ДАЛА ТӨСІНДЕГІ ТОЙ

ДАЛА ТӨСІНДЕГІ ТОЙ

Күз мезгілі ала жаздай еңбек еткен диқандардың өзіне есеп беретін уақыты. Өйткені күз – берекенің бастауы, еңбек жемісін көрер, ырыс-несібе артып, көңіл тоғаяр мезгіл. Сондай тоқшылық пен береке-бірліктің құрметіне Шеңгелді ауылында сабантой мерекесі өтті. 

 

     Ақшаңқан үйлер тігіліп, қазан көтеріліп, ән әуелеп, күй күмбірлеген мерекеде көпшілік «Біздің аймақта соңғы жиырма жылда мұндай той өтпепті» деп тебіренді. Алғашқы болып сөз алған қала әкімі Талғат Қайнарбеков Елбасының  «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылғандай ұлттық болмысымызды айшықтап, салт-дәстүрімізді дәріптеп, Ұлы Дала мәдениетін жалғастыру мақсатында өткізіліп отырған еңбек мерекесінің маңызы зор екендігін атап өтті. Сонымен қатар, аймақтың экономикалық жағдайына жан-жақты тоқталды. 
     Биылғы күзгі жиын-теріннің қорытындысы бойынша 4179 гектар алқаптан 10 мың тонна астық қамбаға түскен. 24 мың тоннадан астам картоп пен пияз жиналған. Биылғы жылы 570 гектар жерге екінші рет егілген қант қызылшасынан 20 мың тонна тәтті түбір алу көзделіп отыр. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында «Alatau» және «LST market» жылыжай кешендері ашылған. Сонымен қатар, мал басы да артып, ірі қара саны 7300 басқа жеткен. Мал қыстату мерзіміне аумақ бойынша 12 мың тонна шөп, 7 мың тонна сабан, 5 мың тонна жемдік астық әзірленген. Қала әкімі бүгінде өңір дамуына аянбай еңбек етіп, аймақ өрісінің кеңеюіне атсалысып, жемісті нәтиже көрсетіп жүрген «Ақөзек», «Жақып», «Тоғжан», «ТабысАГРО» сияқты бірқатар шаруа қожалықтарын атап өтті. Сонымен қатар, ел дамуына елеулі үлес қосып жүрген еңбеккерлерді марапаттады. 
     Шара барысында бауырсақ пати, қолөнер көрмелері мен палуандар күресі, гір көтеру, арқан тартысу сияқты спорттық ойындар мерекенің көрігін қыздырса, ұлттық ат спорты түрлерінен өткен жарыс көрерменді ерекше әсерге бөледі. 
Тай мен құнан бәйгеге алыс-жақыннан келген 56 жүйрік қатысса, аламанда ауыздықпен алысқан 75 тұлпар бақ сынады. Аламан бәйгеде Қордайдың «Асылтас» атты тұлпары жүзден жүйрік шығып, атбегі қанжығасына «Нива» автокөлігін байлады.  

 

Мақпал МЫСА.
Қапшағай қаласы.

Оқи отырыңыз