ЗАМАН ТАЛАБЫ

Қазіргі жаһанданған, ақпараттың дамыған ғасырында болып жатқан түрлі өзгерістер мен жаңашылдықтар еліміздің экономика саласына да, білім беру жүйесіне де тың ізденістерді енгізіп отыр. Елбасымыз: «Жаһандық дағдарыстың жалғасуының әсерінен әлемде болып жатқан өзгерістер бізді үрейлендірмейді. Біз оларға дайынбыз. Еліміз қай салада болмасын қарқынды дамып, әлемдік кеңістікке қарыштай қадам басып, еркін қанат сермеуде», – деген еді. 

Жас ұрпақтың жан-жақты білімді болып қалыптасуы үшін “Тілдердің үштұғырлылығы” атты мәдени жоба кезең-кезеңімен іске асырылуда. Осы орайда Талдықорған қаласындағы №2 орта мектепте де білім алушылар мен ұстаздардың қатысуымен мазмұнды іс-шаралардың өткізілуі білімнің ілгерілеуіне септігін тигізіп жүр. Ол ұжым мүшелерінің бірлесе өткізген кіріктірілген сабақтарынан көрініс табуда. Математика, биология, ағылшын тілі немесе география, химия сабақтарында табысты топтамалар көрсеткен       С. Балабекова, Т. Айдарханов, Ж. Иткулова, Г. Булатбекова, Р. Ибраимбекова сынды ұстаздарымызды атап айтар едім. Ағылшын тілі пәні бойынша «Билингвалды оқыту жүйесі» курсын оқу үстіндегі химия пәнінің мұғалімі А. Абуханова және информатика пәнінің мұғалімі А. Жақсылықова өз пәндерінің терминологиясын ағылшын тілінде ұтымды пайдаланып, жаңа мазмұнды білім бағдарламасы аясында нәтижелі сабақтарға қол жеткізіп жүр. Тіл мерекесі қарсаңында өткізілген апталықтың іс-шаралары және пән апталықтарының сабақтарын оқушылар үш тілде еркін қолданады. Орыс тілі мен әдебиеті бірлестігі ұйымдастырған «Язык отцов – наследие святое» атты әдеби кештің өткізілуінің оқушылар үшін мағынасы зор. Үштұғырлы тілдің маңызы мен болашаққа апарар жолы өлеңмен, әнмен жеткізілді.
«Үштұғырлы тіл – жарқын болашақтың белгісі» тақырыбында шетел тілі бірлестігінің іс-шарасы әр түрлі мамандық иелеріне ағылшын, орыс, қазақ тілінің қажеттігі жөнінде көрініс, монолог, диалог түріндегі қысқа әңгімелер сахналанды. Жас маман Ж. Сүлейменова өткізген интеллектуалды сайыс жас ұрпаққа берері мол сыныптан тыс шара болды. Тілдің дамуы мен тарихына қатысты бейнесұрақтар, мағынасы терең мақалдардың жалғасын табу, берілген атауға үш тілде жауап беру, тіл жанашыры ретінде ұран ойлап шығару, ағылшын және қазақ ақындарының тіл тақырыбында қалам тербеген өлеңдерін жатқа оқуы оқушылардың қызығушылықтарын арттыра түсті.
Үштұғырлы тілді енгізу арқылы жеті жұрттың тілін меңгеріп, жетістік алаңында ойып орнын алатын ұрпақты тәрбиелеу міндеті тұр. Осы істі абыроймен атқару – әрбір ұстаз парызы.
 

Айжан Кабидулданова,
№2 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.
Талдықорған қаласы.

 

Оқи отырыңыз