Темірқазық

Темірқазық

Сөз жоқ, ХХІ ғасыр – ақпараттық ат ойнату, бітіспес идеологиялық күрес ғасырына айналды.  Осындай өрістің өзінде  Қазақ елінің байрақты бейнесін әспеттей әуелетер қазақ журналистикасы қандай күйде  дегенде мүдіре қоймасымыз хақ! Әйтсе де, бүгінгідей ақпарат шеруі әлемді шарпыған шақта журналистиканы дамыту – ұлттық қауіпсіздікті сақтау деп түйсінгеніміз  абзал. Бағдарлап қарасаңыз, қазіргі таңда еліміздің идеологиялық мақсат-мұраты, ұлттық асыл қазыналарды сақтап қалу, халықтық қалыпты негіздету секілді ең басты міндеттерінің ауыр жүгін журналистер қауымы арқалап келеді. Және солай болып қала да бермек! Бұл ретте әрдайым аймақтық ата басылымға тән сөз саптап жатсақ – оқырманымыздың олжаға кенелгені. Қатарымызға ұлтжанды, шығармашылық әлеуеті салмақты қызметкер қабылдап, һәм қанаттандырып, түлетіп  жатсақ, бұл да – оқырманның ұтқаны. Алдыңғы аға толқыннан кейінгі толқынға келелі  ұласқан киелі дәстүрге кір жуытпай келсек, мұнымызды да   оқырманның көмбелі қазынасы деп ұққайсыздар! 
Әріден тартсақ, қазақ даласындағы баспасөз қарлығаштары «Түркістан уалаятының газеті» (1870 ж.)  және «Дала уалаятының газеті» (1878 ж.) еді. Патшалық биліктің қолындағы таптырмас идеологиялық құрал бола тұра  қалың қазақ ішіндегі қоғамдық ой-санаға қозғау салып, ел өресін көтеруге айтарылықтай ықпал етті. Өйткені аталмыш газеттердің ана тіліміздегі нұсқасын дайындаушылардың бәрі де кез келген мүмкіндікті пайдаланып, халықтың  келешегіне тән бірінші кезектегі ағарту мәселелерін көтеретін елім, жерім деген ерлер еді шетінен!

Тегінде, қазақ баспасөзі туралы әңгіме өрбіген тұстарда жоғарыдағы қос басылымнан кейінгі бедерде «Жетісу ісші халық мұхбірі» («Жетісу еңбекші халқының хабаршысы») басылымы алдымен ауызға алынады. Жетісу облыстық ревкомы және ұлт істері жөніндегі облыстық комитетінің ресми органы аталған басылым қазақ, өзбек, ұйғыр,татар, қырғыз тілдерінде аралас күйде 1918 жылы 21-маусымда Алматыда шыға бастады. Түркі тілдес тұрғындарға арналған газет әдепкіде негізінен алғанда жедел хат-хабар, бұйрық-жарғылармен шектеліп отырған. Бара-бара тәжірибе толысып, өрістері кеңіген тұста халықты сауаттандыру, ертеңгі күнге үкілеумен қатар әдеби жанрлардағы дүниелерді де жариялай бастайды. Қоғам дамуы, өмірге күнделікті еніп жатқан өзгерістер мен ел көлеміндегі тарихи кезеңдерге орай басылымның атауы да жаңғырып отырған. Мәселен, 1918 жылдың маусымынан «Жетісу ісші халық мұхбірі» («Жетісу еңбекші халқының хабаршысы») деген атпен шығып, кейіннен  «Көмек», «Ұшқын»,  «Бұқара», «Кедей еркі», «Тілші», «Сталин жолы», «Коммунизм таңы» деп аталды. Ал бүгінге дейінгі тұрақты атауы «Жетісу» – 1963 жылғы сәуірде берілген еді. Осынау тар жол, тайғақ кешуі бастан асар ғасырға ұласқан ғұмырдан аймағымыздың ғана емес, мұқым еліміздің шежіресіне қанығар едіңіз. Күштеп коллективтендіру – «аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын», ашаршылық, қуғын-сүргін, Екінші дүниежүзілік соғыс, тың игеру сияқты жұртымызды сүреңсіз күйге түсірген сарғыш жылнамалар тарих тереңіне батыра береді. Осы арада айрықша айта кететін бір дүние, басылымның замана ызғарына қарай шекпенінің түр-түсі өзгеріп тұрғанымен халықтық асыл мұрат, ұлттық құндылықтар темірқазығынан бір мезет те көз жазып көрмегендігі. Сол себепті де, ғасырлық шараның барысында  көне басылымның қуанышын елдік шаралармен негіздеп, рухани кеңістігіміздің көкжиегін арттыруға ұластыруға ұмтылдық. Өйткені бұл – бұқара газетінің барын бағамдап, асылын айшықтайтын  есепті шағы.
Елбасына төнген нәубет-зұлматтар редакция ұжымын да айналып өтпеген. 1935 жылдан бастап Жетісу өлкесінің жаршысы «Сталин жолы» деген атпен шығады. Көп ұзамай жаппай қудалау қара түнегі төнеді де бірқатар ұлтжанды журналистер қанды шеңгел тырнағына ілігеді. Бұл әрине, апталықтың көңілдегідей шығуына кері әсерін тигізіп, мазмұндық селдіреу бел алады. Өстіп жүргенде неміс-фашистерімен арадағы соғыс өрті тұтанып, шаруа тіптен шатқаяқтап кетсе керек.
«Жетісу» газетінің ғасырға жуық  дәуірінде  жұртшылық көңілінде бүршік жарған қимас сезім, риясыз сенімге саяр асыл арна, дәстүрлі ғұрпы бар. Халқымыздың небір қаймақ қайраткерлері кенен де кемел ой-пікірлерімен руханият шырағданын маздата жақты. Сол тұстағы газеттің сарғайған беттерінен саясаттың, әдебиет пен журналистиканың қайыспас кәтепті қара нарлары саналған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мыржақып Дулатұлы, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Смағұл Сәдуақасов, Абдолла Розыбақиев, Қалыбек Сармолдаев, Жұбаныш Бәрібаев, Ыдырыс Көшкінов, Исмаил Тайыров және Мағазы Масанчи сынды арыстардың  алаңкөңіл мақалаларын көп оқыр едіңіз. Ел-жұрт қамын ойлап, келешегіне оң бағыт көрсетіп қана қоймай, нақтылы не істеп, не қоюдың  жарқын үлгі, байсалды бағдарламасы еді соның барлығы! Киелі өнерді құндақтап, бабадан мирас қалған қара сөзді өлеңдей өрнектеген. Ұлт дейтін қасиетті ұғымның қадіріне жеткен. Қазақтың көлеңкелі  тұрмыс-тіршілігін жаны ауыра суреттеп, қаламдарының ұшында асқақ рухтың оты ұшқындаған-ды. Рух дегеніміздің өзі аспанда қалықтап келіп ағаштың басына қона салатын құс емес. Рух дегеніміз – адамның жан дүниесін бүтін баурап барып, шыңыраудан су тартқандай тамыр-тамырын кернейтін, бедерленетін ерен күш! Әркімді еркінен тыс әуелетіп әкететін серіппелі тұрақты сезім.
Міне, осындай ұлық үрдісті сол ақ бастау бастапқы деңгей-кескінінде келер ұрпаққа жеткізу жауапкершілігі жүгінің айтып жеткізгісіз салмақты екендігін жан-жүрегімізбен сезінеміз. Киелі шаңырақтың ішінде толқынды да серпінді Алаш ардақтыларының лепті лебіздері тұнып тұрғандай күй кешеміз күнделікті. Редакция тапсырмасымен қолға қалам аларда аруақтарына бір сиынып алып, демімізді ішке тарта ой өрбітіп жүргендігімізді  қалай жасырайық. Аруақ қонған жерден ат үркетіндігі рас екен. Қиялымызға қанат бітіп, шабытымыздың шалқарға ұласарын да соған балаймыз. 2015 жылы төл мерекеміз қарсаңында Қазақ елі көлеміндегі барша  баспасөз құралдары арасында оза шауып, Елбасы марапатын иеленуімізді де осының арқасы дер едік! Бұған дейін Қазақстан Журналистикасы академиясының Алтын Жұлдызын редакциямыздың төрінде жарқырату құрметіне бөленіп, мерейіміз үстем түскен! Мемлекет тарапынан тудырылған мол мүмкіндіктерді төрт таған негіздей отыра иманды ұл, ибалы қыз тәрбиелеудегі, яки ана тіліміз бен дәстүрлі дінімізді, асқақ рух, ата  тарихымыз бен салт-дәстүрімізді ұлықтаудағы азды-көпті еңбегіміздің жемісінде де сол ақберен арыстарымыздың дән-дәнегі бар. 
Басшы қандай болса – басылым сондай екендігі ертеден әйгілі қағидат. Ғасырлық дәуірде өз қатарластарынан оқ бойы озық азаматтардың қара шаңырақтағы шығармашылық отын қыздырғандығын әр кез кейінгі ұрпаққа  үлгі тұтамыз. Сондықтан да, әр жылдарда  Алматы облыстық басылым тізгінін қолда ұстаған Сабыржан Шәкіржан,  Сабыржан Ғаббасов, Қалдыбай Абдуллин, Исмайл Тайыров, Сара Есова, Жақан Сыздықов, С. Жұмағазиев, Әбдуәлі Қарағұлов, Пернебек Бейсенов, Мамадияр Жақыпов, Баймолда Мұса, Жақыпжан Нұрғожаев, Нүсіпбай Әбдірахымның есімдерін зор ризашылықпен атаймыз.
Газеттің басына аяқасты бұлт үйірілген шақтар да аз ұшыраспаған. Бір мысал. Желтоқсан оқиғасынан соңғы зобалаңға бас редактор Мамадияр Жақып ағамыз да іліккен еді. Бар айыбы – ҚазТАГ фототілшісі түсірген жазаға ұшыраған “желтоқсандықтардың” суретін газетке басқандығы. Сол сұсты заманда мұндай қадамға бару басылым басшысының намысы тасқайрақ нағыз ұлт перзенті екендігін паш етеді! Өзі бұл жайтты былайша еске алады: «Ол кезде обкомды М. Меңдібаев басқаратын. Бізге қатысты шығарылған қаулы бойынша «халық жауына» жақындап қалғанымыз анық. Маған шығарылған үкім: «Саяси қырағылығынан айырылған және газетте оқырмандардың ашу-ызасын қоздыратын идеялық зиянды суреттерді жариялауға апарып соқтырған саяздық көрсеткені үшін «Жетісу» газетінің бас редакторы М. Жақыпов КПСС мүшелігі қатарынан шығарылсын және қызметінен босатылсын!»
Облысымыз кешегі екі өңірді біріктіріп отырғандықтан жүзжылдық той бұрынғы Талдықорған облыстық газетінің де табиғи түрдегі ортақ қуанышы болып есептелінеді. Енді осы ауанға ден қойсақ, 1944 жылдың 16-наурызында Талдықорған облысы құрылуының өзі жергілікті тұрғындардың Ұлы Отан соғысы тұсындағы жігерін жани түскен еді. Сөйтіп 1945 жылдың 7-қаңтарында өңірлік «Сталиншіл»  газеті өмірге келеді. Бірден оқырмандардың рухани серігіне айналған басылым кейін «Советтік Жетісу» деп аталады.  Содан 1954 жылы Алматы мен Талдықорған облыстары әкімшілік құрылымдарының  біріктірілуіне байланысты газет те шығуын тоқтатады. Бұдан кейін Талдықорған облысы 1967 жылдың 27 желтоқсанында екінші рет қайта құрылады да 1968 жылдың мамыр айынан басылым  «Октябрь туы» деген атпен аптасына бес мәрте шыға бастайды. Билік пәрменімен 1996 жылы Талдықорған облысы Алматы облысының құрамына және бір қосылып, «Жерұйық» аталып келген арналы газет тарих қойнауына кеткен еді. Өзіндік үні, айшықты ізі қалған бедерлі басылымның түрлі кезеңдердегі бас редакторлары Баянжан Мәдиев, Ұзақ Бағаев, Жүрғали    Ертілесов, Ғайыс Егембердиев, Тұрсын Әбдуәлиев, Бейбіт Нұрасыловтың есімдері мыңдаған оқырмандардың жүрегінде жылы ұялап қалды. 
Аталмыш газеттің өткелікті жолынан мына бір жайтты баса айтқымыз келеді. Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған шақ. Облыстық «Жерұйық» газетінің намыс жұтқан журналистері бірауыздан үндестік тауып, сол тұстағы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Сергей Жигулин жолдастың ұлттық саясатта, әсіресе қазақ мектептерін ашу мен ана тілімізді дамытуда жіберіп отырған қателігін өзіне әлденеше рет ескертеді. Сыннан нәтиже шығарудың орнына биліктің қыспағы күшейе түсуіне байланысты газет қызметкерлері Тәкен Әліпбаев, Қанат Асқаров пен Кемел Құсайынов республикалық «Социалистік Қазақстан»  газетіне кемшілік тізілген мақала жібереді. Бұл арада біз «Социалистік Қазақстан»  газетінің сол шақтағы бас редакторы Шерхан Мұртазаның әлгі мақаланың аяғын жерге тигізбестен жоғарыға жалтақтамай бірден басып жіберген ерлігін ерекше айтуға тиіспіз. Содан, несін айтасыз, айқай-шу шығып, Қазақстан орталық партия комитетінен  арнайы комиссия келіп, нәтижесінде Жигулин жолдас қызметтен кетіп тынады!
Көзі қарақты оқырмандардың зердесінде сайрап тұр, газетіміздің аға басылым бейнесіндегі тәлімгерлік қыры да басым түсетін. Республикалық бұқаралық ақпарат құралдары мен биліктің түрлі деңгейлерінде қызмет еткен, болмаса бүгінгі таңда сол ортадағы тайқазанның отын маздатып жүрген жаста жасамыс әріптестерімізді санамаласақ ақ қағаздың бетінен асып түсері сөзсіз. Иә, несін айтасыз, ылдидан шауып өрге озған небір қабырғалы қазақ журналистерiнiң қаламын шыңдап, қанаттандырды. Қара шаңырақта қазақтың күйін күйттеген Алаш арыстары қаламының қоламтасы ешқашан өшпек емес. Рухтық, сапалық, мазмұндық  деңгейi жұртшылықты әлі де тамсандыра түспек. Осынау соны соқпақ, соқталы үрдіс ғасыр жүгін арқалаған аға басылымның  отандық журналистикадағы бүгінгі кескін-келбетінен де менмұндалайды. Ақпарат айдынындағы ақ кемеміз көзжетер кеңістікті ғана емес, көңіл қонақтар межені де шолып тұр.
Тәуелсіздігіміз редакция қызметкерлерінің екінші тынысын ашты дер едік. Екі дүние, екі ғасырдың куәсіне айналған басылымның ізі айшықтана түсті. Алғы сапқа бес қаруын сайлап кешегі көпшіліктің сауатын ашқан алаштықтар секілді біздің журналистер де шықты. Уақыт ұстазының орнына тайсалмай жүруге талпынды. Туған ұлтының толағай табиғатын, бет-пішінін зердесіне сіңірмеген жан көпшіліктің көңілі көншірліктей толғақты тақырыпты қалай дөп таппақ, қалайша өрелі ой түзбек?! Яғни, журналист қалай ма, қаламай ма, ол – қоғам қайраткері, саясат сардары! Санасынан Отанға деген ыстық сезім себелеп, ел игілігін еселерге сеп болар ерен ойлары атойлап жұртшылықты иландырар идеяларға ұласып кете барғанда ғана ол перзенттік те кәсіби де борышының үдесінен табылмақ! Осы биіктіктен қал-қадірімізше көріне алғандығымызға шүкіршілік етеміз.
Жалпы, журналистер де құдды бір құрылысшылар секілді ғой. Қолына жақсы материалдар, жағымды жаңалықтар түссе еңселі де құнды дүниелер тудырады. Бұл ретте де қоржын басымыз сүбелі. Жетісу өлкесінің жер-жерінде: қаласында да, даласында да, экономиканың бар саласында замана талабына сай келер келелі де шұғылалы істер тындырылуда. Мұның бәрі, сөз жоқ, уақытпен еншілескен журналистиканың адымын ашып, тынысын кеңейтеді, айыл-тартпасын бекітеді.  
Қолына қалам ұстаушылар мына зымыран дәуірде жаһанның жалынан ұстағандай селт ете сергіп, айналаға қырағы  қарай білсе ұтқаны. Бұл үшін, яки барды бағамдап, басқаға баға беру үшін өзіңнің азаматтық келбетіңнің шұғылалы шығуы заңдылық. Демек, біз ең алдымен сөйлем құрар білер журналисті емес, толыққанды азаматты қалыптастыруымыз шарт. Әр журналист  ұлт атынан сөз ұстап, қоғам дамуының қамшыгері күйіне енуі себепті сол халықтың кешегісін, өсіп, өну жолдарын білуді өзіне басты парыз санауы керек деп есептеймін. Шабыттана шолсақ, шетсіз де шексіз Еуразия кеңістігінде елдігін ерен паш еткен көк түріктердің күндей күркіреп, найзаның ұшында үкілей ұлықтаған өршіл Рухын қалың қазақ ішіне қайта оралтпайынша ерлердің ісі бітер ме?! «Үстімізде – көк аспан, төменде – қара жер, екеуінің арасында адам баласы жаратылыпты, адам баласының үстіне Тәңірі Түрік қағандарын (Бумын және Естеміс) отырғызыпты!» – деп қара тасқа қашап жазған қайран бабаларымыз соншама өршіл, соншама заңғар жаратылар ма еді?! Дәл осылайша,  бүкіл әлем біздің ашсақ алақан, жұмсақ жұдырығымызда, түрік қағандары бар адамзаттың билеушісі деп жаһанға жар сала алудың өзі сол дәуірдегі Рух атаулының шыңы емес пе! Сөз бен істерінің құйылып түскендігін  дәл бүгін барша адамзат мойындап отыр.  
 Дәл осындай құс жолы іспетті туған ұлтының толағай табиғатын, бет-пішінін зердесіне сіңірмеген жан оқырманның  көңілі көншірліктей толғақты тақырыпты қалай дөп таппақ, қалайша өрелі ой түзбек?! Яғни, журналист қалай ма, қаламай ма, ол – қоғам қайраткері, саясат сардары! Санасынан Отанға деген ыстық сезім себелеп, ел игілігін еселерге сеп болар ерен ойлары атойлап жұртшылықты иландырар идеяларға ұласып кете барғанда ғана ол перзенттік те кәсіби де борышының үдесінен табылмақ! 
Түйсінген жанға тілші деген қасиетті мамандық және екінің-бірінің оң жам басына келе де бермейтін кәсіп. Оқып та, тоқып та тілші болмақ жоқ. Біріншіден, бойыңызға Жаратушы иеміздің құдіретімен берілер сөз өнеріне деген икемділік қабілеті ұялауға тиіс. Мұны талант десеңіз де жарасар. Екіншіден, әрі ең бастысы маңдай теріңізді шелектей төктірер еңбек деген ұлы ұғымның ғұмырлыққа құлдығына (алдымен Алланың құлысыз, әрине) жүруге тиіссіз. Осындай жағдаятта ғана имандылығыңыз жүзіңізге көшіп,  қоғамның да қажетіне жарайсыз, адамның  да әлеуетіне септігіңіз тиеді.
  Міне, ағайын, сол себепті де, тұлғалық кейіпке айналар журналист дидары бәрімізді толғантса керек. Менімше, жақсы журналистен бұрын елін, жерін сүйетін, ағынан жарылып сөз ұстар  ақдидар азаматты қалыптастыру шарт. Ал мұндай туған қоғамының алып ғимаратына кірпіш боп қаланар тұлғаны отбасында алдымен ата-анасы қалыптастырар еді. Кәсіпке баулу екінші кезектегі мәселе. Өйтпейінше дипломнан қайыр жоқ. Жақсы адам болса, мал маманынан да  мықты журналист шығады!
Жол білген керуенге жалтақтамаса керек. Алдағы ісіміз тіптен ауқымды. Намыстан жаратылған жұрт екендігімізді есімізден бір сәт те шығармақ емеспіз. Ұлттық болмысымызға жасындай от берер намыстың өзі, әлгінде айтылған, ұлттық тіліміз бен төл тарихымызға ден қоюдан бастау алады.  Тілін төрге, рухын өрге оздыра білген жұрт қана бақытты. Ұлтымыздың мыңжылдықтар көгіндегі уыз ұялаған генетикалық жадында бұққан өршіл мінез, туған халық пен қасиетті жерімізге деген шексіз махаббатты оятуға шырағдан жаға атсалыссақ дейміз.  Адамшылықтың алды – махаббат (Абай.) Елге бай –  құт емес, би – құт! Осынау заңғардан зер салсақ, задында, жүрегі жалынды жанның табиғаты да түйгені де таза тұнбақ. Тәуелсіздігімізді барынша баянды етушілер де солар. Ендеше, осы біздің ғасыр төріндегі қыбыла бағыт, Темірқазық биігіміз!

Уважаемые коллеги!

Поздравляем вас с юбилейной датой – 100-летием со дня выхода первого номера газеты.
В течение века газета «Жетысу» служит надежным компасом в информационном пространстве Алматинской области. Здесь сложился коллектив профессионалов, настоящих мастеров печатного слова, преданных своему призванию. «Жетысу» всегда в центре жизни области, и ваш труд вносит неоценимый вклад в развитие общества.
На протяжении многих лет приоритетным направлением в работе газеты является максимально полное и оперативное информирование читателя о важнейших событиях в жизни региона. Отдельное место на страницах газеты находят материалы на духовную тематику. Вас всегда отличали и отличают неукротимая энергия, целеустремленность и заряженность на успех.
Дорогие коллеги, поздравляя вас с этим знаменательным историческим моментом, желаем вам творческих успехов, новых интересных тем, благодарных и верных читателей. 
С уважением, 
коллектив газеты «Огни Алатау»

Әміре ӘРІН,
облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

 

Оқи отырыңыз