АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ТЕАТР ФЕСТИВАЛІ АЯҚТАЛДЫ

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ТЕАТР ФЕСТИВАЛІ АЯҚТАЛДЫ
Талдықорғанда алауы тұтанған «Қазақстан – Еуразия жүрегі» атты Орталық Азия елдерінің VII Халықаралық театр фестивалі өз мәресіне жетті. Қазақтың асыл перзенті, дара тұлғасы, көрнекті мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің туғанына 120 жыл толуына және Бикен Римова атындағы облыстық драма театры ғимаратының ашылуына орай өткен фестивальде бірнеше өнер ұжымының мерейі үстем болды.
 
Шара шымылдығын «Алтынай» мемлекеттік халықтық би ансамблі түрді. Одан кейін КСРО Халық әртісі, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті,  М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов құттықтау сөз алды. Қазақ кино және театр өнерінің дара тұлғасы Орта Азия елдерінің халықаралық байқауы жоғары деңгейде өткенін айта келіп, жаңа ашылған саф өнер сарайы әрқашан осындай игі шаралардың ордасы болуына тілекші екендігін жеткізді. Сонымен қатар, жүрек тебірентер диалог оқып, көрермен көңілін көкжиекпен астастырды. Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуалиев:
– Алыстан өнер көші келеді дегенді естіген бағзының адамдары ең алдымен жас құрақтай жайқалған жеткіншектерін жинап, асылдардың алдынан шығып, перзентіне ақ бата сұрайды екен. Сол секілді жаңа ашылған театр ғимараты қазақ өнерінің феномені саналған Асанәлі секілді аузы дуалы абыздардың ақ тілегімен тербелді. Бір апта бойы Талдықорған көгінде өнердің сазы толқындап тұрғандай болды. Бұл ең алдымен жетісулық театрдың тойы емес, күллі қазақ елінің думанына ұласты, – дей келе, дүбірлі тойға қатысқан әрбір театр ұжымына облыс әкімі Амандық Баталовтың ыстық сәлемін жеткізді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театр директоры, философия ғылымдарының докторы Асхат Маемиров те ақеділ тілегін ортаға салды.
Ән әуелеп, күй күмбірлеген салтанатты шарада Қызылорда облысы әкімінің сыйлығымен М. Гафури атындағы Башқұрт мемлекеттік академиялық драма театрының әртістері Гүлмира Исмайлова мен Фергат Гарипов марапатталып, Темірбек Жүргенов туған топырақтың басшысы тағайындаған 1 миллион теңгелік  сертификатқа иелік етті. Ал облыс әкімі Амандық Баталовтың арнайы сыйлығын С. Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық Қазақ музыкалық драма театры жеңіп алып, қазақтың Асанәлісінің қолынан 1 миллион теңгелік  серификатты еншіледі. «Ең үздік режиссерлік шешім» аталымы бойынша Қалибек Қуанышбаев атындаға мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының режиссері Әлімбек Оразбеков марапатталды. Сан театр ішінде сайыпқырандай сараланып, дарынымен дараланып топ бастаған «Театр 28» ұжымы фестивальдің Гран-Приін қанжығалады. Оза шапқан рухани орда ұжымына ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тағайындаған арнайы жүлде және 1,5 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді. (Мақаланың толық нұсқасын газетіміздің алдағы санынан оқисыздар).
 
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Оқи отырыңыз