіні әзірге толық шешілмей тұр. Әлі де денсаулық саласындағы мамандарға зәруміз. Көбі қаладан алыс болғандықтан, ауылдық жерге келгісі келмейді. Жоғары білімді терапевт, хирург, балалар дәрігері ауадай қажет. Сырттан келген мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге әрқашанда дайынбыз. Қазіргі таңда кадр тарту мәселесі бойынша Ақкөл ауылында 5 баспана, Қаройда 3 баспананың қабырғасы тұрғызылып жатыр. Оны мектептің балансына бермек ниеттеміз. Басқа ауылдарға да сондай тенденция жасасақ деген ойдамыз.
– Жалпы, сіздің осы киелі топырақтың төл перзенті екеніңізді жақсы білеміз. Осы орайда әкім ретінде емес, ауданның арда азаматы хақында бірауыз лебізіңізді естігіміз келеді.
– Қасиетіңнен айналайын, туған жер! Менің асқақ армандарыма баспалдақ болғаны үшін оның әрбір тасы маған бағалы ғой, шіркін! Сонысымен де көзге ыстық, жүрекке жылы тиеді. Алғаш қызмет жолымды осында бастадым. Одан кейін Жамбыл ауданына ауыстым. Бертінде Көксу ауданының әкімінің орынбасары болып 5 жыл, аудан басшысы болып 3 жыл жұмыс істедім. Міне, содан соң туған жерімнің дәмі бұйырып, осында келдік. Мен әрқашан Елбасының саясатын қолдауға дайынмын. Сол арқылы ауданымыздың экономикасын көтеруге барынша күш салып келемін. Елімнің әрбір азаматы бір күнін емес, ертеңін ойлап жұмыс істесе деген көзқарастамын.
–  Әрине, бөрікті ұлымыз бен қылықты қызымыз ұлт ұстынына айналса, болашағымыз үшін алаңдамауымызға да болады. Бірақ техникаға шырмалған жас буын әрекеті көңілге көлеңке ұялатуда. Жалпы, сіз әке ретінде ұрпағыңызға қандай жол көрсетер едіңіз?
– Отбасымда үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмын. Үлкен екі балам үйлі-баранды. Тұңғышым облыстық білім басқармасында қызмет етеді.  Екіншісі Алматы қаласындағы Наурызбай ауданында салық басқармасында қызметте. Қызым студент, ал кенжем әлі мектепте оқиды.  Менің әкелік міндетім балаларымның бойына иман нұрын сіңдіріп, адамдық жолынан айнытпау. Абай атамыз: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан», – дейді ғой. Сол сияқты өз жолдарын тауып, қатарының алды болуын армандаймын әрқашан. Елінің мүддесі үшін еңбек етсе, менің арманымның орындалғаны.
– Шынайы әңгімеңізге көп рахмет!

 

Сұхбаттасқан  Мұхтар КҮМІСБЕК

Оқи отырыңыз