АКАДЕМИЯЛЫҚ ХОР ТЕКЕЛІДЕ

АКАДЕМИЯЛЫҚ ХОР ТЕКЕЛІДЕ

   Текелі қаласының Мәдениет үйінде Бірлік пен Отан қорғаушылар күніне және Ұлы Жеңістің 73 жылдығына арналған облыстық ардагерлер  академиялық хорының концерті болды. Бұрынғы Талдықорған әжелер ансамблінің негізінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, орынбасары Райхан Сергазинова қолға алған хорға  облыс әкімі Амандық Баталов қолдау көрсетуде. Ардагерлер академиясының мақсаты – қарттардың қоғамдағы белсенділігін арттырып,  жастарды  елжандылыққа тәрбиелеу.

 

   Концерттік бағдарлама шымылдығы «Туған ел», «Дубосеково зиратында» әндерімен ашылды. Алпыс бес пен сексен бес жас аралығындағы аға буын өкілдері, қоғамға еңбегі сіңген қайраткерлер, Алматы облысының, Талдықорған қаласы және аудандардың Құрметті азаматтары орындаған рухты  әндер жұртшылықты тәнті етті. «Елге сапар» әнін орындаған «Қариялар» вокалды тобы, «Ақмаңдайлым» әнін құйқылжытқан Раушан Сәдуақасова, «Талдықорғанды» нақышына келтіре орындаған әжелер тобының  үні көпшілікті бір серпілтті. Сиқыршы Болат Кесікбаев пен биші Светлана Гаитова көптің  қошеметіне бөленді. Өмірде өзіндік із қалдырып келе жатқан апа-аталарымыз өнерде де ешкімге дес бермейтіндіктерін көрсетті. Жас та, жасамыс та  ардагер өнерпаздарға тоқтаусыз қол соқты.  
   Салтанатты шара соңында Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев ардагерлерге алғыс білдіре келе: «Әрқашан халықтың жүрек түкпірінен орын алып, қолдауына ие бола беріңіздер. Бүгінгі қошемет сіздерге арналады. Жетісудың сахнасында ғана емес,  бүкіл Қазақстан халқының алдында өнер көрсеттіңіздер», – деген ізгі тілегін жеткізді. Қалалық ардагерлер ұйымының мүшелері Гүлбаршын Бектұрова, Оралтай Әлиева, Нина Кондратенколар кезек-кезек сахна төріне шығып, өнерпаз ардагерлерге алғыс білдіріп, әдемі гүлдестелер табыс етті. Концерттен соң аға буын өкілдері Отан қорғауда ерлікпен қаза болған батырлардың рухына тағзым етіп, Даңқ монументіне гүл шоқтарын қойды.

Нұржан Махаббатқызы
Текелі қаласы

Оқи отырыңыз