Рухың төрде болмаса, иманың кенде болар

Рухың төрде болмаса, иманың кенде болар

Алматы облысы Ақсу  ауданының аға буыны жастар тәрбиесі мен олардың заман  көшіне ілесе білуіне ерекше көңіл аударады. Ауданда 14 пен 29 жас аралығындағы қыз-жігіттердің саны  8588-ді  құрайды. Жақында  Астананың 20  жылдығына орай Жансүгіров кентінде игі шара ұйымдастырылды. 

Мектеп, колледж оқушыларының қолөнер көрмесін  аралаған аудан әкімі  Әділбек  Далбағаев қырық өрім қамшы, асықтан жасалған сағаттарды жасаған балаларға алғыс айтты.   –Егемен Қазақстан десе көз алдымызға  бейбіт халықтың жарасымды тұрмыс -тіршілігі,  шыңында мәңгі қар жататын ақбас тауы, дарқан даласы елестейді.  Біздің бүгінгі міндетіміз – ел мен жерді  көзінің қарашығындай сақтайтын тәрбиелі, білімді  ұл-қыз өсіру. Соған құдіреті сөз арқылы ықпал ету.  Бүгінгі өткізіп отырған жастар форумы соның бір айғағы,–  деді Әділбек Егеубекұлы көпшілік алдында сөйлеген сөзінде. Жиында белсенді, ынталы, өнерпаз жастар көпке үлгі етілді.   Жыр құлагері  Ілияс ақынның інілері, Сара ақынның сіңлілері жырдан шашу шашты.   Құнарлы топырақтан нәр алған әнші-домбырашылар  табиғи дауыста ән салды.  Кең  даланың  Ақан серісіндей  ән шырқаған дара дауыс Дидар Мұқатай тыңдарманын тәнті етті.   Бұдан кейін жастар спорттық жарыс өткізіліп жатқан алаңға бет алды.