Абайдан таптым ақиқат

Абайдан таптым ақиқат

«Желсіз түнде жарық ай, сәулесі суда дірілдеп» деп сонау жастық шағында көңілінің күмбезінен ойып орын алған сұлуымен оңашада кездесті. Алшынбайдай тектінің әулетінен ибалы келін сүйгісі келген Құнанбай Ділданы алып берді. Әке тілегін құп көрген данышпан Тоғжанға қолы жетпегенмен Әйгерімді де жар етті. «Қансонарда бүркітші шығады аңға», деп серілікті бастан өткерді. Бірақ бейопа өмірде бұлардың  бәрі өткінші екенін аңдады. Ең соңында «Махаббатпен жаратқан адамзатты, сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті», деп хақ жолына беттеді. Адамның адамдығы, жаратылысының түп мақсаты қандай екенін сонда ұғып, өзге сезімнің бәрі өткінші екенін түсінді.

Еркін ауылдық кітапханасында болған кездесуде облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, ҚР Мәдениет қайраткері, ақын Жұматай Оспанұлы осылай деп ақеділ сөзін тарқатты. Абайдан адамзаттық ілімді, Мұқағалидан өмірді сүюді үйренгенін жеткізді. Әлі де жүгінерім осы қос тұлға деп айтарын айшықтап, әлем әдебиеті бай болғанымен тамырым қазақ әдебиетінен нәр алып жатыр деп тебіренді. 
Жетісулық ақын-жазушыларды қонаққа шақырып, жүйелі түрде тағылымы мол рухани кеш ұйымдастырып жүрген Еркін ауылдық кітапханасының меңгерушісі Жанар Жақыбаеваның жүргізуімен болған кездесу кешінде оқушылар сырлы сөздің қасиетін, бабалардың өміршең өсиетін ұғынғандай күй кешті.
Е. Берліқожаұлы атындағы №11 орта мектебі мен Еркін ауылындағы №26 орта мектеп оқушыларымен болған жайдарлы жүздесу барысында шара мейманы балалық шақттың тәтті елестерін еске алды. 
«Бандыны қуған Хамит» секілді қазақ кино өнерінің қайталанбас туындыларын көріп өскен ауыл баласының аңсары актерлікке ауып, осы мақсатпен құтты мекеннен қалаға арман қуып барғаны, Өнер академиясының табалдырығынан аттап, араға жылдар салып дипломы бар әртіс атанғандығы, сөйтіп театр деген ұлы өнердің сахнасына шыққаны, бәрі-бәрі шәкірттердің ақын кеші барысында тыңдаған әсерлі әңгімесі. Бала шақ пен болашақтың арасын қамтып, орайы келгенде нұрлы күндердің ең ғажайып сәттерін толғаған Жұматай Оспанұлы енді бірде өмірдің баршылығына дейінгі таршылық кешкен тұстарын да өскелең ұрпақ сабақ алсын деген мақсатта санамалап шықты. Асқар таудай әке мен шалқар көлдей ананың көлкөсір көңілінің арқасында әрі өнерге деген құштарлықтың негізінде қоғамдық, мәдени өмірлік талай сатыдан өтіп, Б. Римова атындағы облыстық драма театры сахнасында өнер көрсетіп, журналистика саласына арда ағаларының шақыруымен ойысып, қасиетті қаламды салалы саусақтарына қапсырып, қасиетті сөз өнерінің өрісін кеңейтіп жүргені, бәрі-бәрі ақынның алқаусыз әңгімесіне жүк болды.
Орайы келгенде шара қонағының жан жадыратар әсерлі әңгімесінен қуат алған оқушылар ақынның «Анаңды қадірдей біл тірісінде» сынды бірқатар жырын тамылжыта оқыды. Сонымен қатар, мұзбалақ Мұқағали сынды қазақ поэзиясында өзіндік орны бар дара ақындардың өлеңі оқылды. Шара барысында Еркін ауылдық кітапханасының меңгерушісі      Ж. Жақыбаева ақынның «Алғашқы махаббатқа хат» жырын оқып, осы туындының бас кейіпкері жайлы әрі өлеңдегі көркемдік бояуы қанық ойлар тізбегі туралы баяндап беруін сұрады. Осылайша көптеген сауалдарға, шәкірттерді толғандыратын түрлі мәселелерге жан-жақты, терең көзқараста жауап берген Жұматай Оспанұлы «Дәстүрім дидарым» атты кітабын өткір сауал қойып, еркін жыр оқыған белсенді шәкірттерге ұсынды. 
Ғаламтордың торына түспей, кітаптың киесімен кемел елдің келешегі болатындай білімге жетіңдер деген Ж. Оспанұлы өлең өлкесінде ізін басып келе жатқан №26 орта мектебінің 8-сынып оқушысы Әділбек Жанұзақовтың: 
Мен қазақпын,
Тәуелсізбін, азатпын!
Ұлтым асыл, тегім ұлық, 
ғажаппын.
Мұқаңдардың сара ізін 
басам деп,
Жүрегіммен жақұт 
жырын жазбақпын.

Құшақ жай, кеудеге бас 
халқым мені,
От боп құш, сезілмесін 
салқын демің.
Жас дарынға қуат бер, 
қарсы алып бақ, 
Жанымның жарылғанда 
алтын кені, 
– деген төл туындысын тыңдап, жас шайырға ақ батасын берді. Балауса ақынның беталысына қуанған кеш қонағы бұл жырды «Жетісу» газетінде жариялап, алдияр оқырманға ұсынатынын жеткізді. Осылайша жүз жүрекке аталы сөздің нұрын құйып, бір ақын шәкіртін қанаттандырған кеш қонағына тағылымды жүздесуді ұйымдастырушылар алғысын жеткізді. 
Айта кетерлігі, аталмыш кітапханада жуырда «Ана тілім – мерейім» атты жарыс сағаты өткен болатын. Балалардың ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттырып, өз тілін құрметтеуге, өзге тілді білуге тәрбиелеу мақсатында айшықталған осынау байқау негізінде өткен шараға мектеп оқушылары қатысты. Топ-топқа бөлінген оқушылар жаттаған мақал-мәтел, жұмбақтарын мүдірмей жатқа айтып, ән әуелетіп, бар өнерін ортаға салуға тырысып бақты. Осылайша ана тілдің мәртебесін асқақтату жолында айшықталған жарыс сағатына белсене қатысқан барша оқушылар Алғыс хатпен марапатталған болатын. «Барлық білім кітапта, ерінбей оқып көруге», – деп данышпан Абай атамыз айтқандай, Жанар Жақыбаева басқаратын Еркін ауылдық кітапханасы осындай игі шараны руханият қайнарынан қана ішуге жол ашып келеді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Оқи отырыңыз