Әпкесі бардың шәпкесі бар (әңгіме)

Әпкесі бардың шәпкесі бар (әңгіме)

Бүгін Бөкен атасы мен апасына еріп ойдағы ауылға қонаққа келді. Кенжебек ағатайының үйіне. Малшылар отбасында қыс қыстауға, жаз жайлауға көшіп жүретін, басына жасыл түсті, өрнекті қыжым тақия, үстіне апасы қазақы сәнмен тігіп берген желбіршекті қызыл көйлек киген кішкентай қамажай қызға бәрі таңсық еді. Өйткені, бұрын мұндай көп үйлері бар ауылды көрмеген болатын.
Олар ағаш қоршаумен қоршалған кең аулалы, қызыл шатырлы үйдің алдына кеп аттан түсті. Атасы мен апасы өздері мініп келген қасқа бие мен кер жорғаны есік алдындағы қоршауға байлап, мұны ертіп ішке енді. 
Бөкеннің көзіне бірден үйге кіреберістегі аулада жіппен секіріп ойнап жүрген екі қыз шалынған. Олар да бұларға қарай бері бұрылып: «Атам келді, апам келді», – деп қуаныштарын білдіре, құлдыраңдап қарсы жүгірген. 
Атасы мен апасы да кішкентай қыздарды айналып-толғанып, құшақтарына алып, мауқын басып, амандасып жатыр. Балалардың дабырына үйден Кенжебек көкесі мен Айнагүл тәтесі жарыса шыққан-ды. Үй иелері ата-апасымен көрісіп, мұның бетінен сүйіп, еркелете қарсы алды. Үйелмелі-сүйелмелі екі қыз бұдан сәл үлкендеу екен. Шекесіне қыстырған гүлдестесі бар ши қалпақ, үстілерінде қысқа жеңді, гүлді жаздық көйлек.
Бөкен болса, ат алдына алып отырғанда ыңғайлы болсын деп апасы тігіп берген, балағында рәзіңкесі бар сәтен шалбар, дәл осындай сәтен көйлегінің сыртынан оюлы камзол киген, мойнында баданадай-баданадай моншақтары бар, ұлттық киімді қуыршаққа көбірек ұқсайтын. Қалай дегенде де өзі жаңадан көрген мына кеңшарда тұратын қыздардан тіпті сән-сипаты мүлде бөлек тау қызы еді. 
Тау сағалай қонған малды ауылдан келген қара қыз бағана жол-жөнекей ат үстінде отырып, қаз-қатар ақшаңқан үйлер сап түзеген орталыққа ерекше таңғалып, әжесі айтатын аңыздағы алып шаһарға ұқсатып бақты. Сол әсерден арыла алмай, бұл бастарына ши қалпақ киген екі қызды қызықтаса, олар да бұған әуестене қарап қалыпты. Екі қыздың да қап-қара шаштары дөңгелене қиылған, төбелерінде ши қалпақ, аяқтарында қызыл ұйық, дәл сондай қызыл тәпішкелері бар. Қолдарындағы жіпті тербете, секіріп-секіріп қояды. 
– Сенің атың кім? – деді үлкені бұған таяп келіп. 
– Бөкен.
– Ал мен Зәукенмін, мынау Томпішке. Секіргіштің екінші жағын сен тербетші, сонда мен ортасынан секіремін. Осылай кезек-кезек ойнаймыз. 
Бөкен жатырқамай, қыздардың ойынына қосылып кетті. Жіптің бір ұшын Томпішке, бір ұшын өзі ұстап, екеулеп, мықшыңдап тербетіп жатыр. 
Зәукен ортадағы жіптен арлы-берлі секіріп, мәз болды. Одан соң орындарын ауыстырып, бәрі де кезек-кезек секірген. 
– Ал, сендер қандай ойын ойнайсыңдар? – деп сұрады Томпішке.
– Біз Теңгебай екеуміз орысша сөйлейміз, – деді Бөкен есіне көрші Исабек атаның немересі Теңгебай екеуі қалай жайлауды бастарына көтере орысша сөйлегендері есіне түсіп.
– Қалай? Шынымен-ақ орысша білесіңдер ме?
– Қане, сөйлеші? 
Қыздар бұған не айтар екен дегендей, аңтарыла қарап, күтіп тұр.
– Әр сөзге «ио» қосып айтамыз. Былай, мен оған: «Теңгебайио» деймін, ол маған: «Бөкенио», – дейді. – Апаио, Атаио, Кержорғаио, Қасқабиеио, Құлыншақио, осылай айта береміз...
Бөкен осыны айтып, қыздарға бұл ойынның жай-жапсарын түсіндірді.
– Расында қызық екен, – деді Томпішке. – Біз де үйреніп алайық, Бөкенио. 
– Сен, – Томпішкеио, сен – Заукениосың. – Бөкен осылай деп өз сөзін тәптіштей түскен.
Ендігі жерде бәрі сөздеріне «ио» қосып, тау балаларынша «орысша» сөйлеп мәз. Әлі мектепке бармайтындықтан Томпішке мен Зәукен де орысша сөйлеп қатырмайтын. Бірақ көршілері қытай шалдың мектепке баратын Валя деген қызымен шүлдірлеп бірге ойнайтын. Олар, әрине, орысша дәл былай сөйлемейтінін білсе де, өздеріне де қызық керек болды ма, Бөкениоға бәлендей қарсылық білдірмей, баламысың деген, керісінше бәрі қосылып, «иолап», ауланы жаңғыртып жүр. 
– Бөкен, сен тауда қасқыр көрдің бе? – деп сұрады Зәукен одан, өзі іштей: «Тауда аңдар көп қой», – деп ойлаған. – Түлкі мен қоянды ше?
– Қарақияда түнде қасқырлар көп ұлиды. Алыстан ұлығандары естіліп тұрады. Бірақ өздерін тірідей көрген жоқпын, – деді Бөкен. 
– Менің атам аңшы. Нұрыш, Жаланбай атамдар да, Иван ағатайым да аңшы. Олар аң аулауға барғанда көп-көп аң атып әкеледі. Қасқырды, түлкіні, қоян, қарсақ, борсық, елік...
– Елік дейсің бе? Елікті мен жақсы көремін – деп енді сөзге Томпішке араласты. Еліктің баласы кіп-кішкентай, сүйкімді ғой, иә?
– Иә, –  деді Бөкен, – оны лақ дейді. Еліктің лағы, – деп түзетіп қойды. Өзінің үйдегі лағын есіне түсірген. 
– Біздің үйде еліктің лағы бар. Менің бәсіре лағым. Атам әкеп берген. Қолдан сүт беріп, үйде бағып жүрміз. 
Қыздар оған қызыға қарады. Енді ше, олардың да сондай сүп-сүйкімді лақтары болса ғой...
– Сен оған ат қойдың ба? Лағыңның аты кім?
– «Батыр», атын «Батыр» деп атам қойды. Ол шынында да батыр. Үйдегі «Ақтабан» деген күшігімнен қорықпайды. Тіпті онымен бірге секіріп, ойнақтап, сүзіп ойнайды. 
– «Мұзбалақ» деген бүркітім де бар – деді Бөкен әңгіме қызығына түсіп, – Ол бірақ кішірек болып тұр. Атам «Аңға салуға ерте, әлі бағуымыз керек», – дейді. Мұзбалақты маған Нұрыш атам сыйлады. 
– Түу, сендерде қандай қызық! – деді Зәукен, – Менің де тауға барғым келеді. Бүркітті тек кинодан қарадым. Папам мен мамам жақында бізді Алматыға апарып, зоопаркті аралатамыз деп уәде берген. Сол кезде бәрін де көретін шығармыз... 
– «Зоопарк» деген не? – деп сұрады Бөкен.
– Көп-көп аң-құстардың үйі. Үлкен қалада болады. Теледидардан көрдік. Онда, тіпті, піл де бар. Арыстан, дәу жылан, крокодил... Зәукен өзі теледидардан көргендерін есіне түсіріп, бейне зоопаркте болғандай тізбелей бастады. 
– Біз бүгін кеш түспей қайтамыз, – деді Бөкен таудағы үйде қалған әжесін ойлап. – Помшабан Алешке аға малға қарайды. Бірақ мен Рақия әжемнің қызымын ғой. Жанында бірге ұйықтаймын. Әжем маған күнде кешкісін көп-көп ертегі айтып береді. Өзі күн сайын түнде Мәскеуге барып келеді. Өйткені, қалтасында науат, мейіз толып тұрады. «Әже, мұны қайдан алдың?» – десем, «Түнімен Мәскеуге барып келдім», – дейді.  Солай...
– Рақия әже біздің де әжеміз – деді Томпішке, – мейіз, науатын бізге де береді. Әжемді сағындым. Бізге қашан келеді екен?
Бөкен дүниеде теңдесі жоқ өз әжесін мына қыздардың да меншіктенгенін онша жақтырмай қалды. Бірақ үндеген жоқ. 
– Әй, сендер бастарыңа не киіп алғансыңдар? – деді енді Бөкен жаңа достарының тікелей өздеріне сөйлеп. – Мен жазда басыма осындай тақия, күн суықта тымақ киемін. Оны да әжем тігіп берген. Ал мынадай баскиімім жоқ. 
Тау қызы оларды көрген заматта көзіне оттай басылған баскиімнің мән-жайын төтесінен сұраған. 
– Бұл – ши қалпақ. Бізге анамыз сатып әперді. – Толқынды бұйра шашты, аялы қара көздерін қайқы кірпіктері жапқан сүйкімді қыз Томпішке мұның сауалына осылай деп жауап берген. Содан кейін Бөкенионың көзіне көзі түсіп кетіп еді, ол әрең шыдап, кемсеңдеп, жылағысы кеп тұр екен. 
– Бөкен, кім тиісті саған? – деді Томпішке оған. – Сенің де қалпақ кигің келе ме?
– Иә, – деді Бөкен жыламсырап. – Менде неге мынадай қалпақ жоқ? Маған да ши қалпақ керек. Осындай ши қалпақ кигім келеді...
– Ата, апа, маған да ши қалпақ керек? Ши қалпақ?..
Аяқастынан ши қалпақ қайдан табылсын? Баламысың деген, оны түсінер Бөкенио бар ма? Бәрінің екі аяғын бір етікке тығып, бақырып- шақырса да тақиялы қызға ши қалпақ оңайлықпен бұйырар емес. Дүкенде қыздардың мұндай қалпағы бұрынырақта сатылып кетсе керек. Үлкендер жағы басу айтып, осыны түсіндіріп әлек.
Өзінен сәл ғана үлкен болса да Бөкенге көмекке Томпішке келді. Жаны жұмсақ, мейірімді қыз екен.
– Жарайды, Бөкен, кигің келсе, менің қалпағымды ала ғой, – деді ол. Содан соң үлкен кісілерше: «Енді жылама, жарай ма, киім табылады. Маған әжем: «Киімің тозғақ, өмірің ұзақ болсын!» – дейді ғой...
Бөкеннің Әкебай атасы мен Күшә апасы да кішкентай Томпішкеге риза болып: «Өркенің өссін, балам» деп батасын беріп жатты. 
Кіп-кішкентай болса да үлкендерше өз бетінше шешімге келіп, бұған өзінің қалпағын сыйлаған сүйкімді Томпішке Бөкеннің де жүрек түкпірінде сол кейпінде қалып қойған. «Қаршадай болып, әпкелік жолын сол кезде білген екен ғой», – деп ойлады Бөкен кейіннен. Аралары бір жарым жас болса да сол Төмпішке кейін де бұның көңіліне ешқашан жел боп тимепті. Құйтақандай болса да шамасына қарамай, жылаған кезінде жаныңнан табылатын, өз қалпағын шешіп беріп, жұбата алатын әпкеңнің болғаны қандай жақсы?! Атасы мен апасының еркетайы, жалғыз қызы Бөкен ауылдағы өзіне тете, нағашы әпкесі Томпішкемен осылай танысқан болатын. 
Әпкесі бардың шәпкесі бар. Сен қалай ойлайсың? Бақырмақ тұрмақ, шақырса да ши қалпағыңды шешіп берер ме ең Бөкенге? Шыныңды айтшы, кәнеки? Әйтпесе, «Таудан түскен қиын ғой, – деп қарап тұрар ма ең? 

Баян БОЛАТХАНОВА

 

Оқи отырыңыз