ӨТЕГЕН БАТЫРДЫҢ ЕСКЕРТКІШІ АШЫЛДЫ

ӨТЕГЕН БАТЫРДЫҢ ЕСКЕРТКІШІ АШЫЛДЫ

Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр кентінде даңқты батыр Өтеген Өтеғұлұлына арналған еңселі ескерткіш орнатылды. Салтанатты шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Әбдуалиев, тарихшы ғалымдар, ауыл ақсақалдары және әйгілі спорт ардагері Жақсылық Үшкемпіров қатысты.

Жиында Өтеген батырдың қазақ тарихында алар орны туралы деректер молынан баяндалды. Екерткіш Алматы облысының Іле ауданына қарасты Өтеген батыр ауылының бұрылысында, Қапшағай тасжолының бойында орналасқан.

Мүсінде Өтеген батыр қолына кішкентай торғай ұстаған сәбиді иығына отырғызып алған. Ескерткіш авторы, мүсінші Бақытбек Мұхамеджановтың айтуынша, бұл, жаугершілік жорықтан қайтқан батырды, соғыстан кейінгі мамыражай бейбіт өмірді бейнелейді.     Ескерткіштің биіктігі - 5,5 м, ені - 2,5 м, ұзындығы - 6,5 м, постамент - 4 м.  Өтеген Өтеғұлұлы (Мүйізді Өтеген) - жоңғар шапқыншылығына қарсы соғысқа қатысқан батыр, қолбасшы. 1699 жылы қазіргі Жамбыл облысы Шу өзенінің бойындағы Изенді жерінде дүниеге келген.

1773 жылы Алматы облысының Іле ауданы Шолақтау, Шеңгелді өңірінде қайтыс болған. Бабасы Сырымбет 1643 жылы Батыр Қонтайшының 50 мың әскеріне соққы берген Салқам Жәңгірдің сапында ұрысқа түскен. Өтеген 15 жасынан жоңғарға қарсы соғысқа араласып, Жетісу мен Шығыс Қазақстан жерін жаудан азат етуге зор еңбек сіңірген. Түркістан, Ташкент маңындағы шайқастарға, Аңырақай шайқасына қатысып ерлік көрсеткен. Қалмақтың Бөтхишар, Сабан Тайшық секілді атышулы батырларын жекпе-жекте жеңіп, қазақ әскерінің даңқты қолбасшыларының біріне айналған. Төле бидің, Абылайханның серігі болған.

1723 жылы Тауасар, Райымбек, Ханкелді, Қабанбай, Шоқпар батырлармен тізе қосып жоңғарлармен айқасады. 1740 жылы Іле бойында қалмаққа қарсы жинаған Төле би әскеріне қосылып, елін жаудан азат еткен. Өтеген батыр Өтеғұлұлына Күсеп, Сүйінбай, Жамбыл, Әлмейін, Сарбас, Кенен ақындар жыр арнаған.

inform.kz

 

Оқи отырыңыз