Серік ШАЛОВ: "ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АЗДАН БАСТАЛАДЫ"

Серік ШАЛОВ:

Өкінішке қарай, мейірімділік пен қайырымдылық барлық адамға тән емес. Тіпті, біздің заманда оның қажеті де жоқ дегенді естиміз. Алайда бұлай дейтіндер қатты қателеседі. Мейірман және қайырымды болудың амалдары неден басталады? Аздан басталады.

Адамдар әртүрлі. Біреулер жастайынан басқаның қайғысын бөлісуге, риясыз көмекке дайын болып өседі, ал кейбіреулер керісінше әрекет етеді. Адамның мұндай болмысына генетикалық бейімділігі, тәрбие ерекшеліктері, кімдермен жақсы араласатыны сынды көптеген фактор әсер етуі мүмкін. Бұйрықпен мейірімді және қайырымды болу мүмкін емес.

Айналамызға бір сәт қарайықшы. Кез-келген жерден көмегімізге мұқтаж адамды кездестіре аламыз. Бұл кез-келген адам болуы мүмкін, мысалы, қарт көршіміз, кішкентайын өсіріп жатқан жалғызбасты ана, қиын жағдайдағы танысымыз секілді. Оларға уақытымыз бен назарымызды бөлейік, көмегіміз қажет емес пе екен, сұрайық. Мысалы, қарт адамдарға сыртқа шығу қиын болса, азық-түлігін тасып беріңіз немесе дәрісін әкеліңіз. Бұл көмегіңіз болмашы болса да, ең бастысы, шынайы және шын жүректен шыққан ұсыныс болсын. Мейірімді іс жасағаныңызға өзіңіз де бір сәт риза болып қаласыз. Әлбетте, бұдан кейін де мейірімді істер легін жалғастыруға ықыласыңыз ашыла түседі. Бір дана адам: "Өркениетті қоғамға оның балаларға және қарттарға, яғни, қорғансыз адамдарға қарым-қатынасына қарап баға беруге болады", - деп бекер айтпаған.

Осы орайда өзінің орасан іскерлігімен танымал болған арда азамат, ардақты жерлесіміз, "TAMOS education" құрылыс компаниясының директоры Мұрат Омаров ағамыздың демеушілігімен қайырымдылық шарасын ұйымдастырдық. Жаңа жылдық мерекеге орай әлеуметтік сала бойынша қызметшісі Айнұр Анарбековамен бірге ауылдастарымызды құттықтадық. Бүлдіршіндер мен ата-аналарына кішкентай болса да қуаныш сыйлағанға не жетсін, шіркін! Мейірімді болуға Алла нәсіп етсін!

Серік ШАЛОВ,

Қайнар ауылының әкімі

Райымбек ауданы

"Facebook" парақшасынан алынды

Оқи отырыңыз