ӘДІЛБЕК ЫБЫРАЙЫМҰЛЫНЫҢ ЖАҢА КІТАБЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ

ӘДІЛБЕК ЫБЫРАЙЫМҰЛЫНЫҢ ЖАҢА КІТАБЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ

Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы балалар кітапханасында облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен «Жетісу кітапханасы» сериясы бойынша жарық көрген ақын Әділбек Ыбырайымұлының  «Жерұйық жұмбағы» атты жаңа жыр жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.

Поэзия Құлагері атанған Ілиястың елінде, Қызылағаш деген жерде жылқышы Ыбырайымның отбасында дүниеге келген болашақ ақын тұмса табиғатпен, қазақы тірлікке тән төрт түлікпен етене болып өскені анық. Кішкене кезінен бастап жүрегіне жыр ұялаған ол жылқының жалына жармасып, желмен жарыса ер- жеткенін алғашқы өлеңдерінен-ақ аңғартқан.
Жылдар өтті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде білім алған Әділбек баспасөз саласында еңбек жолын бастап, бүгіндері Президент аппаратында жемісті еңбек етіп келеді. Өмірлік серігі – өлеңін тастаған емес. Оның қаламынан осы күнге дейін 12 кітап жарық көргені осының айғағы болса керек.  Құдіретті поэзиямен қатар прозаға да ат басын тіреп, шағын әңгімелер мен романдарды біріктіретін  үш кітабы қазақ әдебиетіне қосылған тың дүниелер екенін зерттеушілер айтып та, жазып та жүр.
Әділбек Ыбырайымұлының «Жерұйық жұмбағы» атты жаңа жинағы сөз бен форма  сонылығымен ерекшеленеді. Мұнда ақын жер жаннаты Жетісу өлкесінің табиғат тылсымы мен таңғажайып құбылыстарын өзгеше өрнекпен жырлап, Ілиястың «Жетісу суреттері» атты туындысын заманауи тұрғыда жалғастырған. Кітапта туған жердің таңғажайып табиғатын бейнелейтін көріністі көрсете отырып  ақын айшықты суреттер мен бейнелі теңеулер, табиғат, жаратылыс тылсымдарымен астарлас түйінделетін пайымды ойлар мен тың тұжырымдар  ұсынады.
Кітаптың тұсаукесер рәсімін жүргізген ақын Қуат Қайранбаев  осыдан жиырма жыл шамасы бұрын Әділбектің тұңғыш жыр жинағы – «Пір мен Пырақ» кітабының тұсаукесері Қапалда жасалғанын айта келіп, қаламгердің өмірі мен еңбек жолына тоқталып өтті. Бүгінгі орта жастан асқан журналистердің ұстазы саналатын ардагер жазушы Мамытбек Қалдыбаев Әділбектің студенттік шағына шолу жасап, сол кездегі талпынысы  болашақта үлкен қаламгер болатынын аңғартқанын тілге тиек етті. Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Рафаэль Ниязбеков Әділбектің жазғандарын тұшына оқып келе жатқанын, оның шығармаларында Ілиястың ізі, Мұқағалидың мұңы бар екеніне тоқталды. Салтанатты шарада сөз сөйлеп, ақынның адами, азаматтық келбеті, қарапайымдылығы, өлеңдері мен прозасындағы жаңашылдығы жайлы пікір білдірген Байбота Қошым-Ноғай, Ғұсман Жандыбаев, Заида Елғондина, Темірғали Көпбаев, кітапты шығарған баспагер-жазушы Арасанбай Естенов, әдебиет зерттеушісі Заря Жұманқызы, жазушы Жұмабай Құлиевтер қаламгердің шығармашылығына жоғары бағаларын берді.
Түрлі түсті бояумен басылып шыққан Әділбек Ыбырайымұлының «Жерұйық жұмбағы» атты жыр жинағы мазмұн-мағынасымен қазақ поэзиясына қосылған асыл дүние болатынына күмән келтірмейміз.

 

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Оқи отырыңыз