Әкемнің әңгімесі

1942 жыл. Сұрапыл соғыстың қызып тұрған кезі. Нарынқол, Кеген аудандарынан әскерге алынғандарды Балқаш көлінен баржа арқылы алып өтіп, бірнеше күн далалық лагерьде ұстады да Қарағанды шахтасына апарып, аз күн ауызша оқытып, жұмысқа салған. Сүзектің де қағынып тұрған кезі еді бұл. Оған қоса шахтаның төбесі түсіп, басып қалған, басына тас түскен, тоққа арандау себептерінен өлім өте көп. Бұл жайлы әкем үнемі айтып отыратын. Әкеміздің бастан кешкен бір әңгімесін сіздермен бөлісуді жөн санадым, оқырман. 

– Кейде вагонеттер үзіліп, артқа қарай төңкеріліп келе жатқанда дабыл соғылып, жұмыскерлер қалтарысқа тығылып, жан сақтайды. Жасырынып үлгермегендерді ішегін шуатып қабырғаға қысып турап кетеді, – деп бастады әкем әңгімесін. – Әскери комиссариат мені әскерге аларда орныма ағам Тұңғатар: «Сенің орныңа мен барайын, олар білмей қалады, бала-шағаға ие бол, жуастаусың, ол жақта қиын ғой», – деп өзі кеткен еді. Кейде: «Егер өз орныма кетсем жер бетінде жүрер ме едім», – деп те ойлап қоям.  Бұлай қараңғы көрде өлгенше жарық дүниеде ашық соғысып өлуді ниет қып, жиі-жиі соғысқа сұранып басшылыққа жазған арыздарымыздан жауап жоқ.
Аздаған арабша, латынша жазу сауатымның арқасында жұмыс жайын меңгеріп кеттім. Бір жылдан соң теміржол жасаушыларға біргәдір етіп тағайындап, қарамағыма тоғыз балғарды бекітіп берді. Тілдерімізді түсінбесек те, бір-бірімізбен  ымдап сөйлесеміз. Ішінде біреуі шала-пұла: «Тайбағар, біз өлмейік», – деп айтады да менің тек бақылап тұрғанымды қалайтындарын білдіреді. Шамымның жарығын жұмысшылардың алдына түсіріп, олардың арандап қалмауын қадағалап, жұмыс істеуге жағдай жасап жүрдім.
Күнде ертемен Құдайға сыйынып, иманымызды айтып, егер шықпай қалсам қайтемін деген үреймен жүрегіміз қан жылап, арнайы шахтаға  ағаш қораппен кіріп, жер астына түсеміз. Түсер алдында мұқият тексеріп, темекі, сіріңке өткізбейді.
Бүгін де әдеттегідей тексерілуден өттік. Жүрегім елегізіп, жарық дүниеге тоймастай қарап, «бісміллә» деп ағаш қорапқа тіксіне кірдім. Қорап қараңғыға кіріп, жүз метрден астам тереңдікке тіп-тік зымырай жөнелді. Үрей басқан күйде іштей қалтырап жеттік-ау әйтеуір. Жұмыс басына келе сала теміржол рельстерін түйістіріп, жол салу қамына кірісіп те кеттік. Көзге түртсе көрінбейтін қараңғы қуыста төбеден сорғалаған су мойынға құйылып, тастай тамшылар тырсылы мен жарыла жаншылған тіреу ағаштардың сытыры үрей тудырып берекені кетіріп-ақ тұр.  
Қарбалас қимылдың қызған сәтінде кенет «Не трог!» – деп тұншыққан дауыстан селк етіп артыма қарасам, тас қабырғадағы қатар-қатар тоқ жүргізген ашық сымға  жабысып тұрған орыс жігітін көрдім. Қапелімде не істерімді білмей абдырап тұрып қалдым. Есіме күректің сабымен ұру керек деп оқытқандары түсе кетті де жабысып тұрған бишараны салып қалдым. Былқ етпеді, әлі тұр. Енді не істеу керек? Тоқ жүргізген сымды құлаштап тұрып салып қалып едім, орысым босап жерге сылқ етіп құлап түсті. Оқытқан ережесін шала түсінгенімді сонда білдім. Оқиғаны келесі біргәдырға барынша дауыстап айттым, олар бір-біріне жамырай жалғастырып хабар жер үстіне кетті. Біраз уақыттан соң нәселкеге салып, шалажансар орысымды дәрігерлерге алып кетті.
Осы оқиғадан соң ретін тауып ауруханадағы  орысымның халін білуге бірнеше рет бардым. Обалы не керек, сонадайдан жүгіріп келіп, аяғымды құшақтап «Тайбағар, спасибо!» – деп еңіреп жылайтын. Тіліміз басқа болса да тілеуіміз бір екенін іштей сезінетінбіз.
Келесі күні де әдеттегіше жиналып, шахта басында тексеруден өтіп жатқанбыз. Маған келгенде Тайбағаров Шүйке қалсын деген ескертудің бар екенін айтып, басқармаға алып келді. Аң-таң күйде имене басып ішке кірдім. Ертеңгі жиналыс екен. Отырған басшылар сұрақты жаудырып, бұрын не істегенімді, сауаттылығымды анықтаған соң басқару пультіне ауысатынымды айтты. Жүрексінсем де жер үстінде отыратыныма Құдайға тәубе еттім. Көмір тиеген вагонеттерді жер үстіне шығару мен шахтаға түсуін басқарып отыру жүктелді. Міндетім онша қиын емес екен,  аз уақыт ішінде айтқандарын меңгеріп алып, жұмысты бастап та кеттім. 
Түс ауа дабыл соғылды. Дүрліккен айқай-шудан құлақ тұнады. Шахтада өрт болып жатыр екен. Біздің ауысым. Білдіртпей бір жұмысшы темекі тұтатқан екен, қалтарыстағы жиналған газ оталып кетіпті. Жүрегім аузыма тығылып, орнымда отыра алмадым. Көз алдыма жолдастарымның  жанұшыра арпалысқан қимылдары елестеп есім шықты. Өрт сөндірушілер шұғыл жер астына кетті. Ұзақ арпалысып өртті сөндіре алмапты. Шахта түгел жанып, бір ауысымнан ешкім тірі қалмады. Кешке қарай тым-тырыс, ешкім баракқа қайтпады. Ұйтқып соққан суық желдің  ұлыған дауысы да қайғыны әшкерелеп тұрғандай. Бірнеше күн өз-өзіме келе алмай есеңгіреп жүрдім. Бірге жүрген жігіттердің үйін сағынып, елжіреп маған жазғызған хаттары, айтқан армандары, үміті есіме түсіп, егіліп жылай берем.
Келесі күннен бастап шахтадан шығарып, өрттен күйген қара қошқыл денелерді арбаға тиеп, қырқалардағы ұзынынан-ұзақ жағалай қазылған таяз көрлерге біріне-бірін жалғастырып жерледік. Артынша келесі бригада көміп отырды. Қарағандының беткейлері осылайша бауырластар бейітіне айналды.
– Балаларымыздың  көз жасы ма, әлде көретін күн мен дәмім таусылмады ма, осылай  бес жүз адамдық бір ауысымнан мен ғана тірі қалдым, – деп әкем әңгімесін дауысы бұзылып аяқтай келе, жер шұқып отырып қалды. Көрінбесе де көзінде кілкіп жас тұрғанын сездім.

Сәкен Шүйкеұлы

Оқи отырыңыз