Тұрақтылық негізі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 1992 жылғы 18 қазанда Алматы қаласында өткен І Бүкіләлемдік Рухани келісім конгресінен бастау алатын «Рухани келісім күні» жыл сайын аталып келеді. Еліміздегі 130 этнос пен 17 конфессия өкілдерінің басын қосып, ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің озық үлгісін қалыптастырған айтулы күнге орай Талдықорған қаласында Жетісу жеріндегі діни бірлестіктер жетекшілерінің салтанатты жиыны өтті.

Алқалы жиынға қатысушылар алдымен Салтанат сарайының көрме залына қойылған «Рухани келісім – тұрақтылықтың іргетасы» атты фотосурет көрмесі мен арнайы түсірілген бейнефильмді тамашалап, 2017-2020 жылдарға арналған ҚР Дін саласындағы мемлекеттік саяси тұжырымдамасын жүзеге асырудың жолдарын талқылады.
Облыстық мәслихаттың, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының, Қазақстан халқы Ассамблеясының, ардагерлер кеңесінің, дәстүрлі және дәстүрлі емес діни бірлестіктердің жетекшілері, облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, облыстық дін саласындағы мәселелерді зерттеу және діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталықтарының теологтары мен дінтанушылар қатысқан жиынды облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев ашып, жүргізіп отырды.
– Қазақстан Республикасы әлем қоғамдастықтарының назарын мейірімді де мерейлі  бастамаларды қолға алуға назар аудартып отыр. Астана қаласындағы VI Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі жақында ғана жұмысын аяқтады. Рухани келісім мен дінаралық татулықтың адамзаттың бейбіт өмір сүруінің басты кепілі екені, бұл съездің мән-маңызы айтпаса да ұғынықты, – деген Ақан Жылқышыбайұлы Рухани келісім күнінің маңызына тоқталды. – VI съезд түрлі дін лидерлерін, танымал саяси қайраткерлер мен сарапшылардың басын біріктіріп, әлемдік қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін сана сарабына салатын, шешімін күткен түйткілдерге адамзат назарын аударатын рухани үнқатысу алаңы ретінде мойындалған. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің еліміздің әлемдік аренадағы бастамашыл рөлін, тартымды имиджін қалыптастыруда тиімділігін көрсетіп отыр. Сол парасатты пікірлердің тобықтай түйіні ретінде VI съезге қатысқан діни қайраткерлер халықтармен қатар діннің, мәдениеттің, түрлі идеология мен көзқарастағы қоғамның басын қосқан Астана форумын Біріккен Ұлттар Ұйымына теңеді. Сонымен қатар, съезд делегаттары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің бейбітшілік пен келісім жолындағы жаһандық өзара әрекеттесу үдерісіне қосқан қомақты үлесін мойындау ретінде «Н. Назарбаев атындағы конфессияаралық және өркениетаралық диалог орталығын» құру бастамасын қолдады. Мұны айтып отырған себебім, қазір біз көпұлтты, біртұтас елміз. Жаһандану дәуірі – көпұлтты мемлекеттер дәуірі. Бұл – әлемдік үрдіс. Толеранттылықты жөн көретін кеңпейілді қазақ елі осы күнді ұйымшылдықпен атап өте отырып, рухани келісімді одан әрі нығайта түседі деп сенемін.
Жиында сөз алған облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, Алматы облысының Құрметті азаматы, Есік қалалық мешітінің бас имамы Рәтбек қажы Нысанбайұлы, Астана және Алматы Епархиясы «Архангел Гавриил» шіркеуінің жетекшісі Сергей Поляков, Рим-католик діни бірлестігінің жетекшісі Шимон Гжывиньски еліміз үшін Рухани келісім күнін атап өтудің үлкен саяси және тәрбиелік маңызы зор екендігіне тоқталды. Жиын соңында еліміздегі діни тұрақтылық пен татулықты сақтауға елеулі үлес қосып жүрген дін қызметкерлер мен журналистер марапатталды.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Оқи отырыңыз