Театр тарланы

Театр тарланы

Кеше ғана күндей күркіреп сахнада атой салған Өмірсерік Қалиұлының да (суретте сол жақта) өмірден озғанына жыл толып қалыпты. Апырай, қайтты деп айтуға аузың бармайды. «Шеткі үй көшсе, ортаңғы үй шет болады» демекші, таудай-таудай ақсақалдарымыз бірінен соң бірі бақилық болып, үлкендердің қатары сиреп келеді. Өкінішті... Дей тұрғанмен, соңында қалған  аға-апаларымызға Тәңірім ұзақ ғұмыр берсін. Театр салынады, бастады дегенді естіп балаша қуанғаны есімде. Жаңа театрда соны рөлдермен кең сахнада бір көсілсек деп армандайтын. Әттең, оған жетпеді. Бәрі құдайдың ісі. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген осы болса керек. Өзі болмаса да өнерде бірге жүрген үзеңгі жолдастары, жақын інілері, аталап жүрген балаларындай жастар киелі сахнаға Өмекеңнің арманын арқалай шығатыны сөзсіз.​

Өмекеңмен сахнада партнер болу, іссапарларға бірге шығу әркім үшін өмірлік сабақ. Әрбір қимылы, айтқан әңгімесі... Өз басым Өмекеңмен талай сапарлас, сахнада көптеген спектакльдерде партнер болдым. Жарықтық, кейде бала сияқты аңқау, не айтсаң соған сеніп қалатын. Аузын ашса жүрегі көрінетін аңқылдаған ақкөңіл азамат еді. Театрдың қамы деп Өмекең не істемеді?.. Қазір ойлап отырсам, бір өзі қыруар жұмыс бітірген екен. Кіріспейтіні жоқ. Автобустың шофері ішіп кетсе, шофер болып, майға малынып жөндеп жатқаны... Театрдың суретшілері үлгермей жатса дулыға, қылыш, қамшы, т.б. ұсақ дүниелерді үйінен жасап әкеліп, реквизитімізді байытып жүретін. Келген жастарға бойындағы барын үйретіп, дем беріп мақтап, қолпаштайтын да Өмекең. Қайсыбірін айтайын, сондай қамқорлық көрген інілерінің бірі мен едім.
Алғаш «Ақын Сара» спектаклінде көпшілік сахнаға шыққан кезімізде өзі ойнаған Тәнеке батырдың өмір тарихынан айтқан әңгімесін аузымыздың суы ағып отырып талай тыңдадық. Білмейтіні жоқ. Кітапты көп оқушы еді жарықтық. Әсіресе, тарих, өнер адамдары туралы жазылған естеліктерді айтқан кезде тура өзі жанында болғандай өте қызықты етіп жеткізетін. Қазақ радиосын көп тыңдайтын. Естіген әуендерін, көптен айтылмай кеткен халық әндерін тыңдап келген күні небір әндердің тарихына бір қанып қалушы едік. Кейбір тұстарын қайта сұрап қызығушылық танытатынбыз. Содан ба, мені өзіне жақын тартып жүретін. «Кейінгі кездері әңгімелесетін адам қалмады. Үйге келсейші. Баяғыны еске алып, біраз өткен-кеткенді қопарайық» деп күлетін. Театрға келген жастар Өмекең мен Нұртай апамның үйінде талай болып, ақ дастарқанынан дәм татып, ақылын естіп өстік.
Бір жылы Хан батыр Қабанбай бабамыздың 300 жылдық мерейтойына орай қалада «Жігіттің дарабозы» атты сайыс өтетін болды. Сол жігіттер сынына қатысуыма осы Өмекең мұрындық болып еді. «Ау, аға, менің қатысқаным қалай болар екен? Дипломды артист деп ертең біреулер сөйлеп жүрмей ме?» дегеніме: «Немене, дипломың болса қайтеді? Артист адам емес пе? Қартайып тұрған жоқсың. Білімің де жетеді. Оның үстіне ат құлағында ойнап, көкпар тартып өскен жігітсің. Қамшы өруді өзім үйретем» деп болмаған соң тәуекел деп қатысқаным бар. Одан жаман болғаным жоқ. Қаншама достар таптым. Кейбіреулерімен күні бүгінге дейін араласамын. Қойшы содан, бірінші орын алдым. Жаңа үй болған кезіміз, отбасымызға алғашқы  дүниелеріміздің бірі болып жүлдеге берілген үлкен қалы кілем. Ол да қуаныш, ол да олжа. Ұлы Отан соғысына арналған Т. Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» деген спектаклінде полицейлерді ойнаймыз. Репетиция кезінде сол кездегі полицейлердің не істегендерін есімізге түсіріп (кітаптан оқығанымыз бар, кинодан көргеніміз бар дегендей) небір қылықтарын жасаймыз. Әр аптаның басында  театр директорының кабинетінде жаңа қойылым жайында лездеме өтеді. Спектакльге жауапты адамдардан қойылымдағы кейіпкерлерге не керек деп сұрап тұратын. 
Сол кезде театрда реквизит цехында жұмыс істейтін Валентина Ашимовна деген Өмекеңмен тұстас апай болатын. Жарықтық ол кісі де қожанасырлау, не айтсаң соған сенетін жаны таза, жақсы жан-тұғын. Дайындық үстінде «артистерден кімге қандай реквизит керек» деп сұрамасы бар ма? Әркім өзіне керектісін айтып жатыр. Сахнаның дәл ортасында отырған Өмекең гүр ете қалды. Назарымыз ағамызға ауды. Өмекең салмақты түрде «Әй, Валентина Ашимовна, мына Сағындық екеуміз немістерге сатылған полицейлерді ойнамыз. Көріп жүрсің, рөліміздің бағынатын түрі жоқ. Неге дейсің ғой? Себебі, реквизит жетіспейді. Бізге рольдерін жақсы ойнасын десең, ана директорыңа айт, бір литрлік үлкен құмырамен самогон, тұздалған қияр, 200 грамм сало дей бергенде «квашенная капуста мен шпик» деп қоса қойдым. Бетімізге бажырая қараған апамыз түрімізден ешқандай қалжыңның табын көрмеген соң қағазына түртіп алды да: «Жақсы, жеткізем, сендердікі дұрыс» деп шығып кетті. Валя апай шығып кеткен соң ал кеп күлейік. Орекең (Оразғали Әбділманов): «Әй, мына қожанасыр директорға айтып масқара болмаңдар» дегеніне біздер «қой, олай ете қоймас» деп күлген де қойғанбыз. Ертесінде директор шақырып жатыр деген соң, оймызда ештеңе жоқ, алып-ұшып жетіп бармаймыз ба бір нәрседен құры қалғандай. Барсақ директор (Секербек Жабықбаев) талағы тарс айырылып, айқайға бассын. «Енді жетпегені сендердің сахнада сало жеп, самогон ішулерің еді!.. Сендердікі не?! Адам үзілген жіпті қалай жалғаймын деп жүрсе... мазақ па, келеке ме?! Мен сендерге көрсетем...» деп кәдімгідей ежірейіп, үстелді тоқпақтамасы бар ма? Өмекең екеуміз «Ау, Секербек, ешқандай келеке, мазақ емес. Тек қалжыңдағанбыз. Саған жеткізе қояды деп ойламап едік. Қой, ашуыңды бас. Шын ішкіміз келсе, сендерге жар салады ғой деймісің» деп әрең құтылғанбыз.
«Шынар басындағы қоңырау» (авторы әрі режиссері Базарбек Тоқымтаев) атты спектакльде мен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевты, Өмекең ауыл қартын ойнайды. Сол бір ақсақалдың образы шынайы, белгілі сыншы, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әшірбек Сығай марқұмның сөзімен айтқанда «земной» болып шыққан еді.  
Өмекеңді көрген сайын «о, міне, актер деген Өмекеңдей болу керек, сахнадан сөйлемей-ақ бір өткенінің өзі неге тұрады?». Өмештер «земной» актер ғой деп көтермелегенін талай естідік. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қойылымында аға Қарабайды, мен Жантықты ойнадым. Осы спектакль туралы әңгіме бола қалса «Сағындық екеуміздің сол кездегі жасаған образымызға ешкімдікі жетпейді. Халықтың қабылдауы жақсы. Өзіме ұнайды. Сен қалай ойлайсың?», деп әңгімесінің аяғын маған аудара салатын. «Ойбай-оу, сіздей мастермен партнер болсаң жаман ойнау былай тұрсын, шарықтап, деңгейіңнен асып кетесің. Менің Жантығым Қарабайдың көңілінен шықса жаман актер болмағаным ғой» деп біраз жерге барып тоқтайтын едік. Қанша қалжың десек те, бұл екі кесек тұлғаның ойдағыдай шыққаны белгілі. Мал-мал, дүние деп азғындаған Қарабай, қайтсем араларына от жағып, мол байлықпен қоса Баян сұлуға ие болам деген арам пиғылды Жантық халықтың жиіркенішін тудырғаны анық. Қай жылы Ақберен Елгезек інімнің Абай Құнанбаев туралы деректі фильмінде Өмекең Абайды, мен Құнанбайды ойнауға Семейге, одан әрі Қарауылға барғандағы ағамыздың Абай рөлін сондай құштарлықпен ойнағанын көріп, жұмысына тәнті болдым. Әйкерім бұлақтың басында көңілді өсірген әндер мен небір аңыз-әңгімелер құлақта әлі жаңғырып тұр. Еее, Өмеке, әңгімеңізді, қоңыр дауысыңмен баяулата салатын әніңді, қарқылдай күлген күлкіңді, тіпті кейде тыз ете қалатын ашулы кезіңді сағындық. 
Міне, осындай жанашыр аға, екі ауыз сөзбен, тіпті ымнан-ақ түсінетін айтулы актер, партнердан айырылу оңай емес. Абай атам айтқандай: «Дүние үлкен көл, заман соққан жел, алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер». Мүмкін, бұл да дұрыс заңдылық шығар, үлкендер қайтып, кішілер естелік айтып, кейінгі ұрпаққа жеткізіп жатса. Бұл да өнер деп соққан жүректің жас ұрпақпен бірге соққаны емес пе? 
Өмеке, біздің қолдан келері өзімізден кейінгі келген жастарға өнерің мен ісіңді үлгі етіп, бағыт-бағдар беру. Театрың сол қалпында. Тек өзің, өздеріңнің орындарың үңірейіп тұрғаны болмаса. Жаның жаннатта, иманың жолдас болсын. Бүгінгі өзіңе арнап жарың мен бала-шағаң беріп жатқан ас, бағыштап жатқан Құран-қатым сауабынан жазылсын рухыңа. Алдың бейіш, артың кеніш болсын! 
Әлі талай естеліктер жазылады өзің туралы. Қаншама айтылмаған сырлар бар. Иә, оған сөз жоқ. 

Сағындық Жұмаділ,
театр және кино актері

Оқи отырыңыз