МИЛЛИАРДТЫ МОЙЫНДАТҚАН МҰҚАЛИ

МИЛЛИАРДТЫ МОЙЫНДАТҚАН МҰҚАЛИ
   Еуропа мен Египетте ел басқарып, алдаспан асынған арналы ғұмырларын ат үстінде өткізген атақты Аттила да, әлемге есімі мәшһүр Сұлтан Бейбарыс та, жұмыр жердің жартысына жаңа тәртіп орнатып, Тұран даласына ту тіккен танымал Темірші де, миллиардты мойындатып, қалың қытайдың басына бақ қондырған Мұқали да – киіз туырлықтың астында кіндігі кесілген, күмәнсіз, біздің баһадүр бабалар. Мұндайда дәлелі қайсы деп ділмәрситын, шылғи өтірікке шығарып, шүбә келтіретін жандардың өз ортамыздан табылып, өзекке теуіп, өрекпи жөнелетіні, әрине, өте өкінішті. Әйтпесе, шаңы қағылған шежіремізді, қызыл саясаттың құрсауынан аршылып, шындықтың шәрбәтіне суарылған көшпенділердің көне тарихын шетелдік ғалымдар әлдеқашан мойындап қойған. Сондықтан, түрі тәуелсіз Қазақстанды құрметтегенімен, тілі мен түйсігі кешегі тоталитаризмнің торында шырмалып қалған кертартпа тарихшыларға жалтақтамай, ұлтына шын жанашыр әрі жаңашыл жастармен жасампаз істерді қолға алып, іркіліссіз ілгері басқан жөн. Оның бастапқы баспалдағы – Ұлы даланы дін аман сақтап, бүгінге жеткізген бабаларымызға бас иіп, есімі мен ерлігін өнеге тұтудың бір белгісі ретінде еңселі ескерткіш орнатып, етігімен су кешкен талайлы тағдырларын мектеп пен университет оқулықтарына енгізу.
 

   Талдықорған қаласындағы Рухани жаңғыру орталығында іргеміздегі Қытай елінде мәңгілік тыныс тапқан Мұқали баһадүр жайлы жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Ұлт тарихын бүге-шігесіне дейін зерделеген зиялы қауым тың ұсыныстар айтып, жаңа жинақтың сүйінші даналары жайлы жылы лебіздерін білдірді. Алқалы жиынды Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін ашып, тағылымды тарих жылғаларынан жүйелі сөз айта отырып жүргізді. Қанатының астында мыңжылдықтар құпиясы жасырынған қазақ тарихы үш ғасыр нақақтан қорланып келді. Отарлық саясат кейінгі буынды ел басқарған бабаларын білмейтін, аты айтылса, атылып кетермін деп өзді-өзімен бұғына түсетін боркемікке айналдырды. Тіпті, ата тегін ауыстырып, ұлтсыздандыру саясатының шекпенін киген қуыскеуде болып шыға келді. Ондайлар ұлтын ұлықтаудың орнына кеңшардағы қой санын есептеп, асыра орындаған жоспарымен даңғойланатын пұшайман күйге түсті. Бірақ тәубе дейік, тәуелсіздікке қол жеткізгелі халық әу бастағы асыл арнасына түсті. Арғы аталары болмаса, кейінгі бірнеше буынның санасында көмескі тартқан тарихи тұлғалар жарыққа шықты.
   Солардың бірі – Шыңғыс хан шаңырағын көтерген Моғол Еке ұлысының бас қолбасшысы, әлемдік деңгейде әскери әдісті жетік меңгерген әрі қазақ халқының мақтан тұтар перзенті, қаһарман ұлы болған Мұқали батыр. Ол Шыңғыс ханға бар саналы ғұмырын арнап, қырық жыл адал қызмет атқарды. Қаған сенімді серігіне қалың әскерінің сол жақ қанатын басқартты. Сол жақ моғолдарда, яғни, түріктерде ең қастерлі болып саналған. Бірақ қағанның сенімді әскербасы орта жастан асқанда көз жұмған. Боданшардан тарайтын бір атаның балалары кішкентайларынан айнымас дос еді. Тарихи деректерге сүйенсек, Шыңғыс хан Мұқалидың өліміне қатты қайғырып, ұзақ уақыт уайымға салынған.
   Елі үшін туған ердің құрметіне шығарылған кітап тарихи деректерге толы. Қазақ тарихын тағы бір ержүрек батырмен толықтырған жинақта Мұқали жайлы жан-жақты зерттеу материалдары топтастырылған. Кітап жастарға отаншылдық рух береді әрі Мәңгілік Ел идеологиясын дамытуға бірден-бір қозғаушы күш. Халық мұрасына қамқорлық танытып, ұмытыла бастаған тектілік ұғымы мен шежірені қайта насихаттап жүрген қайраткерлер кітаптың тұсаукесерінде тарихи тақырыпта әңгіме қаузады. Шарада жуырда ғана Қытай жеріне барып, тарихи тұлғаға зиярат етіп қайтқан «Мұқали» халықаралық экспедициясының сәтті сапары жайлы бейнефильм көрсетілді. Телефильмде танымдық саяхатқа қатысқандар алған әсерлерімен бөлісіп, тың деректерді тілге тиек етеді. Сонымен бірге, Қазақстанның Қытайдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышевтің пікірі берілген. Ол өз сөзінде Мұқалиға бір жарым миллиард қытай бас иетінін, мазары мемлекет деңгейінде қарауға алынғанын, тұтас түркі жұртына ортақ тұлғаның болашақта зерттеліп, Қытай мен Қазақстан арасын жақындастыра түсетінін айтып өтеді.
   Фильмді тамашалаған адам қытай халқының Мұқалиға деген шексіз құрметін ап-айқын сезінеді. Шағын көрсетілімде Юлинь қаласында қазақ делегациясына көрсетілген мәдени-рухани шараларға, жылы жүздесулерге, мешіт пен тарихи орындарға шолу жасалған. Бәрінен үлкен әсер қалдыратыны – Мұқали ескерткішінің шырақшысы Жао Зы Шыңның жүрегінен шыққан шынайы сөзі. Зират қызметкерінің айтуынша, Қытай елінің бүгінгідей өндірісі дамыған, бірлігі бекем мемлекетке айналғаны Мұқалидың арқасы.  Даңқты тұлғаның өмір жолы шырақшыны қатты қызықтырған. Ол 1985 жылдан бері Мұқалидың ескерткішін күтеді. «Қазір жасым 73-ке келді. Бұрынғыдай емес, аяқ-қолымыздың қуаты қайтып, қартайып қалдық. Қытайлықтар, біздер, Мұқалиды әулие санаймыз. Батырдың мазарын жаңғыртып, қайта жерлеген сәтте осы маңай гүлденіп, көк майса қаулап өсіп сала берді. Бұрын құрғап, қуаңшылық жиі болатын еді. Ендігі кезекте осы абыройлы қызметке баламды дайындап жатырмын», – дейді қытайлық шырақшы.
   Экспедицияға облыс әкімі Амандық Баталов қолдау танытып, қазақ тарихын толықтырып қайтатын зиялыларға сәт сапар тілеген. Қытайда танымдық саяхат өкілдерін мемлекеттік деңгейдегі құрметті қонақтар есебінде күтіп алды. Экспедиция құрамында 14 адам болды. Қытай жерінен тарихи олжаға байып қайтқан делегация ішінен бірінші болып белгілі баспагер, танымал журналист Ырым Кененбаев Мұқали батырға арнап кітап шығару ісін тезірек қолға алуды ұсынады. Барлығы бірауыздан бұл бастаманы қолдап, санаулы күннің ішінде Мұқали туралы зерделі мақалаларға толы кітап дайындалады. Кітапты Ырым Суанбайұлы тегін бастырады. Шараға жиналғандар батыр бабасы үшін осындай қадамға барған азаматқа алғыстарын жаудырды. Жаңа жинақтың тұсауы кесілгеннен кейін алғашқы сөзді Д. Қонаев атындағы Еуразия заң академиясының ректоры, заң ғылымдарының докторы Өмірәлі Жалайыри алып, Талдықорған мен Юлинь арасын жалғаған мәдени, тарихи көпір болашақта тағы нығая түсетініне сенім білдірді. Сондай-ақ, Қытай жерінде жатқан Мұқали батырдың ескерткіші 3 гектар аумақты алып жатқанын, ал Қазақстанда бабамызға ешқандай белгі қойылмағанын жеткізді. Сондықтан, кейінгі жастар тарихи тұлғасын мақтан тұтуы үшін тез арада ескерткіш орнату жұмысын бастауды ұсынды. Ал жазушы, журналист Ырым Кененбаев осыдан бес-алты жыл бұрын Ақпар Мәжитұлы есімді ұлты қазақ, бірақ Қытай елінде тұратын қаламгердің «Мұқали» атты тарихи романы оқырмандарға ұсынылғанын әңгімеледі. Романды Қуаныш Қамшыбекұлы аударған. Филология ғылымдарының докторы Сәрсенбі Дәуітов кітапқа редакторлық жасаған. Бұл кітапқа деген сұраныстың артқаны сонша, кейіннен ағылшын, орыс тілдеріне де аударуға тура келген.
– Бүгінгі тұсаукесер ана жолы барып-қайтқан сапарымыздың қорытындысы іспеттес. Қытайға әрбір қазақ жайдан-жай қыдырып емес, қандасымыз, бабамыз, ел қорғаған батырымыз жатыр деп баруы тиіс. Көзін ашқаннан жұмыс деп өсетін қытайлардың өзі тарихын терең біледі екен. Қолдары қалт етсе, Мұқалидың басына барып қайтады. Мұқалидың есімі бүкіл Қытай жұртына әйгілі. Ал қазақ жерінде қандай құрмет көрсетеміз деген сауалға келгенде, тосылып қалмайық, ағайын, – деді Ырым Суанбайұлы.
Жиынға қатысқан тарихшы, ғалым, өлкетанушы Өкітай Ахметов тарихтың қасіретті жылдарына тоқталып, кеңестік империяның тұсында өмір сүрген буын жалтақ болғанын, ақиқатты ашып айта алмағанын жеткізді. «Шыңғыс ханның қазақ, оның ішінде жалайыр екенін мойындауымыз керек. Біз сол кездегі саясат салдарынан туған моңғол деген атауға мән бермегеніміз жөн. Өйткені, ол қолдан жасалған жай ғана мемлекет атауы. Өзіңіз ойлаңызшы, Шыңғыс хан қол астындағы 300 миллион адаммен, әйелі, Қоңырат қызы Бөртемен, Найман Кетбұғамен, Жалайыр Мұқали, Жамұқа, Сүбедей, тағы басқалармен аудармашысыз сөйлескен. Қағанның қасында бәленше аудармашысы болды деген бірде-бір дерек кездеспейді. Патшалы Ресей де, кешегі кеңестік билік те қазаққа тек қасірет әкелді. Ең қауіптісі, осы қызыл жендеттер еді», – деді өлкетанушы арғы-бергі тарихтан сыр қозғап. Сөз соңында ол кейінгі уақытта жарық көрген жаңа кітаптарын кеш қонақтарына сыйға тартты. Тұсаукесер рәсімінде Алматы облысының Құрметті азаматы Оралбек Жақиянов, өңірге белгілі меценат Мықтыбек Рахымбек те құтты болсын айтып, қазақ мақтаныштарының қатары тағы бір адамға артқаны үлкен тарихи оқиға екенін атап өтті. Қоғам қайраткері Наурыз Қылышбаев саясат араласқан тарих ешқашан шынайы жазылмайтынын, сол себепті де әлемге әйгілі «Нобель» сыйлығы бұл салаға берілмейтінін сөз етті. Қазақ тарихына да кезінде солақай саясаттың теріс ықпалы тиді. Бірақ Қадырғали Жалайыри жазған құнды еңбектің орны әрқашан жоғары. Шоқан Уәлихановтың өзі бұл кітап туралы қазақ тіліне жақын деп жоғары баға беріп кеткен. Наурыз Қылышбайұлы сөз түйінінде кеңестік саясаттың ықпалы басым тарихымызды тазалап, ататегімізге қайта оралуды әңгіме өзегіне айналдырды.
   Жаңа кітаптың сүйінші даналары Рухани жаңғыру орталығының қызметкерлеріне, І. Жансүгіров атындағы ЖМУ мен «VIP Zhetysu» кітапханасының өкілдеріне салтанатты түрде табыс етілді. Жиын тізгінін ұстаған Қазақстанның Құрметті журналисі Әміре Әрін Ақсақ Темір, Шыңғыс хан мен Майқы, Едіге билер жайлы тарихи деректерді айта келіп, былтыр ғана Жезқазған қаласында Кетбұға бабамызға ескерткіш ашылғанын, сондай мәңгілік тас белгі Мұқали батырға да қойылып, есімін оқулықтарға енгізу керектігін ұсыныс ретінде ортаға тастады. Шара соңынан қатысушылар Кербұлақ ауданындағы «Шыңғыс хан төбесі» деген тарихи атаумен мемлекеттік жүйеге тіркелген орынға әйгілі қағанның досы әрі ерен қолбасшысы Мұқалиды Қытай елін басқаруға жіберіп, го уан (ұлық, әмірші) атағын және мөрін, тоғыз шашақты туын тапсырып тұрған сәтін бейнелейтін алып ескерткішті орнатуға уағдаласып тарқасты.

Қуаныш ТҰНҒАТАР.

 

Оқи отырыңыз