КӨРЕРМЕН НАЗАРЫНДА – «ЕВГЕНИЙ ОНЕГИН»

«Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» жанынан құрылған орыс ұлттық-мәдени орталығының ұйымдастыруымен Қойлық ауылындағы К. Қазыбаев атындағы Мәдениет үйінде А. Пушкиннің «Евгений Онегин» шығармасы сахналанды. 

Спектакльдің басталуын асыға күткен көрермен алдына Қойлық ауылдық округінің әкімі Мейрам Макетов, Ресейдің Қазақстандағы елшілігінің өкілі Ирина Переверзева шығып, екі ел арасындағы байланысты нығайту бағытындағы мәдени шараның маңыздылығына тоқталды. 
Қазақ оқырмандары дана Абайдың аудармалары арқылы Евгений Онегин мен Татьяна Ларинаның махаббат хикаясымен жақсы таныс. Тіпті «Татьянаның хаты» қазақ даласына ән болып таралғаны белгілі. Ал Вата театрының актрисасы Вероника Настальская болса бір өзі бүкіл театрдың жүгін көтеріп, ұзақсонар махаббат дастанын көрермен көкейіне ұялатты. Көрерменмен тікелей сұхбаттасып, араласып жүріп актриса ғасырлар өтсе де ұмытылмаған классикалық туынды кейіпкерлерінің образын  өзі ғана сомдап, жиналған қауымды бір жылатып, бір күлдіре білді. Шынтуайтына келгенде Қойлық тұрғындары сол күні Пушкин сөзінің кереметін қайта сезінді.

Жомарт ИГІМАН
Сарқан ауданы

 

Оқи отырыңыз