Тіршіліктің түп-тегі Жетісудан тараған

Тіршіліктің түп-тегі Жетісудан тараған

Белгілі бір уақыт кезеңінде ғұмыр кешіп, уақыт өткен сайын артында қалдырған мұралары жарқырай түсетін тұлғалар бар. Өткен күндермен бірге олардың адам баласының өркенін өсіріп, оның болашағына үлес қосатын рухани игілігінің қадір-қасиеті де арта түседі. Осы тұрғыда саналы ғұмырын экология саласына арнап, қоршаған ортаның қорғау­шысы бола білген жерлесіміз, биология ғылымдарының кандидаты, профессор, академик Құралай КӘРІБАЕВАНЫ ерекше атауға болады. Ол экология саласында елімізде атқарылған көптеген ірі жобаның авторы ретінде әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелерді шешуге белсене қатысып жүрген ғалым. Әсіресе, Жетісу өңіріндегі бірнеше Ұлттық саябақтың құрылуына атсалысып, өңірдің өркендеуіне үлкен үлес қосты. Талай-талай талантты жастың ғылым саласынан бақыт табуына ықпал еткен білікті ұстаз, әлемдік деңгейдегі ғалым қоғам қайраткерлерімен әріптес бола жүріп, олардың бай тәжірибесін кейінгі буынға жалғаған тұлға. Зейнет жасында болса да ҚР Ауылшаруа­шылық министрлігі жанынан құрылған көгалдандыру, өсімдіктер, жануарлар дүниесін қорғау және орманшаруашылығын дамыту комиссиясының жетекшісі. Білімін ел болашағына арнаудан жалықпаған Құралай Нұқақызының мол тәжірибесі мен өңір экологиясын қорғау­ға жұмсаған қажыр-қасиетін, өлкеміздің табиғат байлығы жайлы пайымын бір екшеп, оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

– Құралай апай! Алдымен 65 жасқа толған туған күніңізбен құттықтай кетейін. Сіз республикаға белгілі ғалымдар ауылы атанған Жетісу елді мекенінің тумасысыз. Қай қырынан келсек те өмір тәжірибеңіз жетісулықтар үшін таптырмас байлық. Әрине, қыз баланың ұстаз, дәрігер болуға құлшынатыны анық. Сіздің кабинетте отырып емес, сыртта жүріп қызмет атқаратын, қиындығы мен қызығы мол эколог мамандығын таңдауыңызға  не себеп болғанын айтып берсеңіз?
– Мен ғалымдар ауылында дүниеге келгенімді мақтан етемін. Бала күнімізде алдыңғы буынға еліктеп ержеттік. Каникулда жан-жақтан ауылға жиылған білімді, мәдениетті ағаларымызды көріп, соларға қарап жетілдік. Ал мамандыққа келер болсам, оның жөні басқа. Жетісу ауылы ұжымшар болып жаңадан бой көтергенде оны үш дос басқарыпты. Соның бірі, шаруашылықтың басшысы менің әкем Нұқа Кәрібаев еді. Біз бір үйде төрт қыз  бойжеттік, мен үйдің кенжесі едім. Сондықтан әкем мені бала күнімнен жанынан тастамай ертіп жүріп, ауыл тірлігіне араластырып өсірді. Жаз жайлауда, қыс қыстауда, таза табиғатпен етене болдым. Әкем үйде көп болмайтын. Ал мектептен тыс уақытта әкеммен бірге көктем, жаз айларында малшы ауылдарды араласақ, күзде егін алқаптарынан табылатынбыз. «Көре-көре көсем болады» дегендей, өлкенің тамаша табиғатын көре жүріп қоршаған ортаға деген құрметім қалыптасты.
Расымен біздің ата-аналарымыз, олардың қатарластары еңбекқор, жаны таза адамдар еді. Мен сол адамдардан еңбексүйгіштікті үйреніп, өмірге құштарлық пен тазалықты жаныма серік еттім. Ауылдағы орта мектепті бітіріп, Алматыға оқуға аттанғанда әкем жол қаражатыма керекті қаржыны ұжымшардың кассасынан қарызға алып бергені әлі күнге көз алдымнан кетпейді. Егер өз қалтасында сондай ақша болса, есепші қызға өтініш жасамас еді ғой. Міне, бұл сол кездегі басшылардың  көптің, елдің мүддесіне деген адалдығының көрінісі еді.
Басында дәрігер болсам деп армандадым. Талдықорғандағы онкологиялық диспансер­ден іс-тәжірибеден де өтіп көр­дім. Бірақ, жүрегім жұмсақ, аяу­шы­лығым басым болғандықтан бұл саланың талабынан шыға алмайтынымды сездім. Өйткені, дәрігер адам жанын емдеу үшін батыл болуы керек. Сосын таңдауымды өзгертіп, Қазақ мемлекеттік қыздар  педагогикалық институтының география-биология факультетіне оқуға түстім. Міне, содан бергі қырық жылдан астам уақытым еліміздің экологиялық саласын нығайтуға арналды. Абыройлы жұмыс істедім деп ойлаймын. «Әттеген-ай» деген сәттердің де болғаны рас.
– Өмір бойы бір салада жұмыс істеу қиын болған жоқ па?
– Қиындығы да, қызығы да көп болды. Менің география­-биология мамандығына оқуға түскенімді әкем қолдады. Сондықтан болар, құлшыныстың ар­қасында 1974 жылы қызыл дипломмен бітірдім. Жұмыс істей жүріп, оқуымды жалғастыруды да ойымда ұстадым. Ақыры 1977 жылы ҚазССР Ғылым Академиясы Ботаника институтының аспирантурасына түсіп, 1979 жылы «Шөлейтті аймақтарда жайылымды тиімді пайдаланудың ауыстырмалы жолдары» атты диссертациямды қорғап шықтым. Алғашқы еңбек жолымды ҚазССР Ғылым Академиясы Ботаника инс­титутының ғылыми қызметкері болып бастап, 1995 жылға дейін сонда жұмыс істедім. Одан ары қарай «Экология және тұрақты даму» институтын құрып, директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, соңынан институт директоры лауазымында бүгінгі күнге дейін қызметтемін. Сол жылдары Ұлыбритания даму институтында, қоршаған ортаны қорғау және жайылымдарды басқару бағдарламасы бойынша Канадада, Еуроодақ­та ТАСИС, Дүниежүзілік банк, АБРР, БҰҰДБ/ ҒЭҚ, тағы басқа да халықаралық ұйымдарда «Қаржыландыру мен тиімді пайдалануды енгізу» бағдарламасы бойынша біліктілігімді шыңдадым. Сонымен қатар, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің штаттан тыс сарапшысы, Орталық Азияның биологиялық алуантүрлілігі бойынша дүниежүзілік сақтау орталығының кеңесшісі, қоршаған ортаны қорғау саласы бойынша халықаралық дамыту Гарвард институтының кеңесшісі сияқты міндеттердің де үдесінен шықтым дей аламын. Тіпті, біраз жыл ҚР Тұрақты даму мен Ұлттық экологиялық орталығының оңтүстік аймақтық бөлімінің басшысы ретінде, Жетісу жеріндегі бірқатар жобаның жүзеге асуына қол ұшын бергенім бар. Сол кезде  Жетісу Алатауында «Жоңғар-Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының ашылуына мұрындық болдым. Көптеген халықаралық ұйымдардың мүшесі ретінде әлемдік деңгейдегі жобалардың атқарылуына елімізге инвестиция тарту арқылы ықпал етумен қатар қоршаған ортаны қорғау жолындағы ұмтылыстарға өзіндік үлесімді қостым. Осы бағытта 300-ден астам ғылыми еңбек, 5 монография жаздым. Әлемнің, еліміздің, Жетісу өңірінің қоршаған ортасын қорғауға қосқан еңбектеріме арқау болған «Таулардың асыл алқасы» атты ғылыми-танымдық, «Қазақстанның жабайы алмасы ХХІ ғасырдың бау-бақтарына дейін» атты ғылыми-деректі фильмдер түсірілді. Қол жеткізген мәртебелі атақтардың бәрін айтып жатудың керегі шамалы. Бірақ, қызмет барысында дүниежүзіне белгілі қоғам қайраткерлерімен әріптес болып, ғалымдармен қоян-қолтық жұмыс істегенімді сүйінішпен еске аламын. Сол мүмкіндіктің арқасында әлемнің талай-талай биік мінберлерінде халқымыздың қоршаған ортаны қорғаудағы  ұлттық ұстанымын жеткіздім.
 – Сол тұлғалардың арасында сізге көбірек жол нұсқап, жәрдемдесіп, ағайындық танытқандар болды ма?
– Ия, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Тарлан сый лығының иегері, академик Еділ Ерғожин ағамыз менің өмір жолымның әр сатысында ақыл-кеңесін беріп, өзінің өнегелі де ерен еңбегімен үлгі болып келеді.
 Әлемге әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтай нар түлғамен бірге ұзақ жыл үзеңгілес қызмет атқардым. Шыңғыс ағам Орта Азиялық Аймақтық Экологиялық Орталық Басқару Кеңесінің төрағасы болды. Әрине, көп адам ол кісіні жазушы, парасатты адам, қоғам қайраткері ретінде таниды. Ал мен ол кісінің адамдық, азаматтық, ағалық қамқорлығын көрдім. Шыңғыс ағаның Орта Азиядағы бес елдің қоршаған ортаны қорғау саласындағы мәселелерін шешуге қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ол туралы арнайы айтуға тура келеді. Отбасылық қарым-қатынасқа келер болсақ, еңбекте әріптес, былайғы өмірде туыстай сыйластық. Ол кісі өмірінің соңына дейін біздің қуанышымыздан қалмай, қайғымыз­ды бөлісіп жүрді. Әлі есімде, үлкен қызымыз Назгүл тұрмысқа шыққан  кезде ағаға шақырту жібердік. Сол кезде Қырғыз елінің Бельгиядағы елшісі болып жүрген біртуар азамат қарбалас жұмысын ысырып қойып, тойға катысып ақ батасын берді. Қысқасы, Шыңғыс аға отбасымыздың бір мүшесіндей болып, әрдайым жанымыздан табылатын. Қуанғанда шабыт берді, қиналғанда дем берді. Сондықтан ұлымыздың атын ағамыздай азамат болсын деген ниетпен Шыңғыс деп қойып едік. Өкінішке қарай, өмірден ерте өтті. Бірақ, сол ағаларымнан алған тәжірибем әлі күнге өміріме азық болып келеді.
– Сіз Біріккен Ұлттар Ұйы­мында біраз жылдан бері жұмыс істеп келесіз. Сол құзыретіңізді пайдалана отырып, туған жеріңізге қандай көмек жасай алдыңыз?
– Біріккен Ұлттар Ұйымының қоршаған ортаны қорғау жобалары бойынша жұмыста жүргеніме 20 жылдай болыпты. Ең алдымен Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Ақтау, Атырау, Ақтөбе жақтағы мұнай кеніштерінің дұрыс игерілмеуі­нің қоршаған ортаға тигізетін зардабы мен жер бетінде жанып жатқан газдан туындайтын экологиялық қатерлер жайлы терең ізденістер жасадық. Сол тұста халықаралық ұйымдар мен республикалық бюджеттен бөлінген қаржыны осы мақсатқа жұмсадық. Қазір бүкіл әлемде жер шарын ашаршылықтан қорғау, азық-түлік қауіпсіздігі, биологиялық алуан түрлілігін қорғау, құрғақшылықпен күресу тақырыптарындағы бағдарламалар аясында жұмыс істелуде. Осы бағдарламалардың іске асуының түйіні Жетісу жеріндегі өсімдіктерді қорғаумен тікелей қатысты болып отыр. Кейін келе жоғарыда аталған қаржы көзін Жетісу жеріндегі табиғатты қорғауға бағыттау үшін біршама еңбек еттім.
Астана қаласы бой көтергеннен кейін Елбасының тапсырмасымен Елорданың айналасын жасыл белдеуге айналдыру жобасы қолға алынды. Бұл белдеуде табиғаттың тұтас заңдылығы, яғни, ағаш, бұта, көпжылдық шөп, біржылдық шөп, одан кейін топырақта өмір сүретін микроорганизмдер, құмырсқалар, ары қарай аң мен құстың тіршілігі қатар өсіп, өркендеп, көркейіп келеді. Осындай белдеу бүкіл әлемде болуы керек. Сонда ғана тіршілікті сақтап қала аламыз. Елбасының осы бастамасы әлемдік деңгейде мойындалып, бірқатар мемлекетте қолға алынуда. Қысқасы, біздің елдегі қоршаған ортаның жағдайы әлемдік табиғат байлығының негізін құрап отыр. Біздің еуразия­лық ел болуымыздың түпкілікті себебі осы.
– Жетісу өңірінде мемлекеттік “Жасыл-Даму” салалық бағдарламасы аясында бірқатар жұмыс атқарылды. Осы бағдарлама бойынша алдағы уақытта қандай жобалар жүзеге асады?
– Жетісу өңірінде 2005 жылы «Шарын», 2007 жылы «Көлсай көлдері», 2010 жылы «Жоңғар-Ала­тауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ерекше қорғалатын аумақ ретінде құрылды. Алдағы уақытта ҚР Үкіметінің “Жасыл-Даму” салалық бағдарламасы аясында Іле өзені атырабындағы флора мен фаунаны сақтап қалу мақсатында Балқаш ауданында «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватын құру үшін Алматы облысы әкімінің қолдауымен 415164 гектар жерді резервте қалдыру туралы шешімі шықты.  
 Әлбетте, Іле өзенінің сағасы Орталық Азияның ең ірі ішкі атырабы болып табылады. Осы өңірден мемлекеттік табиғи резерватын құру табиғат қорғау статусын жоғарылатуға бағытталған. Оның құжаттары Бүкіләлемдік байырғы табиғат қоры (WWF) жобасының аясында Рамсар Конвенциясы хатшылығына ресми түрде тапсырылған. Егер осы өңірлер Рамсар Конвенциясына енетін болса, Іле өзенінің суын тиімді пайдалануға мүмкіндік туады. Бір мезгілде Іле өзенінің аңғары мен Балқаш көлінің атырабын орманы сыңсыған, өсімдігі құлпырған, жануары жыртылып-айырылатын, балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған байырғы қалпына қайтаруға болады. Ары қарай экологияға тигізетін пайдасын есептей беріңіз.
– Әлбетте, бұл жеті өзен өрнектеген өңір жұрты үшін ерекше жаңалық  болғалы тұр. Осы тұста «Жоңғар – Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрылуы да өзіндік маңызға ие. Бүгінгі күнде мәдени алмалардың барлық түрінің түп атасы Жетісу Алатауында өсетін өзіміздің жабайы Сиверс алмасынан тарағанын бүкіл әлем мойындады. Ендеше, біз алманың отаны бола тұра неліктен сол бағалы байлықтың пайдасын көре алмай жүрміз?
– Қазақстан – әлемдегі табиғи байлығы ең мол мемлекеттің бірі. Біріккен Ұлттар Ұйымында «Елді ашаршылықтан қорғау» деген халықаралық өсімдіктер тізімдігі бар. Соның ішіне Жетісу жерінен 25 өсімдік енгізілген. Осыған орай аталған өсімдіктерді қорғау мақсатында 2010 жылы «Жоңғар-Алатауы» мемлекеттік ұлттық сая­бағы ашылды. Жаңа табиғат паркінің ашылуы экологтардың, орман шаруашылығы саласындағы мамандардың, жұртшылықтың, мемлекеттік органдардың көп жылғы жұмыстарының нәтижесі. Өйткені, саябақ ашылмас бұрын «Тау­лардың жабайы алмасынан ХХІ ғасыр­дың бау-бақтарына дейін» деген тақырыппен Жоңғар Алатауы­ның құрамына енетін тау­лардың толық картасы жасалды. Сол тұста бұрынғы 37 генетикалық резерваттың 11-і ғана сақталып қалғанын байқадық. Бұған тау бау­райындағы жердің тиімсіз пайдаланылуы, тұрғын үйлер санының көбеюі кері әсер еткен.  Сондықтан отандық экологтар Үкіметке табиғат ресурстарын қорғау жайлы ұсыныспен шыққан едік, қаржының тапшылығынан онымыз өтпей қалды. Сонымен Ғаламдық Экологиялық Қордан 3 миллион доллар қаржы алып, Жоңғар Алатауы мен Іле Алатауының экологиялық ахуалын зерделеп, оны қорғап қалудың маңыздылығын дәлелдедік. Бұл еңбегіміз Елбасы тарапынан қолдау тауып, «Жоңғар-Алатауы» ұлттық табиғи саябағы құрылды.  Өкінішке қарай, біз саябақ аумағына тән 356 мың гектар жердің тек 308 мың гектарын ғана сақтап бекіте  алдық. Қалғандары жеке шаруашылықтардың қолында кетті.
Саябақ таулы агроалуантүрлілікті сақтауға бағытталған маңыз­ды орталық болып табылады. Себебі, әлемде 30 мыңнан артық мәдени алма сорты болса, соның ататегі қазақ жерінде өсетіндігін ғалымдар дәлелдеп берді. Айталық, жаңа құрылған саябақтың  жалпы алаңының 1,5 пайызын Сиверс алмасының жабайы жемісті орманды алқаптары алып жатыр. Ол – Америка, Африка, Еуропа, Азия құрлығында өсетін алманың түп тегі. АҚШ-тағы Гарвард университетінде халықаралық генетиктер әлемдегі өсімдік атау­лының ататегінің пирамидасын жасаған. Оның ең басында Жетісу таулы аймағында өсетін жабайы Сиверс алмасының гені тұр. Сондай-ақ, оның Азия, Еуропа, Африка, Америка елдеріне тарағаны көрсетілген. Өкінішке қарай, өткен ғасырдың 60-шы жылдары алма бақтарын сорттандыру бағдарламасы мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тау бөктерлеріндегі жабайы алма ағаштарының көптеп кесіліп, отынға пай­даланылуы салдарынан осы табиғи алма ормандарының көлемі тарылып кетті. Өңірдің табиғи қолайлылығы арқасында жан-жануарлар дүниесі де аса бай. Сирек кездесетін құстар мен аңдар және тағы басқа да жан-жануарлар кездеседі. Өлкемізде тек омыртқалы жануарлардың 300-ден астам түрі мекендейді.
Экологтарды алаңдататын тағы бір жағдай – орманның бүлінуі. Оған ормандағы санитарлық жағ­дайдың нашарлығын жатқызуға болады. Бір қуанарлығы, осыған дейін мемлекеттік парктерде орманның жаппай ауруға шалдығуы кездеспеді. Алматы облысы ірі өндірістік аймақ болса да орман қоры жерлерінің өндірістен, өндіріс қалдықтарынан зардап шеккен жағдайы тіркелмепті. Бірақ өңірімізде жеке тұлғалардың өрт қауіпсіздік, санитарлық ережесін бұзу және басқа да әкімшілік-құқық- бұзушылықтары алдан шығады. Осының бәрі де орман-тоғайды бүлдірумен қатар жабайы алма өсетін аумақты тарылтып жібереді. Кемшіліктерді ескере отырып, алдағы уақытта Тарбағатай тауларынан жаңа саябақ ашу туралы Үкіметке өтінішпен шыққан едік. Өтінішіміз қабылданды. Қаржы бөлінсе, Тарбағатай таулары аумағында елімізде  тағы да бір  ұлттық саябақ құрылады.
– Еліміздің Іле, Жоңғар, Күнгей Алатауларының бөктерінде өсетін бәйшешек гүлінің тағдыры жұртты алаңдатуда. Көктем шығысымен өсімдік атаулының ішінде бірінші болып гүл жарып, шешек ататын, сөйтіп бөктерлер мен қырларды көркемдікке бөлеп, көрген жанға тамаша көңіл-күй сыйлайтын бәйшешектерді тамырынан жұлып алып, сыйға тарту жиілеп барады. Салдарынан бәйшешекті Қызыл кітапқа енгізіп тындық.
– Бұл мәселе экологтарды алаңдатып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму Бағдарламасының «Таулы аймақтағы агробиология­лық әртүрлілікті сақтау» жөніндегі жобасының сарапшылар тобы жалпақ жұртқа көктем мерекесі кезінде қазақстандықтарды бәйшешектерді жұлмауға және одан жасалған гүлшоқтарын сыйламауға шақырды. Расында, Халықаралық әйелдер күні немесе басқа да мереке-мейрамдарда аяулы анасын, ардақты әпкесін, қымбатты қарындасын, сүйікті жарын, сыйлас құрбыларына гүл сыйлап, қуантқысы келетін ер адамдар үшін бұл ұсыныс бір қарағанда ерсі көрінуі мүмкін. Дей тұрғанмен, мәселеге байыппен қарап, тереңіне бойласақ, бұл бастаманың бір сәттік пиар-акция еместігіне көзіміз жете түседі. Мамандардың пікіріне құлақ ассақ, жыл сайын көктем шығысымен науқандық сипат алатын бәйшешек жұлу салдарынан оның табиғаттағы таралу шекарасы тарылып барады. Қазақстанның барлық тұрғындарынан, әсіресе, алматылықтардан бәйшешек гүлшоқтарын сатып алмауды сұраймыз. Өйткені көктем хабаршылары саналатын осы гүлдер көктемгі мерекелерде мыңдап жұлынады, аяусыз қырқылады.
Алматы қорығы мен Іле Алатауы ұлттық паркі қызметкерлерінің бақылауы бойынша, тұрғындар тарапынан бәйшешек көп терілгендіктен соңғы он жылда олар елді мекендерден 5-7 шақырымға «алыс­тап» кеткен. Егер көктем сайын бәйшешектерді жұлу және аяусыз қырқу жұмыстары дәл қазіргідей қарқынмен жалғаса беретін болса, онда көктемнің хабаршысы болып саналатын бұл гүлдің көп ұзамай Алатау бөктерінде көзден ғайып болмасына  ешкім де кепілдік бере алмайды. Сондықтан да қоршаған орта үшін маңызды бұл мәселеге қоғам болып назар аудару қажет. Зерттеу нәтижелеріне сенсек, Алматы облысы бойынша заңсыз жұлынған гүлдерді сату арқылы тұрғындар табатын табысқа қарағында, келтірілген зиян 20 есе жоғары.  
Тағы бір жағынан, біз жылына шетелден қаншама қызғалдақ сатып аламыз. Былайша айтқанда, өз даламыздың байлығына өзіміз қол жеткізе алмай келеміз. Бір қуа­нарлығы, қызғалдақтың да отаны  қазақ даласы екенін бүкіл әлем білді. Ал енді Нидерланды үкіметінің   қызғалдақтың Отаны – Қазақстан екенін мойындап, ризашылығын білдіруін  қызғалдақ гүлінің жаңа сортын «Президент Назарбаев» деп атауынан-ақ аңғарамыз.  Негізінен өсімдіктерге немесе гүлдің жаңа түріне тек мәдени сортты ашқан ғалымдардың есімдері берілетін.
– Су – тіршілік көзі. Қазіргі кезде оған қажеттілік пен сұраныс күн санап артып, керісінше, жетіспеушілік орын алуда. Сонымен қатар, әлемдік экологияның ластануы мен ауызсудың тапшылығы әр елдің ішкі арналары мен мемлекетаралық су жүйелерін тиімді пайдалану міндетін күн тәртібіне қойды. Кейде судың өмір нәрі екенін білсек те, «судың да сұрауы бар» екенін ескере бермейміз. Осы жайлы сіздің ойыңызды білсек?
– Мемлекетіміздің 2011 – 2020 жылдарға арналған ауызсу бағдарламасын жүзеге асыру аясында бүгінге дейін қыруар қаржы игерілді. Бірақ мамандардың айтуынша, мұның өзі сапалы ауызсуға деген зәрулікті толықтай шеше алмайды. Бір қуанарлығы, өзендер өрнек­теген Жетісу жерінде қазірге дейін судан тапшылық бола қойған жоқ. Дегенмен, өңіріміздегі тасымалданатын ауызсумен күн көріп отырған бірқатар елді мекен бар. Олар мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын күтіп отыр. Бұдан бөлек, тау қойнауларынан бастау алатын өзендер мен бұлақ көзінен алынатын ауызсу қандай жолмен тазартылатынын, жекеменшік компаниялар тарататын ауызсу мен дүкен-базарларға шөлмекпен жеткізілетін ауызсудың стандартқа қаншалықты сәйкестігінен елдің бәрі бейхабар.
Сондай-ақ, су мәселесіндегі тағы да бір толғақты жағдай – транс­шекаралық өзен-суларды тиімді пайдалануға саяды. Осы мақсатта еліміз көршілес жатқан мемлекеттермен су ресурстарын бірлесе пайдалану жөнінде ынтымақтастық келісімшарттарға қол қойып, соған сай байыпты шараларды қолға алуда. Бірақ жағдай ойлағандай болмай тұр. Әсіресе, экономикасы қарыштап дамып, демографиялық ахуалы әлемді алаңдата бастаған көрші Қытай елінің ішкі өзен-көлдер мен су қоймаларын пайдалану жағдайы­ның артуы сол елден елімізге ағып кіретін өзендердің суын азайтты. Арыға бармай-ақ қоялық, Қапшағай су қоймасының бүгінгі жағдайын көріп, жүрегің ауырады. Арнасы тартылып, құрғап жатқан өзеншелердің қатары жыл өткен сайын артып келеді. Өзбекстаннан Қазақстанға кіретін өзендердің ластану деңгейі жоғары. Оған Сыр өзені суының егістікті суғаруға жарамайтын деңгейде ластанғаны дәлел бола алады.  Қыр­ғыз Респуб­ликасынан кіретін Шу өзенінің де тазалық жағдайының төмендігі жайлы ғалымдар дабыл қаға бастады. Іле өзені су көлемінің азаюы, ластануы Балқаш көлінің экологиялық жағдайын бүлдіреді. Оның зардабы Жетісу жеріндегі табиғатқа да  тиеді.
Иә, тіршіліктің пайда болуының бірнеше себебі бар. Соның бірегейі – су.  Ғаламшар тұрғындарын алаңдатып отырған бүгінгінің басты мәселесі де осы. Соңғы 50 жылда мұнайдың бағасы 10 есе өссе, тұрмысқа қажетті суға деген баға шамамен 100, ал, ауызсу бағасы 1000 есеге артқан. Мұның өзі судың алпауыт елдердің көзқұртына айналып отырған қара алтыннан әлдеқайда маңызды, қажетті екенін байқатады. Қазақстан да бұл мәселеден сырт қалмайды. Ол жайлы жоғарыда тоқталдық. Еліміздегі қалалар мен ауылдарды сумен қамтамасыз ету ҚР Су кодексіне және елді мекендердің кәріз жүйелеріне сарқын суларды қабылдау ережесі мен басқа да нормативтік құқықтық актілер бойынша реттелуі керек.
– Ғаламдық және өңірлік экологиялық жағдайдың бүгінгі келбеті және ол жайлы толғақты мәселелер төңірегінде біраз ой өрбіттік. Ендігі жерде оқырмандарымыз сіздің отбасы жайлы да білгісі келеді. Әрине, жұбайыңыз Сайлаубай Тойлыбаев елімізге танымал ақын,  ұзақ жылдар ақпарат саласында еңбек еткен ағамыздың өлеңіне жазылған әндер сахнада жиі орындалады. Осындай жетістіктерімен бедел биігіне көтерілді. Сіз жайлы жоғарыда айттық. Бұл өмірлік мақсаттарыңызға ықпал еткен жоқ па?
– Иә, Сайлаубай екеуміз ауылдас, көрші, тіпті құда бала, құдаша болып бірге өскенбіз. Біздің үйде төрт қыз, ал ағаларыңның отбасында екі ұл ержетті. Менің әпкем Айгүл  Сайлаубайдың туған бауыры Жайлаубай көкемізге тұрмысқа шықты. Орта мектепте бірге оқып жүргенде бір-бірімізге жақын өстік. Сол жақындық Алматыда жоғары оқу орнында  жалғасты. Сол тұста Сәкеңнің маған арнаған  «Құдаша» деген тамаша өлеңі шықты. Ол өлеңді «Дос-Мұқасан» ансамблі орындап жүрген «Құдаша» әнінің әуезімен достарымыз айтып та жүрді. Сөйтіп, біздің осындай қарым-қатынасымыз үлкендердің құлағына жетеді. Басында отбасы құруға қарсылық танытты. Бірақ бұйрықтан аспайтының рас екен. Ақыры үлкендердің ақ батасын алып, үйлендік. Ол туралы айта берсек әңгіме жетерлік. Мен аспирантурада оқып жүргенде үлкен қызымыз Назгүл өмірге келді. Бір жағынан оқу, енді бір жағынан бала бағу қиын тигендіктен енем Назгүлді ауылға алып кетіп, әпкем Айгүлдің тәрбиесіне берді. Кенже  қызымыз Шынардың да ержетуіне  көкем мен әпкеміздің  көп көмегі тиді. Осылай берекелі тірлік екеу­міздің өнер мен ғылым жолына алаңсыз дендеп, үлкен нәтижеге жетуімізге жол ашты.
– Қазан-ошақ сылдырлаған жоқ па?
– Әрине, отбасы болған соң бәрі болады. Біз үйленетін кезде ата-аналарымыз қарсылық білдіргенін мана айттым. Бірақ, біз бақытты өмір сүретінімізді алға тартып, ойымыздан қайтпадық. Ақыры үйленбей тынбайтынымызды сезсе керек, Жайлаубай көкем: «Мен сендерге қоятын бір талабым бар. Соны орындасаңдар болды, үлкендерді мен көндіремін», – деді. Айтқан уәдеде тұратынымызды білдірдік.
– Ендеше, талабым біреу-ақ:  «Сендердің ренжіскендеріңді, бет жыртысқандарыңды көрмейтін болайын. Өйткені, сендердің отбасының шырқы бұзылса, ол екеуіңмен кетпейді, шай деспеген, берекесі бекем екі әулеттің ортасына дақ түседі. Сендердің араларыңды жалғауға болатын шығар. Ал үлкендердің қалған көңілін немен жуып-шаясың. Осы талабымды орындауға сенімді болсаңдар, қалған жұмысты маған тапсырыңдар», – деді.
Біз келістік. Содан бері уәдемізде тұрып, отбасымыздың шырқын бұзбауға тырыстық. Бұл бізді үлкен өмірге бағыттап, жетістікке жетелеп отырды. Міне, бүгінде Сайлаубай танымал ақын, Алматы облысы және Ескелді ауданының Құрметті азаматы атағын алды. Қазір зейнеткер, немерелеріне үлгі-өнегесін көрсетіп, өзінің сүйікті кәсібі жазушылықпен шұғылданып жүр.
Ең бастысы, біздің отбасымызға тәңірдің осындай жайма-шуақ, ынтымақты өмір сыйлағанына ризамыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Қажет АҢДАС

Оқи отырыңыз