САЛ-СЕРІЛЕРДІҢ ӘНДЕРІ ШЫРҚАЛДЫ

САЛ-СЕРІЛЕРДІҢ ӘНДЕРІ ШЫРҚАЛДЫ

Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, белгілі әнші Санат Исаевтың алғашқы есеп беру концерті өтті. Қуанарлығы сол, Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының залы көрермендерге лық толды. Эстрада өнерпаздарының әуендері басым түскен мына заманда халық шығармаларын сүйіп тыңдайтын жұрттың да аз емес екені бәрімізді тәнті етті. Әсіресе, бұл қатарда жастардың жүргені сүйіндірді.

Шымылдық ашылғандағы көрініс ерекше әсерге бөледі. Айлы түн, табиғат аясында бір топ өнерпаздар отыр. Кешегі сал-серілердің думанды сәттерін көзге елестетеді. Гүлдей жайнаған қыз-жігіттер әнші Санат Исаевты қаумалап алған. Концерттің «Алатау алабында» деген тақырыппен мазмұндалғаны осындай үйлесімдермен өрілді. Әнші репертуарынан байқағанымыз, Санат бұл концертке мол дайындықпен келген. Арқаның кең тынысты әндерін еркін меңгерген. Жетісу әндерінің ішкі иірімдеріне терең бойлауға тырысқан. Жалаң айқайдың жетегіне ермей, әуезділіктің сырларына үңілген. Айтылатын әндердің философиясы мен суреттеріне көңіл бөлген. Сондықтан, әуелеген әсем саз «құлақтан кіріп, бойды алды».

Концерттің кіріспесінде Біржан салдың «Айтбайы» шырқалды. Ән аяқталған кезде сатырлай соғылған шапалақ театрды жаңғыртты. Бұдан кейін Санат салған әсем әндер бір-біріне жалғасты. Жаяу Мұсаның «Көгершіні», Балуан Шолақтың «Ғалиясы», Кенен Әзірбаевтың «Көк шолағы», Үкілі Ыбырайдың «Гәккуі», Иманжүсіп Құтпанұлының «Иманжүсібі» тыңдаушыларды желпіндірді. Жанды дауыспен орындалған шығармалардың жөні бөлек қой. Бойға қуат, ойға күш дарытады. Тынысың кеңіп рахаттана демаласың. Оның үстіне Санат әрбір шығарманы орындаудың алдында жиналғандарды әннің шығу тарихынан хабардар етіп отырды. Бұл да концерттің танымдық ерекшелігін байыта түсті.

Аталған есептік концерт – Санат Исаевтың ондаған жыл аясындағы ізденістерінің жемісі. Бір сәт әншінің өткен жолдарына үңілсек, көп нәрсені аңғарамыз. Кеген ауданы, Түменбай ауылында дүниеге келген Санат бала кезінен өнер жолын ұнатты. Армандары алға жетеледі. Себебі, ол өскен әулет өнерлі шаңырақ атанған. Әкесі Ауғанбай кезінде Алматыдағы эстрада-цирк колледжінде Болат Сарыбаевтың сыныбында тәлім алыпты. Бірақ тұрмыстық жағдайлардың қолбайлауына байланысты оқудан қол үзуге тура келген. Сол асыл армандар бертін келе Санаттың санасына көшкен екен. Оған әкесі қуанбаса, қарсылық білдірмепті.

Нәтижесінде, 2001 жылы Санат Қаскелеңдегі Мәдениет колледжін, 2006 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірді. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиевтің сыныбында шығармашылығын шыңдады. Шәкіртінің алғашқы есептік концертіне келген Рамазан аға оны әнімен қолдап, ақ тілегімен қанаттандырды. Бүкіл бағдарламаны мойнына жүктеп, алғаш рет ел алдына дара шығу, әрине, оңай емес. Толқитын сәттердің болатыны заңдылық. Ұстазы соның бәрін айта келіп, Санаттың келешегіне зор сеніммен қарайтынын жасырмады. Сонымен қатар, өнердегі әріптесі, республикалық байқаулардың лауреаты Амангелді Күзембай да ән шырқап, өнер кешінің шырайын кіргізді.

- Ақан сері бабамыздың мұрасы мені өзіне ерекше тартты. «Балқадишаны» алғаш рет радиодан естіген сәтте-ақ дәстүрлі әндерге аңсарым ауды, – дейді өткенді еске алған Санат. Консерваторияға үміткер болып келгенде Санаттың дауысын Қайрат Байбосынов танып, ары қарай Рамазан Стамғазиев әншінің жігерін жанып өнерпаздың жолын ашыпты.

Концерттің келесі бөлімі «Алатау» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің сүйемелдеуімен өтті. Әншінің орындауындағы Қапез Байғабылұлының әні «Үш Меркі», халық әні «Тойбазар» және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған Бекболат Тілеуханның «Елім менің» әндері қанатын қаққан сұңқардай әуелеп көкке самғады. Аспантаулар өлкесінің аса дарынды композиторы атанған Қапез атамыздың шығармасы орындалғанда жұрттың толқымағаны жоқ. Өткен ғасыр қойнауынан жеткен баба дауысы көпшілікті бір толғандырса, Қапез атамыздың жасы тоқсаннан асқан қызының көрермен болып залда отырғаны ешкімді бейжай қалдырмады.

Есептік концертте ұзын саны жиырмаға жуық шығарма орындалды. Соның бәрін санаулы уақыт ішінде жанды дауыспен айтып шығу, әрине, оңай емес. ҚазҰУ-дағы Студенттер сарайында үйірме жетекшісі, одан кейін № 175 Жаңа ғасыр мектеп-гимназиясында ұстаз болып шәкірттер тәрбиелеген Санаттың өнерпаздық аяқ алысына көрермен қауым оң бағасын берді. Кеш соңында Алматы қалалық мәдениет және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлиев дәстүрлі әндерге мемлекет тарапынан зор көңіл бөлініп отырғанын айта келіп, ұлттық өнерімізді ұлықтаған әншіге сәт сапар тіледі.

Болат МӘЖИТ

Алматы қаласы

Оқи отырыңыз