Орта Азияның өнер ордалары

Орта Азияның өнер ордалары

Күні кеше Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай VI Орталық Азия мемлекеттерінің халықаралық театр фестивалі шымылдығын ашты. Бұған дейін Алматы, Ақтау қалаларында өткен фестиваль биыл Жетісу жерінде, Талдықорғанның төрінде жалғасты. Өнер тарландарының басын қосқан халықаралық  театрлар Талдықорғанға алғаш рет табан тіреді. Жетісу жұрты қонақтарды зор құрметпен қарсы алды.

Халықаралық шараның басты мақсаты Орта Азия елдері мен Қазақстанның қарым-қатынасын нығайту, қоғамның өзекті мәселелеріне көңіл аудару, заман талабына сай драмалық шығармалардың жаңа формаларын табу, олардың дүниеге келуіне ықпал ету. Сондай-ақ, фестиваль театр ұжымдарының шығармашылығын кеңейтіп, тәжірбие алмасуына мүмкіндік береді. Мерейлі шараға Ресей Федерациясы құрамындағы Татарстан Республикасының Т. Минуллин атындағы драма театры, Қырғызстанның Т. Әбдімомынов атындағы ұлттық академиялық театры, М. Вахидов атындағы тәжік мемлекеттік жастар театры, Алматы қаласының Бәйтен Омаров атындағы драма театры, Астаналық Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры мен «Жастар» театры, өңіріміздің Б.Римова атындағы облыстық драма театры қатысуда. Фестивальдің ашылуында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев Жетісу жерінде мұндай шараның өтуі зор мәртебе екеніне тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, жетісулықтардың өнерге деген ерекше ықыласын жеткізіп, Елбасының қолдауымен құрылысы басталған 3 қабатты, 510 орынды жаңа театр ғимаратының қалаға көрік беріп, өңірлік өнердің дамуына үлес қосатынын тілге тиек етті.   
– Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай елімізде ауқымды шаралар өтуде. Соның бірі – жер жаннаты Жетісуда ұйымдастырылған «Қазақстан – Еуразия жүрегі» атты халықаралық фестиваль. Аталмыш шара біздің аймақта алғаш рет өткізіліп отыр. Сондықтан да өңірімізге шетелдік өнер тарландарының келуі – біз үшін үлкен мәртебе, зор қуаныш. Өнерді серік етіп, өнеге қылып жүрген әртістерге алғысымыз шексіз. Қатысушылардың еңбектеріне табыс тілеймін, – деді Бақтияр Әлтайұлы. 
Фестиваль аясында Талдықорған тұрғындары мен қонақтары шетелдік және отандық туындыларды тамашалап, танымал авторлардың шығармаларымен таныспақ. Мәселен, елордалық «Жастар»  театры У. Шекспир, А. Чехов, Ш, Айтматов қойылымдарын көрсетпек. Сондай-ақ, Жетісу әртістері «Қос мұңлық» қойылымын өнер сүйер қауымға тарту етпек. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі басқарма басшысының міндетін атқарушы Гүлнафис Мырзашеваның айтуынша, биылғы маусымның өзгешелігі тақырып еркіндігінде. Ал бұған дейін театр тарландары берілген тақырып аясында сайысқа түскен. Биыл қатысушылардың ең үздік деген қойылымының мәні мен мағынасы, актёрлердің шеберлігі сыналмақ. Сондай-ақ, өзара байланыс орнатып, тәжірибе алмасу үшін де бұл фестивальдің өнерпаздар үшін берері зор. Фестивальге сахналатын қойылымдарға шетелдік өнер қайраткерлері, прозик, аудармашы, Тәжікстан көркемөнер академиясының академигі Абдугаффор Абдужабборов, театр сыншысы, Д. Сиразиев атындағы театр сыйлығының лауреаты Нияз Игламов, Әзербайжан мемлекеттік жас көрермендер театрының бас режиссері Бахрам Османов, театр сыншысы, драматург, Қырғыз республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жаныш Құлманбетов қазылық етеді. Әділ баға беріп, әртістердің шеберлігін сынайтын қазылар алқасының төрағасы – аты аңызға айналған КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов. 
Театр – нағыз еңбектің көркем жемісі. Ол тек көңіл көтерудің кілті ғана емес, нағыз мәдени ошақ. Жері шұрайлы Жетісу жұртшылығы мәдениетке, оның ішінде театр өнеріне ерекше жақын. Өңірімізден небір танымал тұлғалар шығуы осыған мысал болса керек.  Сондықтан да VI халықаралық театр фестивалінің Жетісу жерінде өткізілуі тегіннен тегін емес. Өңір жұртшылығы бір апта бойы өзге мемлекеттердің қойылымын тамашалап, шеберлігін көріп, өнер бұлағынан сусындамақ. Фестивальдің қойылымдарын өнерсүйер қауым апта бойы тегін тамашалай алады. Ал алдағы жұма күні мерейлі шараның жабылу салтанаты ұйымдастырылып, жеңімпаздарға жүлделер табысталмақ.

Құралбек Сәбитов

Оқи отырыңыз