ЕЛ ҮШІН ТУҒАН АЗАМАТ

   ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті қалыптасқан дәстүр бойынша құрметті ардагерлерді мерейтой қарсаңында құттықтайды. Биылғы мерейтой иелерінің қатарында Төлеген ЕЛЕУСІЗОВТІ ерекше атап өткіміз келеді. Отставкадағы подполковник бір кездегі Талдықорған облысынының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен үлес қосты.

 

   Төлеген Сәдуұлы 1938 жылдың 12 мамырында дүниеге келді. Кіндік қаны тамған жері – сол кездегі Талдықорған ауданы, Победа ауылы. Қарапайым ұжымшар еңбеккерлерінің отбасында тәрбиеленді. Әкесі Сәду ақсақал Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, Отан үшін от кешкен сұрапыл жылдарда оққа ұшты. Майдан шебінен оралмады. Осыған байланысты Төлеген ата- әжесінің қолында өсті.
   Төлегеннің балалық шағы ауылда өтті. Соғыстан кейінгі ауыртпалық кішкентай бүлдіршінге балалықтың дәмін сездірген жоқ. Шымыр ауылында бастауыш мектепті тамамдап, Шұбар ұжымшарындағы білім ордасында оқуын жалғастырады. Өзінің замандастарымен бірге жастайынан ауылшаруашылығы жұмыстарына араласып, өңірдің дамуына аз да болса ықпал етеді. Қиын-қыстау кезеңде жас баланың тұлғалық қасиеті қалыптасты, мінезімен көпшіліктің алғысына бөлене бастады. Тәжірибе көрсеткендей, сол дәуірдің адамдары тұрақты, сабырлы мінезімен, табандылығымен, болашаққа айқын мақсат қоя алатындығымен, қоғамдық жұмыстарда белсенділігімен, өмір сүруге деген құштарлығымен ерекше көзге түскен. Соғыстан кейінгі ұрпақ нағыз ерлерге тән достықтың қалай орнайтынын жақсы білетін қайсар жандар. Адалдық пен ар-ұяттан аттамаған нағыз жауапкершілігі жоғары тұлғалар өткен ғасырдың ортасында есейді.
   Төлеген ата жастайынан еңбексүйгіш болды. Еркін ойлы, арманы асқақ баланы бүкіл ауылдастары жақсы көрді. Мектепте де үздік оқушы ретінде көзге түсті. Білімге құштарлығының арқасында 1961 жылы Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылығы институтын ойдағыдай аяқтайды. Кейін жеті жыл қатарынан Ақсу ауданына қарасты Абай атындағы ұжымшарда механик болып қызмет етеді. Сонымен бірге, Талдықорған қалалық ұжымшар, кеңшар өндірісі басқармасында бас инженер-ұйымдастырушы, Талдықорған индустриалды техникумында оқытушы болып та жұмыс атқарды.
   Қызметтің қай саласында болмасын Төлеген қария өзін жақсы қырынан танытты. Іскер ұйымдастырушы, сапалы маман, адал және сенімді ақтайтын серіктес ретінде талайдың алғысын алды. Қоғамдық өмірдің тыныс-тіршілігіне бейжай қарамайтын. Әр іске бел шеше кірісіп, ел мүддесін қорғай білетін. Әсіресе, комсомол комитетінің істеріне ерекше атсалысты.
   Төлеген Елеусізов 1968 жылдың наурыз айында Талдықорған қалалық партия комитеті бюросының қаулысымен ҚазССР МҚК қызметіне барды. Талдықорған өңірлік МҚК саласында түрлі абыройлы қызметтер атқарып, сыйлы әріптеске айналды. Сол кездегі қауіпсіздік басқармасының Киров және Панфилов аудандарындағы басшысы қызметін атқарды. Қандай салада да ол өзін Отанын шексіз сүйетін патриот ретінде көрсетті. Жас мамандарды тәрбиелеуге күш салды. Өз өмірінде «Әскери шеберлігі үшін», «Мінсіз қызметі үшін» сияқты оннан астам медальмен, грамоталармен, төсбелгілермен марапатталды.
   Отбасына көңіл бөлетін, Отанын сүйетін ел азаматы зейнет жасында болса да қоғамдық жұмыстарға әлі күнге дейін белсене араласады. Әсіресе, жастардың тәрбиесіне арналған түрлі шараларға қатысып, өзінің өмірлік бай тәжірибесін пайдалана отырып, тағылымды әңгімелерін айтып отырады. Төлеген Сәдуұлын 80 жасқа толған мерейлі жасымен шын жүректен құттықтап, зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілейміз.

ҚР ҰҚК облыстық департаментінің 
ардагерлер кеңесі

Оқи отырыңыз