ТАҒЫЛЫМДЫ ЖҮЗДЕСУ

ТАҒЫЛЫМДЫ ЖҮЗДЕСУ

     Қазақтың ғана емес, бүкіл түркі әлемінің дүлдүл ақыны Мұхтар Шаханов Шеңгелді ауылының тұрғындарымен кездесті. «Ұлтын ұлықтаған дара тұлға» деп аталатын мерекелік кеш ақынның жетпіс бес жылдық мерейтойына арналды. Сағат үшке жоспарланған шараға ауыл жұрты бір сағат бұрын жиналды.


 

    Иін тірескен халықтың көңілі көтеріңкі. Кешке келген ақсақалдардың айтуынша ақын осыдан он жыл бұрын дәл осы сахнада сыр сандығын ақтарып, өлеңге шөліркеген бұқараның сусынын қандырған болатын. 
    Арда ақынға қарашаның құрметі күннен күнге арта түспесе, кеми қойған жоқ. Бұл жолы да жырсүйер қауым Мәдениет үйіне сыймай қалды. Айтулы ақын есіктен кіріп келгенде сарғая күткен әлеумет шапалақты қарша боратты. Бірден төрге беттеген ол алдымен халықпен амандасып, содан соң бүгінгі қоғамдық мәселелерге жік-жігімен тоқталды.
– «Сабақты ине сәтімен» дегендей, ауылдарыңызға қайта айналып келіп қалдық. Енді мен бүгінгі кезеңнің басты-басты мәселелеріне ойысайын. Бүгінде бүкіл әлемде материалдық байлық бірінші қатарға шықты. Ал адамды адам еткен рухани құндылықтар елуінші-алпысыншы қатарға сырғыды. Сондай-ақ, екі иығын жұлып жеген жеңіл әндер көкке көтерілді. Қазіргі кезде ана тілін менсінбейтін жастар пайда болды. Қайбір жылы Астанада болған сапарымда бір шындықтың бетін аштым. Біздің бас қаламызда оқитын қазақ балаларының 47 пайызы орыс мектептерінде білім алады екен. Солтүстікте орналасқан қалаларымызда бұл көрсеткіш тіптен жоғары. Осылай кете берсек не боламыз? Осыған біз қандай жауап қайыруымыз керек, соны ойланған абзал» – деді ақын.
    Көтерілген тақырыптарды талқылай отырып, алдағы жоспарларымен бөліскен ақын соңғы жазылған өлеңдерін оқып, көпшіліктің көңілін бір серпілтті. 
    Талантты ақынның орамды ойлары мен білтелі сөздерінен кейін ауыл өнерпаздары арнайы концерттік бағдарламасын ұсынды. Оқушы балалар ақынның өлеңдерін оқыды. Ал әжелер болса ән өнерінің ақберені Шәмші Қалдаяқовпен бірлесіп жазған әндерін тарту етті. 
     Төрт сағатқа созылған кеш соңында Мұхтар Шаханов халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ, өзінің өткен өмірі бейнеленген бейнетаспаны тарту етті. Оқырмандарымен естелік суретке түсіп, кітаптарына қолтаңба қойып берді. Осы күнді ұзақ күткен ауыл жұрты ұлт мақтанышымен қимай-қимай қоштасты.

Мұхтар КҮМІСБЕК.

Оқи отырыңыз