Нұрғисадан бата алған

Нұрғисадан бата алған

Адам жаратылысындағы мінездің құбылмалығы шаршатады-ақ. Кейде жаның сергіп, өмірге өзгеше күйде қарағаныңмен, көбінесе тіршілік қамымен жүріп рухани тоқырап, күйзеліске түсесің. Сол сәтті жан азығын сөрелердің белін майыстырған том-том кітаптар мен қазақтың қасиетті өнерінен іздейтініміз анық. Соның ішінде жан сарайыңды ашатын ән өнеріне көптеп иек артып, құлақ құрышын қандырғанша тыңдауға асығамыз. Өйткені, әсерлі сөздермен өрнектеліп, әдемі әуезімен жүрегіңе түскен ауыртпалықтарды ада етер, санаңа орныққан сары уайымнан арылтар ән өнерінің құдіретін білеміз. Ілкіден тартсақ, қасиетті құндылығымызды құндақтағы сәбидей аялап өткен, көздің қарашығындай қастерлеген бабаларымызды тарих пен әдебиет беттерінен көптеп кездестіреміз. Олар да талайлы тағдырының тар тұсауынан тұнжыраған сәтінде, сарсаңын сазға салып, мұң-қайғысын әнмен шығарған еді. Сонымен қатар, текті жұрттың жүрек сөзін, болмысын да бекзат өнер арқылы өрнектеген болатын. Сол асылдардың сынығы, музыка майталмандарының сарқыты әлі күнге арамыздан үзіліп көрген емес. Олардың заңды жалғасы деп Бақберген Асқарбековты айта аламыз.

Ел жадында күмбірлеген күй мен әсем әні сақталып, халқының ризашылығын арқалап келе жатқан Бақберген Нұршабекұлын күллі жетісулықтар таниды десек артық айтқандық емес. Өнер әлеміне алғаш аяқ салған тұста қос домбыраны безілдетіп, ырғағынан жаңылмай, тұнжыраған тыңдарманын селт еткізіп, саз өнерінің саңлақтарын дүр сілкіндіріп, өзіне, өнеріне ынтық қылған өрен еді. Сол күннен бастап киелі өнер сахнасында тек биік белестерге құлаш ұрған дарын иесі екенін танытып келеді. Қос домбыра демекші, Бақберген Асқарбеков кешегі Құрманғазы мен Тәттімбеттердің сарқыты болып, саз өнеріне өлшеусіз үлес қосқан Нұрғиса Тілендиевтің ақ батасын алған. Бұл оқиға 1983 жылы өткен Құраманғазы атындағы тұңғыш республикалық байқауда орын алған болатын. Ол кезде Н. Тілендиевтің ұйымдастыруымен  өткелі жатқан аталмыш байқауды мезгілінен бұрын естіген өнерпаз дайындыққа шұғыл кіріседі де, Құрманғазы, Түркеш, Қазанғап пен Ықыластың күйлерін түгелдей жаттап, шеберлігін шыңдайды. Он саусақты икемге келтірген соң айтулы мерзім жеткен күні алып ұшып байқау өтетін орынға барып, үміткерлердің тізіміне есімін енгізеді. Өзінің айтуынша, аталмыш додаға республиканың тоғыз облысынан 57 домбырашы қатысқан. Талдықорған қаласының атынан жалғыз өзі сынға түскен саңлақ бірінші айналымнан сүрінбей өтіп, келесі кезеңде «Аққу» күйін орындауды мақсат тұтып қана қоймай, Нұрғиса Тілендиевтің аталмыш күйін автордан бетер орындап, қос домбыраны алмастырып шерткен екен. Сол күні жас өреннің өнеріне тәнті болған Нұраға Бақберген Асқарбековты арнайы шақырып алып, қаз-қатар тізіліп отырған оркестр мүшелеріне: «Сендер мына баланың жанында түк те білмейсіңдер! Алдарыңдағы қағаз болмаса тығырыққа тірелесіңдер», – дей келе қос домбыраны алмастырып тартып, өзінің орындауына жаңаша тәсіл енгізген өренге «өрелі де өрісті бол», – деп батасын берген. Осындай шырайлы оқиғаның өткеніне аттай отыз үш жыл болса да, дарын иесі сол күнді сағынышпен еске алып, «ең алғаш Нұрағам бата беріп, қанатымды қатайтқан еді», – деген мақтаныш сезімін жасырып қалған емес.
Рас, өнер жолында жүрген жандардың арасында «дарындыны дарын иесі ғана мойындайды» деген тәмсіл бар. Бұл тегінде шындыққа саятын сөз секілді. Өйткені, қасиетті домбырасын солақай құшақтап, құшырлана тартқанда құлақ құрышыңды қандырып, жан сарайыңды нұрландыратын ұлт мақтанышының ақ тілегін арқалап, оны бір тартқан күймен мойындатудың өзі Бақберген Асқарбековтың талантын танытатын дүние және өнер адамдарының қанатты сөзіне дәлел деп білеміз. 
Негізінен адам баласының өнер мен өмір жолындағы сан салалы таланты мен оның болмысы, өзгеше бітімі ата-бабадан даритын қасиеттің бірі екені де даусыз. Бұл жағынан келгенде белгілі композитордың арғы аталары да текті екенін аңғаруға болады. Бақберген Асқарбеков өз естелігінде: – Өміріңнің шырайлы болуы жаратқанның жарылқауымен орнайтын бақ қой. Ал өнерлі болудың өзі бір жұмбақ жайт деп білемін. Ал текті жұрттың тәмсілдері мен ғибратты сөздеріне жүгінсек, өнер бір адамның басына жайдан жай қона салмайды. Ол атадан әкеге берілетін, әкеден балаға даритын қасиеттің бірі екен. Бұл жағынан келгенде өткен өмірімде бір қызық жайт орын алды, – деп өз шежіресіндегі текті аталарының өнерпаз, халық сүйген жандар болғанын әңгімелеп берді. Айтуынша, біршама өнерпазбен бірігіп ауыл-ауылды аралап, ән әуелетіп, күй күмбірлетіп жүреді. Сөйтіп, бір ауылдағы сыйлы отбасының шақыруымен біршама өнерпаз қонақ болған көрінеді. Сол отырыста шаңырақтың қарт анасы «Мына отырған қай бала», – деп сұрау салады. Көзіне толқынды шашы иығына түскен, сыптай болып тартылған, ұзынша бойлы, әдеміше келген жігіт оттай басылған шығар, шамасы. Қарт ананың сұрауына: «Бақберген деген балаңызбын, жазиралы Жаркент жеріне есімі белгілі Асқарбектің немересі боламын», – деп жауап қатады. Елең ете қалған әже: «Е, Одаманның шөбересі екенсің ғой», – деп арғы атасының сал серілерше күн кешкенін, жанынан өлең шығаратын ақындығы барын әңгімелеп берсе керек. Бұл жайлы кейінен Бақберген өз әкесі  Нұршабектен сұрап толықтай қаныққан. Әкесінің айтуынша, Одаман атасы құсбегі, ақын, жалпы айтқанда ер-азаматтың бойынан табылар өнердің барлығын меңгерген, бесаспап жан болған. Тіпті, он тоғыз жасар қызбен айтысқа түскені ел арасында аңыз болып таралған-ды. Міне, осындай өнерлі отбасында өмірге келген Бақберген Асқарбеков бүгінгі таңда дара дарынымен елін сүйсінтіп, өнерімен өрістеп жүрген хас таланттардың бірі де бірегейі десек артық айтқандық емес-ау. 
Әлқисада айтып өткендей, Бақберген Асқарбекұлы 1956 жылы қыркүйек айының 15-ші жұлдызында Жаркент өңірінде дүниеге келген. Жоңғарға қарсы адырна тартқан атақты Сатай батырдың ауылы Сарыбелде кіндік қаны тамғанымен, балғын шағын киелі Көксу ауданында өткеріп, осы мекеннен өсіп-өніп, өнер әлеміне қанат қағады. Арман қуып ауылдан алғаш аттанғанында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институты құшақ жайып қарсы алады да, аталмыш жоғары оқу орнының музыка фаультетін домбыра класы бойынша оқып шығады. Ал еңбек жолын Көксу ауданындағы «Шаған», «Көксу» ансамбльдері мен халық театрында қызмет етуден бастаған. Одан кейін, яғни, 1979 жылы Сүйінбай атындағы облыстық филармониясына қабылданып, сол жылдан бүгінге дейін аталмыш өнер ордасында жемісті де жеңісті еңбек етіп келеді. 
Адам өмірге келгеннен соң арман мен мақсат жолында тер төгеді. Біреу өзіне тән ой ойлап қам қылса, енді бірі ұлтының перзенті болуға тырысып, руханият үшін айтарлықтай еңбек етуге, артында өшпес із қалдыруға ұмтылады. Сондай жандардың сапынан табылған Бақберген Асқарбеков қазақ халқының бекзат өнеріне өлшеусіз үлес қосып, оның қазыналы қоймасына өзіндік маржандарын қосуды ойлаған жан деп білеміз. Оған дәлел, ел мен жер, халық бірлігі мен рухы, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында әртүрлі тақырыптарда жазылған жетпіске жуық әні мен 15-ке  тарта күйі. Осындай  туындылардың авторы атанып, қазақ халқының ән мен күй қоржынына жауһар мұраларын тоғытып үлгергенінің өзі, өнерді өзгеше сүйетін, қастерлейтінінің белгісі. Сонымен қатар, мұның өзі бір адамның саналы ғұмыры ел игілігі мен оның руханиятына жұмсалғанын айғақтайтын дүние деп бағамдауға болатындай. Бұл жағынан келгенде Бақберген Асқарбеков:
– Өнер жолына саналы ғұмырын арнаған жанның бірі шығармын деп ойлаймын кейде. Киелі сахнада жүргеніме қырық жылдан астам уақыт болыпты. Осындай ұзақ кезеңдерде қазақтың музыка өнері үшін талай қызықты да жабырқау сәттерді басымнан өткердім. Алайда, тауым шағылып, оған бола өнер әлемінен баз кешіп кеткен емеспін. Шаттыққа толы күндерге шүкіршілігімді айтып, қиын кезеңдерде сабыр сақтап, жетістікті қанағат ете білдім, – деп ағынан жарылады. Сондай-ақ, қазақ халқың ән қоржынына кешегі Әсет пен Біржан сынды дара тұлғаларымыздың жауһар дүниелерін тоғытып, ұмыт бола бастаған әндерді елге алып келген Дәнеш Рақышевпен 15 жыл қызметтес, сырлас болғанын мақтана жеткізеді. Рас, хас таланттармен иық тірестіріп жұмыс жасаудың өзі, олардың жазған дүниелерінен шабыт алып, меселі қайтпай ән жазып, күй шығарудың өзі өнер иесінің дарынын танытатын дүние. Сондай-ақ, шын жүйріктердің тұяғының дүбірінен сескенбей аламанға түсуі мақтанарлық жайт деп білген жөн.
Ақиқатына келсек, Бақберген Асқарбековтың жүрегінен бұлқынып шыққан туындыларының арасында тыңдарманын сүйсінтіп, халық мұрасына айналып бара жатқан шығармалар жоқ емес. Олар, Елбасына арналған «Нұр аға» әні, текті жұрттың біртуар перзенті Нұрғиса Тілендиевке арналған «Нұрғисаға сағыныш» атты және басқа да күйлері. Өнер жолында ән айтып, күй төгіп қана қоймай, өзі де шығармашылықпен айналысқан Бақберген Нұршабекұлы Ұлы Дала төсіндегі Астана мен Алматы сынды ғажайып қалалар мен жер жаннаты Жетісуға арнаған әндерін арнау ретінде жаза салған дүниелердің қатарына жатқыза салу арға сын. Өйткені, бәзбіреулердей жеңіл ырғаққа құрып, бүгінгінің «хиты» болсын деген мақсатпен тудырмағаны аталмыш әндерді тыңдаған жандарға ұғынықты. Сазы мен сөзі үндескен осы бір туындылардың өзі сазгердің өнерге деген тазалығын аңғартатындай. Сонымен қатар, Б. Асқарбеков поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар, ұлт мақтанышына айналған ақындардың сөзіне ән жазғанын айта кеткен жөн. Бұл да сазгердің сөз қасиетін ұғынғанын, ұлттық құндылықтың артуы үшін еңбек ететін ел азаматы екенін танытады десек, артық айтқандық бола қоймас. Мәселен, мұзарт таудың мұзбалақ ақыны атанған Мұқағали Мақатаев, келісті сөзді кестедей тоқыған Қадыр Мырзалиев, ақиқаттың аласпаны болған Төлеген Айбергенов пен сезім жырын селдей төккен Мағжан Жұмабаев сынды ел ірілерінің сөзін сазбен өрнектей білген. Оған қоса бүгінгі таңда шайырлардың шыққан шыңын аласартпай келе жатқан Күләш пен Марфуға, Сәрсенбі Дәуітов, Әміре Әрін, Ахмет Кендірбекұлы сынды ақындардың жырын да әнмен әрлеп, қазақ руханиятына өзіндік үлесін қосып келеді.
Ал әншілік пен күйшілік өнері жайлы тоқталар болсақ, жетісулықтардың мақтанышына айналғанын айтпай кетуге болмас. Бақберген Асқарбеков, өзі айтып өткендей, саналы ғұмырын сахнаға арнап, ел ықыласына бөленіп жүрген жан. Сонымен қатар, қазақ халқының музыка өнерін шетелдік тыңдармандарға да мойындатып, гастрольдік сапармен көптеген мемлекетке барып, ұлттық өнерді дәріптеп келеді. Қос домбыраны қолына алса сайын даланың күйін күмбірлетіп, ән шырқаса далаға сай дарқан жүректен шыққан үнмен тыңдарманын елжірететін Бақберген Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Түркия, Қытай, Украина, Моңғолия мен Австрия сынды мемлекеттердің ірі-ірі сахналарында өнер көрсетіп, тыңдармандарының ыстық ықыласына бөленгенінің өзі зор мақтаныш. 
Сонымен қатар, елеулі еңбегін ел болашағына арнаған айтулы жан өзіне тиесілі құрметке бөленіп келеді. Ол мыңның бірі ғана қол жеткізетін Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері атағына ие болып, ҚР еңбек сіңірген қайраткері атанды. Оған қоса, Көксу және Панфилов аудандарының Құрметті азаматы атанғанын айтпай кетуге болмас. Мұның өзі қажыры мен қайратын қаймана жұрттың қасиетті өнеріне арнап, сол жолда еңбек еткендігінің арқасында жеткен жетістіктері деп білген жөн. Ал 2006–2010 жылдары аралығында қоғамдық жұмысқа белсене араласып, сол еңбегі үшін Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталғаны бір төбе. Осындай белестерді бағындырып, халқының ризашылығына бөленіп жүрген Бақберген Асқарбеков бүгінгі таңда өнер адамдары «алпыс – тал түс» деп баға берген асқаралы алпысқа келді. Өмір мен өнер жолында жас ұрпаққа үлгі боларлықтай іс тындырып, артында өшпес із қалдырып, әлі де елін ән қанатында, күй құшағында шалқытатын дарыны дара, жалыны басым, өнер иесі Мәңгілік Елмен бірге жасай берер, Жамбылдың жасына жетіп, егемен елдің тарихында есімі айшықталар жан болатыны сөзсіз. Тек, уақыт деген ұлы төрешінің құзырындағы бұл жайттың түптің-түбінде бір орындалатынына иланғанымыз жөн-ақ.

Асыл Сұлтанғазы

Оқи отырыңыз