ЖАҢА ЖОРАМАЛ: ШОҚАН 40 ЖАСЫНДА ҚАЙТЫС БОЛҒАН

ЖАҢА ЖОРАМАЛ: ШОҚАН 40 ЖАСЫНДА ҚАЙТЫС БОЛҒАН

"Мен Әнуар Әлімжановтан Шоқанға қатысты қызық дерек естіген едім. Кезінде Әнекең қазақтан тұңғыш рет АҚШ-қа барып, әл-Фараби жайлы екі ай дәріс оқып келген. Сонда бір әңгімелескенімізде: «Сол кездегі архивтерден әл-Фараби жайлы деректер іздеп отырып, 1875 жылғы газеттен Шоқанның өлімі жайлы қазанама кезіктірдім", - дейді белгілі жазушы Дулат Исабеков. Ұлт қайраткерінің сөзін "Kazakh.tv" мен "Adyrna.kz" сайттары жариялады.

"Шоқан, біздіңше, 1865 жылы қайтыс болған. Әлгі қазанамада: «Жақында Орыс география қоғамының мүшесі, әйгілі саяхатшы, орыс офицері Шоқан Уәлиханов қайтыс болды», - деп беріліпті. Әнекең: «Бір жыл кешігіп берілсе, жарайды, ал қалайша бұл он жылдан кейін жарияланады, соған мен қатты таңғалдым», – дейді. Ол өзі тарихты жаны сүйетін, сондай білімді, ізденімпаз азамат еді, - дейді Дулат Исабеков. - Сөйтіп, Америкадан келген бойда Шоқанды зерттей бастаған ғой. «Сондағы анықтағаным, бұлардың мәйітті киіммен көміп, молаға қарауыл қойғаны тегін емес. Бұлар Шоқанды Жоңғарияға екінші мәрте жіберген. Ондай сауатты, патша өкіметінің ұлтына қарсы жымысқы саясатын білетін, орыстың талай әскери құпиясынан хабардар адамның қазақ ортасында жүре бергені орысқа тиімсіз болған. Ал ана жақтан тірі қайтпайтынын білген. Сол үшін де қайта жұмсаған. «Шоқан ол жақта үйленген, тіпті қызы да бар, сонда қайтыс болған» деген әңгіме естідім. Енді осыны зерттеймін», – деп жүретін. Ал әлгі газет не газет, оны алып келді ме, келмеді ме, ол жағын сұрамаппын. Бірақ мен білетін Әнекең тарихи деректерге, құжаттарға өте мұқият қарайтын, тым болмаса, көшірмесін алып келген болуы тиіс. Бірақ Әнекеңнің архивінде ол сақталды ма, сақталмады ма, оны да білмеймін. Қалай болғанда да ол кісінің жұрт естімеген, білмеген осындай бір жорамалы бар болатын. Бұл да – Шоқанға байланысты тарихтың құпия беттерінің бірі".

Оқи отырыңыз