ӘНІМЕН ЖҮРЕК ТЕРБЕГЕН

ӘНІМЕН ЖҮРЕК ТЕРБЕГЕН

Бөдене таланттарға қайта-қайта бүйрегі бұрып кете беретін біздің қоғамның бойына біткен бір дерт бар. Ол – өнерге деген немқұрайдылық. Текті өнердің түбіт бөкебайын түтесі шыққанынша жұлмалап, тігісін теріс қаратқан заманның шырмауына түскен кейбір көргенсіздерді көргенде көңіліңе көлеңке ұялайды. Ондайларды қамшының астына алсаң да беті бүлк етпесі кәдік. Себебі, ұяттан ада. Ескінің сарқыншағы саналған есті әндерді ағаш атқа мінгізіп, бәйгеге қосқанды да көрдік. Көріп қана қоймай, қолымыз қызғанша шапалақ та соқтық. Амалсыздан, әрине. Содан да болар, кейде киелі сахнадан кие кеткендей көрінеді маған. 

Бұл айтылған ой, оқшау пікір Сүйінбай атындағы облыстық филармониясының әншісі Асылбек Тойлыбаевтың жүрек арызы. Есімі қазаққа тегістей таныс болмаса да  өңір жұрты өз баласындай көретін дарын иесінің өнер дегенде шығар жаны бөлек. Кейде біз өзгенің қолындағы сынықты төбемізге көтеріп, төрімізге шығарып жатамыз да, тамыры жақынды дәріптеуге тәбетіміз шаппай, қаперімізге іле бермейміз. Батыстың бояуына қызыққан қоғамның  дәл осы тұста сүрініп жататыны бар. Мұны әнші де жақсы түсінеді. 
Шыны керек, көздің ботана жасындай мөлдіреген жауһар туындылар жағаға шыққан балықтың күйін кешуде. Оны насихаттауға немкетті қарайтын әншілер мен тек тойға арнап ән жазатын сазгерлердің де сауатсыздығын қайтесіз? Эстрада кеңістігінде кеспірсіз, кенеусіз әндердің құмырсқадай қаптауы өте қауіпті жағдай. Ол ертеңгі бәйтеректей бой көтерген жастардың дінін шірітеді. Біреудің жылтырағына жабысамыз деп болашағымызға балта шауып алмасымызға кім кепіл болмақ?! Әрбірден соң ондай дүдәмалды дүниелер адамзаттың санасын улауымен де үрейлі. Сондықтан да сапалы да салмақты туындыларды орындағанға не жетсін!? Немесе кешегі сал-серілер мен ұлы композиторлар өмірге әкелген шығармаларды шырқа? Біріншіден өзіңе рухани азық, екіншіден тыңдарманыңның құрметі артады. Хош, мұны неге айтып жатыр дейсіз ғой? Бүгінгі біз мысалға алып отырған кейіпкеріміз бітім-болмысынан, талғам-таразысынан сол ұлық өнерімізге деген шынайы махабатты көруге болады. Сондықтан осы мақаламыз арқылы арнайы тоқталып, өнер иесінің өмірінен үзік сыр шерткенді жөн санадық.
Ән – адам жанымен туыс. Өйткені ол жан дүниеңді балқытып, жүрек тамырларыңа бір ыстық қан құйғандай көкірек айдыныңды тасытады. Мағынасы терең, сөздері жіпке тізген маржандай өрілген өңді әуендер қиялыңды көкке жетелеп, адамды мақсат-тілек жетпейтін биікке қалықтатады. Сол шығай шыңдарда мөлдір махаббат та, ізгі інкәрлік те, үзілмес үміт те, тіпті сартап сағыныш та бар. Көңілің жабырқаған сәттерде сол сазды әндерден жұбаныш іздейсің. Әрбір нота жүрек қылын дөп басып тұрғандай, сол әннен басқа сені ешкім түсінбейтіндей әсерге бөленесің. Музыка санаға серпіліс беріп, тағдырдың түнерген бұлтын түріп тастап өмірге деген құштарлықты оятатын магиялық қуатқа ие. Сондай асыл өнерді бойына серік еткен, айналасына ән арқылы шуағын шашып, халқының құрмет-қошеметіне бөленіп жүрген жандардың бірі –  Асылбек Тойлыбаев. 
Біз бұл кісімен алғаш студент шағымызда танысқан едік. Оның өзі концерт барысында. І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде өңірімізге белгілі ақын Ғабит Тұрсынбайұлының шығармашылық кеші өткен. Студенттік кезеңнің алғашқы баспалдағына енді аяқ қондырған шақ. Былайша айтқанда «балмұздақ» кезіміз. Бойымызда әлі де балалық басым. Кешті көру үшін, арнайы сабақтан қашып шықтық. Ұстазымыздың кеш иесін мақтағандығы соншалық, лекция бітпей жатып кетуімізге тура келді. Жә, ол басқа әңгіме. Сонымен кеште өлеңдер оқылып, ақынға сый-сияпат көрсетілген соң, қорытынды әнді айту үшін сахна төріне орта бойлы, сырт көзге түр-тұлғасы өнер адамы екенін бірден аңғартып қоятын сымбатты жігіт шықты. Ақынға ақ тілегін ақтарып, кеш иесінің сөзіне жазылған, танымал сазгер Данияр Араповтың «Әлі де саған ғашықпын» әнін орындады.
Аңсаумен ғұмыр өткендей,
Келсеңші күткен көктемдей.
Құстардың салған әнімен,
Сағыныш сазы жеткендей.
Таулардан талай асып мың,
Көруге сені асықтым.
Жайнаған жаздай  жайдарлым,
Әлі де саған ғашықпын.

Иә, сол мезеттен бастап мәтіні мен әуені үйлескен бұл туынды біздің сүйікті әнімізге айналды. Оны көрерменнің жүрегіне жеткізе орындаған әншінің өнеріне ғашық болдық. Тіпті, бұл ән ұялы телефонымыздың қоңырауында тұратын. Сол кездері оны тыңдаған сайын бойымызды бір іңкәр сезім билей жөнелетінді шығарды. Әлгі сүйген қызына хат жазып, сезімін сөзбен жеткізе алмай жүретін Қожаның күйіне түскенде, қайта-қайта тыңдаймыз. Содан ба, бұл ән әлі де студенттік өмірдің өшпес естелігіндей көрінеді бізге. Сондай ыстық, сондай тәтті.
Кейін тағы бірде жүздескенде, бұл әннің қолына қалай түскенін әңгімелеп берген еді. Тындарманның қызығушылығын танытқан туынды, қай уақытта да мәңгі. Оның үстіне әннің бағын ашатын әнші болса, сол сияқты әншіні танытатын ән екені даусыз. Бірде өнерпазға Сүйінбай атындағы облыстық филармониясының директоры, өнердегі ағасы Данияр Құрамысов хабарласады. Шығармашылықпен айналысатын адамның уақытпен санаспайтыны үйреншікті жағдай ғой. Түннің ортасында шырылдаған телефонды еріне көтерген ол  ертеңінде жұлдыз болып оянарын сезбесе керек. Сазгер, әннің авторы Данияр Арапов хабарласып, Асылбектің табиғатына үйлесетін тамаша бір туындының өмірге келгенін айтады. Бұл әнді сыйлық есебінде бермек ниетте екенін жеткізіп, таңертең студияға келуін сұрайды. Осы бір жайдарман жаңалықты естігенде жас әнші қуаныштан жылап та жіберген екен. Ағаларының өзіне деген сенімін армандарының алғашқы баспалдағын көріп, іштей үмітін ақтауға серт етеді. Ертесіне авторға жолығып әнді тыңдағанда бірден ұнатады. Осылай әннің елдің көңілінен шығарына сенген ол, ағаларымен бірлесіп бейнебаян түсірудің қамына кірісіп кетеді.
Шынында Асылбек Тойлыбаевты көпшілікке танылуына бірден-бір себеп болған «Әлі де саған ғашықпын» әні. Бұл туынды бүгінде кез келген отырыстың сәніне айналды десек, артық айтпағанымыз болар. Алақандай ауыл Доланалыда дүниеге келген өнерпаздың шыңға шығуына серпін берген ақеділ азаматтар көп. «Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар» дегендей, ортасына да сыйлы, достарының арасында да орны ерек. Дарындылығы өз алдына, қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы Нұрғали Нүсіпжановтың жерлесі әрі інісі ретінде бағалайды.
Айтпақшы, інісі дегеннен шығады, бала күнінен осындай тұлғаларға еліктеп өскен жанның болашағы өнермен тікелей байланысты болатыны көзге бірден көрінсе керек. Оған бір мысал: бала Асылбек үлкендер тартқан күйді мұқият тыңдап отырып, артынан ешкімнің көмегінсіз өздеріне орындап беретін болған. Үнемі ыңылдап ән айтып жүреді екен. Анасының айтуынша есік алдындағы дуалға сурет салудың шебері болған. Оны көрген көрші-қолаң арнайы тапсырыспен салынған суреттер екен деп ойлап, аса мән бермей жүріпті. Кейін кішкентай баланың әрекеті екенін білген соң қатты қызыққан көрінеді. Оның қағылездігіне қайран қалған әкесі ұлының өнеріне бас иіп, осы жолға түсуіне ықпал етеді. Өзінің айтуынша, әкесі Болат Смағұлұлы баянмен ән айтқанда ауыл жұрты таңдай қаққан. Ешқандай оқу орнын бітірмесе де аспапта ойнаудың шебері болған. Тума таланттың заманның ығына жығылып, күйбең тіршіліктен әрі аса алмай жоғары оқуға түсуге мүмкіндігі болмаған. Сондықтан перзентінің өзі жете алмаған армандарға қанат қағуын қалайды.
Мектепті бітірген соң жас өрен арман қуып Алматыға аттанады. Онда атағы жер жарған, талай өнерпаздардың бағын ашқан киелі шаңырақ Ж. Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне оқуға түседі. Сол уақытта аталмыш оқу орнында көмейіне бұлбұл ұя салған ән перизаты Зейнеп Қойшыбаеваның класы ашылып, нағыз талантты балаларды іріктеп алып жатыр екен. Оқуға тапсырған  алпыс талапкердің арасында топ жарған ол, өзі үлгі тұтқан қазақ өнерінің биік шоқжұлдызы Зейнеп Төленбекқызының шәкіртіне айналады. «Қайталанбас дауыс иесі атанған сол әзиз жаннан алған дәрістері ғұмыр бойына рухани азық болып келеді» – дейді өзі. Колледж қабырғасында оқып жүргенде 1999 жылы республикалық Әсет Бейсеуов атындағы «Армандастар» ән байқауында дипломант атанады. Бұл оның өміріндегі ең үлкен жетістіктерінің бірі еді. Түрлі іс-шараларға белсене қатыса жүріп, ұстаздарының көзіне түседі. Дипломын қолына алған соң бірден мемлекеттік «Гүлдер» ансамбліне жұмысқа қабылданады. Бірақ туған жеріне деген сағыныш жанына маза бермесе керек. Үйдің кенжесі болғандықтан әке-шешесінің жанында жүргенін қалап, алып қала Алматыны артқа тастап, жер жаннаты Жетісуға оралады. Сөйтіп, Сүйінбай атындағы облыстық филармонияда жеке дауыстағы әнші ретінде қызмет етеді. Бүгінде осы киелі өнер ордасының абыройын асқақтатып жүр. 2004 жылы           Ш. Қалдаяқов атындағы Халықаралық «Менің елім» атты фестиваль лауреаты атанды. 2014 жыл Астана қаласында  «Хабар» агенттігінің ұйымдастыруымен өткен «Аймақтар аламаны» республикалық тележобаға қатысып, «Ән сайыс» аталымы бойынша филармония әртістерінің құрамында облыс намысын қорғап, командалық есепте екінші орынды алуға өз үлесін қосты. Өнерге деген сүйіспеншілігінің арқасында болар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы Алғыс хатымен марапатталған.
Асылбек Тойлыбаев әнге келгенде өте талғампаз.  Сондықтан да болар, оның репертуарындағы әндер салыстырмалы түрде айтқанда, онша көп емес. Өнер жолында 20 жылдай жүргенмен әлі де альбомы жарыққа шықпаған. Бұл жалқаулық емес,  жауапкершілік. Ән қазынасын толтыру үшін кез келген ақын-сазгерлермен жұмыс істемейді. Өзі бір сұхбатында алдымен әннің мәтініне ерекше көңіл бөлетіндігін айтқан болатын.
– Қазіргі жас әншілердің әннің сөзіне назар аудармайтыны өкінішті. Аға буын мен орта буынның ақсап тұрған тұсы осы. Жалпы өз басым алдымен әннің сөзіне қатты көңіл бөлемін. Ән мен сөз үйлесімді болу керек.  Кітап сияқты ән де тәрбие құралы. Сол  ән арқылы ақын-сазгердің айтқысы келген ойын жеткізе білуі керек.  Кейбір жас әншілер не айтып тұрғанын да білмейді. «Әнші болу оңай, аузы бардың бәрі айта алады» дейтіндер бар. Меніңше, бұл дұрыс емес. Әншілік тек сахнада өнер көрсетумен шектелмейді ғой. Әнші ең алдымен сауатты, сана-сезімі терең,  ақынжанды болуы керек. Жүрегіңнен шыққан әніңді халықтың жүрегіне жеткізе біліп, тыңдарманның жүрек төрінен орын алуға ұмтылу керек, – дейді.
Шынында қазіргі таңда, ән өнеріндегі өзекті мәселе әннің мәтіні болып тұр. Ән сөзіне қойылар талап қашанда жоғары болуы тиіс. Әннің жүректі жаулар әуені оның мағыналы мәтінімен астасып жатса, ол рухани байлық. Өкінішке қарай, мағынасыз мәтіндерге шығарылған әуенсіз әндер көбеюде. Мәтіні тұрпайы, кей жерлерінде анайылыққа дейін жететін әндер құлаққа түрпідей тисе де жастардың арасында кеңінен таралуда. Бұл түйткілдің әншінің де жанына бататындығын байқадық. Бізбен әңгімесінде өз ойын ортаға салып, пікірін білдірді.
– Тас лақтырсаң екінің бірі болған әншінің басына тиген заманда көп жастар тез танымалдылыққа жүгіріп, «жұлдыз» болғысы келеді. Алайда, ән көп болғанмен жүрекке жетпей қалып жатқан тұстары бар. Даңғырлаған әндерден сыңғырлаған әуенді, тақылдаған әншіден  саңқылдаған күміс көмей жезтаңдайды сағынды жұрт. Аузы бардың бәрі әнші емес. Қазақтың киелі өнер сахнасына кім көрінгенді кіргізбей, керісінше, өнер деп соққан жүректерді, өнер сүйген жандарды жақындатқан дұрыс. Талабына нұр жауған талант пен тыңдарманы көп әншіні уақыт өте келе халықтың өзі-ақ сұрыптап алары сөзсіз. Дегенмен, дертті дер кезінде алдын алмасаң дендеп кетеді. Мәселен, қазақ өнерінің өзегіне түскен құрт, тереңге жайған тамырына шабылар балтадай болған «әттеген-ай» сәттер соңғы уақытта көбейіп кетті. Әуені әу бастан естігеннен есіңде қалмайтын әуездер мен сылдыр су мағынасы жоқ өлең шумақтарының халіне қарап, қынжыласың, сөздерін тыңдап қызарасың тұрған қалпыңда. Ең өкініштісі, бүгінгі жас орындаушылардың замандастары мен артынан ерген жеткіншектерге берер тәлімі мен тыңдар әнінің жоқтығы күйіндіреді. «Сүйдім», «күйдіммен» шектелген әндер, бүгінде «Терезе», «Қой», «Қалам» деп заттардан ән құрастырып, айтар сөздері, жеткізер ойлары қалмаған. Бәріне топырақ шашпайсың. Алайда, ала да, құла да шыққан заманда шала әншілердің қарасы жиілеп кеткені рас. Ащы болса да шындық қымбат. Мәні жоқ әндерді жастар жаттап алып, жыр қылып жадына тоқып, көргеніне ұқсап бағуда. Міне, көргенін істейтін жастардың келешегі мен киелі өнердің арзан сөздерге сатылып кетпеуіне қазірден қарекет жасаған абзал, – дейді өнер иесі.
Иә, өнерге мінез керек. Біз бүгінгі кейіпкерімізден сол қасиетті көре алдық. Оның өнерге деген қамқорлығы үлгі боларлық іс. Ән айтса, жанын жеп айтатын қазақ баласына тән қасиеті тіптен қайран қалдырды. Дәстүрлі әнге деген құрметі айрықша. Анасы Алтын Сейтайқызы ақынжанды кісі болғандықтан да болар, кітап оқуға құмар. Рухани кемелденген жанның қазақ өнерінің қасиеті мен қадірін арттырары күмәнсіз. Біз өнер иесіне құлақтан кіріп бойды алар әсем әндері арқылы елдің ықыласына бөленіп жүре беруін тілейміз.

Мұхтар Күмісбек

Оқи отырыңыз