АЛҒАШҚЫ ӘН

АЛҒАШҚЫ ӘН

Ән мен оның құдіреті туралы айтып жату артық болар, бәлкім. Сонда да ән жайында сөз бола қалса, Әсет есіме түседі. Оның жаныңды жадыратып, жүректі тербейтін, мына дүниенің қызығы мен қуанышын, шаттығы мен мұңлы сәттерін айрықша аялай жеткізіп, ой-сезіміңді оятар әндері жеткілікті. Әсеттің артында қалдырған осы жауһар әндері халықтың жүрегінде, кейінгі ұрпаққа асыл мұра болып қала бермек.

Әрине, ән әлемінде Әсет секілді керемет сазгерлеріміз аз емес. Оған қуанамыз. Алайда Әсетті әспеттеп бөліп айтатын себебім де бар. Оның алғашқы, бозбала кездегі әні менің көз алдымда. Ол ән мектептің бір сыныбында бірге оқыған уақытта дүниеге келген еді. Сол алғашқы әннен басталған сазгерлік сапары оны аңсаған арманына жеткізді, абырой асқарына шығарып, халқының құрметіне бөледі емес пе?! 
Енді сол алғашқы әннің тарихын айтайын. 1954 жылы елдің әр түкпірінен келген балалар Алматыдағы №12 қазақ орта мектебінің интернатына құжатымызды тапсырып, көпшілігіміз оқуға қабылдандық. Алғаш рет сол жылы ер балалар мен қыздар интернаттарындағы оқушылар біріктіріліп, бір мектепте оқитын болдық. Бұрын ер балалар №18 мектепте оқыған екен. Енді қаладағы жалғыз қазақ мектебінде оқитын оқушылар саны өскен еді. Біз оқитын сегізінші сыныптың өзі сегізге жетті. Әрқайсысында оқитын бала саны отыздан кем емес. Ауылдағы жетіжылдық мектепті бітіріп, осы интернатқа бірге келген досым Ешен, Сұлушаш, Шара және мен сегізінші “з” сыныбында оқитын болдық. Сөйтіп, бала жастан Алматыда оқысақ деген арманымыз орындалып, төбеміз көкке жеткендей болып жүрдік.
Оқу жылы басталып кеткен соң бір айдан кейін біз жататын бөлмеге тағы бір бала келіп қосылды. Шашы тікірейген арық қара бала. Бөлмемізге оған арнап төсек қоятын бос орын болмай шықты. Онсыз да кейбір балалар бір төсекте екіден жататын. Тәрбиеші апайымыз “Екеуің бір сыныпта оқисыңдар ғой” деп оны уақытша менің қасыма  жатқызды. Таныстық, аты-жөні Әсет Көпбаев екен, кейінірек фамилиясын Бейсеуов деп ауыстырды. Жамбыл ауданының Қарғалы ауылынан келіпті. Жерлес болып шықтық. Сол ауылда тұратын жездем Төлеген мен әпкем Мәйкөні және үлкен құдаларымнын есімін айтып едім, таниды екен. Осылай іштартып, әңгімелесіп, араласып кеттік. Мектепке бірге барып, бірге келеміз. Сабаққа да бірге дайындаламыз. Онымен осылайша бір интернатта, бір сыныпта үш жыл бірге оқып, дос болып кеттік. 
Сөйтіп жүргенде Әсеттің әнге, ән шығаруға деген құштарлығын байқадық. Бос уақытында ыңылдап, бір әуенді бірнеше рет қайталап, дауысын кенеп қойып жүретін. Біз енді оны қалжыңдап “композитор” деп атайтын болдық. Расында да оның бойында осы бір ерекше өнердің дәні бүршік жарып келе жатқан еді. 
Бір күні ол “Мен Алматыға арнап ән шығардым, тыңдап көріңдерші”, – деді бәрімізге. Бөлмеде отырған бес-алты бала құлағымызды түре қалып, Әсеттің әнін тыңдадық. Бір әуезді әуен, екпінді ырғақ бар. Көтеріңкі дауыспен айтылатын сияқты. Әннің өзі бар, сөзі жоқ. 
– Ал қалай екен? – деді ол бәрімізге күле қарап.
– Жақсы сияқты, бірақ... 
– Иә, бірақ сөзі жоқ, – деді ол маған бұрылып. – Сен енді осы әнге өлең жаз. 
Ол кезде бір топ “жазғыштар” мектептегі әдебиет үйірмесіне қатысып, жарыса өлең жазатынбыз. Оны жиналып, ауық-ауық талқылайтын-    быз. Үйірмені қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі, ұстазымыз Әлия Дүйсенова апайымыз басқаратын. Өлең жазуға әуестеніп жүрген кезіміз ғой. Бірақ өлеңдерімізді газет-журналдарға апарып көрген жоқпыз, жүрексінеміз. Әсет болса, әнге өлең жаз дейді. Аяқастынан жақсы әуенге өлең жаза қою оңай дейсің бе?
Ойыма сап ете түскені. Мен бірден: 
– Жүр, Мұқатайға жолығайық, – дедім. Өйткені ол соның алдында маған Алматы туралы өлең жаздым дегені бар еді. Оның үстіне Мұқатай Жылқайдаров тәп-тәуір өлеңдер жаза бастаған. Жуырда бір өлеңі “Қазақстан пионері” газетіне жарияланған болатын. Барып едік, оның жазған өлеңі әуеннің ырғағына келе қоймады. Өлеңнің буын саны сәйкес келмей жатты. Мұқатай енді өлеңді қайта жазуға кірісті. Әсет болса әуенді жиі қайталап, оның есіне салып тұрды. Қойшы әйтеуір, көп ұзамай өлең мен ән дайын болды-ау ақыры. 
Мектепте оқушылар хоры жұмыс істейтін еді. Хорға Абай атындағы опера және балет театрының әншісі әрі балаларға арнап ән шығарып жүрген композитор Ибрагим Нүсіпбаев жетекшілік жасайтын. Әсет пен Мұқатай енді соған барсын. Ол әнді тыңдап көреді де жас талапкерлердің алғашқы ұмтылысына қолдау білдіреді. Әннің де, өлеңнің де осалдау тұстарын айтып, оны өңдей түсуге кеңес береді.
Екеуі тағы да әнмен айналысты. Сазгерлік өнердің кәсіпқой шебері айтқан ақыл-кеңесті қайта қарап, зердеден өткізіп, ширата түсті. Әсет бос кезімізде ортамызға келіп, әнді қайта-қайта айтады. Біз де білгенімізше ән туралы сезім-түйсігімізді айтып, кеңес беріп қоямыз. Ән бұрынғыдан да шыңдалды, шымырланды. Ақырында ол ұстаздың қолына қайта тиді. Бұрынғыдай емес, бұл жолы Ибрагим ағайлары әнді ұнатты, мақтады. Өзі де Әсетке ілесіп, қоңыр дауысымен көтере айтып, қоштап тұрды. Әнді хорды сүйемелдейтін музыка маманы Ғалымжан Тамендаров нотаға түсірді. 
Сөйтіп жаңа ән мектеп хорының бағдарламасына енді. Әннің атауы “Алмалы Алматым” деп аталды. Сол кезде оқушылардың көпшілігі осы мектеп хорына қатысып, ән айтатынбыз. Енді хор жетекшісі мектеп қабырғасында туған осы  жаңа әнді бәрімізге үйретті. Әнді бастау тізгіні мектептің әншісі атанып кеткен тамаша дауысы бар, өзімізбен бір сыныпта оқитын Торғын Тасыбекова дейтін қызға тиді. Ол сыңғырлаған мөлдір дауысымен баянға қосылып шырқай жөнеледі, қайырмасына келгенде артқы жақта бірнеше қатар болып, тізіліп тұрған жүз шақты ер бала мен қыз ән ырғағын әуелетіп қосыла кетеміз. Қарсы алдымызда қолын оңды-солды сілтей созып, сұңғақ бойлы, бұйра шашын артқа қайырған кең иықты, дирижер Ибрагим Нүсіпбаев ағайымыз оқушыларға күлімсірей қарап тұрушы еді. 
Алғашқы әннің бағы осылай ашылды. Болашақ композитор, кейіннен есімі бүкіл елге тарап кеткен атақты өнер жұлдызы Әсет Бейсеуовтің тұңғыш туындысы балалар хорының орындауында Қазақ радиосының эфирі арқылы бірнеше жыл бойы туған елдің төрінде шырқалған еді. 
Осы мектеп хорында өз өнерін шыңдаған Торғын алғаш әнші ретінде танылды. Сабақты да жақсы оқыды. Біз де оның келешекте өнер адамы болып шығатынына сенетінбіз. Бірде сол Торғынның бізге былай дегені есімде қалыпты: “Әсет, Жұмаш, мені тыңдаңдаршы. Үшеуміз де бір сыныпта оқимыз ғой. Үшеумізде де бір-бір өнер бар. Олай болса, біреуің әннің сөзін жаз, біреуің ән шығар, ал мен оны орындайын”. Торғынның сөзінің жаны бар еді, өйткені біздің сыныпты мектепте “өнерпаздар сыныбы” деп атайтын. Тағы бір Сәтбек Атагелдиев деген сыныптасымыздың актерлік өнері бәрімізді сүйсіндіретін. Оның қабілет-қарымын таныған режиссерлер театр қойылымдарына шақырып, шағын рөлдерді ойнауға рұқсат еткен-ді. Расында да сол кезде болашақ өнер жұлдыздары жанымызда жүргенін сезбеген де шығармыз. Бірақ “Талап тас жарады” дегендей, Әсет пен Торғынның өнерін бүкіл мектеп оқушылары мен мұғалімдері танып, құрметпен қарайтын еді. 
Сөйткен Торғынымыз қазір Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақ өнерінің қара шаңырағы – М. Әуезов атындағы академиялық драма театрының аға буын тарландарының бірі. Әсеттің ән әлеміндегі жетістігін қазақ жұрты жақсы біледі. Ал мен болсам ақын емес, журналистік жолды таңдадым. Өмір әрқайсымызға осылайша өз сыйын тартты. 
Мен алғашында ауылда, одан соң аудандық газет редакциясында қызмет істеген жылдары Әсет туған жерге оралып, аудандық мәдениет бөлімінде қызмет етті. Жиі ұшырасып жүрдік. Бірге оқыған достарды жиі еске алатынбыз. Жаңа әндер шығаруын тоқтатқан жоқ. Ізденіс үстінде жүрді. Сол ізденісінің айтарлықтай нәтижесі – ол Жамбыл ауданында “Құлансаз” халықтық ансамблін құруға белсене қатысып, осы игі істің басы-қасында болды. Шаңырағын Әсет көтерген сол ансамбль Жетісу жұртына қазір де қызмет етіп келеді. 
Композитор Әсет Бейсеуов бұдан соң Алматыға ауысты. Тағдыр маған да қалада оқып, осында қызмет істеу құрметін бұйыртты. Журналистік жолым “Жетісу” газетінде жалғасты. Ал Әсеттің сазгерлік өнері жұлдыздай жанып, атақ-абыройы өсу үстінде болды. Кейде Көкбазардың қасындағы “Баспасөз үйіне” келе қалса, міндетті түрде маған да соға кететін еді. Қал-жағдайды сұрасып, өткен-кеткен жайларды еске түсіретін едік. Бірде сырқаттанып, ауруханаға түстім. Сөйтсем, осында Әсет те емделіп жатыр екен. “Не болдыны?” сұрассақ, Әсет әдетінше әзілге бұрып: “Менің ішімде бес ит бар. Солар мазалап...” деп күлгені бар. “Ит дегенің не пәле тағы?” десем, “Ой, әлгі гастрит, бронхит, простатит, гепатит...” деп шұбырта жөнелгені. Еріксіз күлдік. Әні мен әзілі таусылмайтын Әсет-ай!
Сол Әсет досыммен өмірден өткенінше талай рет кездесіп, бір-бірімізге тілектес, ниеттес болып жүрдік. Әттегенайы – әнін де, өзін де халық сүйген ол өнер аспанында жұлдызы жарқырап тұрған шағында дүниеден ерте озып кетті. Алайда Әсеттің Алаш жұртына қалдырған әндері мәңгілік болып қала береді.
Дегенмен оның өмірінде біз сөз еткен алғашқы әнінің орны бөлек еді. 

Жұмаш АРҒЫМБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі

 

Оқи отырыңыз