САНАНЫ ТОРЛАҒАН ҒАЛАМТОР немесе кітапқа құлықсыз қоғам

САНАНЫ ТОРЛАҒАН ҒАЛАМТОР немесе кітапқа құлықсыз қоғам

Бүгінде көпшіліктің санасы ғаламторға шырмалған. Заманауи ақпарат құралынсыз тіпті, бір күнді елестету мүмкін емес. Кез келген жерден компьютер мен ұялы телефонға телмірген жасты да, жасамысты да көреміз. Есесіне, кітап оқу үрдісі кенжелеп қалды. Кітапханаларымыз бен кітап дүкендері жетім баланың күйін кешіп кетпесе игі еді. Сөрелердегі сықиған кітаптарға қызығушылық танытатын адамды ілуде бір кездестіресің. Осыған қарап «кітапты ғаламтор алмастырған уақыттың келгені ме?» дейсің. Алайда кітаптың ғаламтордан құнды екенін іштей бағалайсың. «Жетісудың» редакциясында аға буын өкілдері мен бүгінгі жас ұрпақтың басын қосып «Сананы торлаған ғаламтор немесе кітапқа құлықсыз қоғам» тақырыбында “дөңгелек үстел» өткізуімізге де көкейде туындаған осынау сан сауал себеп болды. 

«Дөңгелек үстелді» «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, ақын Жұматай Әміреев ашып, жүргізді. Сөз басында Жұматай Оспанұлы: 
– Жаһанданудың жақсы жағы да, жаман жағы да бар. Жақсы жағы әлемнің көшінен қалыспай, алға бірге жылжимыз. Ал жаман жағы біздің ұлттық құндылықтарымыздың құлдырауына себепші болуда. Абай атамыз: «Барлық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге», – деп бекер айтпаған. Соны біле тұрсақ та, көпшіліктің кітап оқуға деген ынта-ықыласы төмендеді. Қазір шынымен де сананы ғаламтор жайлаған қоғам, кітапқа құлықсыз уақытта өмір сүріп жатырмыз. Бұлай жалғаса берсе, болашағымыз не болмақ? Сол себепті жастарды кітап оқуға тартудың жайын ойлайық. Бұл күнгі «дөңгелек үстел» соған арқау болады деген сенімдеміз, – деп, көпшілікті еркін пікіралмасуға шақырды.
«ЖЕТІСУ»: – Кешегі кітапты жата-жастана оқыған буынның өкілісіз. Сіз үшін көркем әдебиет қаншалықты құнды? Бүгін жастардың санасын ғаламтор жаулаған уақытта  кітаптың құны түсіп кетті деген пікірге келісесіз бе?
Алмахан Кенжебекова, Қазақстанның халық әртісі, Б. Римова атындағы облыстық драма театрының әртісі:
– Кітаптың құны түсіп кетті дегенге келіспеймін. Кітаптың құнын түсіріп жүрген өзіміз. Ғаламтордың пайда болуынан ба, жас буынның кітап оқуға деген құлшынысы төмендеп кеткені рас. Ал, кітапты жата-жастана оқитын, оның қадірін білетін біз үшін кітаптан құнды дүние жоқ. Ғаламтор қанша сананы торлағанымен, кітапты алмастыра алмайды деп ойлаймын. Өйткені оны қолыңа ұстап, бар жан дүниеңмен сезініп, табиғатына еніп оқисың. Ғаламтордан көркем-әдеби шығарма оқу дәл сондайлық әсер бермейді. 
Ал адамдар неге кітап оқымайды дегенге келсек, ол әрбір жанның өз түйсігіне байланысты дер едім. Мәселен, менің екі шешем болды. Екеуінің де сауаты жоқ, әріп танымайтын. Олар маған «кітап оқы» деп айтып көрген емес. Құдай, адамның өзінің санасына, ынтасына берсін. «Оқы, оқы» деп айта берсең, балалардың оқымауы да мүмкін. Адамның өзінің болмысында болмаса, қазіргі қарны тойған заманда кез келген жанның кітап оқуға құлқы болмауы да таңғаларлық емес. Айналаға қараңыз, дүиенің бәрі керемет. Теледидардың тетігін басып қалса, дүниежүзі көз алдында. Кітап түкке де керек емес сияқты көрінеді. Бірақ, соның ішінде ақыл-ой, парасаты түзу балалар бәрібір кітап оқиды. Кітап оқыған бала ұлтын сүйеді. Ұлтын сүйген бала Абайды, Әуезовті міндетті түрде оқиды. Ол арқылы халқымыздың бар жақсы болмыс, қасиетін бойына сіңіреді. Сондықтан баланы кітап оқуға, өз ұлтын сүйіп, мақтан етуге тәрбиелеуіміз қажет.
Қазақ халқының өзге ұлттан айырмашылығын салыстырып көрейікші. Америкалықтардың тарихи киноларын қарасаңыз, сонау алыстан арып-ашып, өлермен болып есігінің алдына келген адамға үй иесі бірден мылтығын кезеп шығады, аузына су тамызбайды. Әзер дегенде жалынып жатып, бір бұрышына қонып шығар, әйтпесе, ол да жоқ. Ал біздің ата-бабаларымыз қандай болған? «Құдайы қонақпын» деп келген адамды үйінің төріне отырғызып, сусын, тамағын береді. Ол бір күн жатамын десе, бір күн, екі күн жатамын десе екі күн түнейді. Қай күні кетемін дегенде, «қандай бұйымтайыңыз бар еді, қайдан келе жатырсыз? – деп сұрайды үй иесі. «Мен ана ауылға бара жатыр едім, атыңызды бере тұрасыз ба?» – десе, «мініп бара бер, біреуден жетектетіп жіберерсің», –  деп құдайы қонақтың жолда қиналып қалмауын ойлап, ас-суын ұстатып жібереді. Көп ел қазақ халқын дұрыс бағаламайды. Біздің ұлттың ешкіммен теңдесі жоқ. Біз дарқанбыз. Ата-бабаларымыз жазылмаған дала заңына бағынған, тәртіп пен тәрбие болған. Қазіргі қаланың балаларын аяймын. Олар осынау кең даланың қасиетін сезіне алмайды. Сондықтан тауға-тасқа көп апару керек. Кезінде бізді мектепте оқып жүргенде есекке мінгізіп, сақпанға жіберетін. Бәленбай мың қойды алдыңа салып береді, оны екі қыз бағамыз. Мал бағып жүріп, табиғаттың сырын ұғамыз, шырылдаған торғайдың үніне құлақ асамыз, кітап оқып, қызығына батамыз. Бүгінгі заманда да болам деген бала ғаламторды да қарап, кітапты да оқып үлгереді. Бізден де бетер білімді болуы мүмкін. Тек ол үшін кітаптан қол үзбеу керек.
ОЙ-түйін: Абай атамыз айтпақшы, «тамағы тоқтық, көйлегі көктік аздырар адам баласын». Бүгінгі ұрпақтың кітаптан алшақтап кетуінің бір ұшығы осында жатса керек. Адам жайлы өмірге тез бейімделеді, алайда осы тұста рухани құндылықтың әлсірей түсері ақиқат. Қарны тоқ, бар жағдайы жасалған адамның ештеңе ойлауға да құлқы болмайды. Мұндайда кітап оқу туралы ойдың санаға кіріп-шықпасы да анық. 
«ЖЕТІСУ»: – Қоғамның кітап оқуға деген құлықсыздығына қарамастан жас ұрпақты көркем әдеби шығарма оқуға баулу маңызды. Осы ретте білім шаңырағында қандай шара қолданылады? Жалпы мектеп кітапханасына көркем әдеби шығармалар сатылып алына ма? Бүгінгі жас буын өкілінің кітап оқуға енжарлық танытуына не себеп деп ойлайсыз?
Гүлсара ИСАҒҰЛОВА, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
– Мектеп кітапханалары кітапқа бай. Оқулықтардан бөлек жыл  сайын көркем әдебиетпен толықтырылып отырады. Мектептің жылдық оқу-тәрбие жоспары болады. Оның бір тармағы кітапханамен жұмыс, оқушыларды кітап оқуға баулуға арналады. Кітапхананың ата-анамен, мұғаліммен, оқушымен байланысына ерекше ден қойылады. Кітапханашылар ақын-жазушылардың мерейтойына, белгілі бір тақырыптарға сәйкес көрмелер ұйымдастырады және соған байланысты іс-шара өткізеді. Тәрбие сағаттары да кітапханамен тығыз байланыста өтеді.
Баланың кітапқа құмарлығын ояту – біздің міндетіміз. Осы ретте «Назарбаев зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымы «100 кітап» жобасын ойлап тапты. Онда қазақ әдебиетінен бастап әлем классикасына дейін қамтылған. Ол бойынша оқушылар  4-ші сабақтан кейін 15-20 минут кітап оқиды. Бұл өте жақсы бастама. Ол орта мектептерге де енгізілуде.
Байқасақ, бүгінгі таңда өркениетті елдер кітап оқуға ден қоя бастады. Оған себеп, көпшіліктің ұялы телефонға тәуелді болуы. Бала тұрмақ үлкендердің өзі одан бас алмайды. Соған орай әлем кітапқа бет бұрып, кітапқұмарлар ұйымы құрылуда. 
Баланы кітап оқуға баулу мәселесіне келсек, меніңше, жеткіншектің табиғатына сай, сұранысын өтейтін кітап қолына тиюі керек. Содан баланың кітапқа құмарлығы оянады. Мәселен, менің көркем әдебиетке деген қызығушылығымды оятқан Машқар Гумеровтің «Асыл дәрі» атты повесі.  Әлгі кітаптан мен өзімнің өмірімді көрдім. Нағыз бастауыш сыныптың балаларына арналған туынды. Содан бастан кітапқа ден қойдым. 
Кітап оқығанда адам соның кейіпкеріне айналып, оның ішіне еніп кетуі керек. Көркем шығарманың адамға ерекше әсері болады. Ол армандауға үйретеді, қиялыңды дамытады, адамның ойлау қабілетін арттырады. 
Баланы кітап оқуға баулу отбасынан бастау алғаны дұрыс. Оны мұғалімге, мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына итере салуға болмайды. Үйдегі ата-ана кітап оқыса, балалар да соған қарап ішінде не қызық бар екен деп үңіледі. Кітап оқу қажеттігін санасына сіңіреді.
ОЙ-түйін:  Иә, расында да «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, ата-анадан дұрыс тәлім-тәрбие алған бала ертең сол өнегесін қайталайды. Әкесінің газет-журнал оқығанын күнде көріп, көкейіне түйіп өскен жеткіншек оны өз бойына сіңіреді. Ата-ана баланы кітап оқуға баулып, күнде сабаққа бара жатқанда қолына тамақпен бірге, кітап ұстатып жіберсе немесе күн сайын көркем әдебиет оқуын қадағалап отырса, жасөспірімнің кітап оқуға деген дағдысы қалыптасар еді.  
«ЖЕТІСУ»: – Ұзақ жыл педагогика саласында қызмет еткен ұстаз ретінде оқушыларды көркем әдебиет оқуға қалай бағыттауға болады деп ойлайсыз? Кешегі буынның кітапқа ерекше жақын болып, бүгінгі жас ұрпақтың көркем әдебиетке деген құштарлығының бәсеңдеуі неден деп білесіз? Бәлкім, бұл жағдайға соңғы кезде шығып жатқан кітаптар сапасының төмендігі, олардың көптігі де әсер етіп жатқан болар. Жасыратыны жоқ, бүгінде кітап шығару сәнге айналды. Кейбіреулер 60 жасқа келсе де кітап шығарып жатады. Кейде оны кітапханаларға да тықпалайды. Осының кері әсері бар ма?
Минуар БАЙМОЛДАНОВА, ардагер-ұстаз:
– Расында да біздің кезімізде оқыған әдебиеттер керемет еді. Қай шығарманы алсаң да бірінен-бірі өтетін. Соған қарап әдебиетке ынтызар болмау мүмкін емес еді. Қазіргі әдебиет нашар деп мен айта алмаймын. Ойлы, керемет жазушыларымыз баршылық. Бірақ, ара-тұра сапасыз кітаптар да кезігіп қалып жатады. Біреулер өзінің әулетін жазып, өмірін, еңбек жолын үлгі-өнеге ретінде шығарады. Ондай кітаптар көркем әдебиетке енді дендеп келе жатқан балалардың қолына түссе, бәлкім, кітапқа деген қызығушылығын бәсеңдетіп жіберер. Бірақ, қалай десек те, әр кітаптың адамға берер өз тәлім-тағылымы болады. 
Мен негізі мамандығым бойынша тарихшымын, бірақ көп адам менен «әдебиетшісіз бе» деп сұрайды. Оған себеп, менің әдебиетке деген ынтызарлығым. Оған ата-әжелеріміздің ықпалы болды. Бала кезімізде әжелеріміз жиналып алып, «Батырлар жырын» оқытатын. Оны бірнеше бала оқимыз. Өйткені, жыр ұзақ, біріміз шаршағанда екіншіміз жалғастырамыз. Оны әндетіп айтамыз. Аянышты жерінде дауысымызды бәсеңдетіп, батырлық жерлерін қабағымызды түйіп беріле оқитынбыз. Сонда аналарымыз, «әй, шіркін-ай, заман-ай, өтіп бара жатқан» деп көздерін сүртіп отырғанда біз ол кісілерді одан әрмен риза етуге тырысушы едік. Менің осы әдебиетке қызығушылығым батырлар жырын оқудан басталды. Мектепке келгенде әдебиет пәні мұғалімінің қатты әсері болды. Абдрахман Батаев деген ұстазымыз көркем шығарманы тыныс белгілеріне тоқтап, ерекше ырғақпен, әртүрлі көңіл-күйге түсіріп оқыған кезде беріле тыңдаушы едік. Кейіннен Ғайнижамал Мұқанова деген мұғаліміміз бізді прозалық шығармалар оқуға баулыды. Осылайша біздің бойымыздағы әдебиетке деген сүйіспеншілік ұстаздарымыздың арқасында қалыптасты. 
Әдебиетпен қатар тарихқа да қызығушылығым артты. Өйткені тарих пен әдебиет – егіз. Тарихты жақсы білмей әдебиеттің тереңіне үңіле алмайсың. Ал әдебиетті терең сезінбей тарихтың түбіне жете алмайсың. Көптеген әдеби шығарманың астарында тарихи шындық жатады. Оны зерделеу үшін тарихты білуің керек.
ОЙ-түйін: Аға буын өкілдерін әдебиетке баулуда ата-әжелеріміздің, ұстаздардың ықпалы зор болған. Ал бүгінгі жас буынды кітап оқуға жетелеуде мұғалімдердің орны қандай? Бұл ретте 20 минуттық үзілісте өзі жетекшілік ететін сынып оқушыларын көркем шығарма оқуға баулып жүрген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жадыра Ақлепесованың бастамасы өзгелерге үлгі-өнеге ретінде дәріптеуге тұрарлық. Әрбір тіл маманы әдебиетке осылайша қарлығаштың қанатымен су сепкендей үлес қосса, онда кітап оқуға құлықсыз жасөспірімдер қатары азая түсер ме еді?
«ЖЕТІСУ»: – Мектептегі үзіліс кезінде оқушыларға көркем әдебиет оқытып қоятындығыңыз бүгінгі біз көтеріп отырған мәселеге ұстаз ретінде жаныңыз ауырып, жас буынды ғаламтордан ажыратып, кітап оқуға баулу мақсатында атқарып жатқан игі ісіңіз деп білеміз. Жалпы бұл ой неден туындады? Үзіліс кезінде оқушыларға көркем әдебиет оқытуға негіз салған не нәрсе?
Жадыра АҚЛЕПЕСОВА, №14 орта мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
– Ұстаз ретінде оқушылардың көркем әдебиет оқуға құлықсыздығы мені де қынжылтады. Осыған орай үлкен үзілісте балалардың көркем әдебиет оқуын қадағалауды қолға алдым.  Сыныпта әр баланың оқитын өз кітабы бар. Бірі үйінен әкеледі, енді бірі кітапханадан алады. Үзілісте оны балалар оқиды да қай жеріне келсе, сол бетке стикер жабыстырады. Не түсінді соны дәптерге жазады, келесі күні тағы оқиды, бұл үрдіс күн сайын қайталанып отырады. 
Өйткені, әдебиеттің 45 минутында көркем әдебиетті толық оқытып үлгермейміз. Үйге тапсырма ретінде сілтеме, қызықты әдебиеттердің тізімін береміз. Жасыратыны жоқ, кітапты сүйіп оқитын оқушылар бар, амалсыздан бетін парақтайтындары да кездеседі. Бұл қоғамның үлкен проблемасы. Бала кітап оқығаннан гөрі ғаламтордан қарай салғанды жөн көреді. Кітаптан оқып, ізденіп, оның кейіпкерлеріне мінездеме бергеннен ғаламторда талданып дайын тұрған дүниені көшіре салған оңай, әрине. Ол түптеп келгенде баланың сөздік қорын байытпайды, ой жүйесін дамытпайды. Өйткені бала ізденбейді. Ғаламтордағы дайын нәрсенің зияны осы дер едім.
ОЙ-түйін: Ғаламтордың бала үшін зияны көп, әрине. Соған қарамастан ата-аналар оған өзіміз мүмкіндік ашып, өзгелерден қалмасын деп ұялы телефонның ең қымбатын балаға алып береміз. Сол телефон оқушының сабақта ойын бөліп, лайықты білім алуына кедергі келтіретінін ойлана бермейміз. Үйде де жасөспірімдер ұялы телефонның тұтқынына айналды. Бұрынғы балалар тығылып кітап оқыса, бүгінгілер бұғып «сотка» ойнайды. Бұл ретте оқушыларға смартфон ұстауға мүлде тыйым салған бір ұжым болса, ол Талдықорған қазақ-түрік жасөспірімдер лицей-интернаты. Балаларды кітап оқуға баулуда да ұжым ұстаздарының бастамасы өзгелерге үлгі етуге тұрарлық. Білім шаңырақтарында дәл осындай темірдей тәртіп болса, шәкірттердің де тәрбиелі, саналы азамат болып шығарына еш талас жоқ.
«ЖЕТІСУ»: – Кітап оқу қағидатын жақсы қалыптастырған ұжым ретінде өз іс-тәжірибелеріңізбен бөліссеңіздер. Баланы ғаламтордан алшақтатып, кітаппен сырлас етуде қандай алғышарттар ұстанасыздар?
Мейрам Мұхамадиев, Талдықорған қазақ-түрік жасөспірімдер лицей-интернаты директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
– Кітап оқу үрдісін қалыптастыруда үш жылдан бері ел көлеміндегі «Бір ел – бір кітап» акциясы бойынша жұмыс істеудеміз. Ол идеяның негізі Америкада қаланған. Онда бір кітапты оқу ұсынылып, сол бойынша талқылаулар жүргізіледі. Лицейде балаларға жас ерекшелігіне қарай кітаптар ұсынамыз. Олар төрт тоқсанда төрт тілде – қазақша, түрікше, ағылшынша, орысша көркем әдебиет оқиды. Бірінші тоқсан аяқталғанда, екінші тоқсанның басында сол бойынша емтихан тапсырады. Онда елу сұрақ болады. Кім көп сұраққа жауап берсе, сол марапатталады. Ата-аналармен келісіп, сыйлықтар тағайындадық. Бірінші орынға велосипедке дейін сыйға тарттық, электронды кітап, сағат бердік. Осылайша балаларды ынталандырудамыз. 
2013 жылы лицей директоры Кореяға барып, олардың оқу-тәрбие жүйесімен тереңірек танысып қайтқан еді. Содан бері балаларды кітап оқуға ынталандыруды ерекше қолға алдық. Оның оңды нәтижесін көрудеміз. 
ОЙ-түйін: Бұрынырақта балаларды кітап оқуға баулуда кітапханашылардың рөлі зор болатын. Кітапханадан кітап алсақ, оны өткізерде кітапханашы мазмұнын сұрайтын. Алған кітабыңның ертең жауабы сұралатын болған соң да оған терең  мән беріп оқитын едік. Бүгінде баланың оқыған кітабынан қандай тәлім алды деп, мазмұнын сұрап, уақытын сарп етер кітапханашы бар ма екен, – деген ой көкейіңде қылаң беріп тұрады. 
«ЖЕТІСУ»: – Ендеше, сөз кезегін кітапханашыға берейік. Бүгінгі оқушылардың көркем әдебиетке деген қызығушылығы қай деңгейде? Мектеп кітапханасынан шықпай кітапқа қызығушылық танытатын оқушылар бар ма? Оларды қалай қанаттандырасыз? 
Салтанат Шалтабайқызы, Шоқан Уәлиханов атындағы №10 орта мектептің кітапханашысы:
– Балалар кітап оқиды ма, деген сұраққа жауап берер болсақ, біздің мектептің өзінде 1200 бала болса, соның жартысы кітапханаға тұрақты келіп тұрады деп айта аламын. Қалғандары соларға ілесіп бір-екі мәрте ғана келеді.  Кітап өткізуге келген баладан  «кітапты оқыдың ба,  не туралы екен?» деп сұраймыз. Оқымаған бала бірден білініп тұрады. Кірген бетте бірінші бетін ғана оқи салып, айтып беруге тырысады. Сол үшін үш жылдан бері Назарбаев зияткерлік мектебі сияқты оқу уақытын енгіздік. Содан бері кітапханамызда кәдімгідей кезек пайда болды. Үлкен сыныпқа қарағанда бастауыш сынып оқу уақытын тез қабылдады. Ғылыми тәжірибе бойынша күніне 15 минутты кітап оқуға арнау керек екен. Оқушыны мектептегі сабақ уақытынан бөле алмаймыз, бағдарламадан қалып қалады. Сондықтан кітап оқу уақытын он минут деп белгіледік. Балалар бір ай көркем шығарма оқыған соң, жоғары сыныптар сол бойынша эссе жазады, бастауыштың балалары сурет салады. Кейбір сыныпқа оқыған кітаптары бойынша көрініс көрсетуді тапсырдық. Оған ата-аналар да қатысты. Киім тікті, көрме ұйымдастырды. Биылдан бастап отбасылық оқуды қолға алдық. Ол бойынша ата-әжелерімізді шақырып, балаларға 45 минут ертегі айтқызамыз. Мұғалім, кітапханашы оқығаннан гөрі атаның не әженің ертегі айтқаны балаға ерекше әсер етеді. Тек бізді ойландыратыны, ертегі оқуға аталар келе бермейді. Сондықтан оны «Әжелер ертегі клубы» деп атадық. 
Зерттеулер бойынша Қазақстан 30 оқымайтын елдің қатарына кіреді. Бұл көңіл алаңдатарлық жай. Кітап оқымайтын адамның болашағы жоқ екенін ескерсек, жас ұрпақты кітап оқуға баулу өзекті мәселенің бірі болып табылады. Сондықтан қоғам болып, оқушыларды көркем әдебиет оқуға баулуымыз керек дер едім.  
ОЙ-түйін: Кезінде ата-бабаларымыз жас ұрпақтың тәрбиесіне ерекше мән берген. Әсіресе, отбасында әке тәлімінің орны зор болған. Ал, бүгінде ата-әкелеріміздің тәрбиеден алшақ қалуын қалай түсіндіреміз. Қарапайым  мысал келтірер болсақ, мектептегі ата-аналар жиналысына әкелер келмейді, білім шаңырағында ұйымдастырылатын түрлі шаралардан да сырт қалып жатады. Мектепте ер мұғалімдер жоқтың қасы. Осының бәрі бала тәрбиесінің әлсіреуіне әкеліп жатқан жайттар емес пе?
«ЖЕТІСУ»: – Кезінде әкелеріміз бір қонышына «Жалын», бір қонышына «Жұлдыз» журналын салып, мал бағуға кететін. Кешке үйге шаршап келсе де шамның жарығымен сол күнгі газет-журналдарды оқып шықпай ұйқыға жатпайтын. Осының өзі балаларға үлгі-өнеге еді. Демек, кітаптың отбасылық тәрбиеге де ықпалы зор болды. Көркем әдебиеттен бойыңызға қандай асыл қасиет жинадыңыз? 
Гүлсара Исағұлова: 
– Баяғыда мектеп кітапханасында «Кітап – білім азығы, білім – өмір қазығы» деп жазылып тұратын. Сонда бастауыш сыныптың оқушысымын, кітап қалай азық болады, ол тамақ па, не?» деп ойлайтынмын. Шын мәнінде кітап өмірлік азық екенін уақыт дәлелдеп отыр. Білімді болмасаң, кітап оқымасаң, сенің қандай азамат болатының неғайбыл. Осыны терең сезінген әкеміз шындығында кітапты қолынан тастамайтын. Өзімізден үлкен аға-әпкелеріміздің де жата-жастана оқитыны осы кітап болатын. Соны көріп өскен біз де көркем әдебиетке үйір болдық. Кітаптың тәрбиелік мәні өте зор, оған талай мәрте көз жеткіздік. Жас кезімде Зейнеп Ахметованың «Өмір шыңы» кітабын оқыдым. Әдетте, біз бірнәрсе төгіп, сындырып алсақ ренжиміз, құдай-ау, шашылып қалды, сынды деп. Ал ол кітапта «бір нәрсе сынса, жақсылық», «төгіліп қалса, бұл сүйінші, молшылық», «шашылып қалса, бұл шашу» деп бәрін жақсылыққа балайды. Үйде ыдыстарды сындырып алғанда шешем ренжиді ғой, «ту, тағы сындырдың ба» деп. Сонда айтамын, ол молшылық, жақсылыққа деп. Сол кітапты оқығаннан кейін менің бойымда реніштің орнына қуаныш пайда болды, бәрін жақсылыққа балап, жақсы сөздер айтуға үйрендім. Сөйтіп, оған үйдегілерді де тәрбиеледім. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген. Міне, бір ғана кітаптың пайдасы. Сөйтіп, адам кітап арқылы өзін жақсы қасиеттерге тәрбиелеуге болады. 
ОЙ-түйін: Ал біз өзімізді жақсы қасиеттерге баулып жүрміз бе? Осы кітапты оқымаудан, рухани жан дүниеміздің жүдеуінен емес пе, арамызда дәрігердің адам тәнін емдегенмен, жанына шипа бола алмайтыны, әкімнің алдына көмек сұрай келген адамға шын жанашырлықпен қарамайтыны. Бір сөзбен айтсақ, осы кітап оқымаудың салдарынан бір-біріне жаны ашымайтын, қатыгез ұрпақ тәрбиеленіп келе жатыр. Көркем әдебиеттен алшақтаған жастардың да ойы жұтаң, тілі жұпыны.
«ЖЕТІСУ»: – Қазіргі балалардың бойында бір кемшілік бар. Көбісі қазаққа ғана тән ұ, ү, і, ы, ө, ң, қ әріптерін дұрыс дыбыстай  алмайды. Мәселен, «ң» әрпін «н» деп айтады. Балалардың таза сөйлеуін қалыптастыруда тіл, әдебиет пәнінде дауыстап оқу бар ма? Оның әріпті дұрыс айтуға ықпалы бола ма?
Жадыра Ақлепесова:
– Бұл тілдің мәселесі. Себебі, бала мектепте қазақша оқығанымен үйіне барғанда орысша сөйлесуі мүмкін. Немесе оның сөйлесетін ортасы орыс тілді. Сол себепті осындай мәселелер туындайды. Кейбір балалар балабақшаға орыс тобына барады да, мектепке қазақ сыныбына келеді.  Содан бала шатасады, «н» мен «ң»-ды ажырата алмайды, қазақ тіліне тән дыбыстарды айта алмайды. Бала екіжақты болған соң, оның ауызекі сөйлеу тілі де дамымайды. Өйткені орысша ойлап тұрады, оны қазақша жеткізе алмайды.
Әрине, әдебиет пәнінде дауыстап оқыту үрдісі әлі де жалғасуда. Алайда, балаларға өлең, тақпақ оқыту кезінде байқайтынымыз, олардың оқу мәнерінде орысша акцент бар. Баланың сөйлеу тілі, дыбыстауы дұрыс қалыптасуы үшін балабақша, бастауыш сыныптан бастап ұ, ү, і, ө, ң деген әріптерді жиі қайталатып, айтқызып, санасына тоқуымыз керек. 
Гүлсара Исағұлова:
– Балалардың қазақ тілінде таза сөйлеуін қалыптастырудың, кітап оқуға баулудың бір жақсы жолы жыл сайын Абай, Ілияс, Мұқағали, Яссауи, Махамбет оқулары өтеді, соған қатыстыру керек. Олар алғашқы кезекте барлық мектепте, одан кейін аудан, облыс, республика көлемінде ұйымдастырылады.  Былтырдан бастап Мағжан оқулары республикалық деңгейде өтуде. Оған балаларды қатыстыру тіл, әдебиет пәнінің мұғалімдеріне қосымша салмақ болар, бірақ, өзінің пәнін сүйетін, мамандығын жақсы көретін ұстаз одан бас тартпайды деп ойлаймын. 
Компьютер мен кітаптың айырмашылығы неде дегенге келсек, кітапты саусақпен парақтап ашудың өзі денсаулыққа пайдалы. Өйткені, кітап ағаштан жасалады, табиғи өнім. Адам өзінің шаршағанын басу немесе сезімге бөлену үшін ағаштан нәр алады. Миды жаттықтырудың ең тамаша әдісі кітап оқу екен. Ол арқылы адамның есте сақтау қабілеті жақсарады. Жапонияның медицинасы кітап оқудың адамның ұзақ өмір сүруіне пайдасы бар екенін де анықтаған. Ал ғаламторда адам бірнеше сағат отырса, шаршап-шалдығады, күш-қуаты сарқылады, жүйкесі де сыр береді. Денсаулыққа да зияны шаш етектен. Сондықтан адам үшін ғаламтордан гөрі кітаптың пайдасы зор.
ОЙ-түйін: «Дөңгелек үстелге» қатысушылар осылайша ой толғады. Аға буынның да, жас ұрпақтың да сөзінен пайымдағанымыз, ғаламтор сананы жаулағанымен кітаптың құндылығы еш төмендемейтіндігі. Адамзат барда әдебиет мәңгі жасай бермек. Демек, кітапқа деген құлықсыздық  уақытша құбылыс. Жас ұрпақ та кітаптың артықшылығын мойындап, оған жаппай ден қоятын уақыт та келер. Жастарымыз ұлттық құндылықтарымыздан сусындап өссін деген мақсатта басқосу соңында оқушыларға Жұматай Әміреевтің «Дәстүрім – дидарым» кітабы табыс етілді.

Бізден де бір пікір

Жастар не дейді?

«Дөңгелек үстелге» студенттер мен оқушылар қатысты. Олар да көтеріліп отырған тақырыпқа орай өз ойларын білдірді.
 «ЖЕТІСУ»: Қазақ-түрік лицейінің оқушылары төрт тілде білім алады. Көркем әдебиетті қай тілде оқу жеңіл? Жалпы төрт тілде кітап оқу пайдалы ма? 
Бейғұт Бейсехан, Талдықорған қазақ-түрік жасөспірімдер лицей-интернатының             9-сынып оқушысы:  
– Бәрінен де біздің өз тіліміз қазақша оқу жеңіл. Содан кейін түрік тілінде оқыған оңайырақ. Өйткені түрік тілі қазақ тіліне жақындау. Одан кейін өзімізге түсінікті тіл – орыс тілі. Ал ағылшын дүниежүзіне ортақ тіл, сондықтан ол тілді де білуіміз қажет. 
Айдос Нұрмұханбет: 
– Тіл білгеннің артықтығы жоқ. Көп тіл білген сайын көкжиегің кеңейе түседі. Ана тілі өз тіліміз, оны білу парыз. Одан кейінгі қажеттісі ағылшын тілі деп ойлаймын. Өйткені көп мемлекет осы тілде сөйлейді, шетелге шығу үшін осы тілді жақсы білуің керек. 
«ЖЕТІСУ»: Жастардың көзқарасы бойынша кітап пен ғаламтордың қайсысы пайдалы? Кітапты ғаламтор алмастыра ала ма?
Ақбота Қалық, №14 орта мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы: 
– Ғаламтор мен кітапты салыстырсақ, кітап оқудың артықшылығы бар екенін мойындаймыз. Оны жан дүниеңмен сезініп оқисың. Ал, ғаламтор өзіңе қажетті кез келген ақпаратты іздеуде тиімді деп ойлаймын. Өйткені онымен біріншіден уақытымызды үнемдейміз. Керекті мәлімет алу үшін кітапханаға барып, кітап іздеп, оның ішін ақтарып, көп уақытымызды кетіргенше, қалтамыздағы ұялы телефонды, яғни оның ішіндегі ғаламторды қолданып, оны өзімізге тез көшіріп ала аламыз. Сол жағынан тиімді. 
Айдос Отарбек, №14 орта мектеп-гимназияның оқушы: 
– Барлық затты мөлшермен пайдалануымыз керек. Мәселен, тамақты көп ішіп қойсақ зиян. Сол сияқты компьютерде де көп отыруға  болмайды. Кітап оқуға да уақыт табуымыз қажет. Бір кітап алу үшін кітапханада кезекте тұрсақ, көп уақытымызды жоғалтамыз. Сол үшін ол шығарманы ғаламтордан іздеп тауып, оқи салған кейде тиімдірек. Бірақ, ғаламтор кітаптың орнын алмастыра алмайды деп ойлаймын. Кітаптағы дүние тасқа қашалған тарихтай сақталып қалады. Ғаламтордағы дүние бүгін болғанымен ертең өшіп қалуы мүмкін.
Қажымұқан Арзенов, Талдықорған қазақ-түрік жасөспірімдер лицей-интернатының оқушысы:
– Ғаламтордың бір пайдасыз тұсы оның ішінен көркем шығарма оқып отырып, ойнағың келіп кетеді. Басқа ақпараттарға көңілің бөлінеді. Сондықтан көркем туындыны беріле оқи алмайсың. 
Оның үстіне кітап табиғи өнім, ол адамға жақсы әсер етеді. Ал ғаламтор электроникалық құрал. Сондықтан оның зияны көп. 
Төлеген Әбдіманап, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенті:
– Ғабит Мүсірепов: «Кітап оқудан тыйылсақ,  ой ойлаудан да тыйылар едік», – деген екен. Демек, кітап оқымайтын адам – ойсыз адам. Ал ойсыз адам қоғамға зиян. Кітап оқитын және оқымайтын адамды салыстыра қарасақ, екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Мысалы, кітап оқымайтын адам қиындыққа шыдамайды, ары қарай өмір жоқ деп ойлап, өз-өзіне қол жұмсаудан тайынбайды. Өйткені, оның ойы таяз. Ол адам кітап оқып өзінің жан дүниесін байытпауы салдарынан орын алады. Шекспир ді «Кітап маған тақтан да қымбат» деген. Сондықтан кітап оқиық. 

 

 

Оқи отырыңыз