Өнерге талант та, талғам да керек

Өнерге талант та, талғам да керек

«Әу демейтін қазақ жоқ» деген ұғымды қанына сіңірген халықтың ұрпағы неге әуелете ән салмасқа?! Әне, аспанасты елінде өтіп жатқан халықаралық байқауда Димаш Құдайбергеннің табиғи үніне, дарынына өнерсүйер қауым көзіне жас ала қайран қалып, қол соғып жатыр емес пе?.. Бұл өнердің шексіз құдіреті. Ананың сүті, әкенің қанымен келетін табиғи талант иесінің ерекше қасиеті талайлардың таңданысын тудырып, таңдайын қақтыруда.

 Осы уақытта байқасаңыз, балалардың дені балабақшадан бастап әнші болғысы келеді. Эстрада жұлдыздары – Қайрат пен Төрәліге еліктейтіндері де аз емес. Кез келген мәдени шараның ажарын ашып, мазмұнын арттыратын ән мен күй, ырғатылған би екені даусыз. Бүлдіршіндердің сахнаға шығып, майыса ән салуына сүйсінбейтін жан жоқ. Қолпаштап қол соғып, қошемет көрсетеміз. Мақтауын асырамыз. Қанаттандырамыз.
Әнші балапандарымыздың осы күні балабақша, мектеп сахнасынан ұзап, той төрінен табылатынын несіне жасырамыз? Тойда ән салудың «тәтті» дәмін алып алғандары аз емес. Алақанға ақша түседі. Сөйтіп, кішкене «табыскер» әншілеріміз тойдан қалмауға тырысады. Оған қоса, репертуар жаңартуға ұмтылады. Ал қалаған әнді жаздыртудың өзіндік қыр-сыры болатынына қаншалықты мән беріп жүрміз? Таңдалған ән бала жасына лайық па? Жастайынан «жұлдыз» атанудың әсері қандай?  Бүгінгі әңгімемізде осы тақырыпты қаузап көрмекпіз. 
 Ән жаздыруға әуестік басым
«Заманың түлкі болса тазы боп шал», – деген. Озық технологияның арқасында жоқтан бар жасап, бардың бағасын асыруды меңгердік. Өнердің өрістеуіне даңғыл жол ашылды. «Ән айтсаң да жаныңды жеп айтасың», – деген тәмсіл тіпті, бүгін жолда қалғандай. Әнші атанудан оңай дүние жоқ секілді. Көңілі ауған әннің сөзін жаттап барсаң кез келген дыбыс жазу студиясы дауысты дайын әуенге салып, қажет болса оркестрдің сүйемелдеуімен орындағандай етіп тігісін жатқызып, әдемі әнші етіп шығаратыны сөзсіз. Мұны фонограмма десе керек. Сөйтіп, бір әнді бірнеше жыл «азық» етуге болады. Бұл үрдіс бала-шаға түгілі сахнаның сайыпқыраны саналатын кәсіби әншілердің де қол үзе алмас тиімді «құралына» айналғалы қашан?.. Күнкөріс қамымен олар да ел кезіп, тойдан нәпақа тауып жүретіндерін көпшілік жақсы біледі. Бірде той үстіне атағы аспандаған әнші кіріп келіп еді, дүйім жұрт өре түрегеліп қол соғып, риясыз қошемет көрсетті. Өнер жолындағы ауыл баласы бәріне ортақ. Ағынан жарылған ақ тілегінен соң бірден ән тиегі ағытылды. Жүректі тербеген екі-үш әнін тарту етіп, енді кетпекке бет алған әншіге той қонағы қолқа салды. Қолдағы дискіде дайыны жоқ әннің табылмауы атағы дардай әншіні отқа қарығандай қызартыңқырап жіберді. Бұдан шығудың жолы – қос ішекті домбыраға сүйену екені есіне түскен есті әнші тыңдарман сұрауындағы халық әнін көсілтті. Міне, сөйтіп ол қара домбыраның арқасында жасандылықтан арылды. Хош делік. Біздің айтпағымыз, дара емес, бала әнші.
– Біздің студияға ән жаздыртуға әсіресе, мереке қарсаңында кезек көбейіп кетеді. Балабақша бүлдіршіндерінен бастап, мектеп оқушылары, колледж студенттері жиілейді. Бұдан бөлек, ата-анаға, ағайын-туыс, нағашы-жиендер тойына арналған әндерді жаздыртуға жекелеген адамдар келіп, көңілі соққан той әндерін жаздыртып алады. Әнге әуестік қыздар арасында басым, – дейді бізге әңгіме тиегін ағытқан дыбыс режиссері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Мұрат Смағұл- ұлы. 
Дыбыс жазудың шебері атанған Мұрат Смағұлұлы Талғардың төл перзенті. Сонау 90-шы жылдары музыкаға жаны құмар жас жігіт «Алдар көсе» спектакліне дыбыс режиссерлікке келген. Содан бері сахналық қойылымдардың дыбысын қадағалап, жазумен айналысуда. Бүгінде елімізге кеңінен танымал «Аққу мен Гәкку», «Терісқақпай», «Тамаша» ойын-сауық отауларының дыбыс режиссері ретінде еселі еңбек етуде.
 –  Менің білуімше әзірге еліміздегі «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері» атағына ие жалғыз дыбыс режиссер осы Мұрат Смағұлұлы. Өз ісінің білгір де білікті маманы. Біздің сахнада саңқылдап жүруімізге бұл кісілердің сіңіретін еңбегі орасан зор. Олардың сахна сыртындағы өлшеусіз еңбектері көпке көрінбей, қалтарыста қалып қоя береді, – дейді танымал әртіс Асқар Наймантаев. 
Киелі сахна төрінде төгілткен ән мен күйдің, әсерлі сөздің жүрекке жол табуына дыбыс қадағалаушы, реттеуші мамандар тынымсыз еңбек сіңіретініне аса мән бермейтініміз анық. Соның бірі осы дыбыс режиссерлік салада өзіндік орны айқын Мұрат Смағұлұлы. Үлкен сахнадан қолы қалт еткенде өнердегі серігі, үрмелі аспап пен электронды гитарада ойнаудың хас шебері Сергей Сидько екеуі бірлесіп, Талғар аудандық Оқушылар шығармашылық үйінің дыбыс жазу студиясында жұмыс істейді. Шағын бөлме дыбыс жазудың соңғы үлгідегі технологиясымен жабдықталған. Мұнда балалар шығармашылығын шыңдап, ән жаздыртудың барлық мүмкіндігі қарастырылған.
– Баяғыдағыдай сөмке-сөмке дискіні арқаламайсың. Бір әнді өңдеу үшін таңның атысынан түннің бір уағына дейін жүру жоқ. Ән жазу әлдеқайда жеңілдеді. Соған орай, әншілік өнердің құнын төмендетіп алғандаймыз. Жасыратыны жоқ, жасандылыққа бой алдырып барамыз, – деген өнер иесі алдына келген балаға бірнеше талап үдесінен шығуды тапсырады екен. Біріншіден, жаздыратын әннің сөзін, мәтінін мән-мағынасын түсініп жаттау. Екіншіден, оны бойына сіңіріп, жүректен шығара айтуға машықтану, үшіншіден, таңдаған әннің жасына сай келе ме, жоқ па, осыған жіті назар аударып барып, әнді жазуға кірісетіндігін айтады.
– Себебі, балабақша мен мектеп жасындағы балаға махаббат туралы ән айтқызу жөн бе? Бұған мұғалімдер мен тәрбиешілер неге назар аудармайтындығына қынжыламын кейде. Осы сынды ән таңдауда талғам төмен. Жастардың дені қазақ эстрадасындағы жұлдыздарға еліктегіш. Шетелдік әндерді де жаздыратындары бар. Ал халық әнін айтуға деген құлшыныс жоқтың қасы, – дейді Мұрат Смағұлұлы.
Кәсібиліктің орны бөлек 
«Кәсіп көзі – нәсіпке» айналған уақытта жер жерде дыбыс жазу студиялары саңырауқұлақша көбею үстінде. Сол студияда дыбыс жазумен айналысатын маманның кәсіби шеберлігі мен тәжірибесіне назар аударып жататынымыз шамалы. Көпшілігіміз үшін арзандау бағада балаға керек әнді жаздыртып алу ғана басты мақсат сыңайлы. 
Жастайынан әнге құмартып, ұлттық өнерді алпыс екі тамырына сіңіріп өскен баланың болашағы жарқын. Таудай талабы мен бармақтай бағы қатар шапса талай биіктерге қанат қағарына күмән келтіруге болмайды. Дей тұрғанмен, киелі өнердің қадірін түсініп, тамырын дөп басуға бала жастан дұрыс баулу ата-ана мен ұстаздың міндеті болса керек. Жас өскіннің өнерін өрістету жолында түрлі мәдени-әдеби шаралар, байқаулар үнемі ұйымдастырылып жатады. Шын таланттарды тануға ұмтылыс бар. Бірақ, «артық мақтан, жасандылық кей сәттері бала қиялын тұсаулап, өнерден өзге жолды таңдауына теріс ықпалын тигізіп жатқан жоқ па?» деген орынды сұрақ туындайды. Одан бөлек, «мақтанды кім жек көрсін, жастайынан «жұлдыз» атанып, өсе келе соның салмағын көтере алмай қалмай ма?», деген де ой қылаң беріп қалады. 
– Ән салу – бала жанын сұлулыққа, іңкәрлікке, сүйіспеншілікке тәрбилейді. Бір сөзбен айтқанда – эстетикалық тәрбиенің қайнар көзі. Ән әлеміне бой алдырған бала жүрегі мейірімге толы болады. Десек те ән салу табиғатына тән қасиет болса игі. Жастайынан «жұлдыз» қылып жөнсіз жарқыратып жіберудің де кері салдары болмай қоймайды. «Өнерге әркімнің де бар таласы» дегендей, өнер жолы тазалықты, адалдықты, бұған қоса үлкен еңбекті қажет етеді. Өнерлі ұл мен қыз осы деңгейден табылып жатса нұр үстіне нұр болмақ, – дейді білікті маман.
«Әннің де естісі бар, есері бар». Жүректен шыққан жақсы әннің жүрекке жетері хақ. Алдына келген баладан табыс табуды ғана көздемей, өнердің киесін құлағына құйып, айтар әнді дұрыс таңдауына, еңбектенуіне бағыт-бағдар беруден аянып қалмайтын нағыз өнер жанашыры Мұрат Смағұлұлының ерекше еңбегі көпке үлгі болса игі. Әр дыбыстың тазалығын, әуенмен үйлесімділігін, көркемдігін қамтамасыз етуде шығармашылық тұрғыда жоғары талап қоятын дыбыс режиссерінің өнер жолында талай талантты жасты биікке қанат қақтырары сөзсіз. 

Ұлбосын Исабек
Талғар қаласы.

 

Оқи отырыңыз