Үш бәйтерек

Үш бәйтерек

Атан түйе арқаласа болдыратын намыстың найзасы да осылар. Қазақ халқының әлімсақтан бері көрген зейнеті мен кешкен бейнетін қаламымен құндақтаған да осылар. Арпалысты заманның өзек жарып өкінткен, аза тұттырып өксіткен кездерін ғазал жырға қосып, ел жүрегіне жеткізген де осылар. Содан болар, жылдар жанарын буласа да жазған жауһарларын жас ұрпақ ақыл асханасында азық етуде. Оған дәлел – І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде өткен «Ілияс әлемі» атты дәстүрлі жастар фестивалі.

Бұл жолғы айтулы шара ұлтымыздың біртуар перзенттері, үш арысымыз Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиндердің өмірден өткеніне 80 жыл толуына орай еске алу мақсатында өткізілді. Фестиваль азаматтық өмір жолдарының қиын да күрделі тұстарын ашып көрсетуге, шығармашылықтарының жаңа беттерін пайымдауға, жаңаша көзқарас тұрғысынан зерттеуге мүмкіндіктер берді. 
Көптен күткен фестиваль Ілияс ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Шарбы бұлтқа оранған көктемнің тұнжыраған аспаны шайдай ашылып сала берді сол сәт. Таң бозынан жиналған жұрт алдында Ілияс ізбасарлары арнау оқып, жырдан шашу шашты. 
Тас мүсінге тағзым еткен еліміздің елеулі жоғары оқу орындарынан келген студент жастар Жетісу жеріндегі ақын атын арқалаған білім ордасына бет алды. Қызылорда, Қостанай, Павлодар, Орал, Алматы шаһарларынан жеткен білімгерлердің бүгінгі бәсекеге сақадай сай келгені көздерінен көрініп тұрды. 
Конференция басталмас бұрын көпшілікке «Алаш арыстары» атты шағын фильм ұсынылды. Содан соң сөз кезегі Жетісу мемлекеттік университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ләззат Еркінбаеваға берілді. 
– Құрметті қонақтар, «Ілияс әлемі» жастар фестиваліне қош келдіңіздер. Өздеріңізге аян, қазақ әдебиетінің үш алыбының дүниеден озғанына 80 жыл толып отыр. Артында өшпес мұра қалдырған сөз зергерлерінің есімі ұлт жадында мәңгі сақталмақ. Олар тұтас дәуірдің келбетіне айналған тұлғалар. Мына отырған жастар солар бастаған салқар көшті ары қарай жалғап, ұлт мүддесі үшін еңбек етуі шарт, – деді ол. 
Әрі қарай сахна төріне ақын Әли Ысқабай шығып, «Ілиястану» ғылыми-практикалық орталығының ғалымдары шығарған «Ілияс Жансүгіров» энциклопедиясы мен орталықтың жетекшісі Мұратбек Иманғазиновтың «Ильясоведение» оқу құралының салтанатты түрде лентасын қиды.
Кітаптың тұсаукесерінен кейін филология ғылымдарының докторы, профессор, «Ілиястану» ғылыми-практикалық орталығының жетекшісі Мұратбек Мүбәрәкханұлы Барлыбек Сырттанов жайлы баяндама жасаса, аталмыш білім ошағының 3-курс студенті Айжан Оразбаева «І. Жансүгіров шығармаларындағы этнографиялық таным» турасында жазған курстық жұмысымен таныстырды.
Шара барысында филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Сайлау Қожағұлов үш арыс мұраларындағы Алаш идеясына кеңінен тоқталып:
– Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер өмір сүрген уақыттағы дүрбелең оқиғалар олардың дүниетанымының қалыптасуына, саяси көзқарасына ерекше із – таңбасын салды. Ақынның шығармашылық жолын жіті қадағалай қарап, өлеңдерінің жазылу ізінің хронологиясымен жүрсек, жас таланттардың шарқ ұрып ізденуін, өмірінің қилы сүрлеу соқпақтары өлеңімен өрілгеніне көзіміз жетеді, – деп мұрағаттан табылған алғашқы баспа бетінен жарық көрген Ілияс жырларының түпнұсқасын көрсетті.
Конференция соңында фестиваль аясында ұйымдастырылған «Соғайын сөзімнен бір сұлу сарай» атты жыр мүшәйрасында топ жарған жас ақындар марапатталды. Сонымен қатар, «Тар жолды, тайғақ кешулі тағдырлар» атты ғылыми жобада үздік шыққан білімгерлерге арнайы сыйлықтар табыс етілді. Ал, «Ілияс мұрасы және алаштану мәселелері» атты жас ғалымдар байқауынан оқ бойы оза шапқандарға Алғыс хат пен қаржылай сыйақы берілді.
Иә, ойлап қарасаңыз, әдебиет туғызған үшемнің бір-бірімен табысуы, оның соңы қимас сыйластыққа, одан әрі араларынан қыл өтпейтін достыққа айналуы қызығарлық құбылыс. Адуынды ақын Иса Байзақов айтқандай, «Бейімбет – Табылдың өзені, Сәкен – Арқаның асуы, Ілияс – Қоңтажы шыңындағы жартасы» емес пе? Олар «Қабағын шытпас ер керек, біздің бүйткен бұл іске» деген Махамбеттің қайсарлығы мен мәрттігін қайталаған өз заманының дүлдүлдері. Келер жылы үш бәйтерекке 125 жыл толмақ.

Мұхтар КҮМІСБЕК

Оқи отырыңыз