Зейнетақы қалай төленеді?

Зейнетақы қалай төленеді?

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының барлық филиалында «Зейнетақы жүйесі қалай құрылды?» деген тақырыпта ашық есік күні өтті. Бұл бастама жөнінде БЖЗҚ облыстық филиалының директоры Қанат Исаевпен сұхбаттасқан едік. 

– Қанат Нұрлыбекұлы, зейнетақы қорының Ашық есік күнін өткізу шешімі немен байланысты екендігін айтсаңыз?
– Зейнетақы қорының есігі әрбір тұрғынға күнделікті ашық екендігін ерекше атап өткім келеді. Қазір біз зейнетақы жүйесі әрбір адамға түсінікті болу үшін еңбек етудеміз. Яғни, кез келген қазақстандық азамат мектеп қабырғасынан бастап зейнетақы жөнінде түсінік қалыптастырып, келешекте лайықты қарттықты қамтамасыз ету мәселесіне байыппен қарауы қажет. Сол үшін біз жұмыс ашықтығы мен айқындылығын арттыру үшін бар күшімізді салып, тұрғындармен жұмыс істеп келеміз. Сондықтан да біз қоғамға Қордың зейнетақы жүйесіндегі атқаратын қызметі туралы айтып, халықпен тығыз байланыс орнатқымыз келеді. Сондай-ақ, біз жинақтаушы зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің сенімді операторы ретінде зейнетақы қорына деген сенім қалыптастырып, зейнетақы жинақтарының қаржы-экономикалық толқулардан қорғайтын сенімді механизмі барын және мемлекеттің зейнетақы жинақтарына кепілдік беретінін көрсеткіміз келеді. 
– Ашық есік күнінің жай күннен өзгешелігі  неде?
– Бұл күні салымшылар мен алушылар зейнетақымен қамсыздандыруға қатысты толғандырған кез келген сауалға толық жауап ала алады. Атап айтқанда, зейнетақы жүйесін құрайтын үш құраушы туралы айтамыз. Бүгінде зейнетке шыққан адам үш жерден қаражат алады. Бұл ең алдымен, базалық және ортақ зейнетақы төленетін мемлекеттік бюджет. Қазір базалық зейнетақы барлығына бірдей мөлшерде төленеді, ортақ (немесе еңбек) зейнетақы 1998 жылға дейінгі жұмыс өтілін есепке алады. Зейнетақының екінші деңгейі – міндетті және міндетті кәсіптік жарналар есебінен құрылған БЖЗҚ-дан төленетін төлемдер. Ал үшіншісі – ерікті жинақтар, бұл кейбір адамдарда ғана бар. Осы құрамдауыштардың қалай дамып, өзгеретіндігі туралы Ашық есік күнінде келушілерге кеңінен түсіндірдік. Сонымен қатар, кез келген адам Ашық есік күні біздің кеңсеге келе отырып өзінің болашақ зейнетақысы неге байланысты екендігі, оның құрылуын қалай бақылау және оны қалай ұлғайту керектігі жайында біле алады. Мұндай іс-шараларды өткізе отырып біз зейнетақы заңнамасы аясында халыққа базалық білім беріп, елімізде зейнетақы жүйесінің алатын орны мен қызметі туралы дұрыс түсінік қалыптастырғымыз келеді. 
Зейнетақы қорының барлық бөлімшесі қалыпты режимде жұмыс жасайтындығын атап өткім келеді, себебі біз қызмет көрсету сапасы мен жылдамдығына ерекше назар аударамыз.
– Бұл шара қаншалықты жиі өтеді және осы игі істен не күтесіздер?
– Қазірше Ашық есік күнін үш айда бір рет өткізуді жоспарлап отырмыз және ол түрлі тақырыптарға арналатын болады. Болашақта бұл кездесулер халық тарапынан қолдау тауып жатса, жиі өткізу мүмкіндігі де жоқ емес. Халықпен тығыз қарым-қатынас орнатып, алға қойған мақсаттарға жету үшін БЖЗҚ жүйелі іс-шаралар жоспарын бекітті. Оған қоғамдық қабылдау жұмысы, Ашық есік күндерін өткізу, «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрайымының ресми блог-платформасын құру мен жүргізу жатады. Жалпы, жергілікті деңгейде ашық есік күні секілді іс-шараларды өткізу тек халықпен ақпарат алмасуды ғана көздемейді. Біз үшін кері байланыс, қызмет көрсетудің сапасын жақсарту және жалпы қор жұмысы бойынша ұсынымдар алу маңыздырақ.
– Толық ақпаратыңыз үшін рахмет. 


Дайындаған
Еңлік КЕНЕБАЕВА. 

 

Оқи отырыңыз