"НАРКОМ ЖҮРГЕНОВ" ТРАГЕДИЯСЫНАН НЕ ТҮЙДІМ?

Қоғам қайраткері, халық жанашыры Темірбек Жүргеновтің 120 жылдығына арналған Орта Азия және Қазақстан театрларының VІІ фестивалі Жетісудың бас қаласы Талдықорғанда жоғары деңгейде өтуде. Фестивальмен тұспа-тұс ашылған театр өнер ұжымын жаңа шығармашылық белестерге жетелері сөзсіз. Фестивальдің көптеп өтуі алдымен театр қойылымдарының сапасын арттыруға септігін тигізері анық. Сонымен қоса, көрермен талғамының жоғарылауына зор үлесін қоспақ. Қазақстан театрларымен қатар, өзге мемлекеттерден келген  өнер майталмандарының ойынына куә болу шаһар тұрғындарның бағы шығар. Өнерсүйер қауым залды лық толтыра тамашалады. Соның ішінде ерекше әсер сыйлаған қойылым - Н. Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық музыкалық драма театрының «Нарком Жүргенов» трагедиясы.

Премьерасы 2016 жылы өткен спектакль Сыр елінің орталық қаласы Қызылордада сәтті қойылып келеді. Фестивальді ұлы тұлғаның есімімен байланыстырып өткерген соң танымдық қойылымның орын алуы қажетті деп есептеймін. Есімі Алашқа әйгілі жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаев - пьеса авторы. Сахналаған - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Хусейн Әмір-Темір. Қойылым тарихи оқиғаға сүйене отырып жазылғанымен көркем шығарма шеңберінен шықпайды. Сахнадағы прототиптер қазақ тарихында алтын әріппен жазылған тұлғалар. Спектакльдегі оқиғалар легі көркемдік аллегория мен гротескке толы. Деректі қойылым қатарына осы есептен жатқыза алмаймыз. Сахнаға тарихи оқиғалардың ең әсерлі тұстарын жиып, тізбектеп, бір көркем шығарманы өмірге алып келгендей.

Фестивальдің әділқазылар алқасының мүшесі, театртанушы, өнертану ғылымдарының докторы Анар Еркебай қатысушы театрлармен өткен талқылауда: «Біз (қазақ халқы) тарихи қойылымдарды жақсы көреміз»,- деп Орта Азия мемлекеттерінен келген қонақтарға халқымызды таныстыра кетті. Расында, 500 орынды жаңа залда ине шаншар орын болмай, біразы есік аузына тығылыса тұрып, 1 сағат 30 минут алған демін ішіне тартып көрді. Тарихқа шөліркеу себебіміз - біршама өзгерістерге ұшыраған және қолдан жасаған жалған хрониканың ақ-қарасын енді ажыратып отырғанымыз. Қойылымда хронологиялық шындық аз. Сол себептен де, көрермен қойылымның әсерінен шығып, шын әрі төл тарихымызға үңілсе екен деген тілектеміз. Режиссер шырғалаң сәтте бұрмалауға түскен тарихымыздың ара-жігін ажыратуға қасықтай болса да үлес қосқан. Спектакльде нарком Жүргеновтен бөлек, 1936 жылы 17-27 мамыр аралығында өткен Мәскеу қаласындағы Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіне дайындалушы өнерпаздардың есімдері аталады. Шығарманың деңгейі жақсы бағаланғанымен, заманауи шешімдердің жоқ екені бірден көрініп тұр. Яғни, классикалық үлгідегідей оқиға өтетін уақыт пен заманға сай костюм және декорациялар қою бұрынғы стиль екені айтпаса да түсінікті.

Шығарманы сахнаға шығарудағы басты идея - Темірбек Қараұлының арқасында кәсіби білім алып, қазақ халқына еңбек еткен тұлғаларды өскелең ұрпақтың есіне салу. Сол арқылы «Бес арыс», «Үш бәйтерек» атанған ұлт жанашырларындай бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу. Яғни, тәрбиелік мәні терең, көрермендерге аса қажетті қойылым. «Бір кем дүние» демекші, қойылым да кемшіліксіз болмасы анық. Өрескел қате деп айтудан сақпыз. Дей тұрғанымен, М.Әуезов Абайды асқақтату үшін Құнанбайды кішірейткен. Сол секілді, «Нарком Жүргеновтің» шексіз жақсылығын әсерлі жырлау үшін өзге өнерпаздар эпизодтық бейнеде сахнада жылт етті де жоқ болды. Расында, кейіпкерлердің қай-қайсысы да жеке бір пьесаға лайық.

Темірбек Қараұлының негізгі мамандығы заңгер болған. Қазақ даласында бірнеше институт пен техникумдардың, мыңдаған мектептің ашылуы ұлы азамат Темірбектің арқасы еді. Қазақ білімі мен ғылымын, өнері мен мәдениетін қалыптастырып, бұлақ көзін ашқан тұлға бұл. Қорыта келе, қойылым фестиваль мен заманауи үлгінің шекарасынан тыс болғанымен рухани маңызы үстем деп айта аламын. Алдағы уақытта өзіміздің жанымызға жақын тарихи пьесаларды заманауи үлгіге түсіріп, театр өнерін әлемдік деңгейде дамытсақ екен дегім келеді. Жанарында жалыны бар, жүрегі елім деп соққан талантты жастар осы іске қазірден қамдану қажет. Қойылым көптеген адамға, өнерге ғашық жандарға қанат сыйлағанына кәміл сенімдіміз. Ендеше, тарихи трагедия негізгі мақсатын сәтті атқарды.

Карима АХАН,

Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы

театртану мамандығының 4 курс студенті

 

Оқи отырыңыз