ҮШ АЛЫПТЫҢ АМАНАТЫ

ҮШ АЛЫПТЫҢ АМАНАТЫ

Тарихта бәрі-бәрі сақтаулы, жаттаулы. Ол ешкімді де, ешнәрсені де ескерусіз қалдырған емес. Мейлі, ширек ғасыр, жарты ғасыр, бір ғасыр, тіпті мыңдаған жылдар артта қалса да тарих бабамыздың қанында, санасында, қазынасында сақталып жата бермек. Тарихтағы өмір шындығын әлдекімдер білгішсініп, өз жағына тартқылағанымен дегеніне жете алмаған. Себебі, ақиқат айна, ол өз арнасын өзгертпейді. 

Осы орайда тарихи беті ашылған ақиқат туралы айтқанымыз жөн. Осыдан тура 30 жыл бұрын,  яғни 1988 жылғы 28 желтоқсанда қазақтың үш арысы – Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов және Жүсіпбек Аймауытовтың өмірі мен шығармашылық қызметін жан-жақты зерделеген және таразылаған арнаулы мемлекеттік комиссияның қорытындысы шықты. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов және Жүсіпбек Аймауытовтың шығармашылығы туралы» қаулысы БАҚ арқылы жедел жарияланды. Сөйтіп, жазықсыз қатаң жазаланып, өзінің ақтығын, адалдығын айтып жеткізе алмаған үш азамат ортамыздан өзінің орнын қайта тапты.
Қазақтың үш арысы жөнінде республикалық газеттер мен журналдарда, радиотелехабарларда, әрі қарай облыстық газеттерде жарқын да жалынды мақалалар жарияланды. Жалпы рухани жаңғыру, тарихи қайта түлеу мәселесі тұрғысында  1988 жылдың өте-мөте жемісті жыл болғаны шабытты үнмен паш етілді. Бұл жөнінде республикалық «Жалын» журналы елеулі қызмет атқарғанын айтқым келді. Оған журналдың 1989 жылы №2 санында жарияланған материалдар толық дәлел болары анық. «Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді» деген басты тақырып аясында айтылғандар жанымызға жылу, бойымызға күш бергендей болып еді.
Әлі есімде, ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарында Семей мемлекеттік педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің соңғы курсының студенттері алдында «жиырмасыншы ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ әдебиеті туралы» оқылған дәрістерде жоғарыда аттары аталған, бүгінде жалған жаладан тазарған жазушылар «Кертартпа, ұлтшыл бағыттағы, социалистік болашақты түсінбейтін, мүмкін түсінгісі де келмейтіндер»,– деп түсіндірілетін. Сондықтан біздер оған сенетінбіз. Ал аса ірі ғалым, абайтанушы, шәкәрімтанушы Қайым Мұхаметханов (марқұм) сөз арасында әуелде ауыр күрсініп алып: «Мен де оларды жақсы танушы едім, білуші едім, оқушы едім»,– дейтін. Содан кейін: «Япырай, не деуге болады?» – деп демін алатын. Ал әлгі үшеуі толық ақталып, еңбектері халқының қажетіне ұсынылған жылдарда Қайым аға Мұхаметханов алғашқылардың қатарында өз ықыласын білдірген-ді. 
Мұнан кейін М. Жұмабаев, А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытовтың өмірі мен шығармашылығы туралы мақалалар сериясы, таңдамалы шығармалары мен ғылыми еңбектері көптеп басылып, кейін жекелеген әдебиетшілердің зерттеу қызметтеріне негіз болды. Қазақстан тәуелсіздігі жылдарында оның ауқымы артып, арнасы да кеңейе түсті. Сонау ХV ғасырда ғұмыр кешкен Асан қайғы (шын аты – Хасан Сәбитұлы) айтқан даналыққа назар аударайық. Одан тұнып тұрған тарихи ақиқатты көреміз:
Атажұрты бұқара,
Өз қолында болмаса.
Қанша жақсы болса да,
Қайратты туған ер ғаріп, – дейді баба.
Ал Тәуелсіздіктің Гимні, Елтаңбасы мен Көк байрағы биік тұғырда еңсесін көтерген сайын  олардың есімдері кеңінен әспеттеліп, есімдері кең арнада, мейлінше мақтанышпен атала бастады.
Мағжан атаның жастарға деген махаббаты мен сенімі жоғары деңгейде тұрды. Оны «Мен жастарға сенемін» деген өлеңінен көреміз. Жалынды сөз иесі былай тебіренеді:
Тау суындай гүрілдер,
Айбынды Алаш елім дер,
Алтын Арқа жерім дер,
Мен жастарға сенемін!
Қажу бар ма тұлпарға,
Талу бар ма сұңқарға,
Иман күшті оларда,
Мен жастарға сенемін!
Ахмет Байтұрсынов әуелде Халық ағарту комиссары қызметіне тағайындалды. Мұнан кейін де жоғары лауазымдарда болды. Ол ұлт қамы үшін партия мүшелігіне өтті. Қазаққа азаттық әперудің ұтымды қадамы осы деп білді. Бірақ, Ахаң Коммунистік партия қатарында түпкілікті бола алмады.
Мәскеу билігі қазақтан шыққан қайраткерлерге әрқашанда күдікпен, сескене қарады. Бұл революция жеңісінен кейінгі уақытта байқалған-ды. Оған дәлел, 1919 жылғы шілде айында Қазақ ревкомы қалыптасып, көріне бастаған тұста И. Сталин РКП(б)     Орталық комитетінің хатшысы        Е. Стасоваға Ахмет Байтұрсынов жайлы: «Мен оны революционер-коммунист немесе оған іш тартады деп есептеген жоқпын және олай есептемеймін де, солай бола тұрса да оның ревкомда болуы қажет», – деп ескерткен  екен.
Партия қатарына қабылданған Жүсіпбек Аймауытов Қазақстан кеңестерінің құрылтай съезіне делегат болып сайланды. Семей губерниялық ревкомында бірнеше жыл жұмыс істеді. Қазақ халық ағарту комиссариатында бөлім меңгерушісі, «Еңбекші қазақ» газетінің басшысы болды. Ол өзінің еңбектерінің бірінде:
«Коммунистік партия басқарған кеңес өкіметі – дүниежүзінде болмаған өкімет. Бұл бар адам баласын сәулетті, бақытты тұрмысқа көш бастаған өкімет», – деп ерекше көтеріңкі көңіл-күйде тебіренді. Ақынның өлеңінен Жүсекеңнің көңіл-күйін аңғарамыз, ол: 
– Атағы жерді жарған данышпаным,
Бұл күнде біздің көзден алыстадың.
Ардақты Ленин жолдас,атың мәңгі,
Сырттаны адамзаттың – арыстаным», – деп жырлады.    
Солай дегенмен, қазақ арасынан шыққан білімді саясат сайыпқырандарының жағдайы жақсара қоймады. Оларды қуғындау, түрмеге қамау, т. б. зорлық-зомбылықтар кеңестік жүйенің қанына сіңген тіршілік екені айдан анық көріне бастады. Мұны одан әрі жалғастыра беру үшін «ұлтшылдар осылар, демек бұлар Кеңес өкіметінің жауы» деп таңбалап, аты-жөндерін анықтап, тізімдеп отырды. Бұл қара тізімге А. Байтұрсынов бірінші, әрі қарай Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мұхаметжан Тынышпаев, Мағжан Жұмабаев енгізілді. Сөйтіп олардың тағдырлары тәлкекке айналып, шетінен оққа ұшқанын білеміз. Тоқетерін айтқанда, Кеңес өкіметі мен коммунистік партия осынау қайраткерлерді ғана емес, бірнеше жүздеген көрнекті тұлғаларды әуелде бір қолымен құшақтады, сонан кейін екінші қолымен пышақтады дегеніміз жөн. Сөйтіп озбыр, қандыкөз кеңестік билік тарих алдында ешқандай кешіруге жатпайтын күнә жасады.
Қорыта айтқанда, қазақты жанындай сүйетін адал жүректі ұлт жанашырлары Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов және Жүсіпбек Аймауытовтың  ақталып, күндей күліп, айдай жарқырап, ортамыздан ойып өз тағына жайғасуы айтулы оқиға, айтуға лайықты ақиқат. Содан бері 30 жыл өтіпті. Олардың әрқайсысы елінің, қазақ баласының азаттығы мен бүгінгі тәуелсіздігі үшін көзі жұмылғанша еңбек етті. Олай болса, осы үшеуін, тағы басқа да көптеген сталиндік репрессияға іліккендерді: «Бір кезде кеңес өкіметіне, коммунистік партияға берілген адамдар еді», – деп жазғыру қайсы қырынан қарасақ та әділетсіздік болар еді.
 
Болат БИСҰЛТАНҰЛЫ,
Ақсу ауданының Құрметті азаматы

Оқи отырыңыз