Менде осы мәңгі мұң басым...

Менде осы мәңгі мұң басым...

Әдетте Есенқұл ақынды еске алғанда ойымызға ең алдымен кереметтей шақпа шумақтары мен «...деген екен!» айдарымен айтылатын шымшыма әзілдері оралады емес пе? Езу тартқызбай, көп ретте күлкі де шақырмай қоймайтын мұндай әңгімелерге қарап оны бір сәтке өмірге әзіл-күлкі тұрғысынан ғана қараған, сөйтіп жалғанды жалпағынан басып өткен алаңсыз жан ретінде көзге елестетуге болатындай. Шындығында ақынның бұлайша жадыраған сәттерінен гөрі мұнарлы мұңға батқан шақтары көп еді ғой. Бүгінде көз алдыма сондай сәттері көбірек келеді...

Шығармашылық адамының өз-өзіне көңілі толмауы, бұл орайда кейде тіпті күмән, күдікке де бой алдыруы қалыпты жағдай. Сол айтқандай, поэзияға құлай беріліп, жақсы өлең жазу үшін өзін елге танытқан айтыстан да қол үзіп кеткен Есағамның көңілінде бір кездері осы өлеңді де қойсам қайтеді деген ой қылаң берген тәрізді. Сондай бір сәттерінде өзіндік әдемі әуенімен бірге мөлт етіп құйылып түсе қалған мына бір өлеңді домбырамен тебірене шырқар еді:

Қойдым дедім өлеңді, жазбай қойдым, не тынды?

Бұл қазақта менсіз де ақындар көп не түрлі...

Бірақ бүгін бір үміт қайта оралды өзіме

Енесінен айрылған қоңыр қозы секілді.

 

Қайғы да өзің азаптың ауыр жүгін әкелген,

Қуаныш та өзіңсің еңсемді тік көтерген.

Жымысқы ойлар кеудемде  «таста» дейді өлеңді,

Өз қуаныш, қайғымды қалай тастап кетемін?

Жанымды өзгеше толқытып, тебіренткен бір ән немесе терме, әуен  естісем, соны басқа әншінің орындауында тыңдағым келмейтіні бар. Есағамның өзінен сан рет естіген бұл әуенді де басқа ешкім қайталай алмайтындай болып көрінеді... 

Бүгінде онымен таныса салып тонның ішкі бауындай қалай жақын араласып кеткенімізге таңғаламын. Жалпы жан дүниеміздің, табиғатымыздың жақын болғандығынан шығар. Ойлап тұрсам, осы жылдар ішінде бір-бірімізбен ренжісіп, өкпелесіп көріспей кеткен сәттер мүлдем болмаған екен. Аузын ашса жүрегі көрініп тұратын ақынға өкпелеу мүмкін де емес болатын...

Есағамның айналасында сол жылдары өзіндік бір әдеби орта қалыптасқан еді. Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» газетінің редакциясында өтетін поэзия кештерін айтпағанның өзінде күнделікті жұмыстан кейінгі уақытымыз сондай кештерге өз-өзінен ұласып кете беретін еді-ау. Жанымызда жүрген ақын қыздар, Есағамның өлеңіне, бәлкім, өзіне ғашық арулар ондай поэзия мерекелерінің салтанатын асыра түсетін.

Бізден бірнеше жас үлкен Есенқұл ағамыз көп өлеңдерін жатқа оқи бермейді. Әйтсе де сиясы кеппеген жақсы өлеңдерін біз сол сәтте-ақ жаттап ала қоямыз. Сондай көңілді ортада жүрсе де, жаңа айтып өткеніміздей, ақынның мұнарлы мұңға толы өлеңдері көп болатын. Айлы түнде, сыр тұнған, жыр тұнған мүлгіген бақ ішінде шытырлай жанған алаудың айналасында өлең тиегі ағытылатын. От жалынымен әсем жүздері алаулай түскен ару қыздар әсерлі шақты Мұқағалидың жырларымен, Есенқұлдың өлеңдерімен одан ары әсерлендіре түсетін.

Қуанған болам жұртпенен бірге жаны ізгі,

Қуанған болам, күлкі жоқ бірақ кәдімгі.

Қуаныш, күлкі шалқыған маңға жолатпай

Кеудемнен біреу итеріп жүрген тәрізді.

 

Шаттанған болам шарапқа жайып дос құшақ,

Тоя бір ішу мен үшін кейде тәтті шақ.

Армансыз жандай алаңсыз шалқып, ертесі,

Болбырап қалам тесіліп қалған доп құсап, –

деген жолдар ең алдымен шыншылдығымен баурайды. Өзінің ғана емес, бәріміздің басымызда бар жәйтті жайып салып отырғаннан кейін бе, өзгеше тебірентеді.  

«Ан Арыс» баспасынан 2014 жылы жарық көрген 2 томдығына енбей қалған мына бір өлеңінде де мұң басым.

Сен көрсең ғой!

Өмір мені жеді ғой.

Сен көрсең ғой,

Өмір деген жегі ғой.

Сен келсең ғой, саған ауып көңіл-ой,

Жаным құс боп,

Қалықтайтын еді ғой.

 

Келіп кетші!

Келіп жүр ғой ағарғым,

Келіп кетші!

Келіп жүр ғой жаңарғым.

Қарағаны секілді өз анамның,

Сен сияқты қабағыма қарар кім?!

Толқынында мынау топыр заманның,

Заты басқа, аты қасқа адаммын.

Алданышы көп болса да ағаңның,

Дүниеде жетер дейсің саған кім?

 

Қиял деген қалықтаған кептер ғой,

Кептер болып саған ұшып жетсем ғой.

Көңіліммен күнде саған жетсем де,

Өмір деген өткізбейтін өткел ғой.

Құп жарасып ойымыз бен бойымыз,

Шіркін, бір сәт келіп қана кетсең ғой.

Жастық шақтың ең бір қызықты сәттерін бірге өткізген Есағамды сағынғанда қолтаңбасы қалған кітаптарды парақтаймын. Көп ешкім түсіне қоймайтын өзінің ерекше ирек-ирек жазуымен білдірілген «Жан мұңдасым, тағдырласым Нүсіпке Есенқұл бауырынан. Автор», «Нүңке! Баяғы көңілмен...», «Нүсіп, Додабайдың жүз жылдық тойында кездесуге жазсын. 28 шілде 2006 жыл», «Атқан оғын тоғыз кетпеннен өткізген текті атаның ұрпағы Нүсіпбайға «аталасы» Есенқұл ата досынан. 25.12.2012 жыл» дегендей ақ тілектерін тебірене оқимын.

Иә, жүз жылдық тойға Додабай әкем жеткен жоқ, тоқсанға келген жасында дүниеден озды. Әкеммен бірге сол күнге жетуді армандаған Есағам болса, өзінің 60 жасын тойлауға санаулы күндер қалған кезде кенеттен қайтыс болды. Алыста қалған сексенінші жылдардың өзінде анда-санда «жүрегім ауырып жүр» деп кеуде тұсын бір сипап қоятын Есағамыздың денсаулығы нақ осы кезде аяқ астынан сыр берер деп кім ойлаған?..

«Атқан оғын тоғыз кетпеннен өткізген текті ата» дегенде ол Ботбай бабаны меңзеп тұр. Өзіміз қалжыңдап «қалмақ» дейтін Есенқұлға бір кездескенде «Кезінде Ботбай бабам қалмақ қызына үйленіп, сол әжемізден туған ұлдан Бидас деген біздің ел тараған екен» деген шежіре дерегін айтып берген едім. «Бәсе, неге жақын тартып тұрамын десем, бауырым екенсің ғой...» деп ақтарыла бір күліп алған ол содан бастап мені көрген сайын «бауырым», «аталасым» деп құшағына алатын.

Сонау бір жылдары жарық көрген, өзі қайтыс болғаннан кейін шығарылған екі томдығына енбей қалған «Ескі дос Нүсіпке» деген өлеңі бар. Сағынышты күндердің белгісіндей бұл өлеңді де анда-санда қайталап оқып қоямын.

Менде осы мәңгі мұң басым,

Адамдай болдым жалғыз бас.

Жалғыздық жалғыз мұңдасым,

Ешқашан жалғыз қалдырмас.

 

Мұңайып жүрсе бір басым,

Керексің маған, сырласым.

Ескі дос мәңгі қалжыңбас,

Ескі дос, сенсің қорегім,

Отырсам бірге болдым мас.

Жаныма ненің керегін

Басқалар сезіп оңдырмас.

Ескі тон ескі болса да,

Жамылсаң түнде тоңдырмас.

 

Сен де осы бір кез болдың жас,

Мен де осы бір кез болдым жас.

Сағындым бүгін кімдерді,

Сағындым сол бір түндерді,

Жазғы түн...

Жас қыз...

Шалғын жас...

 

Шын достық жәйлі ой қанша,

Достықта талай астар бар.

Қара жер теріс айналса

Қарамас теріс достар бар, –

деген жолдар бірге жүрген қимас күндерді еске салады.

Екеуміз 1984 жылы «көп ақша таппақ» ниетпен қызмет ауыстырдық. Аудандық «Екпінді еңбек» газетіндегі тілшілік қызметімізді қалдырып, байланыс желісін тартатын, вахталық әдіспен дәйім іссапарда болатын жұмысқа тұрдық. Екеуара келісім бойынша бұл жұмысты алдымен Есағам байқап көрді. Қысы-жазы қиыр шетте жауын-шашында бағананың басында жүретін мұндай жұмысқа ол ә дегеннен үйрене алмады. Бір сапар барып келгеннен кейін өз еркімен арызын жазып жұмыстан босанды. Оның ізін ала тура сол бригадаға барған мен толық бір жылға шыдадым.

Жұмыстан кейін өзіміз тұратын вагонның ішінде шам жарығымен өлең жазамын. Бригадалас жігіттер мамандығымның журналист екендігін біледі емес пе, бірінен кейін бірі менен «Арыз жазып жатырсың ба?» деп сұрайды. Еріксіз бас шұлғып «Иә» деп қоямын. Сонымен тура бір жыл өткен соң «бүйткен ақшасы бар болсын» деп Күрті аудандық «Шұғыла» газетіне сол баяғы тілшілік жұмысыма орналастым.

Әрине, мен көрші ауданға көшіп кеткеннен кейін бір-бірімізді бұрынғыдай жиі көріп тұрмайтын болдық. Бірақ арақатынасымыз суыған жоқ. Ұзынағашқа, сол ауылдың түбіндегі туған ауылыма бара қалсам, соқпай кетпеймін, Есағам да жолы түскенде Ақши мен Бақанасқа сағындырып келіп тұрды.

Алматыда бірге жүрген күндер өз алдына бөлек әңгіме.

ҚазМУ-дегі мықты ақындардың көпшілігі декан Темірбек Қожакеев ағамыздың қойған қатаң талабына қарамастан филфакта емес, журфакта оқыды. Солардың қатарында Есенқұл Жақыпбеков пен Шорабек Айдаров, Ербол Өмірбековтер де журналистика факультетінің сырттай оқытатын бөліміне түскен (дарынды ақын Ербол Өмірбековпен кейін хабарласа алмай қалдық). Жандарында өздеріндей ақын болмаса да ақындыққа жақын Серік Омаров, Зарыққан Есілбаев деген сырбаз  азаматтар болды. Есағамның «Сабаққа кірмейсіңдер ме?» деп ренжіген старостаға: «Біз сырттай оқимыз ғой» дейтіні осы кез. Бұл кезде мен журфактың күндізгі бөлімінде оқитынмын.

Ақын жігіттердің, ақындыққа жақын жігіттердің тіршілікке бейімсіздіктері осы кезде де байқалып қалатын. Бірде достарымыздың сессия кезінде тұрып жатқан пәтерлеріне бара қалдық. Барлық жағдайы жасалынған пәтерде Есенқұл мен Шорабектерден басқа да 5-6 жігіт жүр. Өздерін еркін сезініп, өктем-өктем сөйлейді, қайта-қайта ескерту жасап, ақыл айтып қояды. «Бұлар неғылған жігіттер, үйдің иесі осылар ма?» десем, жолдастарым «пәтер иесі біз» дейді. Сөйтсек, аңқылдаған ақкөңіл жігіттер тұратын үйіміз жоқ дегендердің бәрін «бізбен тұрыңдар» деп шақыра беріпті. Олар бой үйретіп алған соң басына бастаған. Сонымен не керек, бастаушы мен болып, жақсылықты білмейтін жігіттерді сол күні үйден қуып шықтық.

Есенқұлдың тым сенгіштігін, ақкөңілдігін өз мақсатына пайдаланғандар кейінгі кезде де болған сияқты. Олай дейтінім, Ұзынағашқа бір-екі рет келгенімде жанында «Ана кешіңізді анда ұйымдастырамыз, мына кездесуіңізді мына жерде өткізіп жіберейік, бәрін қатырамыз» деп жүзіктің көзінен өткендей болып жылпыңдаған жылпос жігіттердің жүргенін байқадым. Ондайлар ақынның ел алдындағы абырой-атағын өз мақсаттарына талай рет пайдаланып та кеткен шығар-ау... Осындайда «Таланттарға көмектесу керек, ал дарынсыздардың өздері-ақ жол тауып шығады» деген даналық ойға оралмай қоймайды. 

Өлеңге бос уақытын ғана емес, тұтас өмірін арнаған ақындар ғана әдебиет тарихында, ел жадында қалады. Есенқұл ағам да күйкі тіршілікті қузамай, байлық қумай бар өмірін поэзияға арнады, басқа сөзбен айтатын болсақ, өмірге ақын болып келіп, ақын болып өтті. Содан кейін де оның өзгеше талантының барлық қыры жарқырай ашылды деп ойлаймын.

Ет жүрегі езіліп отырып та бұлттан шыққан күндей жарқ ете қалып, өзіне ғана тән жылы жымиысымен, өзгеше күлкісімен жаныңды бір-ақ сәтте жадыратып жіберетін Есағамды сағынбау да мүмкін емес секілді. Ал «сағындым» деген жалғыз ауыз жұтаң сөз жан сезіміңді толықтай жеткізе алар ма? Қайдан жеткізсін?!.

 

Нүсіпбай Әбдірахым,

Жамбыл ауданының Құрметті азаматы

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Оқи отырыңыз