ТАЛДЫҚОРҒАНДА ӘДЕБИЕТШІЛЕР КЛУБЫ ҚҰРЫЛДЫ

ТАЛДЫҚОРҒАНДА ӘДЕБИЕТШІЛЕР КЛУБЫ ҚҰРЫЛДЫ

Біз аз едік, әдебиет біріктірді: көп болсақ дедік! Біз әдебиеттен жалынды, отты алсақ дедік! Біз «кедей» едік, әдебиет – кеніш, жоқты алсақ дедік! Иә, біз бәрін алғымыз келді, бәрін сосын бөліскіміз келді сізбен. Ол үшін таудай арман қойдық. Ой қостық. Ниет байладық. Мақсат түздік. Нәтижесі, мінекейіңіз: Жетісуда құлагер ақын Ілияс Жансүгіровтің есімін арқалаған білім ордасы – Жетісу мемлекеттік университеті жанынан «Мизам» жас әдебиетшілер клубы құрылды.

Иә, бұл клуб иелерінің іс бастар алды сүйінші сұраған алғысөзі. Осылайша, жүрегі жырға тұнған Жетісу жерінде әдебиетті арқау еткен «Мизам» әдеби клубы өз жұмысын бастап кетті. Әдеби ұйымның тұсаукесер рәсіміне орай театрландырылған әдеби-сазды кеш те көрермен көзайымына айналды. Айналасы 35 минутқа сыйған жүрек тебірентер қойылым ақын Ерлан Жүністің өлеңдерімен өріліп шықты.

«Арманшыл таңның бұлттары» деп ат қойылған, сыршылдық пен нәзік сезімнің қылын дәл басқан кеште ақынмен бірге көрермен де көп толқыды. Ақын болып мұңайды, ақын болып ғашық болды, сағынды, жабықты, қуанды.

Айта кету керек, театрландырылған қойылымға қатысқан қыз-жігіттердің актерлік шеберлігі де кәсібилерден кем түспеді. Сахна да талапқа сай жабдықталып, нағыз поэзия төрінің сыңайын танытты. Ақын сөзіне жазылған әндер әулеп, кеш қызығын қыздыра түсті. Аз уақытқа үлкен дүние сыйдыра білген шеберліктің нәтижесі соңынан соғылған толассыз шапалақ үнінен-ақ аңғарылды. Аяқтарынан тік тұрып, қол соққан жырсүйер қауым кештің негізгі кейіпкері Ерлан Жүністі сахнаға үлкен құрметпен шығарды.

Ал ақын болса, толқынысын жасыра алмай: «Бүкіл өмірім көз алдымнан бірер сәтте өте шықты, өткен күндеріміді қайтадан жүрек сүзбесінен өткіздім. Ол мен үшін оңайға соқпады. Ерекше алғыс айтамын», – деп жырдан шашу шашты. Клубтың шарты бойынша шығармашылық ұжым кітапханасына өзінің ең бағалы деген төрт кітабын ұсынып, «Мизам» болашағына сәт-сапар тіледі.

Ал аға буын атынан сөз алған «Жұматай қағанаты» нояндарының бірі болған, бүгінде облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары қызметін атқарып келе жатқан Нүсіпбай Әбдірахым ақ батасын беріп, тілектестік танытты. Университет ұжымы ұстаздар қауымы сипаты бөлек клубқа үлкен үміт артты. Осы тұста «Мизам» сөзінің мағынасын білмек үшін сауалдан сауал туған-ды. Мұндай сауалдар әлеуметтік желілерде де қойылып жатты. Клубты құру туралы ой білдіріп, басы-қасында жүрген ақын Қозыбай Құрман аталмыш сөздің мән-мағынасын былайша баяндайды:
- Біздің «Мизам» деп қойғанымыз: біріншіден, мизам (мизан, низам) заң, жарғы дегенді білдіреді. Яғни, жас әдебиетшілерге таразы болсын дедік. Екіншіден, ол көктемде туатын жұлдыздың аты. Яғни, оның мәні түркілік таным бойынша, биіктікті аңсауды білдіреді. Сәуірде пайда болатындықтан оған жастық та тән. Ал үшінші мәні, мизам күздің шуақты күндері. «мизам шуақ» деп соны меңзейді. Жиын-терін науқаны үшін де ең маңызды кез. Ел еккенін қамбалайтын сәт. Бұл кезде мизам көк береді. Осылайша, ошақтың үш бұты секілді үш тірек мағына беретін «Мизам» атауы бізге бұйырды.