Құндақбай (әңгіме)

Құндақбай (әңгіме)
Кейін белгілі болғандай, бұл казак-орыс осы Қоғалы аңғарының еркесі Құндақбайды сырттай таниды екен. Ол көзі-басын жуған қанды сүртпестен сол күйінде сондағы атаманға барып шағынады. Атаманның өз басы да Құндақбайдың кім екенін жақсы білетін. Бұл сұрперенді құр қолмен алу мүмкін емес әрі аса қауіпті екенін ескеріп, ол Қапалдағы уезд бастығына кісі жөнелтеді. Қысқасы, Қапалдан жандармерия келіп Құндақбайды ұстап, қол-аяғын кісендеп, өздерімен бірге әкетеді. Кейінгі замана білгірлері, ақын-жыршылар, шежірешілер бұл Құндақбайдың бірінші және ең соңғы рет пенде болып қолға түскені деп бағалаған еді. Шынында ол кезде небәрі он алты жастағы Құндақбайдың сәл аңдаусыздық жасағаны рас та сияқты.
Қапалда сарыала қозыдай киінген жандармерия адамдары Құндақбайды сұраққа алады. Тілді, тісті Құндақбай ашына сөйлеп, казак-орыстардың, олардың ішіндегі шені жоғарылардың жергілікті ұлт өкілдеріне жасаған зорлық-зомбылығын барынша әшкерелей дікіңдейді. Сайдың тасындай берік, қуатты, зерделі әрі орысшаға жетік Құндақбай жандармерия басшылығының назарын аударады. Олар енді Құндақбайды жай тентек, бұзақы емес, өздері зәру ырзық іспеттес етіп бағалауға көшеді. Құндақбайға «Біз сені құтқарайық, тек сен ақ патшаға адал қызмет етуге уәде бер. Жандармериядан өзіңе лайықты қызмет жүктейміз» дейді. 
Құндақбай көп ойланған жоқ, бұл 1916 жыл ғой, Ресейдің батысында қантөгіс соғыс басылар емес, ақ патша туралы әрқилы сыбыстар естілуде, Верный, Ташкент сынды шаһарлардан жеткен өсек-аяңдар да инеше құлақ сұққылайды, «осындай бұлт ала, жер шолада қамақта отырғанша ашық аспан астында жүргенім олжа ғой» деп, жандармерия басшылығының ұсынысын қабыл алады.
Қапал Құндақбай үшін таныс өлке ғой. Осында әлгі атақты саудагер байлар, әкелі-балалы Маман-Тұрысбектің кәсібін жалғастырушы басқа бір дәулеттінің жылқысын бір жыл бойы бақты емес пе? Ол дәулетті жан ақыры мұны жылқы сатуға Ташкентке жұмсады ғой. Алғашында бұл Қапал өңірі, осындағы Ешкіөлмес, Баянжүрек таулары мұның көзіне тым жылы ұшырады. Енді қалай, бұл Құндақбайдың өзі де осы тәріздес таулы өлкенің түлегі. 
Жандармерия адамдары да Құндақбайға қамқор көзбен қарап, алдағы атқарылар жұмыстардың жай-жапсарымен таныстырды. Бірақ салған жерден ол жұмыстардың сықпыты Құндақбайдың іш дүниесін мұзға толтырғандай әсер етті. Иә, соңғы бірер жылда бұл Қапал өңірінде де заман әлпеті мықтап-ақ өзгеріпті. Ел ішінде мылтықты адамдардың көбеюіне орай анау-мынау зорлық әрекеттер де әр тұстан шаң береді екен. Оған шыдамаған жергілікті жұрттың кейбір сайыпқырандары кейде жекедара, кейде топталып, олар да кек қайтаруға құлшынады. (Бұл сол 1916 жылдың шілде айында Қарқара жайлауындағы Ереуілтөбеде бас қосқан Албан руының игі жақсыларының патша өкіметінің әскерге адам алу туралы жарлығына қарсы шығып, оның соңы үлкен қырғынға ұласқан шағы ғой. Оның да салқыны білініп тұрды). Міне, Құндақбай атқарар жұмыстың нобайы сол – сондай ел ішіндегі «кекшілдерді» іздеп тауып, қол-аяқтарын кісендеп, осы жандармерияға әкеп тапсыру. Бұл Құндақбайдың ішін мұздатпай қайтсін? Сосын да бұл басқа бір жол іздеуге мәжбүр.
Осылай әрі-сәрі күйде жүргенде Құндақбай өзі қатарлас, бір жас найман жігітімен танысады. Ол осы жандармерияда малайлықта екен. Құндақбай осында әлгі аса дәулетті жанның жылқысын баққанда бұл осы Құндақбайды көріпті әрі ол туралы біраз хикаятты да естіген. Сосын да бұған тез үйірсектеп еді. Иә, «іздегенге – сұраған» деген. Ақыры, Құндақбайдың өзі найман жігітіне қолқа салды:
– Мыналар тапсырған жұмысты атқарар құлқым жоқ, мен қашайын! Сен маған бір ат тауып бер! «Ер мойнында қыл арқан шірімейді» деген! Түптің түбінде бір кәдеңе асармын! Менің туып-өскен ортам Қоғалы аңғары, Шаған таудың етегі, Күркілдек ауылы, затым қызыл-қаңлы! Ол жақтың иті мен құсына дейін мені біледі. Әлдебір күнде басыңа ғаріпшілік жай орнаса мені солар арқылы табасың! Тек қосалқы зар өтінішім – менің бұл сөздерімді иманның машайығы, құранның аяты деп қарама, ең жүрекжарды имандай шыным! 
Найман жігіті малайлықта дегенмен бұл да кеудесінде түйсігі бар жан еді. Құндақбайдың «иман» деген сөзді қолдануы бұған жайлы тиді. Бұл қызыл-қаңлы жігітінің шынында иманмен қаптап қойғандай күнәдан пәк мұнтаздай түрі көзге ұрып тұр емес пе? Тұлабойыңа бірден бойлап кірердей өткір көк көздері, балқыған жездей қызыл жүзі, қолдан құйылған шар болаттай қайратқа толы тапалтақ кеудесі мұның жалған сөзді ешқашан жолдас етпегенін соқырға таяқ ұстатқандай айқындап тұр. Заман болса мынау, ертеңгі күн жөнінде не деп болады? Найман жігіті де бірден ағынан жарылады:
– Егер саған ат тауып беріп, қашып кетуіңе септескенімді сезсе мына сарыала қозыдай киінген әскерилер мені отқа қақтап жейді! Сонда да тәуекелге бастым! Бүгін түнде сен менің қол-аяғымды қыл шылбырмен тастай етіп байла, сосын анау көкқасқа байталымды мін де қаш! Ер-тұрманын алдын ала сайлап қоямын! Өзгесін бір құдайдан көріп алдым!
Міне, сөйтіп Құндақбай Қапал жандармериясынан қашып құтылады. Бірақ олардың құрығы ұзын, қайтпек керек? Құндақбай күндіз бой жасырып, түнделетіп жортып Қоғалыға жетеді. Сөйтіп, түнделетіп келіп Алтынемелдегі әлгі жалайыр-қарақалпақ жігіті Жәкібайды табады. Оған мән-жайды толық тәптіштеп:
– Мен Қытайға қашамын, басқа амал жоқ, екіншілей қолға түссем мен де отқа қақталамын! – дейді.
– Қыршынынан қиылған інім Әкібайымның тірі көзіндей досым-ау, сенен айырылып мен қалай жер басып жүре аламын?! Онсыз да сен ұсталып кеткелі ішқұсалықтан өле жаздадым. Сол Қытайыңа сенімен бірге мен де қашамын! – деп Жәкібай боздайды.
Құндақбай мұнысына дән риза. Бірақ қашқанның жөні осы екен деп салып ұрып кете беру дұрыс емес, бұлар бәрін ақылға салды. Сосын Құндақбай сонау биікте, Шаған мен Қотырқайыңның екі ортасындағы Қараңғысайға барып бекінді де өзінің ең жақын үзеңгілестерінің ныспыларын ауызша тізіп әрі екі қолының саусақтарын бүгіп санап отырып Жәкібайға: «Сен осыларды сол Қараңғысайға әкеп тоғыстыр» деп өтінді. 
Жәкібайдың бұл десе шығарда жаны ғана басқа ғой әрі оның аталмыш достарының біразымен жүзтаныс та, ат сабылтып жүріп екі-үш күннің ішінде бәрін жиып берді. Тек достар емес, туған інісі Мыржақбай, тағы бірер ет бауыр жақындар да осында. Ол 1916 жылы бәрінің тым жасаңдау шағы, мәселенің ол жақ, бұл жағына тереңдеп бойлауға қауқарлары да жетпейді, тек бәрін төтесінен басып, нақты-нақты әрекеттерді белгілесті. Ол кезде әрі дос, әрі Мыржақбайдан кейінгі ең жақын туысы Құлжатай, қаңлыдан шыққан Кенебай, Денебай, Шұңбай, Шаңбат, тағы басқалар шеттерінен қызуқанды еді. Бұлар Құндақбайдың аузынан қандай леп шықса да көрікті басып, одан әрмен қыздырып әкетуге ғана шебер. Тіпті өздері бірге жанып кетуге де бар. Бұған қоса мына бүгінгі серік Жүнісбайдың әкесі Жәкіжан, әкелі-балалы Манасбай мен Қазыхан, тағы үш-төрт жігіт ағасы дерлік естиярлар да осында тоқайласқан. Олардың тарапынан «Бірден қашқаның жөн бе, әліптің артын баққаның қалай болар...» деген сияқты лебіздер де білінді. Тек оны Құндақбай хош көрмеді, бүгін-ертең-ақ Қапалдан жандармерияның адамдары жетіп, Қоғалының өне бойын аш бөрідей кезіп, елдің әптер-тәптерін шығарады, онан да «аш құлақтан тыныш құлақ», Қытайға қашып құтылғаным жөн деп шешті. Бұл басқосу Құндақбайдың маңындағы жас сұрперендердің алғаш рет ту ұстап, тұлпар жаратқандай топ құрағанына да ұқсап кеткен. Иә, мұның осындай мәні келешекте де кәдеге асқандай.
Ал нақтылы белгіленген шаралар мынау. Бұл бас қосқандардың ішінде біреуі ғана бұрын Қытайға барып қайтқан екен әрі екі елдің ортасындағы шегара белгісі іспетті Қорғас өзенінің екі жағалауын да жақсы біледі. Міне, сол жігіт жол бастайды. Ал тағы екі-үш жігіт, ішінде Мыржақбай да бар, әлгі Құндақбайды ұстап берген Холмогоровка станицасында тұратын казак-орыстар өздеріне меншікті мініс аттарын қашан өріске шығарады, қашан әкеп қораға қамайды, ол қорадағы күзет қаншалықты, соны анықтайды. Міне, соның бәрі хатқа түсірілгендей айқындалған шақта Құндақбай, жалайыр-қарақалпақ жігіті Жәкібай, Құлжатай, тағы үш адам мұздай қаруланып, әлгі жолбасшыны қосқанда барлығы жетеу, жылқы қамалған қора күзетшілерін баудай түсіріп, қораның кілтін бұзып ашып, өңкей жүрдек сәйгүліктерді айдап әкетуге тиіс. 
Құдай сәтін салғанда осының бәрі іс жүзінде 
тура Құндақбай жоспарлағандай болып шықты. Таң қараңғылығы аса сейілмеген алакөбеңде бұлар айналасы жүзге тарта жылқыны ысқыртып қуды да әкетті. Холмогоровка мен Қорғастың арасы тура тартқанда шамамен жүз елу шақырымдай қашықтықты құрайды. Тура тартар жол қайда, бұралаң тау мен қыраттарды айналып өтесің, жұлқынып аққан тау өзендерін кешесің, сосын да қашқын топ аттардың дамыққанына қарамай жолай бір түнемелікке ғана аялдап, шегара асып кете барды. 
Кейін бұлардың бір жансыздан білгеніндей, бұл оқиға Қоғалы өңірінде жаман дүрбелең тудырыпты. Себебі, жылқы қорасын күзетуші казак-орыстардың арасында өлгендер де бар екен.
Міне, бұл Құндақбайдың Қытай жеріне алғаш рет қадам басуы еді. Туған ел, туған өлке – бәрі көзден бұлбұл ұшқандай, Құндақбай енді өзінің осы жаңа жағдайына біржола көндігудің амалын қарастырады. Қасына көбіне Жәкібай мен Құлжатайды ғана ертіп, өздері тоқтаған Құлжа қаласының іші-сыртын кезеді. Қытайлар, дүңгендер, ұйғырлар, некен-саяқ ұшырасатын өзбектер, қазақтар – әрқайсысы өз тірліктерімен алаөкпесі шығып, бір-бірінің бетіне қарауға мұршасы жоқтай. Тілдері көбіне қытайша. Сосын да Құндақбай өз серіктерімен қолы бостау бір кәртамыс ұйғырды тауып алып, соның көмегімен қытайша үйренуге ден қойды. Зерделі Құндақбай қытайлықтар тірлігіндегі жиі қолданыстағы атауларды, тіркестерді алғашқы пәрменде-ақ қағып алды. Қалғандары да күн асқан сайын мұның көкірек қуысына топырлай кіріп жатты.
Жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегінде Құлжа сауда-саттық, айырбас орындарымен, әсіресе, мал базарымен даңқы әуелеген шаһар еді. Мұндағы мал базары атаулың Құлжаның шығыс бетінде, Іле дариясының осы оң жағалауынан теріскейдегі Бурақара жотасының бергі сілемдеріне дейінгі салқар жазықтарда, етек-жеңін кеңге салған тым жайылма дүние. Сірә, мұнда сауда үшін айдап әкелінген ірі қара мен қой-ешкіні, шошқаны, тіпті үй құстарын ұстауға, жемдеуге қолайлы табиғат жаратылысының өзі-ақ осындайлыққа үндеп қызықтырғаны анық. Түгі қалың, әсіресе, жауын-шашынды жылдары төрт түлігің бас алмай жейтін шөптің алуан түрі бірімен-бірі жарыса өседі. Сосын да бұл жаққа мал айдап әкелген базаршылар алты ай жазды осында өткереді. Несі бар, мал тоқ, ішсе суы да қасында, қоңынан айырылады-ау деп қорқуға негіз жоқ. Сірә, бұған қытай жұртының сауда-саттыққа асқан бейімділігі де қосымша өріс ашатындай. Құндақбай мен оның тобындағылар Құлжа қаласындағы базарларды, әсіресе, мына мал базарын аралап жүріп, ілім мен ғылымның неше құпиясына бойлағандай ой-саналарына серпін бітті. Әсіресе, Құндақбайдың өз басы анасынан қайта туғандай түлеп, жан-жағына жұтына қараудан керемет ләззат алатын еді. Бір кездегі Ташкент сапары, ондағы көрген-білгендері, жылқы саудасының қыр-сырлары, цирк ойыншыларының өнері, көздің жауын алар ғимараттар мына Құлжадағы тірліктің қасында едәуір жүдеу тартқандай. 
Қытайлықтардың әмсе жұтынып тұратын бет-жүздері, құшақтап сүйесің бе, жоқ, таяқтап ұрасың ба, қандай жағдайда да бір қалыптан аумайтын сол бет-әлпеттері, мінездері, қашан да қимылдан жаңылмайтын қол-аяқтары, бір тиындық пайда үшін жүз батпандық жүк көтеруге бар жанкештілігі, шыдамдылығы неше хикаят құрастыруға азыққа жарар еді дейсің. Құндақбай тобы, әсіресе, тіл үйрену үшін сол қытайлықтармен жанаса кетуге, дау-дамайға баруға сылтау іздейтін. Сол пәрменде тіл ғана емес, Аспанасты ел-жұртының мінез-құлқын, салт-дәстүрін, әрқилы тұрмыстық ерекшеліктерін де қағып түсіретін. Өзара таңдай қағысып, тіпті жағаларын да ұстайтын сәттері жиі.
Бұлар осылай қарай шегара асырып қуып әкелген Қоғалыдағы орыс-казактардың мініс аттарын аздап саудаға салып, қорек қылатын еді. Бара-бара өздеріне қосымша кәсіп те тапты. Кәсіптері сол – бұлар сондағы қытайы, ұйғыры аралас байлардың малдарын бақты. Ара-арасында Бурақара жотасына қарай ұзап, аң аулауға да уақыт табатын. Бұл да аздаған табыс көзі. Аңның еті, бағалы терісі, мүйіз, тұяқ сияқтылары да қытайлықтардың көзінің құрты екен.
Құндақбайдың құдай дарытқан тағы бір дарыны – өсімдік біткеннің небір қырларын танып білетіні ғой. Бурақара жотасы жақта дәрілік шипасы бар өсімдіктердің неше қилысы жайқалып өсетін. Олардың көбісі Қоғалы тауларында да кездеседі. Міне, Құндақбайдың тобы малды сол бағытта өргізіп, мойыл, маралшөп тамыры, уқорғасын, сасықшөп, меңдуана, жалбыз, жөтелшай, тағы басқаларды асықпай іздеп тауып, бума-бума етіп кептіріп базарға шығаратын. Әсіресе, маусым, шілде айларында жаппай гүлдейтін, таудың тастақты беткейлерінде, биіктегі шалғындарда, сарқырама өзен жағаларында кездесетін алтын тамыр атты өсімдік үшін қытайлықтар жанын беруге әзір. Оған алушы іздеп әуреленбейсің, қайсысы көрсе де тарпа бассалады. Бұл алтын тамырмен бір емес, бірнеше дерттің бетін қайтаратын әдістің қытайлықтарда ежелден бар екенін Құндақбай тобы кейін білді.
Міне, сөйтіп бұлар Қытай жерінде өмір кешіп жатты. Туған елмен екі ара он екі ай бойы шарт үзілгендей. Келесі 1917 жылдың тамызында Құндақбай мен Жәкібай базар аралауға шыққан. Аттылы-жаяуы аралас ығы-жығы елдің арасында ешкім ешкімді танып болмайды. Бәрінің көздері, ынта-ықыласы шытырлаған ақшаға, оған келетін айна-тараққа, жібек матаға, тігулі киім-кешекке, ер-әбзелдерге ауып кеткен. Өзгенің бір ұшын ұштап көзіне шаншысаң да көретін емес. Тек Құндақбайдағы көз бен ынта бөлек. Ол кенет базар ортасында, ашық алаңқайда кермеге байлаулы ер-тұрманды аттардың біріне қаршығадай қадалды. Қасындағы жалайыр-қарақалпақ жігіті Жәкібай оның бұл назарын әдеттегі базар аралаған адамның қылығына балаған. Тек Құндақбай осы жолы өзінде жоқ мінезге басып, жаңағы қылқұйрықтыға қадалған күйі біржола тас боп қатты. Жәкібай «мынау аттың өзіне, не ер-әбзеліне қызықты ма, жоқ, жоғалтқан малын танығаны ма?» деп алақ-жұлақ етіп, көздерін екі жаққа кезек жүгірте бастаған. Аттың өзі де, ер-әбзелі де Құндақбай қызығатындай ырзыққа жатпайды, шаруасы аса шалқығандай емес қоңторғай тірлікті базаршылардың бірінің мал-дүниесіне ұқсайды. 
Жалайыр-қарақалпақ жігіті Жәкібай ұзаққа шыдамады:
– Батыр бағланым-ау, әлдебіреудің қораш мүлкіне көзақы алардай тесілуіңе жол болсын!
– Жәкібай аға! Мүлікке қызыққан дәнемем жоқ! Сен онан да осы арық керторының жалына көз тасташы, – деді Құндақбай жұлып алғандай.
– Немене, құлын кезінде жоғалтқан малыңа ұқсай ма? – деп, Жәкібай кекесін араластыра сұрақ қойды. 
– Малдың өзіне емес, жалына, небәрі екі уыстай ғана бар жалына зер салшы! Не байқайсың? 
Жәкібай енді одан әрмен дал болып, ерттеулі керторының шынында екі уыстан аспайтын болмашы жалына көз тікті:
– Түгіне түсінсем бұйырмасын! Одан не таптың?
– Анау керторы аттың жалына жабысқан тікен шөптің тұрқы таныс па? Ол шоңайна! Қазір тамыз айының соңғы жұлдыздары! Осы тамызда шоңайнаның жемісі піскенде оның қорапшасы шытынай жарылып, малдың жалына, түгіне жабысқыш келеді. Мен анық таныдым! Мынау біздің Күреңбелдің бір сайындағы шоңайна! Басқа жақтың шоңайнасы жатағандау да, тек біздің Күреңбелдікі ғана биіктеу! Сосын да мына жануардың жалына жабысқан. Мынау, сөз жоқ, шегара асып, біздің Күреңбелден келген біреудің малы!
Осы Қытай жерінде өткерген соңғы бір жылда, әрқилы жүріс-тұрыс, айла-амалдар, тіпті қауіп-қатерлер үстінде Жәкібай бұл жасы кіші үзеңгілестің талай тапқырлығына тәнті болған. Ал мынаусы соның бәрінен асып түсті. Жәкібай ішегін тарта таңырқағанда онысының уілі өз құлағын жарғандай еді. «Е, құдайым, тәубе, тәубе, жартастан ұшқан Әкібайымның өтеуіне тегін пендені жібермепсің, мұныңа да шүкір» деп, іштей күбірлей берді. Себебі, Жәкібайдың бұл Құндақбайдың осы жолғы байқампаздығына да еш күмәні жоқ еді.
Сонымен бұлар сол жалына шоңайна атты тікенек шөп жабысқан арық керторыны күні бойы бақты. Ақыры оның иесі табылды. Бұлар тез шүйіркелесті. Әрі ол жалғыз болмай шықты. Шынында сонау Қоғалы өңірінен әлдебір бай қызының жасау-жабдығына керекті бұйымдар іздеп келген жалайыр жігіттері екен. Ішінде Құндақбайды сырттай танитындары да бар. Жамыраса көрісіп, екі жақтан да хал-жай сұрасып, ақтарыла сөйлесуге бір тәуліктен астам уақыт жұмсалды. Қоғалыдан келгендердің бұларға сыйлаған ең басты жаңалығы мынау еді:
– Ау, ағайындар! Сендер мұнда текке қашып-пысып жүрсіңдер. Осы биылғы ақпанда ақ патшаның аяғы аспаннан келіп, өзінің торға түскен жайы бар. Қазір Уақытша үкімет дегеннің үкімі жүре бастады. Бұлар бұрынғы патша заманындағы барлық қылмыскер аталғандарды ақтап, босатып жіберді. Тіпті кейбіреуін әлпештеп, көтермелеп, мерейлерін өсірді. Алаш үкіметі, алаш партиясы дейтіндердің исі шығып жатыр! Ал ендеше...
Бұл жаңалық тағы біраз даурығысуға тамызыққа жарады. Сонымен мән-жайды терең ұққан Құндақбай, Жәкібай, Құлжатай үшеуі сол жылы қыркүйек айында шегарадан бері асып елге оралды. Ал өз тобындағы өзге үш жігітті және осы Қытай жерінде бұларға қосылған тағы төрт-бес қазақты сонда қалдырды. «Мынадай аумалы-төкпелі уақытта не деп болады, алдағы күні әлдебір замана бұрқасынында бір таянышқа жарар» деген сақтықтан еді.
***
Алайда, 1917 жылдың күзінде елге оралған Құндақбай көптеген бытықы-шытықы жағдайлардың үстінен түсті. Сағынып көріскен Қоғалы аңғарында әлдебір түсі бөлек салт-дәстүр орнап, өңменіңнен өтетін суық жел үстемдік еткендей жат пішін, жат құбылыс жұрттың қас-қабағына ілініп қапты. Ол кезде бүкіл Қазақстан алты облыстан, ал әр облыс бірнеше уезден тұратын еді. Мұндағы Жетісу облысына Верный, Жаркент, Пржевальск, Қапал, Лепсі, Пішпек уездері кіретін. Тек осы жылы облыс, уезд басшылары бір-біріне бағынбай, әрқайсысы өздерінше бүйректен сирақ шығарып, әрқилы саяси даурықпаларға белшесінен батыпты. Мұның мәнісін Құндақбай сынды арнайы білімі жоқтар түгілі, сол кезеңнің «көзі ашықтары» айқындай алмайтын. Мысалы, осы биылғы көктем, жаз айларында айшықталған ұлттың «Алаш» партиясы және ол құрған үкіметке кенет жаман айдар тағылып, «солшыл эсерлер» дейтіндердің көзқарасын құптайтын «Үш жүз» партиясының айы оңынан туыпты. Ал қазан айында Петроградта большевиктер жеңіске жеткенде осы «Алаш» пен «Үш жүз» бір-біріне жаңа күшпен тіс салысты. Бір ғажабы, олардың әрқайсының жақтастары да бір тектілер емес, қырық кемпірдің қылауындай нағыз ала-құланың өзі. Міне, осындай аласапыранның ішінен тура жол, саңылау тауып шығудың өзі қиямет. Сосын да орталық өлкелерден шеткерірек Қоғалы аңғарының жұрты әліптің артын бағуға бейімделді.
Осылай бір жарым жылдай уақыт өтті. 
Большевиктер өкіметінің әперген нәпақасы сол – онсыз да «қырықпышақ» қазақ енді «бай» мен «кедей» болып екі жарылып, одан әрмен көбесі сөгілді. Бұл екі аяққа ғана емес, көкірек қуысына, бастағы «бір асам» миға да шамадан тыс ауырлық түсірді. Құндақбайда, оның ең жақын достарында, айнала елде әрі-сәрілік одан әрмен үдеді. Бір-біріне бағынбау дейтіннің көрінісі тіптен қоқырайды. Сол халде жүргенде 1919 жылдың тамыз айында сырттан келгені бірден аңғарылатын бір бейтаныс Құндақбайдың көзіне оттай басылды. «Бейтанысқа» да солай. Ол еңіреп-боздап, Құндақбайды құшақтай жығылды. Көз жасын бұршақтатып, алғашқыда өлікке дауыс айтқанға ұқсады. Құндақбай оны саябырсытуға күш салды. Себебі, оның кім екенін анықтауға аңсары жаман ауған еді. Әлденеден оны шырамытқандай да, тек тап басып тани алмайды. Ал «бейтаныс» өзінің кім екенін ашып-айыруға асықпады. Алдымен Құндақбайдың өз басын, сосын оны қаумалаған оншақтыны әлдебір күдік көздерімен дұрыстап барлап алды да Құндақбайды оңашалыққа шақырды. Құндақбай оның ымын дәл түсінді де қасындағыларға «сәл аулаққа бара тұрыңдар» демекші еді, бірақ оны айтып үлгермеді, енді мұның өзі табаға қуырылған балықтай шаж етті:
– Әй, сен әлгі осыдан үш жылдай бұрын қолды болған мені сонау Қапалда жандармерияның құрығынан құтқарған найман жігіті емессің бе? Тәуекелге басып, маған көкқасқа байталыңды мінгізіп, мен сенің қол-аяғыңды байлап тастаған болып, қашпап па едім?!
Құндақбайдың сол оқиғаны қаз-қалпында еске түсіргеніне қуанған найман жігіті өзіне-өзі ие болмай қайта жыласын кеп. Сонымен не керек, қапалдық «қонақ» ас-су ішіп, біраз тынығып әл жиған соң Құндақбай бастаған оншақты оны ен аулақта ой, сұрақтың астына алды-ау. Найман жұртына тән шешендікке басып, ол өз жүрісінің мәнін іші-сыртымен қоса баяндады.
Иә, ол апалаң-топалаң аударыс-төңкерістердің жылы. Қоғалы орталықтан шеткеріде таулар қыспағындағы мекен де, оның қасында Қапал, Ақсу, Сарқан дегендерің тоғыз жолдың торабы. Сол заманғы саяси оқиғалардың көбіне куә болған өлке. Большевиктер өкіметі біршама күшіне енгенмен де Ресейдің батыс бөлігінде Антантаға мүше мемлекеттер – Англия мен Франция бұл елге қарсы жорық ұйымдастырып жатты. Ол аздай Ресейдің өз ішінде, орыс-жапон соғысына, Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, әскери-теңіз күштерінде зор мансаптарды иемденген өте тәжірибелі әрі асқан қабілетті атақты адмирал Александр Васильевич Колчак Сібірде, Қиыр Шығыста, Орал таулары айналасында дербес үкімет құрып, өзін «Ресей мемлекетінің жоғарғы басшысымын» деп жариялады. Өзіне қарасты мекендерде большевиктер саясатына мүлдем кереғар шараларды жүзеге асырды. Соның ең бастылары – қарамы үш жүз мыңнан асатын мықты әскер құрды, ауқатты адамдардың қолдауына сүйеніп, Антанта елдерімен сауда-саттықты нығайтты. Шикізат атаулы соларға көптеп тасылды, большевиктер тәркілеген кәсіпорындар иелеріне қайтарылды, жер мен шіркеу де солай. Міне, сосын да Колчак үкіметі тез қуаттанып, қанатын кеңге жая бастады.
Оның бір пұшпағы қазақ жеріне, нақтылай атасақ, Ертіс бойы мен Жетісуға кеп тірелді. Міне, осы тұста Колчак пен оның өзі тақілеттес большевиктер өкіметінің қас дұшпаны Борис Владимирович Анненков дейтіннің мүдделері тоғысты.
Ал Анненков дейтін кім? Сол кезде небәрі 29 жастағы бұл осы қысқа ғұмырында оқ пен оттың неше қыспағынан өтіп үлгеріп, қазақ өлкесінде де «өшпестей» із қалдырған адам. Новгород губерниясының ежелгі ақсүйектер тұқымынан шыққан, жастайынан соғыс ісіне берілген, Одесса кадет корпусын, Мәскеудегі Александров әскери училищесін бітіріп, Түркістанда казактар жүздігін басқарып, хорунжий шенін алған, сосын Бірінші дүниежүзілік соғыста сол жүздікті басқарып, әрқилы шайқастар нәтижесінде есаул шенін иемденген, көп ұзамай «Георгий» орденінің, Георгий қаруының кавалері атанған ақ казак генерал-майоры еді. «Тегін адам таз бола ма?» дегендей, мұның да табиғи қабілетінде шек жоқ. «Ақ патша құлады» деген хабар бұған дәл көкіректен оқ атқандай тиді. Уақытша үкіметті де, одан кейінгі большевиктердің жеңісін де, сол кездің тілімен айтқанда, «сары сайтанның биіне» балады. Сосын да орталық үкіметке бағынбай қарамағындағы аз ғана күшпен онда-мұнда қашып-пысып жүрді. Алайда, бұл күш те көктемгі қардай ери бастады. Бұл сәтсіздікті асқындырмау үшін не істеу керек?
Сол заманда Омбы қаласында әскери казак 
ғибадатханасында «Ермактың туы» сақталушы еді. Міне, Анненков қарулы жасақты алдын ала әзірлеп, түн ішінде сол ғибадатханаға қырғидай тиіп, «Ермактың туын», басқа да ұсақ-түйек мүліктерді тонап, Ертіс жағалауына қарай зытты. Бұл қиырда бай-кулактар тарапынан Анненковты біраз қолдаушылар табылды. Тап осы халде Анненков «Ресей мемлекетінің жоғарғы басшысы» Колчактың назарына ілікті. Қырағы адмирал бұл Анненковтың өзімен мүдделес әрі ысқаяқ әскери басшы екенін бірден танып, оған үлкен сенім артты.
Анненков ол сенімді мықтап-ақ ақтады. Колчак әскерлерінің құрамында Жоғарғы Орал майданындағы соғыстарға қатысты, Сібірдегі аша-тырмаларын жалаңдатқан шаруаларды тыныштандыруға атсалысты, ең соңында Қазақстандағы шұрайлы Жетісу өлкесінің «нағыз патшасына» айналды. Оның бір кездегі шағын отряды зорайып, полк, дивизия, ең соңында армия атанды.
Нақтылай сөйлесек, Колчактың тікелей жарлығымен бұл Анненков Жетісудағы ақтар армиясының бас қолбасшысы болып тағайындалды. Міне, сол жарлықтың сиясы кеппей тұрып Анненков бір үлкен сын тезіне түсті. 1918 жылдың тамызында, Сарқан қаласынан елу шақырымдай қашықтықта, Лепсі өзенінің жағалауында Черкасское селосында эвакуация арқылы келген Лепсі уездік Советі құрылып еді. Бұл большевиктік ұйым сонау Петроградтан нақтылы құпия тапсырма арқалай жеткен. 
Черкасское селосының орналасқан жері колчакшылардың тылы есепті аудан. Осында аталмыш большевиктік ұйым – Лепсі уездік Советінің басшылары нағыз соғыс советін құрып, Колчак күштерін іштен ірітуді көздеді. Зеңбірек, пулемет, оқ-дәрі, әскери мамандар, басқа да соғыс ісіне қажеттілер дер кезінде жеткізілді. Қорғанысшылар деген айдар тағылған солдаттардың қатарына кедей шаруалар мен оларды қолдаған орта шаруалар тартылды. Большевиктердің бұл әрекетінің басты себебі, колчакшылардың Жетісуды көктей өтіп, Верный мен Ташкентті жауламақ екені айқындалып-ақ қалған. Бұл – тарихи шындық.    
Черкасское селосындағы соғыс советінің басшысы коммунист А. Дьяченко болғаны, ол басқарған қорғанысшылар қатарының елу мыңға дейін жеткені, ал нақтылы қару ұстап жаумен бетпе-бет шайқасқандар санының бес-он мың аралығында өзгеріп отырғаны, бұлардың 1918 жылдың соңында, 1919 жылдың басында яғни қаңтар, ақпан айларында колчакшылардың шабуылын үш мәрте қайтарғаны – ол да тарихи шындық. Міне, Анненков Жетісудағы ақтар армиясының бас қолбасшысы қызметіне осындай жағдайда кіріскен еді.
Сол 1919 жылдың жазында Анненков басқарған ақтар армиясы Черкасск қорғанысшыларын сырттан торуылдап, қоршауға алып, зеңбіректерін дүрсілдете негізгі шабуылға шықты. Қорғаныс ісінде аздаған тәсіл алып үлгерген черкастықтар алғашқыда аса абдыраған жоқ. Олар да өз қаруларын іске қосты. Бұлардың ішінде «қарашекпенділер» (орыс, украин шаруалары) ғана емес, Ақсу, Қапал, Сарқан өңірлерінің қазақтары да көптеп бар еді. Тағдырдың жазуымен осыдан үш жыл бұрын Құндақбайды Қапал жандармериясының құрығынан құтқарған мына найман жігіті де сонда-тұғын. Бұл қазақтар да жан аямай соғысқа кірісті. Өйтетіні, сол 1919 жылдың бірінші жартысында «қалшақшылардың» осындағы қазақтардан мініс аттарын, басқа да күш-көмек сұрап ел аралағанда ештеме бермегендерді табанда атып тастағаны талайлардың құлағына жеткен. Тек мына соғыс бұрынғыға ұқсамай басқа ауан ала бастады. Қызылдар атанатын мына Черкасск қорғанысшылары әлдебір сүлесоқ күйге ұшырағандай, бұрынғы белсенділігінен көпе-көрнеу айырылды. Біресе зеңбіректері от алмай қалады, біресе оқ-дәрі таусылады. Сондай шағымдар көбейіп, басқа да күңкіл сөздер қорғанысшылардың төбе құйқасын шымырлатқан.
Сөйтсе, мұның себебі басқа екен. Бас қолбасшы Анненков бұл науқаннан бұрынырақ әлгі Омбыдағы мұражайдан тонап әкеткен қанішер казак атаманы Ермактың туын желбіретіп, «біз осы тудың астында соғысудамыз» деп сес көрсетіпті. Бұл қызылдар атанған «қарашекпенділерге» едәуір әсер етіп, ұнжырғасын түсіріпті. Зеңбірек пен пулеметтерді қаңтарып тастап, тіпті өздерінің топ-тобымен Анненков әскерінің жағына шығып кеткені де тарихи шындыққа айналады. Ақыры қызылдар жағы шілдің боғындай тозып, соның өзінде де үш айға созылған бұл соңғы соғыстың ақыры орыстар мен қара қазақтардың соғысына ұқсап кетеді. Бұл жайдан тіптен жігерленген Анненков әскерлері от қарумен тіптен үдете атқылайды. Қазақтарды қынадай қыра бастайды. Сонда ғана ес кірген қазақтар тарыдай шашылап, жан-жаққа бытырай қашады. Сол қашқандардың ішінде мына найман жігіті де бар. Мұның жанын шүберекке түйіп, Қоғалы аңғарына жеткен беті осы екен.
Әрине, найман жігіті жалғыз емес, айналасы он шақты адам, олардың бәрін Құндақбай Шаған таудың үстіндегі Қараңғысайға әкетіп сонда сауықтырды. Сонда найман жігіті мен оның достары апталап жатып, Черкасск қорғанысы жайлы ырду-дырдумен Құндақбай айналасының құлағының құрышын қандырды. Бұл да Құндақбай тобының қанша шындыққа көзін ашты, қанша ойларға, дау-дамайға тамызық болды десеңші. Ол жағы тамамдалғасын келесі кезектегі мәселе қонақтардың қауіпсіздік жайы еді. «Ақтар» түгілі «қызылдардың» өздері бұларға хас әзірейілдің өзіндей екен. Құндақбайдың айналасынан біраз бас шықты. Ақыры, осы Қоғалы аңғарынан астарынан су шыққандай секемденген екі-үш ауылды тауып, оларға найман жігітінің тобын қосып беріп, мал-жанымен Қытайға өткізіп жіберді. Осыдан екі-үш жылдай бұрын өзімен бірге Қытайға барып қайтқан жігіттердің бірін жолбасшылыққа бекітті әрі ол арқылы сонда қалған тұрғыластарға «мыналардың дұрыс орнығуына қол ұшын жалғаңдар» деген тапсырмасын қоса жөнелтті. Келесі 1920 жылдың жазында Құндақбайдың өзі де барып, мына соңғы «жер ауғандардың» шешілмеген түйіндерін шешіп қайтты.
 
Ұзақбай Доспанбетов

Оқи отырыңыз