Талғарды ән-күй тербеді

Талғарды ән-күй тербеді

Атадан балаға мәңгілік мұра болып келе жатқан ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтап, сынаптай сырғыған уақыт ағымына лайық жаңғыртып отырудың нәтижесінде рухани-мәдени өміріміз гүлденіп, түрлене түсері хақ.  Бұған жыл сайын жібін үзбей жалғасын тауып келе жатқан Жетісу жеріндегі аудандардың Мәдениет күндерінің ұйымдастырылуы негіз дер болсақ, дәл осындай мерейлі шара сәрсенбінің сәтінде Талғар қаласындағы «Жастар» спорт кешенінде өріс алды.

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын арқау еткен Мәдениет күнінде ауданның білім саласы, этномәдени бірлестіктер ұйымдастырған мазмұнды шаралар көп болды. Колледждер мен қолөнер шеберлерінің көшпелі көрмесі ұйымдастырылып, олардың толағай жетістіктерін көпшілік көріп, көзайым болды. Көрме жетекшілері облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Т. Ғұмаров  бастаған комиссия мүшелерін мәдени-рухани мұраларымыздың жауһарларымен таныстырды. Әсіресе, атақты суретшілер Ақанаевтардың көркем туындылары мен мүсінші Батырхан Исаевтың бұйымдары Мәдениет күнінің мәйегіне айналғандай, көңіл көкжиегін көріктендіре түсті. Аудандық спорт бөлімінің жетістіктері қаздай тізіліп, жас спортшылар өз өнерлерін ортаға салды. Жасыл алаңда бой көтерген алты қанат ақ боз үй де табалдырығын аттаған меймандардың жүрегіне жылылық сыйлады. Сөйтіп, көрікті көрмені тамашалаумен басталған мереке аудан өнерпаздарының тәуелсіз елдің тарихын толғаған концерттік бағдарламасына ұласты. Алатаумен астасқан қасиетті Талғар топырағынан нәр алып, бәйтеректей тамыр жайған 70-тен астам ұлттың өкілдері бүгінде ынтымақ-бірлігін арттырып, достықтың мызғымас негізін қалай келе мәдениеті мен өнерін өрістетуте айрықша мән беріп отырғанын осы мерейлі мереке барысында анық аңғардық. 
Қоңыр күзге шырай беріп, жан жадыратқан мәдени шараның шымылдығын аудан әкімі Райхан Садықова салтанатты түрде ашты.
– Еліміздің тәуелсіздік алып, дербес мемлекет ретінде танылғанына биыл 25 жыл толып отыр. Бұл  қазақ елі үшін егемендік пен елдікті, татулық пен тұрақтылықты насихаттайтын ерекше мерейтой. Осынау ел болып аңсаған ұлы мереке қарсаңында өткізілетін Талғар ауданының Мәдениет күні мерекесінің ашылуымен баршаңызды құттықтаймын, – деп ағынан жарылған аудан әкімі Райхан Садықова бұдан әрі ауданда 4 Мәдениет үйінің, 9 кітапхананың халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп отырғанын айрықша атады.
Талғар топырағы ежелден таланттарды дүниеге әкелген құтты мекен. Бүгінде осы ауданның өнерін өрістетіп, мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосып отырған «Ардагерлер хоры», «Әжелер шуағы», «Алатау аясында» фольклорлы-ұлттық аспаптар ансамблі мен үрмелі аспаптар оркестрі, «Афродита» би ансамблі және «Қуыршақ» балалар театрының еселі еңбектерін ерекше атау абзал. Сонымен қатар, 39 шығармашылық ұжым аудан мәдениетінің дамуына атсалысып келеді. Жалпы, бұл салада осы уақытта мыңға жуық адам еңбек етуде. Адам жанын рухани байытып, ізгілікпен нұрландыратын мәдени іс-шаралар легі де жібін үзбей жалғасын тауып келеді. Бұған жыл басынан бері 215 мыңнан астам адамның қатысуымен әртүрлі тақырыптарды қамтыған 400-ге жуық іс-шараның өткізілуі дәлел болса керек.
Талғарлықтардың қатысуымен «Тәуелсіздікке 25 жыл – 25 қайырымды іс» акциясы аясында Қапшағайдағы қарттар үйіне, «Нұр» балалар үйінің тәрбиеленушілері мен соқырлар қоғамына, соғыс және еңбек ардагерлеріне, мүмкіндігі шектеулі жандарға 19 шара ұйымдастырылып, көптің алғыстарын арқалағандығын атау артық етпес. 
«Мәдениет – ел мәйегі» демекші, тереңге тамыр тартқан ауданның тарихын зерделеп, есте сақтау мақсатында «Талғардың тарихи тұлғалары» атты өлкетану мұражайын ашу үшін жан-жақты жұмыстардың қолға алынуы тұрғындар қуанышын еселей түскен. Осы орайда тоқталар болсақ, ауданда тарихи, мәдени және археологиялық маңызы зор 55 ескерткіш бар болса, оның 32-сі тарихи-мәдени ескерткіштер және республикалық деңгейдегі, ЮНЕСКО тізіміне енген «Талғар» қалашығы да бар. Сондай-ақ, 7 ескерткіш мемлекеттік тізімге ұсынылған. Барлық ескерткіштің қорғау міндеттемесі жасалған. 
Міне, мәдениеті озық өркениетті елдер қатарына қосылуда жан аянбай тер төгіп, шығармашылықтарын шыңдап жүрген талғарлық таланттардың тынымсыз еңбектеріне айтылар алғыс аз емес. Өткен жылы аудандардың Мәдениет күндері мерекесінде талғарлықтардың бас жүлдені иеленуі осы ойымызды дәлелдей түсері хақ. Ауданның атағын аспандатып, мәдени өмірін дәріптейтін мерейлі мерекеге өнер ұжымдары түгелге дерлік атсалысып, шараның мәнді де мағыналы өтуіне бар күш-жігерлерін жұмылдырды. Ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығын арқау еткен театрландырылған қойылым соңы дәстүрлі халық жырларына жалғасты. Сөйтіп, Аудан күнін тамашалауға жиылған жұрт аспан көгінде қалықтаған ән-жырмен көңіл хошын сусындатты. Буынсыз бишілердің өнеріне қанықты. Мерекелік бағдарламада «Арыстан» мамандандырылған лицейінің оқушылары да белсенділік танытты. 

Ұлбосын Исабек

Талғар ауданы.

Оқи отырыңыз