Ән өнерінің классигі

Ән өнерінің классигі

Қарасай ауданының әкімі Махаббат БИГЕЛДИЕВТІҢ көмекшісі Ескендір деген азамат хабарласып, әкімнің қабылдауына келуімді өтінгенде алдымен таңданғанымды жасырып қайтемін. Махаббат Сәдуақасұлының өнер мен әдебиетке бейжай қарамайтынын, оның бекерден-бекер шақырмайтынын білетіндіктен айтылған мерзімде қабылдауына келдім.

Ескендірдің бөлмесінде бір қауым ел жиналып қалыпты. Аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева бастап, аудандық газеттің редакторы Атланта Исаева, ақын әрі композитор Бағлан Омаров, аудандық Мәдениет үйінің директоры Гүлжан Дүйсенова, мектеп директоры Рысбүбі Дүйсебаева және тағы үш-төрт адам қабылдауға бірге кірдік. Махаббат Сәдуақасұлы жиналғандармен таныстырып өтті. Бізге беймәлім көрінген жандар 400-ге жуық ән мәтінінің авторы, қазақ өнерінде есімін алтын әріппен жазып қалдырған ақын Нұрсұлтан Әлімқұловтың ет жақын туыстары екен. Ақынның тұңғыш қызы Зәуреш Нұрсұлтанқызы, оның жұбайы Еркебек Арғымбаев, кіші қызы Жазира Әлімқұлова әкелерінің туғанына 90 жыл толуына байланысты мерейтойлық шаралар жайында кеңескелі келген болып шықты. Жағдайды түсіндіріп өткен аудан әкімі алдымен қонақтарға өздерінің ой-пікірін асықпай баяндап шығуға мүмкіндік берген. Олардың да бекер уақыт өткізбегені аңғарылады. Біршама іс-шаралар өткізу ойланып қойыпты. Ақынның әулеті өз ойларын айтқаннан кейін Махаббат Сәдуақасұлы даңқты жерлестерінің торқалы тойын лайықты өткізу жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды. «Бұл атүсті өткізе салатын қатардағы мерейтойлардың бірі емес. Қазақ әдебиетінің «Алтын ғасырында» ұлылармен қатар жүріп, қазақ өнерінің өрістеуіне өлшеусіз үлес қосқан, бір өзі ғана 400-дей әнге өлең жазған айтулы ақынның тойы. Біз, Нұрсұлтан Әлімқұлов туып-өскен өлкенің азаматтары, Алаш жұртын асқақ жырларымен тербеген ағаның ұлт алдындағы еңбегін лайықты бағалауға тиіспіз. Демек, тойды да өз дәрежесінде өткізуге атсалысуымыз керек!» – деген.
Нұрсұлтан Әлімқұловтың осыған дейін тоғыз кітабы жарық көргенімен, таңдамалы жыр жинағы шықпағанын айта келіп, аудан әкімі тойға тарту ретінде ақынның толымды кітабын шығару қажеттігін атап өткен. Бұл жұмыс осы салада едәуір тәжірибе жинақтаған маған жүктелді. Осы кезде бұл басқосуға шақырылуымның себебін ұққандай болдым. Дегенмен, бұл мен үшін жауапты жұмыс қана емес, ең алдымен көрсетілген сенім екені де белгілі. Сондықтан уақыттың тым аз қалғанына қарамастан кітапты баспаға дайындауға келісімімді бердім. Жиын барысында аудан орталығы Қаскелең қаласындағы Нұрсұлтан Әлімқұлов атындағы орта мектептің жай-күйі, ол орналасқан көшені жөндеуден өткізу, Мәдениет үйінде өтетін шараларды жоғары дәрежеде ұйымдастыру мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.
Ақынның әдеби мұрасын халқымен қайта қауыштыру жауапкершілігі санамды сан-саққа жүгірткенін жасырып қайтейін. Шынын айтсам, Нұрсұлтан Әлімқұлов есімі мен үшін таныс та, бейтаныс болатын. Оның аты ес білгелі менің құлағымда, жадымда, тіпті жүрегімде жүргендей әсерден арыла алмадым. Иә, біздің балалық, жастық, жігіттік шағымызды әнмен әрлеп, жырмен тербеткен құдіретті әуендер осы есіммен байланысты емес пе еді?! Алайда, соңғы жылдары сол бір есім санамызда көмескіленіп бара жатқандай... Осылайша Нұрсұлтан Әлімқұловпен қайтадан танысуым басталған болатын.
Әдетімше үйге келісімен ғаламторды ашып, ақын жайлы жазылған дүниелерді қарап шықтым. Дұрысы, ол турасында материалдар жоқтың қасы екен. Бір бейнетүсірілім мен «Алтыным» әнінің шығуы жөнінде бірнеше нұсқа беріліпті. Өмірбаянынан қысқаша деректерді де осыннан таптым...
Нұрсұлтан Әлімқұлов 1928 жылдың 15 наурызында Қаскелең ауданы Үшқоңыр тауының етегіндегі Қасымбек жайлауында дүниеге келген екен. Әкесі Әлімқұл қазақша, орысша оқыған сауаты бар, орманшы болып жұмыс істеген қарапайым еңбек адамы болғаны аян. Ол кезде ауылдың бәрінде мектеп бола бермегендіктен Нұрсұлтан Қаскелеңде қазақша бастауыш сыныптарды оқып, кейіннен Шелек ауданына қарасты Қаратұрық ауылында екі жыл ұйғыр мектебінен білім алған. Отбасылық жағдаймен екі жыл Алматыда орысша оқыған ол онжылдықты Шелектегі қазақ мектебінен бітіріп шығады. Балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарына дөп келген болашақ ақын өзі тұрғылас балалардың басынан өткен тауқыметтің бәрін кешіргені бесенеден белгілі. Сол, соғыс жылдары майдан даласынан жаралы жауынгер Молдабек Саламатов елге оралып, Қаратұрықтағы Ахметәлі деген ағайынының үйінде жатып емделеді. Ол ақын әрі музыкадан хабары бар жан болатын дейді білетіндер. Нұрсұлтан соған еліктеп өлең жазуды бастап, ән айтумен әуестенген көрінеді. Алғашқы «Шаштарағым» деген өлеңіне баға беріп, поэзияның қыр-сырын да үйреткен сол Молдабек болатын.
Н. Әлімқұловтың мектеп бітіруі Ұлы Жеңіспен тұспа-тұс келіп, сол жылы С. Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің тарих және филология факультетіне оқуға түседі. Университетте өткізген жылдар Нұрсұлтан үшін білім алумен қатар шығармашылық жолын анықтауға да әсер еткені байқалады. Себебі, осы кезеңде ол өлең өлкесіне біржола көшін бұрған болатын. 
Дегенмен, Н. Әлімқұловтың қызмет баспалдақтары бір ғана шығармашылықтан тұрмағанын аңғарамыз. Ол алдымен Қазақ КСР-і Министрлер кеңесінің жанындағы полиграфия, баспа және кітап саудасы басқармасындағы бөлім меңгерушісінің орынбасары, одан кейін Алматы облыстық «Жетісу» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Осы жерде оның тағдыры күтпеген өзгеріске тап болады. Жалпы, «тап болады» деген дәл келе қоймас. Мәселе, 1957 жылы КОКП Орталық комитетінің атышулы пленумында бас хатшы Н. Хрущев, Молотов, Маленковтар бастаған партия мен кеңес көсемдерін партиядан шығарып, бұларды «партияға қарсы топ» деп қаралаған болатын. Осы тұста партиядағы кемшіліктерді ашық айтатын кез келді деп топшылаған Н. Әлімқұлов жергілікті жерлерде орын алып отырған олқылықтарды айтып Хрущевқа жеделхат жолдайды емес пе? Поштада оның жеделхатын алып қалады. Алайда оны мекенжайы бойынша жөнелтпей, қырағылық танытып тиісті орындарға хабарлайды. Оның арғы жағы не болғанын айтпаса да түсінікті. «Шындықты жақсы көретін» коммунисті партия қатарынан шығарып, қызметінен босатады.
Шелек ауданына келіп, ұйғыр мектебінде тіл мен әдебиеттен сабақ бергені де осы тұс. Өлеңге деген ынтасын бір сәт толастатпаған Нұрсұлтан «Мұғалім», «Дәрігер» деген поэмаларын осы жерде жазған болатын. Ал 1958 жылы туған өлкесіне қайтып оралып, Қаскелең аудандық «Коммунизм үшін» (қазіргі «Заман жаршысы») газетіне жұмысқа тұрады. 1962 жылы республикалық «Қазақстан мұғалімі» газетінің әдеби қызметкері, ал 1964-1975 жылдар аралығында Қазақ радиосының балалар редакциясының редакторы болғаны мәлім. Алайда Нұрсұлтан Әлімқұлов қазақ халқының жадында бұл қызметтерімен емес, әнге арналып жазылған өлеңдерімен қалғаны бүгіндері тарихи ақиқатқа айналып отыр.
Жалпы ән туралы айтқан кезде қарапайым тыңдаушы алдымен орындаушыға назар аударатын әдеті бар. Егер ән көңілінен шығып жатса композиторы кім екен дейді, баяғы. Содан кейін барып ән мәтінін жазған ақынды іздей бастайды. Осылайша бүкіл қазақ даласын әуенімен тербеткен талай әндердің сөзін дүниеге әкелген ақындар көлеңкеде қалып жатты. Дегенмен олардың қатарына Нұрсұлтан Әлімқұловты қосуға келмейтін болар. Себебі, бар-жоғы         16 жасында композитор С. Кәрімбаевпен бірігіп жазған «Жетісу» әнімен тыңдарманының жүрегін жаулап үлгерген ақынның есімі жұртшылыққа белгілі болатын. Мәселен, бүгінге дейін махаббаттың символы ретінде шырқалып келе жатқан «Қайықта» әні дүниеге келгенде өнерсүйер қауым Нұрсұлтанды танып үлгерсе, Шәмші Қалдаяқовты әлі біле қоймаған. Бұл жайында атақты ақын Мұзафар Әлімбаев былай деп жазған екен: «Ұмытпасам, 1958 немесе 1959 жыл. Қазақ радиосы эфирінен «Қайықта» атты ғажайып ән тарады. Халық қолма-қол қағып әкетті. Сазына сөзі сай, сөзіне сазы сай біртуар жауһар дүние өмірге келді. Музыкасын бізге бейтаныс Шәмші Қалдаяқов деген жас жігіт, өлеңін бізге таныс Нұрсұлтан Әлімқұлов жазыпты. Тәнті көңілмен қол соқтық. Сүйкімді әндердің, сирек әндердің біріне айналды. Оған, әлбетте, Шәмшінің нәзік әуені алдымен негіз болса, екіншіден қос қанаттың біріндей дерлік ән өлеңінің әдемілігі себеп болған еді. «Мынау махаббаттың гимні дерлік мінсіз өлең екен!» – дестік. 
Өлеңнің композициясы берік, экспозициясы – жаңа ғана қайыққа мініп, серуенге шыққан екі ғашық. Ұшқыр қиялға ілесіп елтіген жігіт. Қыз келбеті көңілдің айдынын нұрландырып жіберген. Ақын енді шарықтау шегіне құлаш сермейді:
Сол бейнеңді тұрған күліп,
Су бетіне қимадым!
Қандай шыншыл сезім, аяулы сезім.
Ескегіңді берші маған,
Мен есейін, сен еспе.
Судың үні сылдырлаған,
Сенің күлкің емес пе?!
Иә, тәтті наз! Еркелік! Аялау! Бәрі рас, айна қатесі жоқ адал сүйіспеншілік, жүрек бақытын құшу деп осыны айтар болар. Өлең жұп-жұмыр, тегіс келген қымбат дүние. Сирек кездесетін әдеби олжа!» 
Жалпы, әдебиет пен өнерде шын жүйріктер бір-бірін мойындамай өтеді деген ұғым қалыптасқан. Ал, дарыны дау туғызбайтын Мұзафар ақынның Нұрсұлтан інісінің бір ғана өлеңіне берген бағасы, жүрекжарды тілегі мен ыстық ықыласы олардың өзара сыйластығы мен мойындауын дәлелдеп тұр емес пе?
Әрине, «Қайықта» сияқты жауһар жырлар күн сайын дүниеге келе бермейтіні белгілі. Дегенмен, өзі де музыка үнін, саз құдіретін терең түсінетін Нұрсұлтан ақын ұлттық өнеріміздің інжу-маржанына айналған талай жырларды дүниеге әкелгені анық. Солардың қатарына Нұрғиса Тілендиевпен бірігіп жазған «Алатау», «Кең жайлау», «Көз көрген қарындас-ай» әндерін, Әбілақат Есбаевтың әніне шығарылған «Әлі есімде», «Көктөбе кеші», «Ақ қайыңдар», Әсет Бейсеуовпен одақтаса шығарған «Алтыным», «Гүлдер», «Армандастар», «Күткенде», Мансұр Сағатовпен бірігіп жазған «Туған ел», «Алматым менің» әндері бүгінгі күнге дейін естіген адамның жүрегіне шуақ құйып, ізгі сезімдерге үндейтіні жасырын емес. 
Әнге керекті сөзді, әуенді әрлендіретін ойды, жүрекке жылы тиетін ұйқасты айнытпай таба білетін ақынға сол тұстағы саз өнерінің саңлақтары түгел тәнті болғаны мәлім. Әйтпесе Әсет Бейсеуов Нұрсұлтанның 29 өлеңіне, Шәмші Қалдаяқов – 24, Садық Кәрімбаев – 23, Әбілақат Есбаев – 21 өлеңіне ән жазар ма еді?! Ақын өлеңдерін өз шығармашылығына арқау еткендердің қатарында Еркеғали Рахмадиев, Күнсайын Қуатбаев, Мыңжасар Маңғытаев, Ескендір Хасанғалиев сынды көрнекті композиторлар болғаны осы ойымызды дәлелдей түседі. Ал, Латиф Хамидидің тыңдаған құлақтың құрышын қандырып, жүректерге лүпіл сыйлайтын «Бұлбұл» әнінің сөзін біздің кейіпкеріміз Нұрсұлтан Әлімқұловтың жазғанын біреу білсе, біреу білмейді.
Біз енді ақын мен композитордың жан тебіренісінен туған әнді тыңдарманға жеткізетін әнші деген ағайындар жайына келейік. Бұл тұрғыда да Нұрсұлтан ағамыздың айы оңынан туғанын аңғарамыз. Себебі, оның әндерін қазақ өнерінің аспанында жарқыраған жұлдыздар Рашит Абдуллин, Жамал Омарова, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Нұрғали Нүсіпжанов, Сара Тыныштығұлова, Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Нұрлан Өнербаев сынды сахна шеберлері орындаған және орындап келеді. Ақын жайлы оның рухани серігі әрі інісі бола білген Нұрғали Нүсіпжанов: «Бір көргеннен ойымда қалғаны – оның мінезі ұяң, ойы ұшқыр, табиғаты жұмсақ, шабыты өктем, кісілігі сыпайы, сезімі тегеурінді жан еді...» – деп жазған екен.
400-ге жуық әннің мәтінін жазып, көзі тірісінде «Ән өлеңінің классигі» (Зейнолла Қабдолов) атанған Нұрсұлтан Әлімқұлов «Қос бауыр», «Бала Тұрар», «Шипахана», «Дәрігер», «Мұғалім» атты поэмалар мен лирикалық өлеңдер жазып қалдырғаны белгілі. Ол сонымен бірге балаларға арналған ертегілер мен сәби санасына лайықталып жазылған оқиғалы шумақтардың авторы ретінде кеңінен танымал. Мысалы, «Қораз бен түлкі», «Барабаншы қоян», «Балалы үй – базар», «Атқұлақ» жинақтары Қазақ балалар әдебиетінің кітапханасы энциклопедиясына енгізілген.
Бар-жоғы 54 жыл ғана ғұмыр кешіп, халқына сарқылмас мол мұра қалдырған ақын Нұрсұлтан Әлімқұловтың туғанына биыл 90 жыл толмақшы. Дүниеден озғанына 40 жылға жуықтаса да есімі халқының жадында жаңғырып, әндері жүректерді тербетіп келе жатқан біртуар перзентіне ұрпақтары тағзым жасауда. Тағзым жасағаны сол емес пе, шығармаларын жинақ етіп шығарып, өлеңдеріне жазылған әндер жаңаша шырқалуда. Мұндай құрметтен ақынның жары Сәуле апай мен ұл-қыздары шет қалмайтыны түсінікті. Ендеше, өнер мерекесі, ешқандай уақыт көлеңке түсіріп, көмескілендіре алмайтын шын дарынның мерейтойы құтты болсын, ағайын!

Қуат Қайранбаев

Оқи отырыңыз