ҚАРАҚҰМҒА АУЫЗСУ КЕЛДІ

ҚАРАҚҰМҒА АУЫЗСУ КЕЛДІ

Бүгінгі күнде Алматы облысында ауызсу мәселесі тиімді шешіліп келеді. Жыл сайын елді мекендерде жаңа су айдауыш мұнаралары орнатылып, тұрғындарды таза сумен қамтып отыр. Көп жыл бұл қиындықтың тауқыметін тартып келген тұрғындар ауызсуға қол жеткізіп, дән риза. Сондай елді мекеннің бірі Қаратал ауданындағы Қызылбалық ауылдық округіне қарасты Қарақұм ауылы.

Бұл елді мекен облыстың шеткі нүктесі. Қарағанды облысымен шектесіп жатқан Балқаш көлінің арғы бетіндегі ауыл. Табиғаты қатқыл, климат жағдайы қолайсыз болғанымен байырғы тұрғындардың атақонысында мыңға жуық адам өмір сүріп жатыр. 
Қысы суық, жазы ыстық, жер қыртысы тастақ болып келетін Қарақұм ауылы көп жыл ауызсудың зардабын шегіп келген еді. Жаз айында елу шақырым жердегі Саяқ стансысынан тасып ішсе, қыс мезгілінде Балқаш көлінен мұз ойып ауызсуға пайдаланатын. Енді, міне, әр үйге тартылған құбырдан таза су ағып, халық игілігіне пайдаланып отыр. 
«Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша қаржы бөлініп, елді мекенге су тарту жұмысы жүргізілді. Бұл ауылды ауызсумен қамтуды қолға алған «Айко» ЖШС-іне оңайға түскен жоқ. Жер қыртысы негізінен тасты болып келетін Арқа жері біраз әбігерге түсірген. Сонымен қатар, жер шалғайлығы тағы бар. Ауыр техника мен су насостарын сонау Күркілдекті айналып жеткізу қиындыққа әкеп тіресе, уақыттан ұтылу жайы тағы бар. Әйтсе де қолға алған істі аяғына дейін жеткізуді міндетіне алған мекеме өз істеріне жауапкершілікпен қарады. 
Ауыл тұрғындарымен кездескенімізде барлығының да алғысының шексіз екенін байқадық. Ең бірінші су айдауыш мұнарасын қарап шықтық. Көл жағасынан орын тепкен насос үздіксіз жұмыс істеп тұр. Жауапты маман Қырықбай Жұмабайұлы жаңа насос жұмысымен таныстырып өтті. Оның айтуынша, ауылда тоқсан үйге су құбыры тартылған. Барлығы да осы суды кәдеге жаратып отыр. Құрылғының барлығы жаңа. 
– Біз суды жер астынан емес, тікелей көлден тартып отырмыз. Одан мұнараға құйылып, артынша сүзгіден өтеді. Құрамындағы барлық зиянды элементтер сүзгіде қалып, халыққа таза су беріледі. Осы қызметтердің барлығы автоматты түрде атқарылады. Әрине, алғашқы кезде бірден ішуге жарамды су берілмегені рас. Таты бар сарғыш су ағып, тұрғындар су сапасына күмән тудырды. Артынша жауапты мекеме жөндеу жұмысына кірісіп, олқылықты орнына келтірді. Қазір бір көшеден аздаған сарғыш су ағып тұр. Ол біртіндеп тазарып кетеді деп отырмыз. Оның да басты себебін жобалап тұрмыз. Су жинағыш мұнара мен көлден су соратын қондырғының арасындағы құбыр металдан қойылған. Тәтті су темірге жабыспағаннан аздап сарғыш тат кетіп қалады. Оны көктем келгенде қайта қалпына келтіріп, пластикалық құбырмен алмастырып беруге жауапты мекеме уәде етіп отыр. Осыдан кейін барлығы тазарып шығады, – дейді Қырықбай Жұмабайұлы.
Қараша айында пайдалануға берілген ауызсумен қамтамасыз ететін орын көптің асыға күткен қуанышы екені анық. Соған орай тұрғындардың бірқатарының үйін аралап шықтық. 
Тілешбек Рымжанұлының шаңырағына бас сұқтық. Отанасы Гүлнар Намаз-бекова шайға үйдегі ағып тұрған суды пайдаланып отырғанын айтты. "Барлық керегімізге жаратамыз. Әрине, аздап сарғайып тұрғаны бар. Бірақ адамнан айла артылған ба? Қолдан сүзгі жасап қойдық. Со-нымен тазартып аламыз. Судың дәмі жақсы. Бұрынғы тірлікке қарағанда көп ілгеріміз. Үйдің ішінен ағып тұр. Бұрынғыдай көлден мұз ойып шанамен тасымаймыз, тәубе", – дейді ол. Әр ісін тәубешілікпен түйіндейтін қазақ баласы көп жылғы ауыртпалықтан арылғанына дән риза. 
Марал Қуанышбекқы-зының шаңырағы да таза суға қол жеткендеріне разылығын айтып отыр. "Біздің көшеде мөп-мөлдір таза су ағып тұр. Жағымсыз иіс те, дәм де жоқ. Ішсең шөлің қанады, қайнатсаң шайың да маңдайыңды терлетеді", – дейді ол.
Таза суды біз де ішіп көрдік. Шын мәнінде тұрғындар айтқандай мөлдір, таза ауызсуы. Ауыл тұрғындарының көңілінде күдіктен қуаныш басым. Енді ауызсудан тарықпайтын жұртшылықтың мәселені шешіп берген басшылыққа деген алғысы мол.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Оқи отырыңыз