Құстың қос қанатындаймыз

Құстың қос қанатындаймыз

Олар жарасты жұп. Сахнада бірге ән шырқап келе жатқандарына отыз жыл. Бір орында ұзақ жыл табан аудармай еңбек етудің өзі өнерге деген шексіз махаббатты аңғартса керек. Оралбай мен Аян әнді тек жанды дауыспен шырқайды.  Көрермен оларды сол үшін де құрметтейді. Еңбегін бағалайды.

Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Мұхамадиевтердің сахнада жүргеніне отыз жыл толуына орай есеп беру концерті өтті. Олар екі сағатқа жуық уақыт жанды дауыста шырқады. Тыңдарманның құлақ құрышы қанып, басталғаннан соңына дейін жоғары деңгейде өнер көрсеткен отбасылық әншілерге бәрекелді десті. Қос әнші өмірдің барлық сынын қол ұстасып бірге жеңді. 
Облысымыз бір жылдары тоқырады. Өнерпаздар елеусіз қалды. Халықтың ән тыңдамақ түгілі нан тауып жеуі мұң болды. Кәсіпорындар тоқтады, жұмыс орындары көп уақытқа дейін жалақы бере алмады. Міне, сондай қиын-қыстау кезде де Мұхамадиевтер мамандығын ауыстырмады. Өздері еңбек жолын бастаған ұжымнан кетпеді. Алдағы күнге сенді. Басқалардың да еңсесін көтеріп, ертеңгі жақсы күнге сендірді. Сабырлықтың арқасында ел-жұртымен осы күнге жетті. Кез келген қиындықты қасқая тұрып қарсы алу Оралбай мен Аянның ерекше атап өтетін асыл қасиеті. Бүгінгі халық алдындағы есеп беруі, мерейлерінің өсуі сол шыдамдылықтарының жеңісі. Олар сахнада жанды дауыспен ән шырқағанда халқының сүйікті өнерпаздары Ақан сері, Әміре, Біржандар еске түсті. Дауыс көңіл-күйге қарай қалықтады, әуеледі, толқындай тербелді. 
 Өнерпаздарды Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрі сүйемелдеді. Елуге жуық құраммен өнер көрсеткен оркестрдің кәсіби шеберлігі жоғары. Сүйемелдеу әншілермен үндестік тапты. 
Әншілердің репертуарында көбінесе жерлес композиторлардың шығармалары орындалды. Төлеужан Ғұмаровтың «Жетісу», Әли Алпысбаевтың «Аққуым болып оралдың», Дәнеш Рақышевтің «Бақытым бол», Әбен Дәуренбековтың «Ауылдағы той» атты өлеңдеріне жазылған әндер тыңдарманның көңіл хошын келтірді. Сонымен бірге халық композиторларының әндерімен де сусындатты. Ескендір Хасанғалиевтің «Нұрлы таң», Латиф Хамидидің «Жазғы таңда», Сыдық Мұхамеджановтың «Өзгеге көңілім тоярсың» әндері орындаушылардың шеберлігімен шырқалды. Бұл күні Мұхамадиевтердің немерелері де өнерге бейімділігін паш етті. Бүлдіршіндер Аяулым Әлиева мен Аружан Оралбайдың сахнада ән салу мәнері өзгеше екен. Олар өздерін кәнігі әртістерше көрермен алдында еркін ұстап, әнді нақышына келтіре орындады. Қазақта: «Тақыр жерге шөп шықпайды» деген тәмсіл бар. Ендеше, балақайларға өнер қанмен берілген. Ата-апаның аялы алақанын сезініп өсіп келе жатқан бүлдіршіндерден болашақта шебер орындаушы шығатынына сенім мол. 
 Жетісу – ән мен күйдің өлкесі. Бірақ, жанды дауыста айтатындар некен-саяқ. Мұхамадиевтердің әуелеген әнінің құлақтан ұзақ уақытқа кетпей тұратыны да табиғилығында. Жүректен шыққан ән жүрекке жетті. 

Гүлжан Мұқашқызы.

Оқи отырыңыз