ЖАҢА ЖЫЛ ТҮНІ (новелла)

ЖАҢА ЖЫЛ ТҮНІ (новелла)

– Сәлем, Жаңа жылдарыңмен!
– А, Бақдәулет, бұл сен бе? Дауысыңды танымай қалдым. 
– Үміт, көңілсізсің ғой. Айналаңа қарасаңшы, елдің бәрі отшашу атып, мерекені тойлап жатыр. Ал сен болсаң ескі жылдың өкпесін әлі ұмытпапсың. 
– Жо-ға, бәрі жақсы. Сендерді де Жаңа жылдарыңмен құттықтаймын! 
Бұл жолы әйелдің дауысы жарқын-жарқын шықты. 
– Қадірді әлі ұмыта алмай жүрсің бе? Екеуің бірге бес-алты жыл тұрдыңдар ғой. Қиын, әрине... Қимайсың... 
– Бақдәулет, осы әңгімені қозғамай-ақ қояйықшы.
 – Екі айдан бері татуласа алмадыңдар ма? 
–  Бәрі сен ойлағандай оңай болмай тұр. 
– Түсінемін. Ескі жараның ауызын тырнап алсам, кешір! Бірақ Жаңа жылда өкпе-назды тарқату керек емес пе? Қаласаңдар, біздікіне келіңдер. Ырысгүл дастарқанды жайнатып қойған. 
– Рахмет. Арманның көңіл-күйі болмай тұр. Оның үстіне Қадір де жоқ. Біртүрлі ыңғайсыз сияқты... 
– Түк те етпейді. Қадір екеуміздің бала кезімізден дос екенімізді білесің. Сендер отбасын құрғанда біздің ұл жолдас, қыз жолдас болғанымызды ұмыттың ба? Осы күнге дейін отбасыңызбен араласып, туған-туыстай болып кеттік емес пе? Арманжан үйдегі балалармен ойнап, мәз-мәйрам болып қалар. Сөйтіңдер, қазір үйге келіңдер. 
– Бақдәулет, ниетіңе рахмет. Бара алмаймыз. 
– Тоқтай тұршы, міне, Ырысгүл сөйлесемін дейді. 
Үміт үнсіз қалды. Сағат тілі тоғызға он екі минутты көрсетіп тұр еді. Жаңа жылға небәрі үш-ақ сағат қалыпты.
– Алло, Үміт, қалың қалай? Жаңа жылдарыңмен! 
–  Жақсы. Бірге болсын! 
– Дұрыс айтасың. Жаңа жылды бірге қарсы алайық. Қазір үйге келіңдер. 
– Ренжімеші. Бара алмаймыз. Арман ауырып, мазасы болмай тұрғаны.
 – Жазылып кетсін, – деді Ырысгүл. 
– Жарайды, егер келем десеңдер, есік ашық. Сендерді күтеміз. 
– Жақсы, сау бол! – деп Үміт телефон тұтқасын құлықсыз қоя салды. Диванға отыра кеткен. «Бұл екеуі неге бүгін бәйек бола қалды? Құдай біледі, бұлар мені үйлеріне шақырып алып, Қадірмен татуластырмақшы ма? Солай болған күнде де мені ренжіткен адамның алдына неге өзім баруым керек?».
Даладан отшашудың дүрсілдеген дауысы естілді. Еріксіз орнынан тұрып, терезеден сыртқа көз тастады. Түнгі аспанда қызылды-жасылды оттар тарсылдай атылып, көктемде қауыз ашқан гүлдей жан-жаққа бытырай жарық сәуле шашады. Енді бірі суылдай, ысылдай келіп дәл үйінің төбесінен ұшар биікке жеткенде ізім-қайым жоғалады да, шатыргүлдей жайқалып, жерге құлдилайды. Осынау көзді арбаған керемет көрініс те Үміттің көңілін көтере алған жоқ. Үйдің ішінен береке кеткендей. Аспандағы бақыт құсының қанаттарынан түскен ақ мамық терезе жақтауына тиіп, әп-сәтте еріп жатыр.
– Арман, бері келші! Қарашы, дала қандай әдемі! 
Ұлы үндемеді. Креслоға тоңтеріс бұрылып, бүксиіп жатып алды. 
– Қаласаң отшашуды далаға шығып тамашалайық. Келіп көрші өзің, қандай ғажап! – деді Үміт амалсыз ұлының көңілін көтермек болып. Арман өкпелеген күйі былтыр Жаңа жылда әкесі сыйлаған бокс қолғабынан көз алмады. Залдың ортасында жарқ-жұрқ етіп көздің жауын алған жасыл шыршаға да қарамады. 
Кенет есіктің қоңырауы соғылды. Үміт ешкімді күтпеп еді, «Жаңа жыл түнінде құттықтап келген кім болды екен?» деп таңырқады. Үлкен шаһарда шақырмаса көрші де бас сұқпайтын әдеті. Ауылдағы ағайын-туыс келер болса, күндіз жетіп алар еді. Бірақ бұл түні әркім өз отбасында Жаңа жылды қарсы алады емес пе? Бәлкім, пәтер нөмірін шатастырып алған біреулер шығар деп түйді. Есіктің қоңырауы тынымсыз шырылдады. Үміт сақтықпен есіктің түймедей көзшесінен қарап, таңырқап қалды. Міне, қызық! Есіктің ар жағында ақ сақалды Аязата мен Ақшақар қол бұлғап тұр! Үміт секемденіп қалды. Есіне түнеукүні теледидар қарап отырып, Аязата киімін киген біреулердің бөтен үйді үптеп кеткені сап ете қалды. 
– Бұл кім? – деді сақтықпен.
 – Біз – Аязата мен Ақшақармыз. Үміт Ақжолова деген кісі осында тұра ма? 
– Иә, бірақ біз Аязата мен Ақшақарға тапсырыс берген жоқпыз. 
– Сіздер бермесеңіздер, достарыңыз берді. Бақдәулет пен Ырысгүл деген достарыңыз. Біздің міндетіміз – сіздердің көңілдеріңізді көтеру.
– Қазір, – деп Үміт таныс есімдерді естігенде есікті қалай ашып жібергенін байқамай қалды. Сыртқа аптыға шыққан бу мен ішке лап қойған сарышұнақ аязбен бірге Аязата мен Ақшақар ілесіп кірді. 
– Арманжан деген бала осында тұра ма? – деді Аязатаның жуан дауысы гүрілдей шығып. 
– Осында. Сіздер аяқкиімдеріңізді шешіп, төргі бөлмеге өте беріңіздер. Мен қазір Арманды шақырып келейін, – деген Үміт түпкі бөлмеде әкесімен бірге түскен суретке қарап жатқан баласының жанына келді.
 – Арман, жүре ғой. Саған Аязата мен Ақшақар келіп тұр. Мына әдемі киімдеріңді киіп ал. Қонақтарды қарсы алайық, – деді анасы баласының басынан сипап. Аяз- атаның есімін естігенде алты жасар баланың құлағы елең етті. Дереу кеше мектепте өткен шырша мерекесіне барғанындай арыстан болып киінді.
 – Жаңа жылыңмен, Арман! – деді Аяз- ата мен Ақшақар жарыса құттықтап. 
– Қане, бізге тақпақ айтып берші. Саған арнап әкелген сыйлығымыз бар. 
Арман үнсіз қалды. Үйіне арнайы құттықтап келген ертегі кейіпкерлеріне қуанып қалғанымен, есіне жаттаған тақпағы түспей-ақ қойды.
– Қыс туралы тақпақты айтсаңшы, – деді анасы. 
– Аппақ, аппақ  жапалақтап, қар жауады тынбастан. Қалың орман қар жамылған, маужырайды түнгі аспан... 
Арман кібіріктеп қалды.
 – Жарайды, Арманды қинамай-ақ қояйық, – деді Ақшақар. 
–  Міне, Арман, саған арнап әкелген сыйлығымызды қабыл ала ғой, – деп Аяз- ата қызыл дорбасының ішінен пультпен басқарылатын тікұшақ ойыншығын ұсынды. Бала қатты қуанып, артынша мұңайып қалды. Екі ай бұрын әкесіне: «Әке, маған Жаңа жылға сыйлыққа тікұшақ алып берші» деп өтініш айтқан. Сол кезде әкесі тілегін орындауға уәде етіп еді. Енді, міне, қалаған ойыншығын әкесі емес, Аязата әкеліп тұр. Арман әке-шешелерінің жиі ұрысып қалатынын еститін. Сосын әкесі үйге мүлдем келмей қойды. Шешесінен сұрағанда: «Әкең алысқа жұмысқа кеткен. Әзір келмейді», – деп жауап беретін. Бала әкесін қатты сағынған еді. Қазір әкесі жанында болса ғой, шіркін, үйіне Аязата мен Ақшақар келгенін айтып, қалай мақтанар еді.
 – Арман, не деп айту керек? – деді анасы.
 – Рахмет! – деді Арман көңілсіз. Осы кезде Аязата мен Ақшақар мұның қолынан ұстап, шамдары жарқыраған жасыл шыршаны айнала бастады. Баласының көңілі көтеріліп қалғанын көрген Үміт шай қоюға кірісті. Осы кезде телефон безілдеп қоя берді. Тұтқаны көтергені сол еді, таныс дауыс самбырлай жөнелді.
– Алло, Үміт, үйге қашан келесіңдер? – деді Ырысгүл аптыға сөйлеп.  
– Бара алмайтын шығармыз. Айтпақшы, жіберген Аязата мен Ақшақарларыңа рахмет! Арманның көңілі көтеріліп қалды.
 – Үміт, сен не айтып тұрсың? Біз ешкімді жіберген жоқпыз. 
– Мүмкін, Бақдәулет жіберген шығар...
– Жо-ға. Жіберсе маған айтар еді ғой. 
– Ойбай, сонда олар кімдер? Қазір мен полиция шақыртайын, – деп Үміт байланысты үзіп, 102-ге телефон шала бастады. 
– Алло, полиция ма? Біздің үйге Аязата мен Ақшақар болып киінген белгісіз біреулер кіріп кетті.
 – Есіміңіз кім? Мекенжайыңызды айтыңыз, – деді полиция өкілі ар жақтан нығарлай сөйлеп. Естігенін дереу жазып алған.
 – Түсінікті, қазір жетеміз. Сіз біз келгенше сыр білдірмеңіз.
Үміт телефонды сарт еткізіп қоя салды. Жүрегі атқақтап, алқымына тығылды. Есіне баласы түсті. «Арманға бір қастандық жасап қоймаса екен» деп тіледі. Жалма-жан залға жетіп келді. Үшеуі әлі шыршаны шыркөбелек айналып жүр екен. Әйелдің бойын үрей биледі. Өне бойы қалшылдап, тілі күрмеле берді. «Полиция келгенше оқыс қимыл жасамауым керек. Әлде, Арманды шақырып алсам ба екен? Онда ана екеуі сезіктеніп қалар. Жоқ, қалайда уақыт ұтуым керек», – деп шешті. Бір кезде ән сап тыйылды. Үміт есіктің жақтауынан сығалап баласына қарап қалды. Аязата Арманның құлағына сыбырлап бірнәрселерді айтып жатыр екен. 
– Аязата, сіз менің тілегімді орындай аласыз ба? – деді Арман сәби жүзімен үміттене қарап. Қоп-қоңыр көздерінен періште пейілдің бейкүнә назы білінді. 
– Әрине, орындаймын. Айта ғой, балам, – деді Аязата нық сеніммен.
 – Менің әкем қазір үйге келсінші!
– Тілегің орындалады, балам. Көп ұзамай әкең үйге келеді, – деді Аязата.
 – Рас па?
 – Әрине. Келе ғой, Арманжан, – деп Аязата баланы көтеріп алды. Осы кезде Үміт айғай салды. Бәрі жалт қараған. 
– Тиіспе, менің балама! – деп Үміт жүгіріп келіп Аязатаның қолынан Арманды жұлып алды. Осы сәтте Арман шошып қалып, Аязатаның ақ сақалын қармап қалды. Жапсырмалы ақ сақал еденге құлап түсті. Аязата қызыл қалпағын шешіп, маңдайын сүртті. 
– Әке! – деп Арман айғай салды. Бала жүгіріп барып, әкесінің мойнына асылды. 
Ақшақар Жаңа жыл түніндегі осынау кереметке таңырқап қарап қалды.

 

Асхат Өмірбаев

Оқи отырыңыз