Сағыныш (эссе)

Сағыныш (эссе)

1980 жылы жаз айында «Жетісу» газетінің табалдырығынан аттадық. Студент үшін газет-журнал редакциясының қай-қайсысы болмасын өзінің туған үйіндей ыстық әрі құшағы ашық болып көрінеді. Алайда КазГу-дың журналистика факультетінің студенттерінің  нағыз журналистердің сынағына түсер сәтте қатты қобалжитыны да рас, сонымен бірге аз-кем қабілетін ұштап жіберсе, еш қам жемейтіндей сенімге де ие бола қалатыны да бар. Қанатыңды қатайтып, биікке қарай өз қолдарымен ұшырып жіберсе ғой деген ой қамайды, әрине. Заманына қарай әр нәрсе, қазір қалай екені сіз бен бізге белгілі, ал артта сағымдай ұзап бара жатқан жылдары университеттегі профессор-оқытушыларға қарағанда сені өз баласындай аялап-мәпелейтін, «өзім жаздым» деген мақалаға тақырыпты тауып қойдың ба, сөз қолданысың қалай, терең болмаса да әдемі ой айта қойдың ба, әдеби жанрлық сипаты көрініс тапты ма, әйтеуір жүз жолдық мақала үшін жанын салып, шұқшия қарайтын журналист аға-әпкелерімізді сағынышпен еске аламыз. 

«Триптих-очерктің авторы»
 
Әлгі «Баяу жүріп, абайлап сөйлеген» шәкірттік алғашқы сәтті менімен бірге бастан кешкен көкшетаулық өрен, курстас досым Кәрібай Мұсырманов та «Жетісу» газетінде өндірістік тәжірибеден өткізген екі ай мерзімді әлі күнге шейін құрметпен айтып жүреді. Кәрібай бұл күндері Солтүстік Қазақстан облыстық газетінің бас редакторы болып қызмет істейді. 
Мен де бұрын «Жетісу» газетіне бармаған екенмін. 
Жамбыл облысынан арман арқалап Алматыға оқуға келген бозбаланы бірінші курста-ақ құшағына алған бұл редакция одан кейін өміріме үлкен өзгерістер әкелді. 
Жастық шақтың алып-ұшқан сәтінде жердің көркі – Жетісу өлкесінің тамаша табиғатын араладық. Жаңа достар таптық. Бірде Кеген ауданындағы Алғабас ауылына қыдырып барып, мектеп оқуын бітірісімен жылқышы болуды армандаған Асқар Құсайынов есімді жігітпен таныстым. Жалпақ жауырынды, ақсары жүзінен мәрт мінездің оты дуылдап тұрған Асқар жайында суреттеме жазып, облыстық газет редакциясына алып бардым. 
Ауылшаруашылық бөлімінің меңгерушісі Тәуірбек Сұртаев ағамыз: «Кел, кел, батырым!», – деп күлімдей қарсы алды. 
– Иә, айта ғой, тыңдап отырмын! – деп  көркем мінезді көкеміз жөн сұраса бастады. 
Не дейік. Төркөз дәптер бетіне жазылған мақаламызды ұяла-қымсына ұсынғанбыз. 
– Әкел! – деп қолына алған қағазды асықпай оқып шықты да: 
– Сен Кеген жақтансын ба өзің? – деп бір нәрсені білгісі келді-ау. 
– Жоқ. Жамбылданмын. 
– Ой, бәрекелді, өзіміздің Жамбылдың баласы екенсің ғой. 
– Мақалаң шығады. Тағы да жазып тұр! – деп жылы қабақ танытқанына қуанып, тез тайып тұрдым. 
Содан мен «Жамбылдың баласымын». Жан-жақты тергеп, тәптіштеп сұраған ешкім болған жоқ. 
«Жетісу» газетіне шыққан «Құрығы құтты жылқышы деген» мақалам 1978 жылдың сарғайған газет тікпесінде бар. 
«Бәрекелді» деген сөз жай таптырсын ба, Алғабас ауылына барған тағы бір жолы тау тұлғалы тракторшы Болат аға Әлімжановтың алып күш иесі, сөзі мірдің оғындай дөп тиетін, кермет аңшылық қасиеттеріне қызығып, өз әлімше очерк жазғандай болып, Тәуірбек ағама тура тарттым. 
Жоқ, бұл жолы «жамбылдық» ағам очеркімді жаратпады. 
Кабинетінде Жәмила Молдабаева апай бар, бөлім меңгерушісі екеумізге «лекциясын» оқыды. Ұзақ емес, қып-қысқа. 
– Бала, біліп қой. Сендер оқып жүрген очерк жанрында «триптих-очерк» деген бар. Оны жазған мына отырған ағаң болады. 
Мәшіңкіге диктовкамен очерк жазған журналисті іздесең де таппайсың! – деді. 
«Қалай?» дегендей өткір көзін қадап. Маған ұзақ қарады. 
Шынымен де ойланып қалдым. Жәмила апай болса, тәртіпті оқушы секілді үнсіз қалпында отыр. 
– Сондықтан, очерк жазу екінің бірінің қолы емес. «Ал, мына жазғаның жақсы әрі көлемді суреттеме екен» – деген сөзді естігенде шын қуандым. 
Не керек, өмірдің осындай әдемі сәттері «Жетісу» газетіне тартып тұр екен... Ал, содан кейін «триптих-очерктің» авторын Тәуірбек ағам деп келем. 
Асыл жар сүйдік. Біздің үйдің балалары Төрайғыр тау бөктерінде өсіп-өнген текті әулет – Қызылбөрік нағашыларын жанындай жақсы көреді. 
Мен де Жетісуды жақсы көремін. 
Асыл ақ арманым адастырған жоқ. Биікке көтерді. 
 
Жолдасхан аға
 
Ол кісідей жақсылық жасаған адамды мен өмірімде көрген емеспін. 
Жолдасхан Бозымбеков! Жолдасхан аға!..
Жалғыз маған емес. Жөкеңді жақсы білетін адамдардың бәрі де осылай айтады деп сенемін. 
Неге? 
Кешегі кеңестік дәуірде біз газет басқарған адамдарды жиі айтамыз да, тілші-журналистерді көп ретте көлеңкеде қалдырып қоямыз. Шындығы осы. 
Редакторлар аз болмаған. Орайы келген соң айта кетейін. 2012 жылы бүкіл ел болып халық жазушысы Шерхан Мұртаза ағамыздың 80 жасқа толу мерейтойын атап өттік. Тараз қаласы мен Жуалыда өткен іс-шараларда Шерағаңның шындықтың жебесіндей күрескер қаламгер екені ашып айтылды. Сол кездегі ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед үлкен салтанатты жиында «Қазақ баспасөзінің арғы-бергі және бүгінгі тарихында Шерағаңдай редактор болған емес!» деп өте жоғары және әділ бағасын берді. Сол мезетте бір мың адам сиятын зал іші қолшапалақтаудан жарылып кете жаздады. 
Ал, Шерағаң «Менің қасымда әр кезде Оралхан Бөкей, Тельман Жанұзақов, Төлен Әбдіков, Қалдарбек Найманбаев, Әбіш Кекілбаев, Серік Әбдірайымов, Тұтқабай Иманбеков, Қалихан Ысқақов, Ержұман Смайыл секілді жүздеген тамаша жігіттер болмаса, мен жалғыз өзім не істей алар едім?» деп қарапайымдылықпен ортаға ой тастады. 
Рет-ретімен, жасына қарай айтып отырған жоқ. 
«Газет – ғажап әрі азап» деп жүрген де Шерағаң. 
Басқалар да айта алар бұл сөзді, бірақ Шерағаңның дауысындай қуатты әрі әсерлі естілмейді. 
Сол сияқты «Жетісу» газетінде кейбір редакторлар Жолдасхан Бозымбековтей абырой-бедел (айыпқа бұйырмасын) жинай алған жоқ. 
1980 жылдары Ж. Бозымбеков Алматы обкомы үшін бас ауруы болды. Газет басшысының жағдайы қандай мүшкіл болғанын осыдан кейін-ақ біле беріңіз. 
«Жетісу» газетіне 4-курстан кейін тәжірибеден өту үшін барған едім. Екі айдан соң сол газеттің білдей әдеби қызметкері болып шыға келмесім бар ма? 
Бөлімнің жетекшісі – Жолдасхан аға. Әдеби қызметкері – Қуандық Түменбаев. 
Редактордың орынбасарлары – Жанәбіл Темірбеков пен Баймолда Мусин. 
Редакторы – Пернебек Бейсенов ағамыз. 
Алматыда мәртебесіне қарай «СҚ» мен «Казправдадан» кейінгі сөз беделдісі – «Жетісу» мен «Огни Алатау» газеттері еді. 
Мені өзара кеңесе келе жұмысқа қабылдады. 
Қуандық Түменбаев әдебиет бөліміне ауысатын болды. 
– Мейрам, асықпа, Жөкеңмен бірге жұмыс істеген жігіттердің бәрі тез өсіп кетеді, – деп Қуандық бауырым мән-жайды түсіндіріп қойды.
– Кезінде Дүкенбай Досжан, Тұрсын Жұртбай секілді жас журналистер осы «Хабар және спорт» бөлімінде еңбек жолын бастаған екен... 
Жолдасхан аға мені туған баласынан артық көрмесе, кем көрмеді. 
Журналистиканың біз білмейтін қыр-сырын жалықпай үйретті. «Жаңа идея, тосын тақырып, әсіресе, өткір сын мақала жазу үшін ақыл керек, жүрек керек» деуші еді. Күн сайын Жөкеңнің қоржынынан жаңа идеялар шығып жататын. Оны бәрімізге тегін «таратып» беретін. 
Жақсы ағаның жақсы шәкірт тәрбиелеу дағдысы өзіне тән ғажап қасиеті еді.
Рысбек Сәрсенбаев, Молдахан Мұқатаев, Гүлсан Сағымбекова, Талғат Сүйінбай, Марат Тоқашбаев, Қуандық Түменбаев, Қуаныш Жиенбаев, Басқар Битанов, Бекен Нұрахметов секілді іні-қарындастары Жөкеңді төңіректеп, шығармашылық ізденіске толы әдеби орта қалыптастырды. 
Жөкеңнің аядай кабинетінде бір-бірінің мақалаларын талқылап, кәдімгідей көркемдік кеңес сықылды ой-ұсыныстарын ортаға салатын. 
Қаламұштың жүз түрін жинап қойып, соның арасынан қара сиясы төгіліп жазатын біреуін ғана «меншіктейтін» Жолдасхан ағаның қолынан шыққан сатира, сын мақаланың «ертеңі» міндетті түрде билікті әбігерге түсіреді. 
Содан «тартыс» басталады. 
Әуелі обкомнан оралған редактор ағамыз жүрекке ем дәрісін ішіп, телефон құлағында отырады. 
Жөкең болса, міз бақпайды. Әзіл-қалжыңы жарасқан Мұғалімбай Жылқайдаров ағамызбен бе, жоқ, әлде Исләм Бейсебаевпен бе, дойбысын ойнап жатады.
«Біздің жазғанымыз – дұрыс. Халық сөзі» деп емін-еркін. 
Мұны көрген қазақ не ойлайды. Ымырт шақ... 
Мақала аты: «Ту-талапай». 
Айқай-шу. Жемқорлар автордың «құсша сайрайды» деген сөзінің төркінен «адамды аң-құсқа теңеді» деп бәле-жаланы үйіп төгеді. Сотқа жүгінеді.
Жөкең орысша өте сауатты жазатын кісі: «Қазақ тілін дұрыстап оқып алыңдар» деп жауап береді. 
Жаңа мақала аты: «Кенеден шыққан кесел». 
Бұл жолы обком дүрлігіп, газет басшысын қыспаққа алды. 
«Сендер кімсіңдер? Мұндай мақаланы неге газетке шығарасыңдар!» дейді. 
Журналистер іштей тынады. Ал, Жолдасхан аға түк білмеген секілді, әйтеуір бейқам. 
Бірер күннен кейін әлгі мақала айқайы Мәскеу жақтан қатты естілді. 
Мәссаған, орталық «Правда» газетінде «Жетінші комиссияны күтіп отыр» деп аталатын реплика (құлаққағыс) жарық көрді. 
Ол заманда «Правдаға» шықтым дегенше сорладым дей бер. «Бұл не сұмдық, Ғылым академиясы бекіткен ғылыми диссертацияны қайдағы бір Ж. Бозымбеков деген журналист теріске шығарады? Ақ-қарасын енді кім айырып береді?» деп отыр. 
Бақсақ, биология ғылымы бойынша бір ғалым кәдімгі жәндік-кенеге тәжірибе жасайды. Журналист ағамыз осы ғылыми еңбекті жалған деп даурыққан кісілердің уәждерін де, ғалым деген кісінің жазғандарын да өз бетінше тексеріп, мәселен, бір ғана кене соратын қанды екі немесе үш кенеге жұтқызып, жаңалық ашқан, яғни «Бәрін бір кене мысалында жасады» деген ғылыми тоқтамның көзбояушылық екенін дәлелдеп жазған екен. 
Сонымен, Алматы облыстық «Жетісу» газетінде жарияланған бір мақаланың ақыры дауға айналып, ол ғылыми ортада үлкен әңгіме болып, анау-мынау емес, құдіретті Мәскеу ғалымдарын шошытқан ғой. 
Аяғы не керек, журналисті қудалап, қысым көрсетуге ұласты. Шындық үшін біраз теперіш көрді. Жүрегіне салмақ түсіп, денсаулығы сыр берді. 
«Жетісу» газетінде осындай батыл журналист бар дегеннің өзі, меніңше, зор абырой еді. Әріптестері көлеңкесінен қорқып, сауысқаннан да сақ болуға шақырған саяси жүйенің бір сықпытын көрсеткендей, жалған ғылымның жолын кесуге ұмтылысын ұмытуға бола ма? 
Әрине, болмайды. 
Жөкеңдер қазіргідей аты-жөні де, ғылымға қосқан еңбегі де белгісіз қаптаған академик, корреспондент-мүшелерді, докторларды көрсе ғой, төбе шашы тік тұрар еді! 
Сұмдығы сол, Компартия өкілдері астыртын небір жымысқы іс-әрекеттер жасап, түрлі сылтаумен журналисті партия қатарынан шығаруға дейін барды. 
Бірақ Жөкең мойыған жоқ. Рысбек Сәрсенбаев бастаған жігіттер адал ағаға араша түсіп, Мәскеуге дейін шабылып, ар-ожданы таза адамды қайта оралтып, ұстаз алдындағы парызын өтеді. 
Жолдасхан ағаның өмірі ХХ ғасырда кеңестік жүйе азапқа салған арлы әрі батыл журналистердің анық көрінісі болатын. 
Ол кісінің әділдікті, шындықты, елдік мұқтаждықты көтерген сан ондаған сын мақаланы жазып, абырой алды әрі азапқа түсті деген пікірді ашық айтсақ та болады. 
Сол тұста біз отырған бөлмеге атақты Балғабек Қыдырбекұлы, Сейдахмет Бердіқұлов, Қалихан Ысқақов, Бекежан Тілегенов, Сарбас Ақтаев, Әбіқұл Ибрагимов секілді белгілі қаламгер-ұстаздар келіп, сұхбат құратын. 
Бірде Сейдахмет ағаның: «Мұндай адам – өте сирек. Өз талантын өзі бағалай алмай келеді» деп айтқаны есімнен кетпейді. 
Иә, ол кісі өзгеше ойлап, өзгеше шешім қабылдай алатын тәуекелшіл адам екенін аңғартты. 
Жетісу жұртының есінде болар, 1990 жылдары Қазақстанда алғаш рет жекеменшік сипатта қазақ газеті шықты. 
Ол – «Қазақ батырлары» деп аталды. 
Ана кісілер «Ковчег» деген газет шығарып, сенсация жасаған тұста. 
«Қазақ батырларының» таралымы – 100 мың дана болды. 
Рекорд! Тұңғыш нөмірі Райымбек батырдың мерейтойы кезінде тегін таратылды. 
Газетті шығарушы – Жолдасхан Бозымбеков! 
«Жетісу» газетінің жанынан шыққан жаңа тәуелсіз басылымды Жолдасхан аға көпке таныта білді. Тек, өкініштісі, асыл аға өмірден озғаннан кейін ол газет бастапқы үлгіде шықпай қалды. 
Ағаның мол мұрасы әзірге көмбеде, жарық көрмей келеді. Жинастырып, бәрін мұқияттап жүретін Қалуа апай да қайтыс болып кетті. 
Бәлкім, кіндігінен тараған ұлы бар, сол бауырым бас-көз болады әлі деген сенімдемін. Осы жәйтті сүйікті шәкірті, белгілі жазушы інісі Қуандық Түменбай бір кездескенде еске салып еді. 
«Лениншіл жас» пен «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жарияланған дүниелері де өз мағынасын жоғалтқан жоқ. 
Бір кітап шығармай-ақ бірнеше кітап жазған кісілерден абыройы асқан Жолдасхан ағаның «Жетісу» газеттерінде 1970-1980 жылдары жарық көрген мақалаларының көпшілігі көркем повестьке бергісіз, деп көзі тірісінде-ақ көрнекті жазушы досы Қалихан Ысқақов талай мәрте айтқан еді. 
Батырлар мен ақындар елі – Жамбыл ауданында Самсы деген ауыл бар. Жолдасхан ағамның кіндік қаны тамып, жалаң аяқ жер басып, қар кешкен ауылы сол. 
Тоқсаныншы жылдардың басында туған ауылының дүние-мүлкін талан-таражға түсірмей, алып қалу үшін Жөкең көп күресті. Ұжымдық күштің мәнін бағалап, ағайындық ауызбірлікке ұйытқы болды. 
Берекесі көп туған ауылы Жолдасхан аға секілді перзенттерін құрметпен еске алып жүрер деймін... 
Бейбіт өмірде журналистің ерлігі неде? Әрине, өз кәсібіне адалдық таныту, сол арқылы ұлт мүдесіне аянбай қызмет ету. 
Тағы бір жәйтті ұмытып барады екенмін. 
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін қазақтың небір марқасқа азаматтары қудаланды емес пе? Талай адал адамдар қиянат көріп, партия қатарынан шығарылды. Түрме тозағына түскендері де аз емес. 
Әсте, жау жоқ заманда басын көтеріп, ал қиын-қыстау уақытта басын бүркемелеп жатып алатын зиялылардан жақсылық күтуге болмайды. 
Мәселен, басқаларын айтпай-ақ қоялық, атақты академик, КазГУ-дың ректоры Өмірбек Жолдасбеков пен Алматы халық шаруашылығы институтының ректоры, жайсаң азамат Нұрғали Мамыров немесе осы аталмыш институттың профессоры Әбдіғали Әбдіманапов секілді елге тұтқа болған азаматтар әділетсіздіктен жігері құм болып, азап шегіп, көп қорлық көрген уақыттарда «әліптің артын бақпай-ақ», атойлап, осы үш азамат туралы республика бойынша алғашқы ақтау мақалаларын жазған Жолдасхан Бозымбеков те, ал оны жария еткен – «Жетісу» газеті болатын. Ал, менің өзіме қиын әрі тіс батпайтын түрлі тақырыптарда мақала жазуыма ықпал етті. 
Сол кезде Алматы обкомында баспасөз хатшысы болып қызмет істеген Қадыр Әлімқұловтың журналистерді жақтап, дем беріп отырғанын әділдік үшін айтуға тиіспіз. 
Бәрімізге шапқылап жүріп Алматының ең көрікті жерінен саяжай телімін алып берген де Жөкең еді. Сол саяжайды салып алсақ та, салып алмасақ та пайдасы көп болды. Ұжым үшін ұйтқы болған нағыз қазаққа әлі қайран қаламын. 
Міне, сондықтан «Жетісу» тарихында Жолдасхан Бозымбековтың орны ерекше екені еш даусыз. 
 
Бір суреттің тарихы 
 
Әңгіме, 1987 жылы 19 маусым күні «Жетісу» газетінде жарияланған фотосурет туралы қысқаша. 
ҚазТАГ-тың фототілшісі Желтоқсан оқиғасына белсенді қатысушы – Қайрат Рысқұлбековтың және оның төрт досының сот залында қасқайып тұрған кейпін түсіріп алады да, газеттерге жолдайды. 
Екі аға газет сол күні үзіліс жариялайды да, «Жетісу» мен «Огни Алатау» және «Коммунизм туғи» ұйғыр газеті міндеттелінген суретті басып шығарады. 
Бар болғаны осы! 
Білгенінен жаңылған билікке бұл фотосуреттің сұсы мен сесі ұнамаған болуы керек, өре түрегелді. 
Ешкімді аямайды. Өз ұғымдарынша кінәлі деген азаматтарды қатты жазалады. 
Ең ауыр соққы «Жетісудың» редакторы Мамадияр Жақыпов ағаға тиді. 
Ол кісіні партия қатарынан шығарып, бір аудандық баспаханаға «қызметке» жіберді. 
Біз бұл қиянатқа толы өткен іс-әрекетке баға беруден аулақпыз. Онсыз да түсінікті. 
Не істерін білмей, болмаған ұлттық дүрдараздықты «ойлап тапқан» кеңестік жүйенің үрей туғызу үшін кезекті бір далбаса әрекеті еді ғой. 
Мен қиын уақыт сынағына төтеп берген кісілігі мол жандардың өнегесін айтсам деп едім. Сондай-ақ, партия үшін «өліп, өшкен» кейбір пенделердің «жандайшаптық» әрекетінен еш қысылып, ұялмайтын кезі туралы. Ол да сабақ қой. 
Тағдыры талқыға түскен шақта редактор Мамадияр Жақыпов обком бюросында «Бұл жерде басқа ешкімді жазаламауларыңызды сұранамын. Мен бәріне өзім жауап беремін» деп қасқайып тұрды. 
Сосын, обком саяси жағынан екінші кінәлі адам деп газет макетін сызған «секретариаттың қызметкері» деп тапты. Ой-өрістің таяз, тарлығын қараңызшы. 
Ал, енді обком бюросында обкомның идеология жөніндегі хатшысы – әйел кісі (содан кейін де бірқатар лауазымды қызметте болды) қазақ журналистерін айыптап, өңкей «ұлтшылдар» жиналып алған дегендей, асыра сілтеп көзге түсті. 
Сол әрекеті үшін әлгі кісі кеш болса да кешірім сұрауы керек еді. Олай ете алмады. Өкінішті! 
Осы мәселеге байланысты редакцияның жиыны үстінде «Жетісу» газетінің ең беделді редакторы болған Әбдуәлі Қарағұлов қария қатты тіксінген кейпінде: 
«Бұл дұрыс емес, жігіттер!» деп обком, аудан өкілдерінің бетін қайтарып, жөнге салған еді. 
«Жетісу» газеті ұжымы сол қиын сағаттарда саяси ерік-жігерлік пен турашылдық көрсетті. Әсіресе, Ерғали Ахметов, Гүлсан Сағымбекова, Гүлшат Баянбаева, Шекербек Садықанов, Қуаныш Жиенбаев, Жұмаш Арғынбаев, Ерғазы Әсембеков, Сәрсенбек Бекмұратов, Айтақын Әбдіқалов... 
Көп құрметтісі Әбеу Бөпебаев пен Хабдышаар Әміренов секілді ағалар қай майданда да алдыңғы қатарда жүретін. 
* * * 
Мен «Жетісу» газетінде 10 жылдан астам қызмет еткен жылдарыма ризамын. 
Асыл ағаларым мен аяулы әпкелеріме рахмет айтқым келеді. 
Өстік, өндік. Елге танылдық. Сарғайған газет бетінде сан жүздеген мақаланың соңғы жағында «М. Төлепбергенов» деген жазу көзіме оттай басылады. Сағыныш сезімі билейді. 
«Жетісуден» соң «Халық кеңесі», «Егемен Қазақстан» газеттерінде одан әрі таныла түстік. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы департаментінің директоры, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқардым. 
Егер бойымда азды-көпті жақсы қасиеттер бар болса, ауыз толтырып айтарлықтай журналистік жетістіктерге жетсем, көпшілік ішінде азаматтық абырой алсақ, соның түпкі негізі ең бақытты жастық өмірімнің куәсі – «Жетісу» газетінде жатыр. 
1992 жылы қызметім ауысып бара жатқанда газет ұжымы тарту еткен «Жеті қаруың бойыңда болсын, «Жетісуың» ойыңда болсын» деген жазуы бар естелік қаламсап мен үшін ең қымбат жәдігер.
 
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Оқи отырыңыз