Алаш арыстарына арналған ЖИНАҚ

Алаш арыстарына арналған ЖИНАҚ

Қарасай ауданының Алмалыбақ ауылында орналасқан  облыстық мемлекеттік архив филиалында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен облыстық мемлекеттік архиві бірлесе шығарған «Алаш қозғалысы және оның жетісулық қайраткерлері» атты кітаптың тұсаукесері өтті. 

Жинаққа Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының және «Ғылым қайраткері» номинациясы бойынша «Алтын Адам» атағының иегері Кеңес Нұрпейістің жеке қорындағы Алаш қозғалысы туралы жазылған еңбектері мен баспасөз беттерінде жарияланған зерттеу мақалалары енген.     
Жиынды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Гүлім Әбсейітова ашып, жаңадан жарық көріп отырған кітаптың мазмұны мен мәні жөнінде ойларын ортаға салды. Алқалы жиында сөз алған тарих ғылымдарының кандидаты, Абай  атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, «Сорбонна – Қазақстан» институты Халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры, Алматы облысы архивінің қор құрушысы, Кеңес Нұрпейістің жеке қорының сенімді өкілі Талдыбек Нұрпейісов, тарих ғылымдарының кандидаты, Абай  атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті Шамек Тілеубаев,     Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері, PhD докторанты Рашид Оразов сол бір аласапыран кезеңде халқының азаттығы жолында жан аямай күрескен Алаш арыстары туралы тарихи деректерді жұртшылық назарына ұсынды. Олар патшалық Ресейдің бұратана елдерге жасаған зорлық-зомбылығы мен кеңестік кезеңнін «қызыл қырғыны» жайлы архив құжаттарының мәліметтерін келтіре отырып, Еуразия құрлығын астан-кестен еткен Қазан төңкерісі мен революциялар және сілкіністерге толы болған 20-шы ғасырдың халқымыздың басына әкелген зобалаңы турасында баяндады. Мұхаметжан Тынышпаев қорының президенті Нұршайкен қажы Жүнісқызы даңқты атасының өмірі мен қызметі, оның бүгінгі күні насихатталуына қатысты өз ойын ортаға салса, «Арыс» қоры мен «Арыс» баспасының директоры Ғарифолла Әнес Алаш қозғалысы мен Жетісу жерінде ұлтының болашағы үшін күрескен арыстарымыз хақында әңгімелей келіп, еңбектері мемлекет тарапынан дұрыс бағаланбай келе жатқан архив қызметкерлеріне осынау кітапты шығаруға атсалысқандары үшін алғыс айтты. Жиын барысында аталған кітаптың жарық көруіне себепші болған Талдыбек Әліұлына Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлиевтің Алғыс хаты та-  быс етілді.

Қуат ӘБІЛҰЛЫ 
Қарасай ауданы

Оқи отырыңыз