Саф жыр, сырлы проза

Саф жыр, сырлы проза
Жетісу жерінде, Талдықорған төрінде өнерден өрнек салған ерекше кеш өтті. Жыл сайын ұйымдастырылатын Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы биыл жаңа рәуіште көрініс тауып, оқушылар сарайын саф жыр, сырлы прозамен тербетті. Иә, түрлі өңірден жиналған талантты жастар шығармашылықтың шыңына шыққан ақын, жазушылардың туындыларын тебіреніспен толғады. Сондай-ақ, Алаштың алдаспан перзенті Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толуына орай ақын туындыларын жүрекпен жырлады. 
 
Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен белең алған байқауда ауданнан, қаладан іріктеліп шыққан таланттар бой көрсетті. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуді, тіл мәдениетін көтеріп, көркем әдебиеттің кеңдігін насихаттауды мақсат еткен шара шымылдығы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» туындысымен түрілді. Орыс қызының орындауындағы дана ақынның туындысы жиналғандардың жүрегіне жетіп, қатысушылардың жігерін жани түсті. Артынша әуелеген айрықша саз «Көзімнің қарасы» көңіл көкжиегін арттырып, шара шаттығын еселей берді. Кіл жүйріктен кім жүйрікті анықтайтын әділқазылар алқасына  облыстық Бикен Римова атындағы драма театрының әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Серік Нұрхалық төрелік етсе,  айтыскер ақын, облыстық «Алатау» газетінің бас редакторы Айтақын Бұлғақов пен облыстық тіл оқу әдістемелік орталығының оқытушысы Жанар Елесбаева таланттарды анықтады.
Екі кезеңнен тұратын байқау шарты бойынша қатысушылар алдымен проза жанрынан сахналанған көрініске күш салса, артынша Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Міне, осындай сынақтан тұратын байқау үміткерлер үшін әсте оңай болған жоқ. Жыр додасындағы жауапкершілікті жанымен сезінгендер де, көрермен қауым да үлкен толқыныс үстінде отырғанын біз бірден аңғардық. Өздеріне тап келген тапсырманы тиянақты орындау үшін үлкен дайындықпен келгендерін де аңғартты. Бірінен-бірі оза шапқандар дүбірлі додада дес бермеуге тырысып бақты. 17 мен 29 жас аралығындағы 15 үміткердің көбі мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен білім беретін ұстаздар болса, кейбірі өнер саласының майталмандары. Міне, сондықтан да нағыз жүйрікті анықтау әділқазылар үшін оңайға соқпады. 
Проза жанры бойынша түрлі кейіпке еніп, әртістік қырынан танылғандар көрерменнің бірде көңіл көкжиегін аспандатып, бірде жанарға жас үйіріп, аяушылық сезімін тербетті. Көпшілігі Оралхан Бөкей шығармаларынан шер тарқатып, өздері таңдаған образды орайлы алып шықты. Ал кейбірі Мұқағали Мақатаевтың күнделігінен үзінді жеткізсе, Қуат Қайранбаев пен Қайсар Қауымбектің ана туралы жүрек тебірентерлік туындыларын да толғады. Иә, әсіресе, Талғар ауданынан келген Анар Тұрсынжанның орындауындағы «Анамның жалған сөздері» атты шығармасы шешенің қадірін ұқтырып, образға ене оқығандығы отырған қауымның көңілін  тербеп өтті. Сондай-ақ, Қадыржан Сабырақын, Назгүл Ақбасова, Мерейлім Қарабалаева, Еділ Нұрахмандардың шеберліктері әділқазыларды да, көрерменді де пайымды пікір мен ерекше ойға орады. Оралхан Бөкейдің «Жылымық» туындысын таңдағандар соқырдың көкірек шерін жүрекпен сезініп жеткізе білді. Сондай-ақ, автордың «Қар қызын» сахналық көрініс ретінде ерекше сомдаған үміткер көпшілік көңілінен орын тапты. Ал екінші кезең бойынша да өнерлі ортада осалдар болмады. Бірінен-бірі өтіп, Алаш арысының өмірлік өлеңдерін айрықша сезіммен айтып шықты. 
Жүзден жүйрік шыққан жүлдегер де анықталып, шара қорытындысында әділқазылар шешімімен әсерлі де көркем шығармаларды таңдап, жоғары деңгейде алып шыққан текелілік Мерейлім Қарабалаева, талдықорғандық Айдана Тынысбекова, талғарлық Анар Тұрсынжанға үшінші орын бұйырып, 60 мың теңгені еншіледі.  Ал оза шауып, айрықша көзге түскен Кербұлақ ауданынан келген Назгүл Ақбасова мен Панфилов ауданының үміткері Ерғанат Закенов екінші жүлдеден көрініп, 80 мың теңге сыйлыққа қол жеткізді. «Жылымықты» жүректен жүрекке жеткізген ақсулық Еділ Нұрахман бірінші орынды қанжығаға байлап, 120 мың теңгені иеленді. Ал орақ тілділерден оза шауып, бала жасынан бақытын өнерден тауып келе жатқан қарасаздық Қадыржан Сабырақын аталмыш байқаудың бас бәйгесінен көрінді. Мәре сызығын бірінші болып кескен үміткер Оралхан Бөкейдің «Атау кересі» мен Мағжан Жұмабаевтың «Сағындым» туындысын толғаған сәтте-ақ бас жүлде кімдікі екені анық сезілген. Райымбек ауданының үкілеген үміті сенімді ақтап, 150 мың теңге қаржылай сыйлыққа  қол жеткізіп, республикалық байқауға жолдама алды. Шара шымылдығы жүлдегердің «Қазақтық рухымыз көкте шарықтасын» деген сөзімен жабылды. 
 
Құралбек  СӘБИТОВ
 

Оқи отырыңыз