"ГІЛІ-ГІЛІ" немесе актер Ерболат ОСПАНҚҰЛОВ қайда жүр?

Құрметті оқырман, жаңа айдарымызда елге талантымен жарқ етіп көрініп, елеусіз қалған немесе шығармашылықтан қол үзіп, көрінбей кеткен жандардың қазіргі тыныс-тіршілігімен таныстырмақпыз. Талайлардың жүрегінен орын алып, құрметке бөленген дарындылар аз емес. Оларды халық ешуақытта ұмытпайды. Өйткені, олар өшпес із қалдырды.

Өткен ғасырда түсірілген «Адамдар арасындағы бөлтірік» атты кинотуындыны қалың жұрт әлі күнге дейін сүйсініп көреді. Сондағы «Гілі-гілі» кейіпкерін сомдаған актер Ерболат Оспанқұлов одан кейін де бірнеше фильмге түсті, түсіп те келеді. Алайда қазақ киносының болашағы ол кісіні қатты алаңдатады. Сананы сериал билеген кезеңде: «Ұлттық қасиетіміз көлеңкеде қалып қоя ма?» – деген сауалды жүзінен айтқызбай ұғар едіңіз. Олай болса, Ерболат Сейділұлының көңіл түкпіріндегі ойларына көз жүгіртіп көрелік.
Кейіпкерімізді Қапшағай қаласында кезіктіріп, көлік ішінде әңгімелесуге кірістік. Біздің туған жер жөніндегі сауалымызға: «Кіндік қаным тамған мекен – Ақсу ауданы, Сағабүйен ауылы», – деп, аз үнсіздіктен соң қарапайым отбасында тәрбиеленгендігін, ал ес біліп, өскен жері Нарынқол ауданы, Көмірші, Сарыжаз ауылы екендігін айтты. Алтын жүректі таланттылар Бердібек Соқпақбаев, Мұқағали Мақатаев сынды жерлестерін мақтанышпен жеткізді. Әкесі – Сейділ қойшы және өмірінің соңына дейін жол жөндеуші болып аянбай еңбектеніпті. Ауылдағы ағайынның ортасында өте сыйлы кісі болған екен. Ал анасы – Аймұқан ауруханада тазалаушы болып жұмыс істепті. Отбасында екі ұл, үлкені – Тасболат және өзі. Төртінші сыныпқа дейін Талғар қаласындағы интернатта оқыған. Он жылдық мектепті Сарыжазда тамамдап, электротермист мамандығы бойынша Жамбыл химия-механика техникумында білім алады. Ол кезде оқуға түсу қиын болатын. Техникумды 1986 жылы аяқтап, Алматы қаласында мамандығы бойынша жұмыс жасады. Кейін ағасының шақыруымен Қапшағай қаласына көшіп келіп, Қапшағай фарфор зауытында еңбек етті. «Кеңес құлаған соң жұмыс табу қиындады, әсіресе, актерлерге», – деген ол жанбағыс үшін таксишілік жұмыста жүргендігін жасырмады. Осылайша өмірбаянын қысқа жіпке тізгендей етіп келте қайырды.
Сауалды балалық шаққа, онда өткен қызықты сәттерге ойыстырып ек, езуіне күлкі үйірілді. Бір сәт болса да өткенге сапар шегіп, біраз естеліктерін ақтарды. «Балалық кезім өте қызық өтті. Асықты 10-сыныпқа дейін ойнадым. Ауылда менен мықты ешкім болмады. Оны білген ауылдастарым менімен бақталаспайтын. Көрші ауылдарға барамын. Шелек-шелек асық жинадым. Оны сатамын, есік алдына шыққан соң: «Мен ойнай алмай қалыппын», – деп алдап, аздап ұтылып, сатқан асығымды қайтып ұтып аламын. Қолым жарылып жүретін. 8-9-сыныпқа дейін есек міндік. Көрші ауылдан есек ұрлап, тауға барып отын дайындаймыз. Иелері ылғи есектерін іздеп біздің ауылға келеді. Солар байқап қоймасын деп әкпен ала-құла қылып бояп тастадық. Қарасақ аумаған зебра. Сөйтсек, оның бір құлағы кесілген екен, біліп қойып, алып кетті. Бірде есектің денесіне керосин тисе жүні түсіп қалады да, орнына ақ жүн шығады дегенді естіп алдық. Құмар көңіл көнсін бе? Бір шелек керосин алып барып, есекті әбден майладық. Жүні түспейді. Иесі де келіп қалды. Ақыры болмаған соң сіріңкемен жағып жібердік. Өзі жүрмейтін, жалқау есек еді, қораның ішін айналып шауып жүр. Бір кезде есікті құлатып секіріп кетті. Иесінің алдына барып құлап, өлді. Жоқ іздеушілер: «Пісіріп жейін деп пе едіңдер?» – деп 25 сом төлетіп кетті», – деп өзі де күліп, бізді де мәз-мейрам қылды. Балаша қуанады екен. Жүзіне телміре қараған бізді байқады да, әңгіме тетігін ағыта жөнелді. 
– Серік деген досыммен бір қыздың үйіне кештетіп бардық. Әкесі қасқа бас кісі еді. Бірақ басынан шәпкі түспейді. Көп адам оның қасқа екенін біле бермейтін. Үйден үнемі шай ішкен соң, мен онысынан xабардармын. Біз қораның төбесіне шығып, ысқыратын болдық. Ал қыздың әкесі сол кезде дәретханаға кіріп кетіпті. Қораның шамы жарқырап жанып тұр. Есік ашылғанда секіреміз деп уағдаластық. «Фшу, фшу» дегеніміз сол еді дәретхананың есігі ашылып, аппақ киімді кісі шықты (Үстінде жатарда киетін киімі, жалаңбас). Шекесіне шамның жарығы түсіп, ерекше жылтырайды, жарықтан басы да ұзарып көрінеді. «Ей, мұның не?» дегені сол еді Серік әруақ көргендей сіресіп қатты да қалды. Тек аузы ғана: «аааа, мама, маманы» айтып қимылдайды. Қыздың әкесі «түс» деп еді, сол қалпы жерге бұрқ ете қалды. Жерде де «мама, таста, болды, өлдімді» айтып дел-сал күйде жатыр. Сөйтіп, Серік екінші қызға бармайтындай болды. Өте бұзық болатынбыз. Ұнатып қалсақ,  қыздың соңына түсеміз, ол шықпайды. Дүкеннен ашытқы сатып алып, дәретханасына тастап кетесің. Келесі күні жаңадан жер қазып жатады. Немесе есікке құлпы салып кетсе, сымтемірді шешілмейтіндей етіп, бұрап байлап кетеміз. Түн ішінде сиырын босатып, айдап тастайтынбыз. Айта берсем көп, – деді де әңгіме арнасын сол кездегі мектеп өміріне бұрды. 
Актер ұстазды көшеден көрсе, басқа жақпен айнала қашып, көзіне түспеуге тырысатындығын алға тартты. Сарыжаздағы жүйке жүйесі ауруына шалдыққан науқастарға арналған емхананың ішіндегі футбол алаңына мұғалімдер көп келе бермейтіндіктен сонда доп қуады. Тіпті, мұғалімнің ұрысқаны беттен сүйгенмен теңдігін тебірене айтып, көрсеткіш таяқшаның талайын сындырғандығын, кейіннен Қатира деген апайы оңай сынбайтын тобылғыдан таяқ жасап алғандығын еске алды. 
– Ұстаздар себепсіз ұра бермейді. Қателік жасайсың, сабағына кешігіп келесің, кейде бармай қоясың. Сол кезде сыбағаңды тарттырады. Мектепке қамап кеткен күндер де болды. Олардың айтқаны заң. Екі етпеуге тырысасың. Орындамасаң таяқ жеп, көзіміз де көгеріп қалады. Үйдегілерге мұғалім ұрды деп айтпайсың, балалармен төбелесіп қалдым дейсің. Мұғалім десең екінші көзің көгереді. Сыныпқа ұстаз кіргенде шыбынның ғана ызыңы естілетін.
Психикалық емханада небір оқымыстылар жатады. Сыныптастарым барып, темекі беріп тапсырмасын орындатады. Сөйтіп, «бестік» алады. Менің ылғи миым жетпейді. Бір күні бақылау жүргізді. Мектептің штампысы бар парақты алып, жаңағы науқасқа бардым. Жаман қағаз берсем болатын еді. Өзі үш-ақ есеп, бір парақты толтырды. Тоқта дегенімше болмады екіншісін толтырып жатыр. Қой деп ем қашып барып бір бұрышқа тығылды да айналдырып арғы бетін толтырып тастады. Менің фамилиям ғана ашық жерде жазылып қалған. Үш есептің неше түрлі шығару жолы бар екен. Сол нұсқаның барлығын жазып тастапты. Аз болмағанда физика-математика мектеп-инернатына кетіп қала жаздадым. Кім шығарды десе, өзім деп бет бақтырмаймын.
Қанша бұзық болсақ та үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету қатты сақталды. Өте еңбекқор едік, 3-4-сыныптың өзінде кірпіш құйдық. Мектептің жан-жағын тазарту күнделікті міндетің. Жазғы демалыста қырықтық пен күпкіге жазыламыз. Қой, қошқардың мүйізі киіміне іліп кетіп, өздері де күпкіге түсіп кеткен балалар да болды. Аз-маз ақша да төлейтін. Тәтті жеп өспесек те, балалығым тәтті өтті, – деп бір түйді.
Техникалық мамандықта білім алып, сол салада қызмет еткен актердің кино әлеміне қалай тап болғанын білгіміз келіп, сұрақты сол бағытта қойдық. Ал Ерболат ағамыз актер болу бала кезінен бергі арманы болғанын айтты да, өткен күнге тағы да саяхаттай жөнелді. Интернатта оқып жүргенінде Сексен апай деген сынып жетекшісі болады. Кино түнгі сағат он да ғана беріледі. Үлкендер ғана көріп, кішілерді жатқызып тастайды. Дамбалшамен ұрланып келіп, сығалайтын көрінеді. Бірінші күні кинода актер қайтыс болады да, келесі күні басқа кинода жаңағы актер тірі жүр. Бұл қалай деп апайынан сұраса: «Актерлер еш уақытта өлмейді», – депті. Содан бастап қайткенде де актер болам деп бел буады. 
– Зауытта жұмыс жасап жүргенмін. Бірде «Вечерный Алматы» атты басылымды ақтарып отырсақ: «Атқа міне алатын, жасы 23-тен 25-ке дейінгі азиат жігіттерді «Қазақфильмге» шақырамыз. 19-бөлме. «Отырардың күйреуі» деген киноның түсіріліміне», – деген хабарламаны көзіміз шалды. Алты жігіт болып жаңағы жерге бардық. Бәріміздің жасымыз 21-де. Ол 1987 жыл еді. Жасымызды сұрады. Ірі көрінетінбіз. Арығы мен ғана. Кейін тексеріп қалады-ау деген ойда жоқ, 23-теміз дестік. «Атқа міне аласыңдар ма?» – деп сұрады. Жылқышы, қойшының баласы болып шыға келдік. Бәрімізді ипподромға алып келді. Келсек, бір-бір жылқыны бір-бір қыздан сыйпап, сүртіп, жетектеп жүр. «Ал, жігіттер, мына атқа мініңдер», – деді. Қуанып кетіп, жүгіріп барып, тартпасын тартып-тартып алып бәріміз мініп алдық. «Жарысасың ба?» – десіп, шаба жөнелдік. Артымыздан 3-4 қыз: «Остоновитесь, зачем бьете, вам не жалко?», – деп жүгіріп келеді. Оны тыңдайсың ба, ана кісі болды кеттік, тоқтаңдар демесе тағы 1-2 айналым жасар едік. Келсек 1-2 қыз жылап жіберіпті. Аттың терін бұрқ еткіздік. «Твой конь плохой, ему қамшы надо», – деп қоямыз. Ана қыздар одан әрмен жылайды. Режиссерге: «Этих не берите, они коней убьет», – деп шағымдарын айтты. Қайтадан «Қазақфильмге» алып келді. Рахмет айтып, шақырамыз деп шығарып салды. Алтауымыз бөлме-бөлмені қарап, ақтарып келе жатырмыз. «Маленькая, большая жизнь. Мосфильм» деп жазылып тұр. Есігі ашылып, бір режиссер шығып, әр қайсысымызға қарап: «Не хотите в кино сниматься?» деді. «Конечно хотим, по этому мы ходим», – деп жамырқастық. Кіргізіп алды. Төр жақта қара жігіт, алдында әдеміше келген қыз отыр. «Шешініңдер, жігіттер», – демесі бар ма? Алтай деген жігіт ұялудан жұрдай еді. Алдына барып денесін, бұлшық етін көрсетті. Мен мына жақта тұрып, жерге кіріп кете жаздадым. Екіншісі де солай қайталады. Бір кезде режиссер Талғат Теменовтың көзі маған түсіп: «Сен шешін», – дейді. «Қабырғаммен балалайка тартып берейін бе?», – деп шешінбей қойдым. «Басты рөлде ойнағың келе ме?» – деп тағы сұрады. Бәріміз аң-таңбыз. Ондай миымызға кіріп-шықпаған. Арманымыз – бір түсіп алсақ, кейін бала-шағалы болғанда: «Мен мына жерде шауып өтем, балам, қара», – деп айтып отыру. Сөйтіп менің мәліметтерімді алып қалды. 
Сенбі күні кино байқау болады. Фото байқауға түсіп алғам. Небір атақты, мықтылар келіпті. Арасынан актер Мекен Қисықов екеуміз шетте тұрдық. Талдықорғандағы драма театрдың актерлері келді. Олар Мекенді көрді де: «Ойбуй, Мекен жүр екен, нам делать нечего», – деп кетуге ыңғайланды. Мекен: «Менен қорықпаңдар мынадан қорқыңдар», – деп мені көрсетті. Мең-зең күйде қалдым. Екеумізге бір рөл берілген. Мекен Қисықов шықты да мылқаудың рөлін суын ағызып тұрып орындады. Балағы тіземе келетіндей дамбалша кигізген, жейдесінің жеңі артымда жүр. Аяғыма гәлөш кигізіп жіберді. Ананы көрдім де, киініп алып, қашып кеттім. Жұмыста отырсам басшылар шақыртты. «Киноға түс», – деп тапсырды. Мен түспеймін деп үзілді-кесілді қарсы болдым. Жанды қоймағаннан соң келістім. Барсам біреулерге: «Стоп», – деп ұрсып жатыр. Бір кезде мен шықтым. Маған да ұрса ма деп ем, Талғат Теменов жүгіріп келіп мені көтеріп алды. «Сен өзің ойнайсың», – деп қуанып жүр. Мен жай ғана келтіре салғанмын. Кино байқаудан соң арнайы комиссиядан өттік. Арасында Асанәлі Әшімов отыр. Ол кісі маған қарсы болды. Оларды да түсінуге болады. Не де болса театрдың әртісі ойнасын деген пікірді айтты. Ол кісінің ойы өте орынды. Өйткені Мекен Қисықов өмірін театрға, өнерге арнады. Сол лайық еді. Екеуміздің таспамызды Ресейге алып кетті. Менің ойнағанымды көріп, қатты қуанып, отырғандардың барлығы ішек-сілесі қата күліпті. Сөйтіп, мен өтіп кеттім. Артынан қанша бас тартсам да болмады, жұмыстан шығаруға дейін барды. Егер түссем: «Термопластавтомат цехына ауыса аламын ба?» – дедім. Ол жерде кілең орыстар жұмыс істейтін, айлықтары да жақсы. Оған да келісті. «Адамдар арасындағы бөлтірік» киносындағы «Гілі-гілінің» рөлін ойдағыдай сомдадым. Түсірілім біткен соң уәде бойынша цехқа жұмысқа келдім. Ондағы орыстар қарсы болып: «Один казах приедет, завтра второй, третий» дейді. Сосын мен: «Это вы не правильно говорите, не правильно рассуждайете, вы же все таки в Казахстане живете. Ваше обьязанность выучить казахский язык» дедім – сөзім қатты тиіп кетті, білем, – деп әрмен қарай қалыпты жағдайда цехта жұмыс істеп жүре бергендігін тілге тиек етті. Содан киноға шақыртулар түсе бастайды «Айналайын», «Періштенің өлімі» киноларында ойнайды. Мәскеуге де шақыртып, кинодан-киноға жол тартады. Тек 1995 жылы ғана Ардақ Әмірқұлов ағамыздың ықпалымен «Қазақфильмге» штатқа кіреді. Ол кісінің «Қош бол, Гүлсары», «Абай» атты киноларында да рөл сомдады. Асанәлі Әшімовпен де «Человек вектор», «Мистер Ка» атты киноларға түсті. Атақты кісілермен бірге өнер көрсетсем деп армандаған ол бақытты екендігін айтты. Бикен Римова, Қасым Жәкібаевпен де түсті. Өкініші де жоқ емес, кейде, қиналғанда бекер киноға түстім деп өкініп, одан да екі қолға бір күрек ұстап, құрылыста жұмыс істеп жүруім керек еді деп тағы ойланады. Қазір кино актерлеріне мемлекет тарапынан қолдау жоқтың-қасы екендігін, штатты алып тастағандығын күйінішпен жеткізді. 
Көңіл кірбіңін білдірген, 30 жыл уақытын кино саласына арнаған кейіпкерімізден бүгінгі қазақ киносы жайлы ой-пікірін білдік. Күн сайын түрлі сериалдың беріліп жатқандығын назарға салып, олардың пайдасы мен зияны тұрғысында  сыр шертістік.  
– Халық жаппай сериал қарайды. Түсіріліп жатқандары да көңілімнен шықпайды. Ұлы Отан соғысы кезіндегі, сексенінші жылдардағы киноны көрсең, көре бергің келеді. Ол – кино. Ол – тарихи күнделік. Ал сериал жарнамалық газет секілді. Ол белгісіз біреудің өмір тіршілігі. Ол саған ілім де, білім де бермейді. Қарасаң ылғи ұрыс-керіс, кілең атыс-шабыс. Киноға жаны ашыған адам жоқ. Бөлінген қаржы желге ұшып жатқандай. 30 жыл болды менің кино саласында жүргеніме. Қай киноны жақсы деп айта аласыз? Кино не үшін? Кино көрсетіп, көз жеткізу үшін. Мысалы, Қажымұқанды қарасаңыз, шынымен де балуан, күреседі, көруге тұрады. «Алдаркөсені» көрсең, сүйсінесің.
Қазіргі қазақ киносына қарап, қарным ашады. Болған оқиғалар көп, соны алып түсіру керек. Мысалы, «Шал» фильмі. Бес-алты қойына шетелше ат қойып, түр-түсінен таныған шал өз жайлауында өзі адасып жүр. Мен ондайды өмірі көрген емеспін. Тіпті, біздің ауылдағы алжыған шалдың өзін жайлауға алып барып тасташы, адаспай үйді тауып келеді. Қойшы ешқашан жайлауға 5-6 қой айдамайды. Мен еш уақытта нанбаймын. Ал орыстардың киносын қарасаң, сенбеймін деп отырсаң, сендіреді. Міне, осыны кино деп айту керек. Көп өкінішім бар. Мысалы, тарихи кино түсірсе қазақтарды жаман шапан, жалбыр-жалбыр, кедей қылып көрсетеді. Оның өзі қателік. Ол рас, кезінде орыстар киноға түсіргенде байлардың ауылын түсірмей, кедейдің ауылын ғана түсіретін. Мысалы, Кореяның киносын қарасаң, кедейлердің өзі ақ жейдемен жүр. Үлкенге ізет көрсетуі қалай?! Біздікін қарасаң, қарның ашады. Ардақ Әмірқұловтың «Абай» киносын қараңыз, Бөжейдің киімін көріңіз, Абайдың киімі қандай әдемі. Досқан Жолжақсыновтың түсіргенімен салыстырып байқаңыз, – деп өзімізге қайтара сұрақ қойды.
Бүгінде кинодан ұсыныс түсіп тұрады. Ұсыныс келгенде бірден: «Неше күнге, ақшасы қанша?» – деп сұрайды. Сосын олар: «Біз бюджетпіз», – деп көңілге қонымсыз диалогтарын бастайды. Ақысына келісе алмай көбіне бас тартады. Мысалы, шетелде бір киноға түссе, актерге жылға жетерліктей қаржы төлейді. Ал бізде көбіне 2-3 айға  жетерлік қана сома ұсынады.
Талантты актер жары Шолпан екеуі Аружан, Аслан, Марғұлан атты ұл-қыздарын тәрбиелеп отыр. Қапшағай қаласында тұратын Ерболат Оспанқұлов бүгінде күзетшілік қызметте. Нанын адал тауып отырған әке, ұл-қыздарының бәйтерегі, отбасының алтын діңгегі. Халық тасада қалған талантын ұмытқан жоқ.

Мәулен Әнербай.

 

Оқи отырыңыз