"ТҰМАР" ТАҒЫНҒАН ТЕЛЕАРНА

Көз алдыңа нәсілі асыл халықтың арғы-бергі тарихындағы ұлы қолбасшылар, айбарлы хандар, көмейіне бұлбұл ұялаған сал-серілер мен дауылпаз әнші, шанағынан шерлене шыққан күмбір күй мен шежіре түзген дәулескер күйшілер келеді. Тарих қойнауынан бір үзік сыр суыртпақтатып, ерлігіміз бен өрлігімізді дәріптеп жатқанына сондайда марқаясың. Бүгінгі жаһандану заманындағы жарқын қадам, жайдарлы жетістіктерді айрықша айшықты көрсетіп жүргеніне қуанасың. Сондай бір ғажайып бағдарламаларына зейінмен зер салғанда «Жетісу» телеарнасы жайлы қалам қуатымен ризашылығыңды жеткізгің келетіні бар.
 

Иә, текті халқымыздың арғы-бергі тарихынан тартып, бүгінгі жаһандану заманындағы үдеріс, жайдарман жаңалықтардың бәрін шежіреге түзіп, көрерменге ұсынып келе жатқан «Жетісу» телеарнасы өзенді өлкенің көзайымына айналғалы қашан?! Бұл арна ақпарат таратушылықпен ғана айналыспай, ағартушылық бағытқа да ден қойған, ұлт мүддесі үшін телеарна тынысына сай іс тындырып жүрген шаңырақ. Облыста үзеңгі жолдастай бір бағытта бірлесе қызмет еткендіктен асыра айтқан жеріміз жоқ. Ақиқатында солай!

Ақиқат сөзді де айшықты ету үшін телеарна бағдарламаларына байыпты шолу жасап көрелік. Алдымен тәтті ұйқыдан оянған елге қуаныш сыйлайтын «Таңжарық» ақпаратты-сазды бағдарламаны алайық. Тікелей эфир арқылы бір жарым сағат уақыт аралығында көрерменге жол тартатын бұл бағдарлама түрлі кеңестер мен сыр-сұхбаттарға толы. Бірде спорт саңлақтары, бірде жезтаңдай әншілер, енді бірде жас таланттар қонақ болатын жоба адамға алуан түрлі әсер беріп, көңілді көкжиекпен астастыратындай деңгейде өтеді. Ортасында таңғы сауал қойылып, көрерменмен тікелей байланысқа шығып жатады. Кез келген арнада осындай бағдарламалар бары анық, сондықтан, мұны неге атап отыр деген сауал туындауы мүмкін. Алайда осы бағдарламада ұлттық колорит басым болғандықтан еріксіз толғанбасқа лаж жоқ.

Мәселен, санаулы күн бұрын "Фейсбук" парақшасына Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Исламғали Үркінбайұлы: «Бүгін теледидарымды қосып қалсам, «Жетісу» телеарнасының «Таңжарық» бағдарламасының жүргізушілері өзара әңгімелесіп отыр екен. Жігіт қыздан: «Қандай әндерді жақсы көресің?» - деп сұрады. Қыз: «Мен қазақ әндерін ғана тыңдаймын. Шетелдің бірде-бір әнін тыңдамаймын», – деп жауап берді. Ұлттық құндылықтарымызды бағалаған жүрегіңнен айналдым, қызым деп жаным марқайып қалды. Болашаққа, тіліміз бен ұлттық құндылықтарымызға, жастарымызға деген сенімім арта түсті. Шіркін, жастарымыздың бәрі осы қызымыздай болса деп армандаймын. Бәрі болмаса да, онның сегізі», – деп жазды.

Қаламгердің осы бір риясыз пейілінен арнаның таңғы жұмысы да тағылымды дүниелермен басталатынына көз жеткізе түсеміз. Бірде аталмыш ақпаратты-сазды бағдарламаның жүргізушілері Диас Нұрлыбай пен Жансая Биқұрман «Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романындағы ең қысқа бөлімді атап беріңіз?» – деп көрерменге сауал тастады. Қазақтың хас талантының шығармасынан сауал қойғандарына риза болдық. Ел ішінде жауап беретін жанның бар-жоғын білу мақсатында телеарнаға тесіле қарап отырдық. Санаулы минуттардан кейін бір көрермен қоңырау шалып: «Сонау Үнді топырағынан бастау алған қысқа жазу үлгісіне сүйенген Ғабең романының 11-ші бөлімінде былай деген», – деп үш сөйлемнен тұратын «Кәуер – Бикен. Бикен – Кенжетай. Бақытты болыңдар!» – дегенді айтып берді. Сонда әдеби туындылар оқылады екен ғой деген ойдан гөрі осы сауалды қоя білген жас әріптестерге тәнті болғанымыз бар.

«Жетісу» телеарнасында сан саланы қамтитын бағдарламалар көрерменге жол тартуда. Солардың бірі – «Болмыс» ток-шоуы. Бұл ток-шоу түрлі тақырыптарды қаузайтын, сан саланы қамтитын әлеуметтік-экономикалық, тұрмыс, саясат барысындағы келелі-келеңсіз жайттарды тарқататын «қызыл алаң». Мұнда ойы орамды, қазыналы жандардың, қаламгерлердің өмірінен тартып, бекзат өнердің әр тармағында табысты еңбек етіп келе жатқан түрлі тұлғалар, жас дарындардың ғұмыры мен шығармашылық жолы, дара даңғылынан сыр шертіледі. Сонымен қатар, қоғамдағы өзекті мәселелер, тағдырдан теперіш көрген жандардың ғұмыр жолы безбенделеді. Аталмыш ток-шоу атына лайық болмысымыздағы ұлттық құндылықтарды дәріптеу, тарихтан сыр айту, қоғамдық түйткілді мәселелердің шешім табарына елді сендіру бағытында айтарлықтай еңбек етіп келеді. Ток-шоуға жауапты шығармашылық топтың ізденісі мен еңбегі де телеарна арқылы көпшілікке көрініп тұрады. Сондықтан да аталмыш жобаны ұлттың бүгінгі халін тарихта қалдырар айтулы ток-шоу деп атап өту де артық болмас.

Иә, өңірімізден ақпарат тарататын арналы телеарнаның ағартушылық саласындағы жұмысы көңіл терезесіне шұғыла себердей. «Ұлт пен рух», «Таным», «Тұжырым» бағдарламалары айтылған ойымызды қуаттайды. Қазақ хандығының 550 жылдығы тұсында телеарна азаматтары тарихымызды безбендеп, бабалар ерлігін деректі фильмге арқау етті. Аталмыш ұлы той қарсаңында бай шежіреміздің болмысы - саф тұлғаларын көрерменге ұсынған бірден-бір телеарна осы «Жетісу» болатын. Бұл тұрғыда «Жетісу жұмбақтары» бағдарламасының ұлт тарихына, танымына қосатын үлесі өлшеусіз. Аталмыш бағдарламаның алтын арқауы – ғасырлар бүркеп, жылдар жасырған тарихи оқиғаларды қайта тірілту, отаршылдық құрбаны болған батырлардың ерлігін ұрпаққа ұран етіп, оларға жабылған жаланың жалған екенін әшкерелеу. Осы мақсатта «Жетісу жұмбақтары» бағдарламасы «Кісіқырылған», «Қызқұлаған», «Анненковтың таңбасы» сынды бірқатар фильмді көрермен назарына ұсынды. Бұл фильмдер архивтен алынған тарихи деректер негізінде әрі "жетісулық" азаматтардың ізденісінің жемісінде жүйелі жалғасын тауып келеді. Ақ пен қызыл аламанында алтын басы қанжығада кеткен батырлардың, жазықсыз қынадай қырылған қазақ халқының отаршылдықтың езгісінде опынған күйін көрермендер тағы да бір санада жаңғыртып, шынайы сезініп жүр. Міне, осындай бағытқа басымдық берген «Жетісу» телеарнасының әлеуеті зор, тынысы кең деуге негіз бар.

Жас журналист Айбек Құттыбек жүргізетін «Құтты қонақ» бағдарламасы танымдық тұрғыда көрерменнің көңілінен орын алған. Елдің алдында жүрген айтулы азаматтар, зиялы қауым өмірінен сыр шертетін бағдарламада қазақы қалжың бар. Тосыннан берілетін тапсырмалары езутартарлық. Мәселен, С. Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты Ришад Тұрғанбаймен болған бағдарлама барысында жүргізуші комментаторлығын сынау үшін екі әтештің айқасын әңгімелеп беруді ұсынған. Комментаторлық бағытта еңбек етіп жүрген белгілі журналист видеоға қарап отырып, үй жануарларының жанжалына сәтті коментаторлық жасаған. Осындай қызық та тосын тапсырмалары, әзіл-қалжыңы бар бағдарламада ұлт мүддесі тұрғысынан пайымды-парасатты әңгіме өрбиді. Сол секілді «Желі.кз» бағдарламасы бүгінгі интернет дамыған замандағы өрттей өршіген материалдарды саралап, талдауға жақсы негіз болуда. Ал «Тіл сақшысы» ономастика саласының ұлттық мүддеге жұмыс істеуіне тегершік болып келеді десек қателеспейміз. Әлем-жәлем жарнамалар көз арбаған уақытта қазақылықтың иісін аңқытпаған атаулар мен қате жазылған мекеме, дүкен сынды нысандардың жазуларын түзеуге, мемлекеттік тілдің заңдылығын сақтауға осы бағдарлама журналистері зор үлес қосуда.

«Зерделі отбасы» талай шаңырақтың сүйіп көретін бағдарламасына айналған. Сол секілді «Оқырман» бағдарламасы - биылғы «Жетісу» телеарнасының жаңа бағыттағы тың жобасы. Мұнда әдебиет айдынында жемісті желкен көтеріп келе жатқан жас қаламгерлер мен өңірімізден, арысы елімізден шыққан ақын-жазушылардың шығармашылық ғұмырынан, туындыларынан сыр шертіледі. Кітап оқылмайтын заман деген түсінікке иланып жатқан осынау уақытта шығармашылық адамдарының асылын айшықтап, жауһарын таныстырып, туындыларын насихаттауға атылмыш бағдарламаның ықпалы жоғары екені жасырын емес.

«Жетісу» телеарнасы жаңалықтарының негізі өңіріміздегі болып жатқан жайдарлы дүниелерді көрсету, келеңсіз мәселелерін және қуанышты дүниесін айшықтау екені айтпаса да түсінікті. Жаңалық барысындағы "зкт-ның" (кадр сыртындағы­ мәтін), шпигельдің (маңызды, қызықты ақпарат жасап жатқан тілшінің материалына аңдатпа) және өзге де телеарналық элементтердің берілуі өзгеше үрдіс тапқан. Бұл жағын әңгімелеу бір материал аясына сыймасы хақ. Өңіріміздің арналы телеарнасы мәдениетіміз бен әдебиетімізді қолдауға, Елбасы айшықтаған бағдарламаларды іске асыруға, халық бен билік арасына алтын көпір болуға, сондай-ақ, жас дарындарды танытуға, тасада қалған таланттарымызды қайта ел алдына шығаруға, тарихи санамызды жаңғыртуға зор үлес қосып келеді.

АЗАМАТ ӨССЕ, ЕЛ ӨСПЕК

Аюдың аптығын басар жаужүрек ұлдай бел ортаға тұрақтап, екі езуін жия  да алмай, қос жанары жайнай жан-жағына мейірлене қарайды. «Жалқың түйсінген ақиқатқа жалпыңды исіндіре алдым ба, жаппай ұмтылыс тудыра алған жерде ғана бағаналы жұрттың бағы артпас па еді, уақыт деген құдіретке қашанғы дес бере бермекпіз?!» тектес асу да асу жалын-жүрек сауалдарын жүзінен айқын аңғарар едіңіз. Телеарна студиясына жиналған қауым үн қатарға дәрменсіз. Иі қанған терідей әбден тұздықталған тақырыпқа тән ой үзіктерін жинап әлек-ау!

Көрермендер дариясымен ақ жарыла қауышып, көкейіндегі көп сырдың шеңберінде шарапатты монологқа  шомылып шыққаны ілкі әзірде ғана. Лебізін мизам шуақтай майса күліп  бастаса да майда сөйлеу ауылына маңайламаған. Жүрегіне құндақтаулы  асыл мұратын дәйектей, дәлелдей келе сонау зәу биіктен тіке құлаған көк қырандай  темірқазық нысанасын дөп басқан-ды. Беу, сөз құдіреті-ай десеңізші! Аспан алақандағыдай айналып, күн елжірей құшағын ашса, кербез Алатау асқақ қалпында селт ете тына қалған. Зұлмат түнінің өзінен тіршілік тамырын жалғай білген тағдырлы ұлттың тап қазіргі көш-керуенінің де күзер де түзер тылсымдары бір хабардың сабасында піспектеліп үлгерсін бе?! Басын тауға да, тасқа да ұрып, тұрымтайдай пана іздей келіп отырған пақырыңыз болса мынау – қарсы алдыңда көзі жәудіреп отырған! Әр сөзіңнен әл-күш жинауға барымен бейіл.

Бүгінің – кешегіңнің көлеңкесі. Талқы үстіндегі мәселе де жүрелей отырғызып кете барған кешегі күннің тоқсан тарау толғағы-ау. Көзіндегі жасын көрсетпесе де, көкірегіндегі зарды жасыра алмайды. Қиянаттың қияпаты беттің кірін бес төктірмесе де, белді бекем бууға жүгіндірген. Арзан ақылыңыз жүрмейді енді! Намыстың тас қайрағы ғана тырнақтының тісін қақпақ, күнәһардың ісін таппақ.  Дариға-ай, дүрия дүниенің жазира-жайнақ күйі басым түсер жұмақты шағына пенде атаулының бәрі бірдей жетсе  ғой жамырасып.

Ағайын, бұл Алаш жұртының көзқуанышына ұласқан «Қарекет» бағдарламасының миллиондар медет тұтар бір ғана мезеті, маңдай сипар шағы! Шетінен шерлі күй кешпесе де ел ішінде шерменде қалыпта отырғандар әлі де баршылық. Ұлттың ұстынын ұлықтар, парасаты басым пәтуалы сөз, естияр пікір айта алсаңыз, қанеки! Біздің ұғымға салсақ, Алаш шебінен аса адамзат кеңістігіне тарар аңсарлы әңгіме дәл осылай өрбісе керек еді. Журналист Бейсен Құранбек сол шынар биіктен және бір қайтара табылды!

Иә, біздің Бейсен осындай! Әмісе жүрегі шоқ жайнап, рухы алаулап тұрары – Тәңірдің жаратылысынан. Журналистика жампозына айналып, қалың қазақтың қажетіне асар рухани айғақты өзіндік мектеп-арнасын қалыптастырып үлгерсе – ілімнің көзін, білімнің өзін тапқан талант пен табандылық мүсіндеген ізденгіштігінен. Қоғам қайраткері дәрежесіне көтеріліп, ел-жұрт ау-жайының тамыршысына айнала білсе – көбімізде кемшін соғар ерекше сәуегей түйсігінің молдығынан. Қазірдің өзінде абыздың сөзін ұстап, нағыздың өзіне айналып үлгерсе – жеті атасынан желі тартқан тектілігінен деп ұққайсыздар! 

Ақыл жас талғамайды, бас талғайды-ау! Исі Алаш жұртының жүздесе қалған жерде Бейсен бауырымызға қоғадай жапырыла қошемет көрсетіп жатқанын көргенде кеудемізді қуаныш кернеп, төбеміздің көкке бір-ақ елі жетпей қалары бар. Азамат өссе – ел өспек!

Болмысы бөлек Бейсен інімнің мылтықсыз майдандағы мергендігін, өзі де, өзі басшылық ететін «Жетісу» телеарнасы да қазақ елі көлеміндегі кәсіби ұлттық сыйлықты жеңіп алғандығын, Серік Әбікенұлы мен Досан Қызайбек, Данияр Сейсенбаев пен Дәурен Құдайберген, Есболат Айдабосын мен  Ерлан Жүніс сынды, кілең сен тұр мен атайын кіл жүйріктерді  қасына жиғандығын, ең қызығы, Күреңбел төріндегі Бейсеннің үйлену тойында Гүлмира келіннің беташарын жария жырлағанымды төгілтсем – жуық маңда іркіле қоймаспын. Ендеше, осымен Алаштың ардакүреңі, журналистика жұлдызы  Бейсенжанға көз тимегей, сөз тимегей деп әзірше доғардым әңгімемді!

Әміре ӘРІН,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

Қазақтың маңдайына біткен тележурналистиканың білікті маманы Бейсен Құранбек, тарихымызды безбендеп жүрген қарымды қаламгер Серік Әбікенұлы, елімізге танымал журналист Досан Қызайбектер басшылық ететін «Жетісу» телеарнасы - жетісулық көрермендердің көзайымы. Еліміздегі беделді телекомпаниялардың ішінде өткен жылы «Өңірлік үздік телеарна» аталымы бойынша «Тұмар» сыйлығын жеңіп алуы да заңдылық секілді көрінеді. Өйткені, қашанда ақпарат пен ағартушылық бағытты қатар ұстанып, ұлт мүддесі, тәуелсіз Қазақстанның дамуы жолында жарқын істерге бағдар, жайдарман жаңалықтарға ақжолтай хабаршы болып жүрген «Жетісу» арнасынан біздің де күтеріміз осындай жоғары марапаттар болатын. Өткенімізді жаңғыртып, ұлы құндылықтарымызды құнттай білуге бағдаршам болған бұл телеарнадан әлі де толғақты тақырыптарды көтерер ғажайып бағдарламалар мен жарқын жеңістер күтеміз.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ,

"Жетісу"

 

Оқи отырыңыз