ТАЛДЫҚОРҒАНДА ӘДЕБИЕТ ӨКІЛДЕРІ КЕЗДЕСТІ

ТАЛДЫҚОРҒАНДА ӘДЕБИЕТ ӨКІЛДЕРІ КЕЗДЕСТІ

Хорасанның гүліне айналған аңсарымның әуенін тыңда! Жаның балқыр, жүрегің елжірер. Ерекше күйге енесің. Кеудемдегі жұдырықтай жүрегім саз балшықтан қаланған Тараз бен Түркістанның ежелгі қамалдарында, Сығанақ пен Сайранның көктей күмбездерінде шалқып жүр. О, орта ғасыр! Мен сені сүйемін, аңсаймын!

Осылай деп тебіренген Зайда Елғондинова облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма ұжымының ұйымдастыруымен өткен "Әдебиет - руханият діңгегі" атты дәстүрлі кеште өз танымындағы сан тақырыпты қаузады. Қоғам, адам, махаббат пен сезім жайлы әңгіме өрбітті. Орта ғасырға жырмен сапар шеккен қазақ әдебиетінің Еңлікгүлі негізгі сағынышы, аңсары өткен ғасырмен астасып жатқандай. Мұны зерделі оқырман шығармаларынан-ақ әлдеқашан ұғынған.

Әдебиеттің үш буыны - үш өкілімен болған кездесуді белгілі ақын Ерлан Жүніс жүргізді. Ол әуелі қазақ әдебиетінің үш буыны - Зайда Елғондинова, Роза Сейілхан, Әлия Іңкәрбекті көрерменге таныстырып өтті. Одан кейін шайырлар шығармашылығынан бір өлең сұрап, көрермендерді бір серпілтіп алды. Әдебиет, ар, адамзат жетістігі мен жеңілісі, қоғам, замана ағысы, дәуір талабы әңгіме өзегіне айналған кеште студенттер түрлі сауал қойды. Арасында ән әуелетіп, өз шығармашылығы мен тағдырынан тағылымды ой сабақтаған әдебиет өкілдері кездесу соңында "Рухани жаңғыру" бағдараламасы аясында ұйымдастырылған бұл кештің мәні мен маңызы зор екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, шара ұйымдастырушыларына алғыс айтып, ЖМУ білімгерлерінің белсенділігіне рахметін жаудырды. Толығырақ газетіміздің алдағы сандарынан оқи аласыздар.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Оқи отырыңыз