Өмір сондай керемет

Өмір сондай керемет

Ол – көпшіл. Ол – өмірге құштар. Ол  ешкімге қиянат жасағысы келмейді. Ол  өмірдің тәттісін де, ащысын да татты. Ол болашақтан мол үміт күтеді. Ол  өмірге келгені үшін шексіз риза. Оның жан әлемі әдемі. Жеті жыл бойына өз дертімен күресіп келген қыз түбінде аяққа тұрарына сенді. Арманы адастырса да сенім күші оны әлі күнге дейін жеңіске жетелеп келеді.

Қара жол
– Мен үйдің тұңғышы болғандықтан, ата-анам шамасы келгенше менің алдыма бәрін үйіп-төгіп беретін. Балалық шағым мәңгі есте қаларлықтай өтті. Ешқандай өкпем жоқ. Бірде көлге шомылуға барғанда жақындарыма: «Көрдіңдер ме, менің денемде бірде-бір тыртық жоқ. Бетім де тап-таза», – деп айтқан едім. Араға біраз жыл салғанда денемнің сау жері қалмады. Тап-таза бетіме айдай таңба да салынды. «Жақсы сөз жарым ырыс» дегенге бұрындары мән бермегеніме өкінемін. Қазір бәрін түсіндім. Әрбір адымымды аңдып басып, ойланып сөйлейтін болдым. «Жақсылық болса Құдайдан, жамандық болса адамнан» деген сөзге енді сене бастадым. 
Бұл – отыз жылды артқа тастап, балдай тәтті балалығымен қоштасып, үлкен өмір жолында кездескен қиындықтың барлығымен күресіп келе жатқан Әсел Құсайынованың жүрегінен шыққан сөзі.
Оқуын үздік бітірген белсенді оқушы көзді ашып-жұмғанша студент атанады. Геодезия және картография мамандығының бірінші курсын бітірісімен, Қапшағай қаласынан іс-тәжірибеден өтіп, ата-анасына, бауырына асығып бара жатқанда жол апатына ұшырайды. Сол күнді, сол уақытты, тіпті, сол сәтті ұмыта алар емес. Айтып келмейтін апат Талдықорған – Қапшағай тас жолында орын алған. Көлікте отырған бес адамнан өзі ғана аман қалғанымен оның денсаулығы жақсы болмайтыны анық еді. Жол апатынан кейін Әсел Сарыөзектегі ауруханаға жеткізіліп, алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, біраз күн жансақтау бөлімінде жатқан. Небәрі он тоғыз жасында ауыр жарақат алып, төсекке таңылған өрімдей қыздың жүрегіндегі жараны емдеуге ешқандай дәрі де, ем де табылмады. Қиналыспен, жылаумен өткен күндерін ойлаған сайын жанарынан үзілген бір тамшы жас бойжеткеннің бар ішкі қиналысынан мағлұмат бергендей. 
Ауыр апаттан соң бір жыл үйде емделіп, өзінің достарынан бір курс төмен оқуға тура келді. Әсел қайта студент атанғанына қатты қуанды. Бірақ бұл қуаныш та ұзаққа созыла қоймады. Білімді де білікті білімгер оқуды жақсы бітіріп, дипломды қолға ұстап, туған өлке, өскен үйге оралады. Жалындап тұрған жастар бас қосып, түнде үйге қайтып келе жатқанда тағы да апатты оқиғаға тап болады. Бұл жолы да ауыр соққыны Әсел көреді. Түнгі сағат он екі шамасында көлікті үйінен рұқсатсыз алып, алғаш рет тізгінді қолға алған он жеті жастағы баланың ісі опа берген жоқ. Міне, осы сәттен бастап ауыр әрі қайғылы күндер басталды. 

МЕНІ «ӨЛДІ» ДЕГЕН 
– Не десем де бұл өмір. Тағдырым ұсынған сыйдан бас тарта алмаймын. Әр таңда арманмен оянатынмын. Уақыт өте келе арманыммен бірге аяғым да қысқара бастады. Екінші үйіме айналған ауруханадағы күндерімді есіме алғым келмейді. Жасалған әрбір отаның маған жақсы болмайтынын да білетінмін. Отадан кейін көзімді ашқан сайын аяғымның қысқарып бара жатқанын көру деген маған қорқыныш болатын. Үгітілген аяқ сүйегін саннан кескізгенімде көрпенің астында тұрған аяққа қарауға қорықтым. Аурухана төсегінде оянған соң анама: Аяғым жоқ па? Бәрі кетті ме? Қиыншылық бітті ме? Бар ауыртпалық сонымен кетсінші», – деп жылап жібердім. Менімен бірге қиналса да бір рет маған ренжіп көрмеген асыл анашым бір ауыз сөз айта алмай жылап тұрды. Айдың-күннің аманында анамның көзінен емес, жүрегінен тамған әр тамшы жас үшін жүрегім ауырады.
Анасының еңбегін айтқанда Әселдің дауысы дірілдеп, тамағына өксік тығылды. Мұндай ерлік тек АНА деген аяулы жанның ғана қолынан келетін іс. 
Екінші апаттан соң түнделетіп облыстық ауруханаға жеткізілгенімен медициналық көмектің барлығы дерлік көрсетіле қоймаған. Травматолог дәрігердің болмағанынан аяқтан кеткен қанды тоқтату үшін хирургтар бірден жараланған жерді тіге берген. Сынған сүйектер тері астында қалып, уақыт өткен сайын ауру асқынып, соңы жақсылықпен аяқталмағанына бәрі өкінеді. 
Ауыр отадан біраз қан жоғалтып, үш күн жансақтау бөлімінде жатқан науқасты дәрігерлер өлдіге санап, ағайын-туыстарына хабар берген. Ес-түсінен айырылып жатқан қызымен қоштасуға келген ата-ананың сол кездегі сезімін айтуға сірә сөз жетпес. Бірақ асқар таудай әкесі: «Қызым, сен мықтысың ғой. Көзіңді аш. Бізді қуантшы», – деп маңдайынан сүйіп, қоштасқанымен жүрегі бір жақсылықты сезсе керек, сүйегін дәл сол күні үйіне алып кетпеген. Бірақ әке мен шеше қызын мәңгілік сапарға қимаған. Шаңырағына ағайы-туысын жиып, қызымен қоштасу сәтін айтып жатқанда ауруханадан қоңырау түсіп, қыздың оянғанын айтып сүйіншілейді. Бүгінде көрер жарығын түнекке айналдырмаған Жаратқанға тілекшінің барлығы да разы. Аман қалғанына қуанғанымен ауыр күндер осыдан бастау алғанын Әсел күрсіне отырып есіне алады. Аяқ сүйегі іріңдеп, аурухананы екінші үйіне айналдырып алғаны да жақсылық емес. Біраз күні үйде жатып ем алса, біршама уақыт аурухана төсегіне таңылады. Уыс-уыс қымбат дәріні пайдаланғанымен дәрігердің пышағы оның денесіне алты жылда елу рет тиген десек асыра сілтегеніміз емес. Алайда бұдан да нәтиже жоқ. Тіпті, екі-ақ күнде аяқтан тұрасыз деп ота жасап, жиырма бес сантиметр сүйекті кесіп алып, ауруханада қараусыз қалып қалғаны да жанына батады. Күн райы сәл бұзыла қалса жанын қоярға жер таппайтыны тағы бар. Отандық өнімнің күші кеткесін Ресей өнімдерін де пайдаланған. Бірақ ол дәрілердің де күші бәсең еді. Астана, Алматы қалаларындағы травмотологиялық институтқа барып ем алса да білікті мамандар тек аяқты кесу керек  дегенмен шектелген. Мұндай шешім қабылдау Әселге оңай болмады. Бірақ қиын кезінде қолдау көрсететін жандар да қасында болған.  «Ерлік» мүгедектер қоғамында жұмыс істеп жүргенде көпке жанашыр дос, сырлас, анадай қамқор, ақылшы Роза Ақжаркенованың ақылын тыңдап, аяқ кестіртуге бел буған. Сәтті аяқталған отадан кейін үйде отырып қалмай, жұмысқа шығып кеткеніне қуанады. Мұндай кезде айналысатын бір істің болғаны да жақсы. Отадан кейін өзін жақсы сезініп, түнде ел қатарлы ұйықтап, дәрі ішуді азайтқан. Бұлтсыз күндер Әселге шуағын төгіп, ерекше бір жылылық шашқандай болады. Жер бетін екі аяқпен тең басып, емін-еркін жүрудің қадірін енді түсінгенін де мойындайды. 
ҚАЙЫРЫМДЫ
ЖАНДАР КӨП
– Міне, деп аяққа тұра бергенімде құлап, сүйегімді ауыртып, тағы да ауруханаға жаттым.  Біздің дәрігерлер тексере келе жамбас сүйегімді мүлде алып тастау керек деген шешім қабылдады. Оны алса мен мүлде жүре алмай қаламын. Жүруді ары қойғанда тіпті, отырудың өзі маған қиын болар еді. Онда мен ата-анама қаншама салмақ болатынымды, кейінгі өмірімді елестетуден қорықтым. Дереу шетелге шығып, дәл менің ауруыма шипа іздестіре бастадық. Содан көршілес Қытай мемлекетінің білікті мамандары ота жасайтынын, алайда оған қомақты қаржы керектігін айтты. №4 Алматы қалалық клиникалық ауруханасының білікті де білімді хирургі Рафаэль Гайсин маған үлкен көмек берді. Ол еліміздегі іріңдеген денеге ота жасаудан қашпайтын бірден-бір дәрігер. Көп мамандар ондай дертті емдеуден бас тартады. Сол кісінің қарауында жатқанымда тағдырлас досым маған елден көмек сұрап, шетелдегі отаға ақша жинауға кеңес берді. Ұзақ ойландым. Содан ешкімге айтпай, әлеуметтік желілер арқылы халықтан көмек сұрадым. Нәтижесін көргенде көз жасымды тыя алмадым. Маған барлығы да түс секілді. Оянып кетсем жоқ болып кете ме деп қорықтым. Көп ақшаны өңім тұрмақ, түсімде де көрген емеспін ғой. Халықтың шапағатына бөленгенімде өзімді жер бетіндегі ең бақытты адам санадым.  
Жүрек толқытқан сөздерімен қоса көз жасына ерік берген Әселдің қуанышында шек жоқ. Алғашында ашылған есепшотқа мың, бес мың, он мың түсіп жатқаны жүрегіне сенім ұялатқан. Телефонына келген хабарлама оны жігерлендірген. Тынымсыз қоңырауларға жауап беріп үлгермегенін риза болып айтқанда өзіңнің қазақ екеніңе мақтанады екенсің. Қазақстанның о шеті мен бұ шетіндегі адамдардың шапағаты, қайырымдылығы, бір ауыз ыстық сөздері оның дертін ұмыттырған. Тіпті, ақтаулық бір азамат хабарласып, үйіне үш жүз мың теңгені танысынан беріп жіберіп, соңынан хабарласып: «Қазақтың қыздары мықты. Олар ешқашан да берілмеуі керек. Жазылып кел. Саған сенемін», – деген сөзден кейін аяққа тұрамын деген арманына тез жетсем деп еңбек еткен. Бұл – тек бір ғана адамның сөзі. 
Санаулы күндерде халықтан отаға қажетті соманың барлығы жиналғанда ақшаға қарап ұйықтамаған кездерін де есіне алды. Ол қоғамдағы көптеген қайырымды жанның бар екеніне іс жүзінде көзі жеткеніне қуанды. Енді жарық күнді сыйлаған қымбат жанын ертіп, шекара асып кеткенде бүкіл ел қазақ қызына тілекші болып, соңында саулығын тілеп қала берді.
Әбден жүрегі шайылып қалған ол Қытайға барғанда бірден ота төсегіне жата алмаған. Уайым, қорқыныш, не болар, не болмас деген сенімсіздік қыз ағзасын шошытқан. Содан дәрігерлер біраз күн ем қабылдатып, соңынан өз істеріне кіріскен. Жаратқан жар болып, көп қазақтың тілегі қабыл болып, ота сәтті аяқталды. Небәрі екі сантиметр сүйекті ғана алып тастап, аурудың бетін қайтарған мамандарға Әсел шын жүректен риза. Ал соған септігін тигізген халыққа айтар алғысының шеті де, шегі де жоқ. Әселдің жүрегінде қалған бір ғана өкініш бар. Ол қытайлық мамандардың: «Бізге ерте келгеніңде аяғыңды аман алып қалар едік», – деген сөзі. Бірақ өткен іске өкінуден еш пайда жоқ.  
Аспанасты елінен оралып, қазақ даласына табаны тигенде қуаныштан анасы мен қызы жер сүюге дайын болған. Небәрі жиырма төрт күндегі алыстық олардың елдің, жердің, Отанның қадірі мен қасиетін бұрынғыдан да артық түсіндірген.   

Жүрек үні

Әсел ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ:
– Мен жеті жылдың ішінде еліміздегі барлық мықты медициналық орталыққа барып емделдім. Бірақ біздің елдегі медицина саласы енді дамып келеді. Көш жүре түзелер. Ақырындап жетістікке де жетерміз. Дегенмен, біздің дәрігерлер тек жеңіл жолды таңдайтыны мені алаңдатады. Елдегі медицина жақсы дамыса мен ғана емес, қаншама адам өз елімізде-ақ аяқ-қолын сақтап қалар еді. Шетелге кеткен қыруар қаржы да өз қоржынымызда қалар еді. Өкінішті-ақ. Бірақ осы күніме мен қатты қуанамын. Қытайда отадан шыққан соң анам екеуміз серуенге шықтық. Қоларбамды сүйреткен анашым екеумізге бір қыздың қарап тұрғанын бірден байқадым. Ол қасыма келіп, мені бас салып құшақтап, өзінің осы елге жарысқа келгенін, мені ғаламтордан көргенін айтты. «Біз қазақтың қызымыз. Біз мықты болуымыз керек. Елге жеңіспен орал», – деп тілегімді білдірдім. Ал әнші Мақпал Исабекованың жасаған жақсылығы өлшеусіз. Тілеулес болған әрбір жанға алғысымды білдіремін. Енді мен отбасылы болып, құшағыма сәбиімді басып, еліме титтей де болса үлесімді тигізсем деймін. Елімнің тыныштығы, халқымның амандығы бәрінен маңызды. Өмір сондай керемет. Әрбір күніміз бен сәтімізді бағалайықшы. Қайырымды болайық. Біздің бір ауыз сөзіміз қиналған жанға маңызды. Мен барлық адамды жақсы көремін. 

Еңлік КЕНЕБАЕВА

 

Оқи отырыңыз