Жан жылытқан жүздесу

Жан жылытқан жүздесу

Дара жолы даңғылға айналған қос басылымның жүзжылдық мерейтойына орай дәстүрлі өтіп келе жатқан оқырманмен кездесу Қапшағай қаласында өз жалғасын тапты. Тағылымды жүздесу барысында қала әкімі Талғат Қайнарбеков «Өлке тынысы» ЖШС-нің директоры Мейрам Жанәділов пен «Жетісу» газетінің редакция меңгерушісі Қуаныш Тұнғатарды арнайы қабылдады.

 

Әкімнің қабылдауында болған Мейрам Базарұлы тарихы терең, таралымы толайым «Жетісу» мен «Огни Алатау» газеттерінің мерейтойы қарсаңындағы атқарылған жұмыстарға тоқталып, әр аудан, қалаларда осындай кездесулер өтіп жатқанын жеткізді. Бұл орайда шаһар басшысы да қос басылымның бұл тойының ел мерекесі екенін атап өтіп, күллі жетісулықтарды аталмыш мерейтоймен құттықтайтынын жеткізді. Руханияттың бұлағы сынды басылымдардың абыройы асқақтай беруіне тілекші екендігін атап өтуді де ұмыт қалдырған жоқ-ты.
Қалалық кітапханада жалғасқан жүздесу кешіне жиналғандардың дені газетті тұрақты түрде оқып тұратын көнекөз оқырман мен басылым бетіне өз үнін қосып жүрген авторларды құрады. Бұл ретте тарихшы-ғалым әрі жазушы Жұмахан Қожамқұлды ерекше атап өтуге болатындай. Ол бүгінге дейін қос басылым бетінде жарық көрген мақаламның ұзын-ырғасы 50-ге жетті деп тебіреніп отырды. Сонымен қатар, ол:
– Қарымды қаламгер     Әміре Әрін  басшылыққа келгелі газеттің ауқымы, рухани әлемі кеңіп, саяси-қоғамдық тақырыптармен ғана шектелмей, тарихи танымдық, әдеби арнасы толыға түсті. Бұл жағынан алып қарағанда еш басылыммен салыстыруға келмейтін құндылығы осында. Ардагер журналистерден Мырзағали Нұрсейіт, Ілияс Жүніс, Сайлаубек Байдүйсен ағалардың, бүгінде Әміре Әрін, Нүсіпбай Әбдірахым, Жұматай Оспанұлы, Мәди Алжанбай, Қуаныш Тұнғатар, Асыл Сұлтанғазы бауырларымның жазғандарын сүйсініп оқимын, – деген байламды бағасын білдіруді де ұмыт қалдырған жоқ.
Өз кезегінде сөз алған қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Бекболат Мұқашев бала күнінен оқитын «Жетісу» газетіне штаттан тыс тілші болғанын және талай мақаласы ақжолтай ретінде еліне жолданып тұрғанын мақтанышпен айтып өтті. Жиын соңында газет басшылығы славян мәдени ұлттық орталығының «Сударушки» ансамблінің жетекшісі Зинаида Волковаға, жергілікті ақын Алтыншаш Жақияноваға, тарихшы-ғалым Жұмахан Қожамқұлға Алғыс хат пен сыйлықтарын табыстады. Дәл осындай құрметке ие болған газетіміздің тұрақты оқырманы Сайлаубек Жарылқасынов сыйлығын екінші үйіне айналған қазыналы кітапханаға тарту етті.