Торғын ТҰРЛЫБАЕВА: "ТОЙЫП ІШКЕН ТАМАҒЫМА ҰЯЛАМ"

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА:

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің түлегі, Текелі қалалық «Текелі тынысы» газетінің бас редакторы Торғын ТҰРЛЫБАЕВАНЫҢ өлеңдері нәзіктігімен, сыршылдығымен ерекшеленеді. Жырсүйер қауымға ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасымен таныла бастаған ақынның әрбір өлеңінен өмірге, әсемдікке іңкәр жүректің лүпілі байқалады. Журналистика мен ақындықты қатар алып келе жатқан Торғынға толымды шығармашылық табыс тілейміз.

 

ТЫНЫШТЫҚ

Ғалам мына толған сұмдық, сын, егес,
Көкжиектен бұлдырайды мың елес.
Жанталасқан жаһан дерті жанында
Менің таудай тауқыметім дым емес.

Нені дұрыс, нені бұрыс дей алам,
Байлығымен астамсиды кей адам.
Азып-тозған ашқұрсақты көргенде,
Тойып ішкен тамағыма ұялам.

Жарылыстан естерін де жия алмай,
Назаланса көз жастарын тия алмай,
Жазықсыздар жанұшырып жатқанда, 
Қалай ғана ұйқым қанар ұялмай?

Зұлым ойлар шымылдығын түруде,
Кедергі көп қамсыз өмір сүруге.
Бүтін бір жұрт қайғы кешіп жүргенде,
Қақым жоқтай емен-жарқын күлуге.

Шама жетпей бүлік дейтін дүлейге,
Үркек ойлар түндігіме түней ме?
Бейбіт елде өмір сүрген бақыт қой,
Орын да жоқ қорқыныш пен үрейге.

Қолда барды қуат тұтып, ырыс қып,
Сабырменен күн кешуге тырыстық.
...Қолыма ұстап әлдилесем жер шарын,
Әлди, әлди... Аңсағаным тыныштық.


АНА

Бұл пәниде бағаңды артық етті Алла,
Дүрия-дәурен дүрмегі озып кетті алға.
Аңқылдайсың ойлап арғы-бергіні,
Ана, сенің пейіліңде шек бар ма?

Жалғанда бұл жетер жанға дәру мың,
Қалпын көрдім қаланың да ауылдың.
Қаталдықтан қалтыраған заманда,
Ана, сенің мейіріміңе зәрумін.

Көрдің бе сен қия баспас пендені,
Еркелеудің қисыны бір келмеді.
Балалықпен сезе алдым ба, білмеймін,
Ана, сол бір сағынышты сендегі.

Жүрегімді мұндай бір зат жаншымас,
Жанарыңа жасырынса тамшы жас.
Қайсарлыққа егер бәйге тігілсе, 
Ана, саған табылмайды қарсылас. 

Көрген талай тіршіліктің тартысын,
Басымдағы бар бақыттың нарқысың.
Қиналғанда маған бер деп сұрадым
Ана, сенің төзіміңнің жартысын.

Тағат таппай сыртылдайды сағатым,
Жаңылмайды жорғасынан жаңа күн.
Тынысташы, ұяласын уайымсыз,
Ана, сенің кірпігіңе қара түн.

Ой қуасың күндіз-түні, білемін,
Жүрегіңе құндақтаулы жүрегім. 
Абыроймен жүрсек біздер жер басып,
Ана, сенің орындалған тілегің.


АҚПАН

Шыт көңілді қалғаны ма шаң басып,
Көз ілмедім шұбар оймен таңды асып,
Таң да атты.
Оянды әлем.
Тіршілікке түр кірді.
Ал менің ше?
Менің таңым біртүрлі.
Ояна алмай, ойым ойға алмасып,
Тұрып алды түн жағама жармасып.

Ақпан мынау –
жатыр жерді қар басып,
Аппақ дала – 
жанарыммен арбасып,
Шағылады,
Қарсы тұрып жанарыма қап-қара.
Шымшылайды аяз бетті шаттана.
Қарамайды менің ойым маң басып,
Аралайды ақ даланы
Әйтеуір бір алға асық.

Келемін мен жалғыз аяқ жолменен,
Табиғат-күн томсарып тұр, тоң неден?
Таңғы тірлік –
Тағаты жоқ тырп-тырп басқан 
адымдар.
Қыңқ етпейді,
Жатыр мүлгіп қалың қар.
Қала жатыр бетін басып қолымен.
...Менің ойым бара жатыр ақпанның 
ақ жолымен.

ҚАР ЖАУҒАНДА

Кешікпей көрпеңді қымта,
Біз жаққа қыс түсер демде.
Жұп-жұмсақ ақ нәзік ұлпа,
Жатырқай қонады жерге.

Жеткізді-ау тапсырған сеніп,
Аспанның сәлемін бізге.
Арманым кетпесін еріп,
Ақ ұлпа қарменен бірге.

Кеше де қар жауып тұрды,
Жапалақтап түні бойы.
Сары аяз салтанат құрды,
Қардан соң жалғасып тойы.

Аттасаң сықыр да сықыр,
Миллион кристалл сынып.
Асығар таяса тықыр,
Көрсетіп қимас бір қылық.

Ауырлап, кірледі неге,
Кешегі күпсек қар беті.
Анжырдай қатусың деме,
Шау тартты көңілдің шеті.

Ақ көрпе оранып бағы,
Кірсінші даламның сәні.
Тазарсын көңілдің шаңы,
Ұзатпай жаушы, қар, тағы.

***
Шарасыз күйім...
Шарана өлең шетінеп,
Шексіз ойымды сергелдеңге түсірді.
Шекара білмес
Шетінен сезім сетінеп,
Шимайлай бердім
Өңім бе, әлде, түсімді.

Қызылды-жасыл 
Бояулар билеп санамды,
Ес алдырған ертегіге тұтылдым.
Саудаға түскен сөзімді аяп,
Табанды
Ойымды айтпай,
Сенікі жөн деп құтылдым.

Көзбояу тірлік
Мұңымды қойды еселеп.
Меселім қайтты,
Алдымнан кесір кеселеп.
Тұратын қорғап
Қарсылық күші бар менде
Құласам-дағы 
Қақырап жаным неше рет.

***
Мына жалған оры көп арандарға.
Кейпім осы, жабатын жалаң бар ма?
Сынған әйнек...
Сезімнің сынықтарын
Құрастырғың келгенмен амал бар ма?
Жанарымды жас жуып жабықсам да,
Жанымды ақ, жарық қыл санамды, 
Алла.

Алай-түлей тулайды айна көлім,
Алып-ұшқан көңілді айла дедің.
Шаттығы да, шәрбаты тал бойында
Қызғалдақтай ғұмырым қайда менің?
Қызық емес, шынайы күнімді аңсап,
Қиялыма қос қанат байлап едім.

Іздеп келем жоғалған іздерімді.
Сонадайдан сарғыш рең күз көрінді.
Өз қуатым жеткенше қалықтайын,
Берер дейсің серік қып бізге кімді?
Көкті тіліп, тыраулап тырналардай
Алыс жолға бастаймын тізбегімді. 

Заңғар көкте тынысым тарылмасын,
Ұша аламын, басқадан бағым басым.
Шу біткенді әуеге алып кетем,
Жердің беті бір сәтке дамылдасын.
Көзден ғайып болған соң кейбіреулер,
Жалған бәрі...
Күтпесін, сағынбасын.


СЕНДЕГІ ЖҮРЕГІМ

Кезгенде ерте-кеш тұман ой түнегін,
Тірегім өзің деп алаңсыз жүремін.
Білемін, тұлпар-күн тізгіні қолыңда,
Соқсыншы тоқтамай сендегі жүрегім.

Мазасыз ойларды үркітіп лүпілде,
Шүпілдеп мейірім көңілді бүтінде.
Үкілеп үмітті жарыққа алып шық,
Әйтпесе, барамын тұншығып түтінге.

Сендегі жүрегім ақ қанат періште,
Мендегі тұл сезім қатқан бір беріш пе?
Шырмалып қалғанда бәрі де кеш болар,
Кінәні өзіңе артуға келіспе.

Сендегі жүрегім тазалық тұмасы,
Сүюге серт бермей азырақ шыдашы.
Сенем деп бәріне алданып қалмағай,
Кездесер адамның аласы, құласы.

Сендегі жүрегім әсерлі ән бе еді,
Әуезі сұрланған әлемді әрледі.
Сызы бар сөздерден жүректі қалқала,
Көңілге түсірмей салмақ қып әрнені.

Сен үшін жат пиғыл жолдарын бөгедім,
Азды-көп, білмеймін, тиді ме көмегім.
Жүрегім мәңгілік өзіңе аманат
Өрлікпен, ерлікпен өмір сүр, өлеңім.

БІР СӘТ

Жанарымды малындырып мұңға,
Жамалымды шомылдырып нұрға.
Сұрақ белгі...
Әлде сынап тұр ма?
Сезімімді сеңдей соққан бір сәт.

Көз ілмей-ақ атқызғанда таңды,
Кеудемдегі бұлбұл әнін салды.
Естимісің,
Есте солай қалды
Балдай еріп бақыт құшқан бір сәт.

Жерік қылып ақыл-есті жырға,
Еліктіріп айтылмайтын сырға.
Гүл ектіріп
қуаң тартқан қырға –
Ертегіге сеніп қалған бір сәт.

Жәутең қағып жанарымда жалған,
Шыркөбелек айналғандай бар маң.
Бекем бол деп,
Мені әуреге салған
Қоштасуға қия алмайтын бір сәт.

Аптықтырып асау желік жеңді,
Көзбен ұрлап тылсым тұнған реңді.
Білемін ғой,
Қайталанбас енді
Көңілімді көктем еткен бір сәт.

Жан-жағымның бәрі алғыр, мықты,
Жапырақтай жанымды кім ұқты?
Өкінішке орын да жоқ тіпті,
Өмір деген – түбі өлім бір сәт.

***
Батар күнде тілегі атар таңның,
Жарық жұлдыз, сенің де батаңды 
алдым.
Көктен саулап тұратын аппақ сәуле
Ай астында сыланған шаһарданмын.

Шаттығы да, мұңы да үлбіреген,
Еміреніп еңкейген күнді көрем.
Бар әлемнен бөлектеу бұл қаланың
Көшесінде желіп жүр дүлдүл өлең.

Мырза мінез аппақ нұр төгілгенде,
Ар жағынан сұр дүние көрінген бе?
Неткен көркем, ғажап сәт, сұлу сурет
Кетпейтұғын көзден де, көңілден де.

Арман ба екен... арман ба мұның бәрі?
Құс жолынан бір жұлдыз жымыңдады.
Болмысымды баураған бал сезімнің
Тамсанамын, таңдайда шырын дәмі.

Әу бастан-ақ әртүрлі талғам неден,
Жалпағынан басқызбас жалған деген.
Жүйелі бір жоспардай орындалса,
Арзан болып қалмай ма арман деген?

Ұстатпайтын жалынан арман алғыр,
Қиял сүрлеу қалды ма салмаған қыр.
Кептелгеннің көмейге көзін ашып,
Келте ойымды кесілген арналандыр.

***
Сезіп қойдың
сезімнің дір еткенін.
Көріп қойдың,
шекемнен күн өпкенін.
Жайнап өсіп,
шашар ем жұпарымды
Бақшасына бақыттың гүл екпедің.

Гүлдей сезім үзілген сағағынан,
Өткінші бір сәттен де табамын мән.
Алабұртып қайтадан атқан таңым,
Айтып келе жатады жаңа бір ән.

Жаңа әннің де тым таныс қайырмасы,
Сұлу сөзде сезім жоқ – айырмасы.
Сұқты қадап сыртымнан сынай бермей,
Селт еткізер маған сый дайындашы.

Сезіп қойдым,
сезімнің толқығанын.
Сыңғыр-сыңғыр
сыр шертті шолпыларым.
Бүршік атып, жапырақ жаймасаң да,
Тәтті күйге тебірен, 
толқы, жаным.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

Текелі қаласы

Оқи отырыңыз